Тоқсабаның сөзден тосылуы
Атақты Тоқсаба шешен жолаушылап келе жатып, бір ауылдың сыртында қозы баққан сегіз жасар балаға жолығып:
– Балам, бұл қозы кімдікі? – деп сұрапты.
– Ата, бұл қозы – қойдікі.
– Әкең аты жоқ па еді, шырағым, – десе.
– Әкемнің қара аты да, торы аты да, сары аты да, құла аты да бар, – депті.
Шешен ішінен «мынау бір қиқар бала екен..» деп ойланып қалады. Таутекенің мүйізінен жасаған сылдырмақты шақшасын ердің басына қағыпқағып насыбай атады. Сонда бала тұрып:
– Ата, шақшаңыз ненің мүйізі, – депті.
Балаға іштей қиястанған Тоқсаба:
– Бұл – біздің елдің қоянының мүйізі, – депті.
Шешеннің өтірігін естіген бала лып етіп:
– «Елі азғанның жері тозған» деген рас екенау. Біздің ел қоянның мүйізінен шаңырақ иеді. Сіздің елдікі шақшаға ғана жарапты ғой, – депті. Тоқсаба тойтарма сөзге қарсы түк дей алмапты
(«Ел аузынан»).