ГЕРАКЛИТ

ГЕРАКЛИТ

Даналық аспанындағы жарық жұлдыздардың бірі – Гераклит. Оның есімін ауызға алғанда дүниеде өзгермес ештеңе жоқ екенін меңзеп: “Бір өзенге екі рет шомылуға болмайды” дейтін әйгілі дәйектемесі ойымызға оралары хақ. Әйткенмен ол туралы көпшілігіміздің түсінігіміз философия тарихынан оқыған осынау бір ауыз сөзбен шектеледі десек, шындықтың ауылынан онша алшақ кете қоймаспыз.
Гераклит туралы мәліметтердің аз да болса еміс-еміс жаңғырығы уақыт жадында сақталған. Рас, оның көбі аңыз-әфсана сияқты, кейде тіпті бір-біріне кереғар келіп жатады. Диоген Лаэрций өзінің атақты жазбаларында Гераклитке сипаттама бергенде Гермипп, Сотион, Феофраст, Антисфон т.б. пікірлеріне жүгінгені аян. Енді біз әр жерде бір жылтырап шашылып жатқан там-тұм деректердің ізімен кемеңгер өміріне шама-шарқымызша барлау жасап көрейік.
Көне грек даналарының ең көрнектілерінің бірі саналатын Гераклит шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 535-475 жылдар аралығында өмір сүрген. Кіші Азиядағы Эфес шаһарында патша әулетінде дүниеге келген, яғни Эфестің іргесін қалаған әйгілі Андрокльдің тікелей ұрпағы. Жастайынан ғылымға, дүние сырын танып-білуге ден қойып, пенделік тірліктің қызық-шыжығын тәрк етеді. Мирасқорлық жолмен патша тағының иесі болса да, орнын інісіне береді. Өзінің ішкі әлемімен өмір сүріп, күнделікті ішер ас, жұпыны киімнен өзге басы артық ештеңеге қызықпаған. Мұның және бір айғағын Дарий патшамен арадағы хаттан анық көруге болады. Ақылды билеушілер даңқты адамдарды сарай маңында ұстап, олармен жақындасып, қошемет көрсеткенді өздеріне мәртебе санаған ғой. Дарий патша Гераклиттің “Табиғат туралы” дейтін әйгілі еңбегін оқып, тәнті болады. Дастан туралы алған зор әсерін айта келіп: “Өзіңмен сұхбаттасып, Эллин білімімен сусындағым келеді! – дейді. – Тезірек келуге асық, патша сарайында менің хошаметіме бөленесің. Әдетте, эллиндіктердің өз даналарының қадірін түсінбей, олардың ғылым-білімге үндеген ізгілікті уағызына құлақ аспайтынын білемін. Ал бұл жерде сенің алдыңа шығатын ешкім жоқ, күнделікті пайдалы һәм емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, тек өз көңіліңнің қалауымен алаңсыз өмір сүресің”.
Гераклит оған былай жауап хат жазады: “… Жер бетіндегі пенде біткен өзінің ақымақтығы нәтижесінде ақиқат пен әділеттен безініп, ашкөздік пен мақтанқұмарлыққа бой алдырды. Мен ондай әбестіктен арылған адаммын, болдым-толдым деп күпініп дандайсыған күйкі тірліктің бәрі мен үшін жиіркенішті һәм жат қылық. Сондықтан мен Парсы жеріне бара алмаймын, жаным қалайтын аз нәрсенің өзін қанағат тұтамын” деп, патша сарайындағы қошеметті көңіл, шапағатты өмірден бас тартады.
Дүниені қыранша шырқау биіктен барлаған асқақ ойлы дананың жүрек сыры жер бауырлаған қарапайым пенде үшін әмәнда жұмбақ болары хақ. Сондықтан оның іс-әрекетінің көпшілігі былайғы жұртқа тосын, оғаш боп көрінген. Замандастары оған “сыйымсыз, қыңыр мінез, әпенді” деп баға берген.
Гераклит әр жолы, жұрттың алдына шыққан сайын жылайды екен, өйткені олардың істеген ісінің бәрі аянышты, бәрі күйкі нәрсе боп көрінсе керек.
Эфестіктер бізге заң шығарып бер деп өтінгенде, Гераклит: қаланы онсыз да ақымақ басқарып отыр, оған заңның қажеті не деп, көнбей қойыпты. Артемида храмына барып оңашада балалармен асық ойнап жатса, эфестіктер анталап қоршап алыпты. Сонда Гераклит: “Неменеге таңырқайсыңдар, оңбағандар, сендердің мемлекеттеріңді басқарғаннан гөрі, асық ойнаған артық!” деп айқай салыпты.
Мойны озық жақсымен алысу, жолын кесіп мұқату адамзаттың бағзыдан келе жатқан – жөргегінде жабысқан дерті ғой. Гераклиттің пікірлес досы, озық ойлы қайраткер Гермодорды эфестіктер шыдатпай билік басынан қуып шығады. Сонда ашуланған Гераклит: “Эфестіктердің үлкендері түгел қырылып, қала тек әлі жетілмеген жасөспірімдерге қалса екен, өйткені олар: “біздің ортамызда өзімізден асқан ешкім болмасын, егер ондайлар табыла қалса, басқа жерде басқалармен бірге болсын!” деп араларындағы ең жақсы адам – Гермодорды қуып жіберген жоқ па!” депті.
Гераклит аса ақылды дана адам болған. Өз қадірін білгендіктен, басқаларды көп менсіне бермеген, асқақтап жоғарыдан қараған. Мәселен: “Көп білгеннен ақыл қосылмайды, әйтпесе Гесиод пен Пифагор, Ксенофан мен Гекатей дана болар еді ғой. Өйткені бірден-бір даналық – тұтастай дүниеге билік жүргізетін Білімді меңгеру” деп өз замандағы талай ғұламаны шенегенін көреміз.
Өмірінің ақырына қарай Гераклит елден безініп, тау арасында жападан-жалғыз ғұмыр кешеді, тек шөп-шалаңмен ғана қоректенеді. Көп өтпей дертке шалдығып, үсті-басы қолдырап шемен қаптап кетеді. Лажсыз қалаға келіп, емшілерге: “Сел жаңбырды тоқтатып, қуаңшылыққа айналдыра аласыңдар ма?” дейді жұмбақтап. Емшілер дәрменсіз екенін айтқан соң, қораға барып, сиырдың жас жапасын үстіне жағып жатады. Бірақ одан еш шипа болмай, азаппен бұл пәниден озады.
Гераклиттің ажалы туралы тоқтамды пікір жоқ, жазба деректерде әркім әр саққа жүгіртеді. Бірі: “Ол күн шуаққа жатты да, малайларына бұйырып, үсті-басына сиырдың жапасын жаққызды. Сол жатқан күйі орнынан тұрмай, екінші күні көз жұмды. Денесі орталық майданға жерленді” десе, екіншісі: “… үсті қидан тазармаған күйі далада қалып, сүйегін ит кемірді” дейді. Ал енді бір деректе: “Шеменнен жазылып, басқа аурудан өлді” делінген… Қалай болған күнде де данышпанның өмірі қайғылы аяқталғаны мәлім.
Гераклит тарихта тұңғыш рет “космос” ұғымын ғылыми қолдануға енгізген ғалым. Ол: “космос әлемдегінің барлығы үшін ортақ, оны адам да, құдай да жаратпаған, ол – белгілі бір тәртіппен тұтанып, белгілі бір тәртіппен өшіп отыратын, бағзыдан мәңгіге жалғаса беретін от” дейді. Бұл жерде “космос” сөзі “тәртіп” деген ұғымды білдіреді. Әуелгіде ол мемлекеттік құрылымға, кейде тіпті әйелдердің сыланып-сипанып өзін тәртіпке келтіруіне қатысты айтылған. Осыдан кеп “косметика” сөзі пайда болған.
Сондай-ақ ғалым гректің “Логос” сөзіне де философиялық мән береді. Бұл атауды бірде “сөз”, “сөйлеу”, кей тұста “ұғым” мағынасында қолданған.
Гераклиттің ең басты шығармасы – “Табиғат туралы” деп аталатын дастаны. Оның кейбір үзінділері ғана бізге жеткен. Шығарма “Барлығы туралы”, “Мемлекет туралы”, “Құдайлар туралы” дейтін үш түрлі толғаныстан тұрады. Кітап өз кезінде Артемида храмында сақталыпты. Тарихшылардың айтуынша, Гераклит бұл шығармасын тек ақылы кемел, қабілеттілер болмаса, былайғы қарабайыр жұрт оқыса да түсінбейтіндей ғып әдейі күрделендіріп жазған көрінеді. Жалпы, Гераклиттің қай шығармасы болмасын, астары терең, жұмбақ сырлы, мағынасы екіұшты, бұлыңғыр болып келеді. Сондықтан да замандастары Гераклитті “Күңгірт” деп атаған. Осыған байланысты бір мысал келтіре кетейік. Еврапид Гераклиттің шығармаларын Сократқа апарып беріпті де, біраз күннен кейін пікіріңіз қандай деп сұрапты. Сонда Сократ: “Менің ұққандарым – тамаша, бәлкім ұқпаған нәрселерім одан да тамаша шығар, бірақ бұл кітаптың тұңғиығына батып кетпеу үшін деллостық сүңгуші болуың керек!” депті.
Гераклиттің табиғат құбылысы, адам жанының құпия қатпары, жалпы болмыс туралы терең ойлы тұжырымдары сан ықылым заманнан бері адамзат тарихымен біте қайнасып, бірге жасап келеді.

* Өркөкіректіктің алауын өрттен бұрын өшір.

* Дананың ойы – баланың ойыны.

* Гераклиттен біреулер: “неге үндемейсің?” деп сұрағанда: “сендер оттасын деп тұрмын!” депті.

* Заң үшін жұрт қаланың дуалын қорғағандай шайқассын.

* Бала кезде бәрін қайран қалдырдым.
Жігіт болдым – ештеңе ұқпай мәңгірдім.
Есейген соң үйренуден тынбадым,
Дүниенің түгел шештім жұмбағын.

* Жолдың түзуі де, қисығы да бәрібір.

* Алтынның тауарға, тауардың алтынға айналғаны сияқты, бәрі де отқа, от бәріне айналады.

* Оттың өлгені – ауаның туғаны, ауаның өлгені – судың туғаны. Жердің өлгенінен су, судың өлгенінен – ауа, ауаның өлгенінен от пайда болады және керісінше.

* Мен ешкімнен дәріс алған емеспін; өзімді-өзім зерттедім, өзімнен-өзім үйрендім.

* Құлағыңа сенбе, көзіңе сен.

* Бұйырғанның бәрі нәсіп.

* Қатыгез көп, қайырымды аз.

* Адамның арманының орындалғаны – өзіне сор.

* Ашуды ауыздықтау қиын:

* ЬІрқына көнгенің – ажалыңнан бұрын өлгенің.

* Нәпсіні тыю – ашуды жеңуден де қиын.

* Асып туған өзгеден
Бірдің өзі жүзге тең.
* Маңызды мәселеде шалағай тұжырым жасама.

* Көруге, естуге, дәмін татуға болатын нәрсені мәнді деп есептеймін.

* Өзін-өзі танып-білу, ойлау, адам атаулының бәріне тән қасиет.

* Өзгергені – өлгені…

* Ой-сана – адамзаттың ұлы жетістігі, даналықтың мәні – ақиқатты айту һәм табиғаттың үніне құлақ түріп, соған сәйкес әрекет ету.

* Тыңдап отырып ұқпайтындар саңырау тақылеттес, оларды қасыңда отырса да жоқ деп есептеуге болады.

* Соқырдан көру деген немене деп сұрасаң, соқырлық деп жауап берер еді.

* Даналықтың жалғыз-ақ мәні – барлық жерде бәрі мойындайтын дәйекті ойды танып-білу.

* Эллиндіктердің бәрінен ақылды боп саналатын Гомер сияқты, жұрт көріп тұрғанын тани алмай шатасады. Гомерді бит сығып отырған балалар: ұстағанымызды жерге тастап жатырмыз, ұстамағанымыз өз үстімізде қалды деп алдаған ғой!

* Күллі нәрсенің, бар болмыстың әкесі – соғыс.

* Дана Биант бір қалыптан аспаған, Сөзі асыл болсадағы басқадан.

* Көп нәрсенің сырына жетіктер ғана философиямен айналыссын.

* Өзіміз тірі кезде, жанымыз – өлі, өзіміз өлгенде жанымыз тіріледі.

* Қалай қақсап, бұл жұртқа қайтып ұрсам —
Анық сөзді ұқпайды айтып тұрсаң!

* Даналық, әдемілік, тағы басқа тұрғыдан алғанда ең данышпан адамның өзі құдаймен салыстырғанда маймылдай-ақ боп көрінеді.

Т.Сәукетаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *