Шоқан мен Саққұлақ шешен
Жазда ауылына демалысқа келіп жатқан Шоқан Саққұлақ шешенді қонаққа шақырып, бірнеше күн оның тағлымды әңгімелерін тыңдайды. Дидарласу кезінде жас Шоқан қонаққа тосын сұрау қойып:
– Ақсақал, біреу жолдан адасса, кімнен ақыл сұрайды? – дейді.
– Шырағым, көнеден сұрайды, – дейді шешен.
– Көне адасса, кімнен сұрайды?
– Көргендіден сұрайды.
– Көргенді адасса, кімнен сұрайды?
– Көргенді адасса, көптен сұрайды.
– Көп адасса, кімнен сұрайды?
– Көп адасса, көп оқығаннан сұрайды.
– Көп оқыған адасса, кімнен сұрайды?
– Көп оқыған неге адассын! Әлгінде ғана Сатыбалдының Жаманқұлына күдіктеніп, оның Үмбеталы жырау туралы дастанын өзің де менен сұрап анықтап алған жоқпысың? – дейді шешен. Содан соң:
– Асылы, ақыл – адамды аздырмайтын ем.Білім – таусылмайтын кен.
Адамның басшысы – ақыл,
Жетекшісі – талап,
Шолғыншысы – ой,
Жолдасы – кәсіп,
Қорғаны – сабыр, Қорғаушысы – мінез.
Біліп туған бала екенсің,
Тумысыңнан дана екенсің, – дейді Шоқанға риза болған шешен.