Тәуке ханның «Жеті жарғысы»

Шын мәнінде Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ халқының этникалық болмысымен санасу арқылы, шаруашылық­мәдени сүлесін ескеру арқылы және елдің географиялық орналасу ерекшелігіне орай жасаған мемлекеттің саяи­праволық заңы болатын. «Жеті жарғы» арқылы далалық демократия, дәлірек айтсақ, көшпелілер демократиясы өзінің ұзына тарихында шырқау биікке көтерілді. Бұған дейінгі үш мың жылдық тарихта хан мен қағанды тәңірге балап келген халық өзі тап болатын бақты да, сорды да сол хан мен қағанның қылық­қасиетінен көріп келсе, Тәукеннің «Жеті жарғысынан» кейін біртұтас қазақ халқы өз тағдырының тізгіні өз қолында екенін сезінді. Халық өз ішіндегі тәртіп пен сыртқы қорғанысқа ең алдымен өзі жауапты екеніне мойын ұсынды. Тәуке хан мұндай демократиялық үрдіске «билер кеңесін» құру арқылы қол жеткізді. Рас, бұл жерде заң шығару, шешім қабылдау ісіне хан мүлде араласпайды деген ұғым тумайды. Тәуке хан енгізген демократиялық биліктің икемділігі сонда, ел тағдырына қатысты істе тек қана ақыл мен қайратқа алдымен жол беріліп отырды. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жырау, Махамбет ақын, Сүйінбай ақын сияқты ұлы тұлғалардың тіреп тұрған әскері болмаса да, шалқып жатқан дәулеті болмаса да, қарсы келген ханға қасқайып тұрып сын айтып, кемшілігін бетіне шыжғырып басқандай ететіні, сонысымен мәртебе мерейінің аспандай түсетіні, ең алдымен халқының сөзін сөйлеп, халқына арқа сүйенгендіктен, даланың бұл сияқты демократиялық үрдісі ел ішінен шын мәнінде дана бидің, тапқыр шешеннің, көрген қолбасшылардың сұрыпталып шығып отыруына себепші боды. Әрине, мұндай үрдістен көшпелілер қоғамы Тәуке ханға дейінгі өзінің ұзына тарихында мүлде құралақан болып еді деп, ауызды қу шөппен сүртудің қисыны жоқ. Тәуке ханның тарихи еңбегі, өзіне дейінгі сан ғасырдың өмір тәжірибесін, көшпелілердің демократиялық үрдісінен жинақтап қорыта келіп, елдің бірлік пәтуасына қызмет ететін тетікті таба білуінде. Сондықтан да, халқы оның есімін «Әз­Тәуке» деп қастерлеп атады.
(А. Сейдімбек)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *