Қазақ тілі – ұлт тілі

Қазақ тілі – ұлт тілі.
Тіл мәдениеті және ұлттық мұрат
Тіл – қоғамдық құбылыс. Қоғамның өзгеруімен бірге адамдар танымына да өзгерістер кіреді. Тіл мәдениеті ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, қоғаммен бірге тілдің, сол тілді тұтынушылардың қарым­қатынас мәдениетін реттейді. Тіл мәдениеті тіл заңдылықтарын сақтау, ұстарту міндетін жүзеге асырудың амалтәсілдерін көрсетеді. Тіл мәдениетіне тән нормалар таза, әдеби тілмен сөйлеуге дағдылану, тілдік қарым­қатынастағы әдеп пен нақтылықты, әсерлілікті, түсініктілікті талап етеді. Тіл мәдениеті нысанына мәтінді мәнерлеп оқу, өз ойын қисындылықпен байланыстыра алу, жазуда орфографиялық норма дағдыларын қалыптастыру талаптарын игерумен де анықталады.
Тіл мәдениеті зерттеу нысаны ретінде ғалымдар Р. Сыздық, Т. Қордабаев М. Балақаев, Н. Уәли еңбектерінде кеңінен зерттелді. Бұның бастауында қазақ халқының сөз өнеріне өзгеше жауапкерлікпен қарайтын талабы да бар. Абайдың «Өлең – сөздің патшасы» өлеңіндегі «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп­тегіс жұмыр келсін айналасы» немесе: «Іші – алтын, сырты күміс сөз жақсысын, Қазақтың келістірер қай баласы?» – дейтін жолдарынан бастап кейінгі сөз зергерлерінің тілді өнер ретінде сақтаудың басты шарты оның алғашқы ұлттық қалпын сақтау, халықтық өзегін үзбеу тілі білімі мен әдебиеттегі негізгі ұстанымдары екені белгілі. Тілдік қарым­қатынастағы ізеттілік, сауаттылық, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік заңдылықтарды дұрыс қолдану – тілдің мәдениетін сақтау ғана емес, ұлттық танымды қадірлеу. Осы тұрғыда ғалым Н.Уәли өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде: «сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», – деген пікір білдіреді. Ғалым Р. Сыздық сөздің лексикалық, синтаксистік, морфологиялық, орфоэпиялық, орфографиялық заңдылықтарын сақтаумен бірге лингвостилистикалық нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру қажеттігін айтады. Тіл мәдениеті ғылымын ауызша сөйлеу мәдениеті, сөз қолдану мәдениеті деп шартты бөлу қалыптасқан. Бүгінгі қоғам жазу тілі мен ауызша сөйлеу тіліндегі ара­жікті жақындата түскендігін еске алсақ, тіл мәдениеті дегеніміз – тұтас сөйлеу, жазу, оқумен бірге қоғамдағы сөз өнерінің мәдениеті ғана емес, әр адамның білім мәдениеті мен әдеп мәдениетін біріктіріп, тілдің қоғамдық қатынас қызметін бар айшығымен көрсете алуы.
Тіл байлығын, әдетте, біз сөз байлығымен өлшеп үйренгенбіз. Сөз байлығы әркімнің сөздік қорымен байланысты болғанымен, басты байлық – ой байлығы. Ой байлығы ғана сөздерді қиюластырып, әсем де әсерлі жеткізіп қана қоймай, ойға бастайды, тыңдаушысын бей­жай қалдыра алмайды. Сөзді түрлендіре қолдану, әр сөзге қажет тіркесер, сабақтасар, ой ашар сыңарын дәл тауып қиюластыру сөздің парқын білу мен ойға жетелеу – тіл мәдениетіне қажет талаптар. Сөздерді бір­бірімен жалғастырып қана қоймай сол арқылы стильдік бояуын мен бір­біріне әсер етер керектісін дөп басып табу ойлау қабілетімен, оның шығармашылық сипатымен ұштасады.
Ой байлығы адамға табиғат берген сый екені де рас. Бірақ ежелгі шешендер өмір жолына назар салсақ, олардың тарих пен өнердің, бар ғылымның кешегісі мен бүгінгісін жетік білгендігін, тілдің ішкі, сыртқы мүмкіншілігін жақсы меңгергендіктерін байқаймыз.
Сөз қолдану мәдениетіндегі қалыптасқан терминдердің бірі – тіл тазалығы. Тіл үнемі даму үстіндегі үрдіс. Сондықтан да сыртқы бөтен тілден сөз алмай, таза бір тілдің негізінде ғана өмір сүретін әдеби тіл болмайды. Тіл ұлттың жаны дегенді еске алсақ, жұртты құрметтеу – оның тіліне қояр талаптарды орындау. Жаһандық үрдістер қазақ тіліне деген өзгеше көзқарастарды қажет етеді. Себебі әлемдегі кең таралған ағылшын, қытай, араб, француз, испан, орыс тілдерімен қатар тұрып, дүние­ғаламның бар сырын бір тілде – өз тілінде жеткізу міндеті – кез келген тіл үшін де бүгінгі ғаламдасу әкеліп отырған күрделі сындардың бірі. Оймен біріккен сөз ғана қоғамда ұтымды қолданыс ретінде сақталады. Биік елдік мұрат, терең білім, ой мен сөз бірлігі – тілді сақтайтын басты белгілердің бірі болып қала береді. Ұлтты сақтап, жұрттық тілекті егемендікке жеткізген тілдегі мәдениеттілік болатын. Ой мен сөз бірлігі. Мағына мен құрылым тұтастығы. Мәдениеттілік басы да осы – сабақтастықта, бірлікте, жарасымдылығында. Бұның дәлелі – қазақтың көркем әдебиеті, ой мен суреті қиюласқан шешендік сөздері. Шешендік сөздер – ой мен көркемдігі жарасқан, құрылымы ақылға қонымды, уақыт өткен сайын тереңдігі ашыла беретін асыл қазына. Шешендік сөздер – ұлт тілі мәдениетінің бар шарттарын орындауымен де елге жақын, заман өткен сайын қажет бола берер сөздер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *