АНАКСИМАНДР

АНАКСИМАНДР

Анаксимандр – шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 610-547 жылдар аралығында өмір сүрген даңқты грек ойшылдардың бірі. Милет шаһарында туған. Данышпан Фалестің туысы һәм оның шәкірті болған.
Анаксимандрдың өз замандастарынан ерекшелігі – ол табиғат тылсымына айрықша ден қойған ғалым. Оған дейін күннің күркіреуі, дауыл, жер сілкінісі т.б. құбылыстардың құпиясы жын-пері, диюлардың күш-құдіретімен астастырылып, жадағай мистикамен шектеліп келсе, Анаксимандр адамзат тарихында алғашқылардың бірі болып жаратылыс сырларына ғылыми тұрғыдан түсінік беруге тырысты.
Ол дүниенің негізі, бастау көзі шексіздік деп есептеді, бірақ оның ауа, су әлде басқа бір нәрсенің шексіздігі ме – ол туралы нақты ештеңе айтпайды. Сондай-ақ ол бөлшек өзгереді, бүтін өзгеріссіз қалады деп үйретті.
Анаксимандр аспан денелерін зерттеп, көптеген астрономиялық құрал-жабдықтар жасаған. ¥зақ уақыт бақылау нәтижесінде Жердің домалақ екеніне көз жеткізеді. Оның пайымдауынша, “Жер әлем кеңістігінің ортасына орналасқан. Ай өздігінен жарық шығармайды, ол тек Күн сәулесін ғана шағылыстырады. Күн дегеніміз лаулаған от, оның көлемі жерден үлкен болмаса, кем емес”.
Ғалымның өз заманы үшін жаратылыс ғылымында ашқан жаңалығы ұлан-ғайыр. Ол бірінші рет Жер мен Судың географиялық картасын сызып, глобус жасаған адам һәм күн сағатын ойлап тауып, оны Спарта қаласына орнатады. Сағаттың құрылысы өте қарапайым: тік қадалған діңгек көлеңкесінің жылжу бұрышы тәуліктік уақыт бірлігін көрсетсе, көлеңкенің ұзындығына қарап жыл мерзімін яғни күннің ұзарып-қысқаруын, күн мен түннің теңелуін анықтайтын болған.
Анаксимандрдың жеке өміріне қатысты тарихи деректер тым жұтаң. Афиналық Аполлодор өзінің “Хронологиясында” “Анаксимандр 58-олимпиада тұсында 64 жаста еді, содан көп ұзамай қайтыс болды” дегеннен басқа мардымды ештеңе айтпайды. Әйтседе Анаксимандрдың даналық дара тұлғасын, адамдық бітімін тарих жадында сақталған бірлі-жарым әңгімелерден-ақ аңғаруға болады.
Бірде Анаксимандр “бүгін жер сілкінеді” деп спарталықтарды үйлерінен қуып шығып, далада түнеуге мәжбүр етіпті. Сөйтіп көптеген адамды ажалдан аман алып қалыпты.
Бір күні Анаксимандр өлең айтып тұрса, балалар мазақтап күліпті. Сонда данышпан: “Несі бар, балалар үшін әнді жақсы айтып үйренуге тура келеді” депті.

Т.Сәукетаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *