Шеге қағудың шебері….
Үйге шыбын-шіркей кірмесін деп терезеге шілтер тақпақ болған бір әйел күйеуіне:
— Ана терезенің жақтауына шеге қағып берші, — депті. Күйеуі маңғаз кейіппен балға, шегесін алып, орындыққа шығып, қағар жерін дөптеп, балғамен сарт еткізеді.
Зың-ң-ң! Күйеудің басы «дың-ң-ң!» Шеге шыр айналып шекеге тиіп, қан судай ағыпты. Одан ары шытырман оқиғалы фильм: желпілдеп «Жедел жәрдем» жетеді, олардан қан-жоса оқиға жайлы хабар полицияға өтеді, кім пышақтадылап олар да келеді.
Қаптаған көрші, полицияның көзінше дәрігерлер күйеуді ауруханаға жеткізеді. Ол жердегі жылдамдық белгілі, жарақатты тіккізіп, жанаяр күйеуді ауруханаға жатқызып, түсінік жазып,, полицияның өрекпігенін басып, әйел түн ортасында үйіне әзер жетеді.
Үрпиіп қарсы алган ағайынға: “Тух, құрысын, байы бар қатын секілді сол шегені өзім қаға салсам ғой.”- деп сылқ отыра кетіпті.
Серік Әбікенұлы.