Қазыбектің алғаш көзге түсуі

Қазыбектің алғаш көзге түсуі
Абылай ханның заманында қалмақты қысқа күнде қырық шауып, беттетпей қойыпты. Сонан тағы да басқа елді шабуға өзінің белгілі батырларын алып, жорыққа аттанып кетіпті. Бұлар осы жолы көп жүріп кешігіпті. Сонда арада жүретін өсекшелер қалмақтың Қонтажы деген ханына барып: «Абылай барған жорықта өліпті. Сен осы кезде қазақтан кегіңді алып қал!» – деп, қазақтың бір жағын келіп қалмақ шауып әкетіпті. Осы сөзге елігіп, қазақтың бір жағын келіп қалмақ шауып әкетіпті. Абылай келсе, елдің бір жағы жетім­жесір болып қалған екен.
Абылай бұл жолы:
– Сен бар деп, ешқайсысының атыңды атамаймын. Намысқа шыдамағандарың өздерің айт! – депті.
Сонда Тайкелтір би мен Малайсары батыр:
– Біз барамыз! – депті.
– Ендеше жүз адам жолдас алып барыңдар! – депті.
– Жарайды! – деп, бұлар дайындалып жатқанда, Қаракесек Келдібек би үйіне келіп әйелінен:
– Қазыбек қайда? – деп сұрапты.
Онда әйелі:
– Бағана тай үйретемін деген, жылқыда шығар, –депті.
Жылқының ішіне келсе, айтқанындай, жылқыда тай үйретіп жүр екен. Келдібек баласын шақырып алып:
– Бала, атқа мініп, атақ алғың келе ме? – депті.
Сонда бала шу дегеннен:
– Атаққа шапқанша, жақсының атын ерттеп, жатқа атымды солай шығарсам, болмай ма? – депті.
– Жарайды, балам, анау тұрған бедеуді ұстап мін де, үйге жүр, – деп, ертіп алып келіп, киіз беріп:
– Бар, балам, жолың болсын, алдыңнан, артыңнан күн тусын! Жортқанда, жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын! – деп батасын беріп, – Жүріп бара жатқан топқа барып қосыл! – депті.
Келе жатса, қалмаққа баратын топты шығарып, өзі аңға шығып келе жатқан Абылайға қарсы келіп, жолығып, сәлем беріпті. Абылай:
– Балам, қай ұлсың? – депті. Сонда Қазыбек:
– Тай бәйгесін менсінбей, ат бәйгесіне қосылайын деп жүрген Қаракесек: Келдібектің сіргелі тайы едім! – депті.
Сонда Абылай:
– Бар, балам, жолың болсын, бақытың арта берсін, бетіңді бұрма! Анау бара жатқан топқа қосыл! – депті.
Қалмақтың еліне таянғаннан кейін, Тайкелтір ойланып:
– Жүз кісімен қалың қалмақтың ортасына кіріп барғанда, не бітіреміз? Онан да бір­екі кісі барып, қалмақтың бетін біліп келсін! – депті.
– Бұ да жарайды екен! – де (сіп), сөз білетін бір­екі жігітті жіберіпті.
Бұлар қалмақтың ханына келіп:
– Қазақ болып жиналып, қол келе жатырмыз. «Қапы қалдым!» – демей, дайындалсын! – деп сізге жіберді, – депті. Сонда хан өзінің бектерін шақырып айтыпты:
– Алыстан қонақ келеді, шатырды тігіп, малды сойып, дайындалыңдар! ­ депті.
Бұлар ханның бетін білген соң, келіп көпшілігіне айтады. Көпшілігі бөгелмей, ханның аулына келсе, айтқанындай, шатырды тігіп, еркек қойды үйтіп, тайды сойып, осындайын дайындықта екен. Бұларды қарсы алып күтіпті. Үш күн тынығып жатыпты. Төртінші күні хан келіп, амандасып, бірге отырып, қалмақ енді бұлардан сұрапты:
– Неге келдіңдер? – деп.
Сонда Тайкелтір айтыпты:
– Өгізді өлеңге байладық, өрлікті төменге байладық. Ақ десең де, қара десең де, істің (шешуін) өзіңе байладық. Ендігісін өзің айт! – депті. Сонда:
– Бүрсігүнге дейін менен хабар болса, болды, егер болмаса, бастарың аман, жандардың бейбітте елдеріңді табыңдар! – деп, орнынан түрегеліпті.
Сонда босағада отырған Қазыбек:
– Тақсыр, хан, дат! – депті.
Хан:
– Арызың болса, айт! – дегенде, бала былай депті:– Сен темір болсаң, мен көмірмін, Еріткелі келгенмін.
Екі елдің арасын Теліткелі келгенмін! Сөз бермейтін шешенді Кеміткелі келгенмін.
Тұтқыр сары желіммін
Жабысқалы келгенмін. Жаңа үйреткен жас тұлпар Жарысқалы келгенмін.
Сен қабылан болсаң, мен – арыстан, Алысқалы келгенмін. Шалқақтамай сөз берсең, Табысқалы келгенмін.
Шалқақтайтын болсаңыз,
Тұрысатын жеріңді айт, Шабысқалы келгенмін! – депті.
Сонда хан:
– Уа, жаным, сен қай ұлсың? – депті.
Қазыбек:
– Тай бәйгесін менсінбей, ат бәйгесіне қосылайын деп жүрген Қаракесек Келдібек бидің сіргелі тайы едім! – депті.
Хан:
– Атың кім? – депті.
– Атым – Қазыбек! – дегенде:
– Даусың қаздың даусы сияқты, сенің атың Қаз дауысты Қазыбек болсын! Сенің келген жолыңа қазақтан алғанды түгел 3 күннің ішінде көзін тауып берем! – депті.
Осылай бітімге келіп, барған жұмыстарын бітіріп қайтыпты.
Сол күннен бастап «Қаз дауысты Қазыбек» – атаныпты ( МәшһүрЖүсіп).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *