Шешендік толғау. Терме

Шешендік толғау. Терме
Шешендік өнердегі ең күрделі кесте – шешендік толғау. Толғау – шешеннің ішкі толғанысы. Толғаныс өмір жайы, дүние, дүние сыры, адамдар қатынасы, анық мәні, т.б. түйінін шешуі күрделі мәселелерге арналады.
Қазақ дүниемтанымындағы дүние, оның мәні, сыры не деген сұрақтарға жауап басқа халықтар мәдениетіндегіндей жазбаша хатқа түспеген. Дүние сырын шешу өлеңмен, жырмен айтылады. Бұның өзі қазақ би, шешендерінің даналығын, ақындығын, терең ой иелері екендіктерін көрсетеді. Би, шешендер – тек жұрт алдына шығып, уағыз айтушы немесе әдемі, ойын жүйелі сөйлеуге үйретуші ғана емес, таным сырларын шешуші, тағлым мәнін жеткізуші де. Шешеннің орны, бидің қызметі – қазақ елінде тек сөйлеуші емес, билеуші, шешім айтушы сондай­ақ, жұртқа таным сырларын, саясат ісін, қоғамдық­әлеуметтік өзгерістер мәнінің түйінін ашатын жан ретінде қадірлі. Шешендік толғаулар осындай зор қызметтер атқаруымен маңызды. Толғау – қазақ қарақалпақ, ноғай халықтарында бар. Толғаудың жоғарыда атанған қызмет, мән­маңызына қарай қырғыздар «санат­насыят ырлар», құмықтар «ойлы қырлар» дейді.
Толғауда:
– қоғамдық қызметтер;
– саяси;
– философиялық­танымдық; – тәрбиелік, тағылымдық;
– азаматтық мәселелер көтеріледі.
Толғаудың басқа түркі халықтарында кездесуін оның қалыптасу кезеңі іргесі алшақтамай, бөліне қоймаған ХІІ­ХІV ғасырлармен байланыстырамыз. Толғау – ақынның, шешеннің ішкі жан толғанысы. Толғаулардың көбіне­көп көтеретіні – ел, жер, ұлт тағдыры. Толғауға:
– насихат, өсиет;
– қоғамдық­әлеуметтік жайға алаңдаушылық;
– саясатқа күмән;
– философиялық талдау тән.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетінде Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, т.б. есімдермен қатысты кейінге нақыл, мақал­мәтел болып қалыптасқан тіркестер мен үлгі сөздер көп. Толғаудың нақыл, мақал­мәтел, шешендік сөздерден айырмашылығы – белгілі бір мақалмен, аспаптың сүйемелдеуімен айтылатындығында.
Терме – қазақ тіліндегі ғибраттық мәні бар мораль идеялары айтылатын, нақыл сөзге құрылып, үлгі­өнеге беретін ұйқасты сөздер. Мазмұны мен пішіні толғауға жақын. Толғау қоғамдық­әлеуметтік, танымдық, т.б. мәселелерге арналса, термеде көпшілікке ғибраттағлым, тәрбие, мораль айтылады. Тыңдаушының қабылдауын ескеріп:
– сөздің мағыналы, әсерлігіне;
– ырғағының ширақтығына;
– екпінінің тегеурінділігіне назар аударылады.
Терме – ғибраттық мәні бар лирикалық өлең түрі. Нақыл сөз үлгісіндегі өнегелі сөздер жеті­сегіз буынды болып келеді. Мазмұны, пішіні жағынан толғауға жақын. Толғауда әлеуметтікқоғамдық жайлар көбірек айтылса, термеде күнделікті тұрмыс, тіршілік өлеңге қосылады. Терме қалың көпшілікке түсінікті, тілі, айтар ойы күнделікті тіршілікте кездесетін жайлар болғандықтан әсерлі де. Оның жігермен, аспаптың сүйемелдеуімен айтылуы да кең тарауына мүмкіндік берері сөзсіз. Толғау мен терменің шешендік өнермен қабысуы да – көркем, бейнелі тілмен өмір, тіршілік, қоғам, адамдар қатынасы жайында ой тастауында. Толғау, терме – ұлтты жан­жақты тәрбиелейтін рухани мәні, танымдық сипаты жалпы жұртқа орналып айтылатын жырлар. Толғау – шешен, билер қолданатын қалыптасқан үлгілер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *