БИІК ПАРАСАТ ИЕСІ

БИІК ПАРАСАТ ИЕСІ

Биылғы жылы мерейлі 75 жасқа келіп отырған Күлбарам Сәдуақасқызы мен үшін cұлулықтың, даналықтың, кемел ақылдың, биік дүниетанымның символы тәрізді. Олай дейтінімнің де себебі бар. Мен 1976 жылы жоғары оқу орнын бітіріп еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №4 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептен бастадым. Ол кезде бұл білім ордасыныңаты республикаға танымал, облыстағы дүркіреп тұрған киелі шаңырақ болатын. Мұндай биік жетістікке жету, әрине, педагогикалық ұжымның ерен ең-бегінің арқасы еді.
Мектептің ұстаздар қауымы тәжірибелі, білімді де білікті мамандар болатын. Алғашқы директоры Қасымбек Ыбыраев талапшыл да қабілетті басшы болған дегенді ұжым мүшелерінен талай естідім. Көзін көрген мұғалімдер осы кезге дейін Қасымбек Ыбырайұлын құрмет тұтып, идеял тұтады. Ал мен барған кездегі басшы Мара Әбдіқадырқызы Перзадаева болатын.
Ұжым мүшелерінің ауызбірлігі де мықты. Райкүл Сералина, Зылиха Ибрашева, Үміткүл Айманова, Сәдуақас Қилыбаев, Тоқсұлу Көшербаева, Қаламқас Әбуова, Камила Әбілова, Райхан Көшкенова, Жүсіпәлі Ахметов, Спандияр Дүйсеков секілді ұстаздардың барлығы да әдемі, сымбатты да көркем, өз пәндерінің мықты мамандары еді. Оқушыларға бар білімі мен тәрбиесін аямайтын, еңбекшіл, ізденімпаз жандар болатын. Жаңадан келген біз сияқты жастарға да бойындағы бар жақсы қасиеттері мен тәрбиелерін берді. Тәлімгер ұстаз болды. Олардың барлығынан оқыған азаматтың, мәдениеттің, зиялылықтың лебі есетін. Жас ерекшелігіне қарай педагогилық ұжымдағы одан кейінгі буын өкілдері – бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Күлбарам Сәдуақасова, оның замандастары әрі достары Жібек Есенжолова, Алуа Разақова, Шынар Ибадуллаевалар болатын. Бұлардың жастары да қатар, отбасындағы ағаларымыз да бір-бірімен дос, отбасылық қарым-қатынастары жарасқан жандар болатын. Мен осыаға буын тәлімгер ұстаздарыма, алдымдағы апайларыма қызығып қарайтын едім. Оларға қарап бой түзедім, ой түзедім. Осындай ұжымға келіп еңбекжолымды бастағаныма Аллаға шүкір ризамын, өзімді бақытты сезіндім. Жақсыдан шарапат дегендей ұжымның адалдығы болар, маған үйреткен өнегесі болар мен де абыройлы ұстаз болдым. Алғаш ата-аналар жиналысын өткізу, ата-аналар университетіне баяндама жазу, оны көпшілік алдында оқыған сәттерім әлі есімде. Үйренгенім көп болды, барлығы сәтті өтіп жатты. Осының барлығы қаймағы бұзылмаған ұжымның арқасы еді. Осындай ұжымның белді де абыройлы мүшесі Күлбарам апай мінезге бай, үнемі көңілді жүретін, шәкірттерімен қандай сиқыры барын білмеймін тез тіл табысып кететін ұстаз еді. Өзі сұлу, өзі мықты химик. Ақ халатты киіп алып зертханада тәжірибе жасап, өзінің әріптесі Жүсіпәлі Ахметов ағамызбен ой бөлісіп, оқушыларын бәсекелестіріп жүретін. Жүсіпәлі ағай Күлбарам апайды Сұлу деп атаушы еді. Шындығында да, апай әлі де сұлу.
Екінші, өзі әкем деп әзілдесуші еді, облысқа белгілі мықты математик Сәдуақас Қилыбаев екеуі параллель сыныпта сынып жетекшісі болды. Екеуі жарысып сыныптарынан бірнеше үздіктерді шығаратын. Бірінен-бірі қалыспайды. Бірі математик, бірі химик. Әзілдері жарасады, бірде итжығысқа түсіп жатса, бірде тең түседі, бірде бірі оза шабады, бірі қалыс қалады. Қалыс қалса ағай өзі сары адам қызарып кететін. Бір кереметі сол араларында зіл жоқ, Біз қызыға қарайтынбыз, мәз боламыз. Апай соған мәз. Әлі есімде екеуі жарысып сыныптарынан бірнеше үздіктерді шығарды. Ол кезде үздіктердің жұмысы қалалық, одан кейін облыстық комиссияның сараптамасынан өтетін. Оқушының жұмысы өтпесе оқытқан мұғалімге сын. Абырой болғанда ұсынған үздіктердің бәрі де үмітті ақтайды.Қазір сол үміт еткен шәкірттері еліміздің экономикасы мен мәдениетін көтеруде абыройлы еңбек етіп жүр. Бірі білікті маман, бірі іскер кәсіпкер, бірі лауазымды қызметте. Екі сынып жарысып оқиды. Осы күнгі оқытудың жаңа технологиясын, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды Күлбарам апай сол кездің өзінде тәжірибеге енгізіп қойған болатын.
Күлбарам Сәдуақасқызы оқушының жүрегін жаулаған сүйікті ұстаз ғана емес, мектептің абыройын асырған жанашыр жан да. Оқушылардың көктемгі демалысы кезінде қала мектептеріндегі мұғалімдердің арасында дәстүрлі өнер фестивалі өтетін. Апай Оқушылар сарайының сахнасында сызылтып ән салады, мың бұралып «Қазақ вальсіне» билейді. Ақындығы да бар. Арнау өлең жазады, іс-шараның сценарийіне көмектеседі. Нәтижесінде мектеп ұжымы жүлделі орындардың бірін иемденетін. Осы өнерін де ұстаз шығармашылықпен дамытып келеді. Оған 2013 жылы жарық көрген «Жүрек жырлары» өлеңдер жинағы дәлел болса керек.
Тынымсыз, ізденімпаз ұстаз мектепте мұғалім болып жүріп ғылыми-әдістемелік жұмыспен айналысты. Іс-тәжірибесі облыс мұғалімдеріне насихатталды. 1991 жылы Жезқазған қаласында мектеп мұғалімдерінің республикалық оқуы болды. Осы оқуға химия пәнінен апай, қазақ әдебиетінен мен де бардым. Апайдың мазмұнды, жаңашыл бағыттағы ғылыми-әдістемелік мақаласы қызу талқыға түсті, көпшіліктің назарына ілікті. Ерекше аталып өтті. Ол өзінің ізденімпаз, жаңашыл ұстаз екенін мойындатты. Меніңше, Күлбарам апайдың ғылым жолына түсуіне осы республикалық жиын бағдаршам болған секілді. Менің де қолымнан келеді деген өзіне деген сенімі артқан секілді. Апай еңбек демалысына шығып кетпей, жоғары оқу орнына келіп оқытушылық қызмет атқарды, ұстаздық қызметті ғылыми жұмыспен ұштастыра білді. Тәжірибесі мол ұстаз алға қойған мақсатқа жету үшін ерінбей еңбектенді. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін батыл-дық. Өзіне сенген адам ғана ғылым жолы– қиын жолды таңдайды. Білікті ұстаз ерен еңбегінің арқасында мақсатына жетті, педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Еңбекшіл, жаңалыққа құштар жан қарап отырған жоқ. Бірнеше ғылыми жобаларға қатысып, барлық білімі мен күш-қуатын жас мамандарды даярлауға жұмсап, олардың бойына адамға тән барлық қасиет, сипаттарды сіңіртіп келеді.
Қайратты, сана-сезімі романтикаға толы, өршіл, алға қойған биік мақсаттарына жетуде ерінбей еңбектенетін, өмірдің қуанышы мен қайғысын мойымай көтере білген ғалым, әдіскер апайды көргенде қызыға қарайтынымыз рас. Екі мәрте «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атағы мен «Жылдың Үздік ұстазы» номинациясын жеңіп алған, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Үздік оқытушысы» К.Сәдуақасқызының ғылыми жетекшілік етуімен студенттері мен оқушылары бірнеше дүркін жүлделі орындарды иеленді. Сондай-ақ әдіскер ғалым – «Қазіргі заманғы білім беру технологиялары негізінде химияны оқытуда оқушылардың түйінді құзырлылықтарын дамыту», «Химиядан үлгермеушілік себептері және оны жақсарту жолдары» зерттеу еңбектерінің, «Химияны оқыту әдістемесі», «Химиядан Ұлттық бірыңғай тестке дайындық әдістемесі» электрондық оқулықтың, «Химияны оқыту», «Химия-педагогикалық зерттеу әдіснамасы», «Химияны инновациялық әдістермен оқыту» тағы басқа бірнеше оқу-әдістемелік оқулықтардың авторы.
М.Әуезов: «Адамның ғұмыр кешірмек кәсібінің терең түбіне қарасақ хайуанша күндік қоректі таспен атып, ағашпен ұрып, аң аулап жеп немесе жеміс теріп жеп, қарны тойса, аңша бір жерге жата кетіп жүрген. Ер жағы қара басынан басқаға қарамай жүргенде, балаларын баулып, үйлік ұйымның басын құраған – әйел» [2,46] деген еді. Олай болса, еңбек жолындағы бағындырған жоғарыдағы белестерімен, жетістіктерімен қатар Күлбарам апай ең бастысы бесік тербетіп, алтын асықтай ұл-қызын тәрбиелеп, оқытып, белгілі бір мамандық иесі болуына ықпал еткен ақылшы, қамқор ана. Қызылорда облысының бас ұстазы, ғалым, елге танымал азамат марқұм Әли Мүсілімұлының сүйікті жары, немерелердің асыл әжесі.
Өмірлік серігі Әли Мүсілімұлының көзі тірісінде баспадан шығып үлгірмеген өнегелі өмірі туралы тағылымдық мәні зор«Ізденіс пен ізгілік» деген кітабын жарыққа шығарды. Осы кітаптағы «Биігім» деген өлеңінде:
Биігі едің таулардың, жаным,
Бұлбұлдай ұшып кетті ғой сәнім.
Шуағың нұрлы шашылмай қалды,
Орнады түнек, атылмай таңым, — деп толғанады сүйікті жар. Марқұм болған Азаматын биік қояды, одан әрі сары уайымға салынбай, ерін, отбасын қатты сыйлайтын қазақ әйеліне тән қайсарлық мінез танытады.
Сондай-ақ, Күлбарам апай қамшының сабындай қысқа ғұмырда отбасының сыйластығы мен ынтымақ бірлігін сақтап, алысты жақын, жақынды табыстырып жіберетін дарқандық пен кеңдік, имандылық қасиеттерді бойына дарытқан ақылды ана ретінде де танылып келеді. Бұл адам бойында имандылық пен парасат болған жерде ғана болса керек. Олай болса мен Күлбарам Сәдуақасқызын парасат пайымы мол, биік тұлға ретінде үлгі тұтамын. «Сіздер барда» өлеңінде:
Сіздер барда, кеңге салам арқамды
Білмеймін мен тайсалуды, жалтаңды!
Сыйға — сыйым, сыраға — бал берерім
Сеніп келем, сүйіп келем баршаңды!

Бұл дүние сыйластықпен көгерер
Өтер, кетер қызығыңды көре бер!
Өмір қысқа, өмір жалған білерім
Е, тәңірім, тыныштығың бере көр

Сіздер барда, еңсем менің жоғары
Жүрегімде жайбарақат соғады.
Риясыз жүздескенім не тұрады!?
Құшағыма құт береке толады,-

дейді. Әдетте өмір жайлы, оның мәні мен мағынасы жайлы әркім өзінше пайымдайды. Ақын Күлбарам апай адамзат баласына ортақ құндылықтардың бірі – сыйластықты өзінің өмірлік кредосы етіп алады. Осы қасиетімен де ол ерекше.
Асыл сөздің қадірін білген, білімнің теңізінен маржан терген ұлағатты ұстаз, профессор Күлбарам Сәдуақасқызын мерейлі жасымен құттықтай отырып, зор денсаулық тілеймін. Әлі де алар асуыңыз, шығар биігіңіз мол екеніне сенемін.
ТАЙМАНОВА Сара,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Қорқыт ата атындағы ҚМУ ардагері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *