АНАКСАГОР
Даңқты грек даналарының бірі – Анаксагор біздің дәуірімізге дейінгі 500-428 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. Клазомен шаһарындағы беделді ақсүйек әулетінде дүниеге келіп, жастайынан үздік білім, үлгілі тәрбие алады. Жаратылыс танушы ұлы ғалым Анаксименнің ізін қуып, оның шәкірті атанады.
Анаксагордың өмірі, ғылыми қызметі хақында Диоген Лаэрций, Силен, Деметрий, Сатир тағы басқалар, кей ретте кереғар болса да, бір шама құнды деректер қалдырған.
Анаксагор ешқашан езу тартып жымиып көрмеген біртоға, тұйық адам болыпты. Тіпті бір шаһарда тұрса да Сократпен бірде-бір мәрте кездесіп сөйлеспеген деген дерек бар. Ғылымға құлай беріліп, өзінің ішкі әлемімен ғана өмір сүрсе керек. Әкеден мирас боп қалған шаруашылық аз уақыттың ішінде тозып, иелігіндегі мәуелі бау-бақша мал тұяғы таптаған жайылымға айналады. Жан тоятын ғылымнан іздеген ынталы шәкірт бар байлығын туыстарына таратып бере салады. “Дүние-мүліктің қадіріне жетіп, қамын жеуді білмейсің!” деп сөккен ағайындарына: “Сол дүниенің қамын сендер жесеңдер жетпей ме?” депті.
Пенделік қызықтың бәрін тәрк етіп, алаңсыз табиғат тылсымына ден қояды, айналадағы болып жатқан жайларға, қоғамдық істерге мойын бұрмайды.
Біреулер: “Сен не, Отаныңа қызмет еткің келмей ме?” деп кінә қойғанда, “неге олай дейсің, мен Отаныма жан-тәніммен қызмет етіп жатырмын!” деп аспанды нұсқапты.
Сөйтіп етекбасты күйкі тірліктің әбігерінен ерте сілкініп орнынан тұрған талапты жас ғылым қуып, дүниенің шар тарабын аралайды. Атағы дәуірлеп тұрған Мысыр мен Таяу Шығыс елдерінде болып, ақыры біраз уақыт Афинаға ірге теуіп орнығады,
Анаксагордың Афинаға келуінің зор тарихи-мәдени ықпалы болды, зерттеушілердің айтуынша, бұл шын мәнінде Иониа ғылымының Аттика топырағына қоныс аударып, ұрық шашуы еді. Осыған дейін мемлекет қайраткерлері, заңгерлер мен қолбасыларының отаны атанған Афина енді тұңғыш рет көрнекті философпен қауышты. Анаксагордың шәкірті Архелай тұрғылықты афиналық болатын, сөйтіп Анаксагорды, әлемге кейіннен Аристотель мен Платон сынды небір даналарды әкелген, Афина философиялық мектебінің негізін салушы деп атау әбден орынды. Жатжерлік кірмелердің сол кездегі Афинадағы тәртіп бойынша, қоғамдық-саяси өмірге араласуға құқы жоқ болатын, бірақ Анаксагор көп өтпей шаһар бекзадаларының рухани ұйтқысына айналады. Бұған, әлбетте, демократиялық партияның көсемі Периклдің достық көңілінің игі ықпал еткені анық. Периклдің екінші әйелі Аспасия аса білімді, ақылды адам еді. Ол трагик Еврипид, мүсінші Фидий тәрізді қаланың бетке ұстар зиялыларының басын қосып үйірме ашады. Ол үйірмеге Анаксагор да қатысады, Сонда жүріп Еврипидтің дүниетанымының қалыптасуына зор әсерін тигізеді. Сондықтан жіті қараған көзге Еврипид трагедияларының көп тұстарында Анаксагордың философиялық көзқарастарының іздері сайрап жатыр.
Анаксагор – өз заманындағы ғылыми әлемді тың, оқшау ойларымен елең еткізген ғалым. Ол тұңғыш рет философияға Ақыл-Сана (грекше “нус”) түсінігін енгізіп, оны заттан биік қойды. “Әуелде дүниедегі заттың бәрі сапырылысып араласып жатты, кейіннен Ақыл келіп оны ретке келтірді” деп жазды. Осынау пікірі үшін замандастары оған “Ақыл” деп ат қойған.
Ол: “Күн лаулап жанған алып жартас, оның көлемі Пелопоннестен үлкен; Айдың үстінде үйлер, тіпті жоталар мен жазықтар да бар; құс жолы – күн сәулесіне шағылыспаған жұлдыздардың көлеңкесі; Жел күннің ауаны жылытып сиретуінен пайда болады; Күннің күркіреуі дегеніміз – бұлттардың соқтығысуы; найзағай – бұлттардың үйкелісуі; Жер сілкінісі – жер қойнауында ауаның қайтадан пайда болуы…” деп түсіндірді.
Көне деректер бойынша, Анаксагор аспан құбылыстары, адамның сезім-түйсігі туралы бірнеше кітап жазған. Бірақ олардың ешқайсысы бүгінгі күнге жетпеген. Тек Аристотель, Платон, Плутарх, Диоген Лаэрций тағы басқалардың шығармаларында келтірілген үзінділері ғана мәлім. Қалай болған күнде де, Сократтың айтуынша, Анаксагордың шығармаларын білмеу ол кез үшін көрсоқыр надандық болып есептелген. Есесіне ол туралы әңгімелер Афина жұртшылығы арасында молынан тараған, кейіннен ол әңгімелердің біразы аңызға айналып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Сол аңыз әңгімелердің кейбіреуіне қарап-ақ оның ғалымдық болмысын, азаматтық кескін-келбетін аңғару қиын емес.
Табиғат тылсымын тамыршыдай сезген ол талай құбылыстарды көріпкелдікпен болжай білген. Мәселен, Эгоспотамға құйрықты жұлдыз құлайтынын алдын ала жорамалдап: “Күннен тас түседі” деген. Бірде күн шайдай ашық боп тұрса да Анаксагор Олимпиада ойынына былғары сулық киіп келеді. Жұрт тосырқап қарайды. Бірақ лезде күн бұлттанып, ағыл-тегіл нөсер құя жөнеліпті. Біреу “Лампсаки жоталары теңіздің астында қала ма?” деп сұрағанда, Анаксагор: “Иә. Бірақ соны көруге ғұмырымыз жетер ме екен?” деп жауап қатыпты.
Жаратылыс туралы бағзыдан қалыптасқан дәстүрлі көзқарастарды бұзып, еркін де тосын пікірлер айтқаны үшін ғалым сау басы саудаға түсіп, қуғын көреді, тіпті абақтыға қамалып, тар қапаста көп жапа шегеді. Әйткенмен Анаксагор өмірінің осынау бір қайғылы, шиеленіске толы қалтарысты тұсы туралы бізге жеткен мәліметтер екіұшты.
Сотион өзінің “Философтар сабақтастығы” дейтін еңбегінде, Анаксагор сотқа тартылғанда афиналық әйгілі демагог Клеонның оған айыптаушы боп сөйлегенін айтады. Клеон оны “Күн лаулап жанған алып жартас” деген пікірі үшін айыптап, “пиғылы бұзық, арам” деп кінә тағады. Ғалымның өз шәкірті, Афина демократиясы дәуірлеу кезеңінің көшбасы атанған, атақты саяси қайраткер Перикл араға түсіп, Анаксагорды ауыр жазадан арашалап қалады. Бес талант айып төлеп, елден қуылады. Ал Сатир “Өмірбаяндар” кітабында басқаша мысал келтіреді. Анаксагорды жауапқа тартқан Клеон емес, Фукидид дейді. Ол Периклдің саяси қарсыласы, Афина аристократиялық партиясының көсемі-тұғын. Фукидид “ғылымдағы теріс пиғылды” пікірімен қоса оған, грек-парсы соғысы баяғыда аяқталса да, кезінде парсыларға іш бұрып, опасыздық жасады деген саяси айып тағады. Сөйтіп, Анаксагор сырттай өлім жазасына кесіледі.
Осы үкімді естігенде ол: “Маған да, оларға да табиғат өзінің бұл үкімін баяғыда-ақ шығарып қойған” депті жайбарақат. Ал екі баласының бірдей өлгені туралы қаралы хабар келгенде: “Мен оларды өлмейтін ғып жаратқаным жоқ. Өзекті жанға бір өлім барын білгенмін” депті.
Атақты тарихшы Гермипптің дерегіне сүйенсек, Анаксагор біраз уақыт өлім жазасын күтіп абақтыда отырады. Бірақ араға Перикл түседі. Ол жиналған жамиғатқа: “Уа, халайық, осы уақытқа дейін мен туралы жаманат естіген жерлерің бар ма?” дейді. Жұрт бас шайқайды. “Ендеше мен – бұл кісінің шәкіртімін. Жалаға еріп нахақ жазаламаңдар, қоя беріңдер!” дейді. Халық босатып жібереді, бірақ мұндай қорлыққа шыдай алмаған Анаксагор өзіне қол салып, мерт болады.
Иероним өзінің “Түрлі жазбаларында” бұл оқиғаны сәл басқаша баяндайды. “Перикл Анаксагорды сот алдына ертіп келгенде, ауру меңдеп әбден әлсірегені соншалық, әділ қазылар істің анық-қанығына жеткеннен емес, оны аяғаннан ақтап жіберді” дейді. Бұл жерде шындықтың ауылы нақты қай тұста екенін жыға тану қиын.
Диоген Лаэрций осы қасіретті оқиғаны сипаттай келіп, өлеңмен былай түйіндейді:
“Күн дегенің – жанған жартас” – пікір еді кесірлі.
Осы үшін қайран дана өлім жазасына кесілді.
Перикл оны босатқанмен, қорлыққа жаны төзбеді –
Даналық та құтқара алмады Анаксагордай есілді…
Басқа бір мәлімет бойынша, Анаксагор Лампсак қаласына кетіп қалып, сонда қайтыс болады. Ол жердің ханы да, қарашасы да оны төбесіне тік көтеріп қадір тұтса керек. Шаһар басшылары келіп, бізге не өтінішіңіз бар дегенде ол: “Мен өлген кезде жыл сайын сол айда оқушыларды сабақтан босатыңдар” депті. Дананың өсиетіне адалдық танытқан лампсактықтар неше ғасыр өтсе де бұл дәстүрді жалғастырып келіпті.
Анаксагор әл үстінде жатқанда бір жанашыры: “Жат жерде өлетін болдың-ау!” деп күңіреніпті. Сонда ол: “Жер асты патшалығына қай жерден түссең де бәрібір емес пе!” деп жұбатқан көрінеді. Анаксагордың өлімін Лампсак халқы ұлттық қасірет ретінде аза тұтып, зор құрметпен соңғы сапарға шығарып салады. Оның құлпытасына мынандай өлең жолы ойылып жазылған:
Даналықтың түбіне жетіп, жол іздеген қиыннан
Анаксагорға осы жердің топырағы бұйырған.
Анаксагор, өз заманының мойны озық кемеңгері ретінде, жаратылыс сырына батыл барлау жасап, көптеген құнды пікірлер қалдырды. Оның тереңнен сүзген ой жауһарларына сан ғасыр өтсе де уақыт шаңы кіреуке түсіре алған жоқ.
* Біреу: “Дүниеге не үшін келдің?” деп сұрағанда, “Ай мен Күнді, Аспанды бақылау үшін келдім” деп жауап беріпті.
* Галикарнастың озбыр билеушісі Мавсолдың мазарын көріп: “Қымбат мазар екен, бұл – тасқа айналған байлықтың белгісі ғой!” депті.
* Оған: “Сен енді афиналықтармен араласу мүмкіндігінен айырылдың” дегенде ол: “Жоқ, олар менімен араласу мүмкіндігінен айырылды” депті.
* Барлық нәрсенің құрамында бәрінің бөлшегі бар.
* Адам қолы бар болғандықтан хайуанаттардың ішіндегі ең ақылдысы болып табылады.
* Күн дегеніміз – құдай емес, лаулап жанған алып жартас.
* Аспан дегеніміз толған тас, қатты айналым нәтижесінде бірін-бірі ұстап тұр. Егер қозғалыс сәл саябырласа, аспан жерге құлап түседі.
* Әрбір зат құрамында не басым болса, соның атымен аталады. Мысалы, заттың ішінде алтын көп болғандықтан бізге алтын сияқты боп көрінеді, бірақ оның құрамында бәрі де бар.
* Барлық зат бірге болған, Ақыл оларды бөліп, ретке келтірді.
* Эллиндіктер “жаратылу”, “жойылу” деген сөздерді дұрыс қолданбайды. Өйткені, дүниеде ешқандай зат жаңадан пайда болып, не жойылмайды, бірақ әрқайсысы бар заттың араласуынан қосылып не бөлініп шығады.
* Сезінуіміздің әлсіздігінен ақиқатты танып-білуге дәрменсізбіз.
* Әрбір зат өзінше әрі үлкен, әрі кішкене.
* Үлкеннің де, кішінің де бөлшек саны бірдей.
* Тірі жан иесі сияқты табиғатта да ақыл-сана бар, әлемге билік құрып, тәртіпке келтіріп тұрған сол.
* Өсімдіктер де тірі жәндік. Олардың да сезімі бар, қайғырып, қуанады. Оны жапырақтардың қозғалысынан білуге болады.
* Жан мәңгілік.
* Адамның барлық әрекеті кездейсоқтықтан туындайды.
* Ақыл дегеніміз – Құдай, Құдай дегеніміз де – Ақыл.
* Сезім – алдамшы. Су бізге мөлдір сияқты елестейді, ал шын мәнінде ол қара: өйткені, ағаштың суынан шыққан түтін қара емес пе. Сондай-ақ, қар да бізге ақ боп көрінеді, ол судан пайда болады, ал қардай аппақ суды кім көріпті?
* Біз ең қарапайым тамақ – су мен нанның қан, шаш, жүйке талшықтары, сүйек тағы басқаға айналғанын көреміз. Демек, су мен нанның құрамында шаш, қан, жүйке талшықтары, сүйек тағы басқалардың кішкентай бөлшектері бар деген сөз, бірақ оларды сезім мүшелерімізбен аңғармағанымызбен, ақыл көзімен көріп білеміз.
* Бос кеңістік деген атымен жоқ.
* Бала ата-ананың қайсысының ұрығынан көбірек нәр алса, соған ұқсап туады.
* Затты танып-білуге бола ма? Жоқ. Күрделі затты тану үшін әуелі оның құрамын білу керек қой. Ал шексіз бөлшекті танып-білу мүмкін бе?
* Айнала қаптаған қара түнек. Дүниені білім емес, пікір ғана жаулаған. Қай нәрсені алып қарасақ та ол туралы біздің білеріміз тек өзіміздің жорамалымыз ғана.
Т.Саукетаев