АНАКСИМЕН
Т. Саукетаев
Көне грек философиясының көрнекті өкілдерінің бірі – Анаксимен талай дананы тал бесігінде тербеткен әйгілі Милет шаһарында шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 585-жылы дүниеге келіп, 525 жылдары қайтыс болған. Диоген Лаэрцийдің айтуынша, ол даңқты Анаксимандрдың ізін қуып, бар зейін-зердесін жаратылыстың ұлы жұмбағын танып-білуге жұмсаған адам. Ғылыми дәлелдің негізі ретінде алғашқылардың бірі болып салыстырмалы тәсілге жүгінді. Ғұлама табиғат құпиясын терең барлай отырып, ұзақ жылғы зерделеу нәтижесінде тың да тосын тұжырымдар жасады. Ол күллі тіршілік атаулының бастау көзі – ауа деп үйретті. “Дем мен ауа бүкіл кеңістікті алып жатыр. Бәрі ауадан жаратылып, бәрі ауаға айналады. Жанның да, құдайлар мен құдіреттің де түп-негізі – көзге көрінбейтін мөлдір зат – ауа. Ауа біртекті әрі шексіз, оны сезу мүмкін емес (яғни оны көзбен көріп, қолмен ұстауға, иіскеп білуге болмайды – Т.С.) Ауа үнемі қозғалыста, оны тек суық, ыстық, ылғал, тығыз қалпында ғана байқауға болады. Ауа сиреген кезде қызып, от боп жанады, ал қойылғанда суып, суға не мұзға айналады”.
Анаксимен сондай-ақ аспан денелерінің қозғалысы туралы адам санасына өзгерместей боп бекіп қалған көне пікірлердің көбін ғылыми дәлелмен теріске шығарды. Мәселен, ол: “Аспан шырақтары Жердің бетімен жылжымайды, Жерді айналады, тек оны біз тау-құздардың қалқасынан байқай алмаймыз…” деді.
Дүние құпиясына терең бойлаған ғұламаның парасат-білігін аңғартар мына бір кішкене мысал ғасырлар белесін аттап, бүгінге жетіп отыр.
Бір күні Анаксимен шәкірті екеуі саябақтың ішінде әңгімелесіп келе жатыпты. “Айтыңызшы, ұстаз, Сіз неге жиі шүбәлана бересіз? – деп сұрапты жас шәкірт. – ¥зақ ғұмыр кештіңіз, өмірден көрген-түйгеніңіз мол әрі эллиндік ұлы даналардың алдын көріп, дәрісін тыңдадыңыз. Сонда қалай, Сіз үшін де дүниенің жұмбағы көп болғаны ма?”
Ойға батқан ғұлама қолындағы таяғымен жерге бірі үлкен, бірі кішкене екі шеңбер сызып: “Сенің білімің – мына кішкене шеңбер, – дейді, – менің білімім – үлкені. Ал шеңбердің сыртындағының бәрі белгісіздік. Кішкене шеңбер белгісіздікпен кіші көлемде шектеседі. Білім шеңберің неғұрлым кеңейген сайын, оның белгісіздікпен шектесу аумағы да солғұрлым ұлғая түседі. Сөйтіп сен жаңаның сырына қанып қаншалық көп білген сайын, құпия, белгісіз жайлар да соншалық молая бермек”.
Анаксименнің осындай бірлі-жарым әфсана сипатындағы ой-тұжырымдарымен қатар оның Пифагорға жазған екі шағын хаты да бізге жетіп отыр. Осынау сарғайған хаттардан арпалыспен өткен ұлы жүректің лүпілін аңғару қиын емес. Бірінші хатында данышпан Фалестің қартайған шағында қызметші кемпірдің жетелеуімен әдеттегідей түнде жұлдыз зерттемек боп далаға шыққанда құдыққа құлап кетіп мерт болғанын өкінішпен айта келіп, данышпанның рухына зор құрметпен бас иеді. “… Онымен кеңес құрған біздер өзіміз де, біздің балаларымыз да және біздің мүдделес жолдастарымыз да осынау дананы ешқашан жадымыздан шығармаймыз һәм, оның өсиетіне адалмыз. Біздің бұдан былай әр сөзіміз Фалестің есімімен басталсын!” дейді. Дананың қадірін дана ғана біледінің бір мысалы осы шығар.
Пифагорға жолдаған екінші хатында Анаксимен Милет жұртының басқыншылардың қол астында қалып, қан жылаған мүшкіл халін, өзінің ғылыммен айналысуға мұршасы болмай, байтал түгіл бас қайғы, қиын заманға тап болғанын қинала, қыжылмен жазады. “Сен бізден әлдеқайда ақылды екенсің – Самостан Кротонға қоныс аударып, тып-тыныш өмір сүріп жатырсың. Ал мұнда элкидықтардың істемеген зұлымдығы жоқ, миллеттіктерді тырп еткізбей басып-жаншуда. Мидия патшасы салық төлемесеңдер, қырып-жоям деп төбемізге шоқпарын үйіріп ол отыр. Иониалықтар бостандық үшін мидиялықтарға қарсы соғыс ашуға дайындалып жатыр, егер олай болған күнде біздің тірі қалуымыз екіталай. Міне, өстіп қашан өлем немесе құлдыққа сатылып кетем бе деп зәресі ұшып отырғанда Анаксимен қайтып аспан әлемін зерттемекші?
Сені кротондықтар да, басқа италиялықтар да құшақ жая қуанышпен қарсы алды, ал дәрісіңді тыңдаймын деген шәкірттер тіпті сонау Сицилиядан да ағылып келіп жатыр”.