Пікірталас

Пікірталас

Жоспары:

1.      Пікірталас және олардың  түрлері

2.      Пікірталас шеберлігіне үйренудің жолдары

3.      Пікірталасты жоспарлау сатылары

 

Негізгі тірек ұғымдар: Пікірталас, пікірталастың түрлері, пікір алмасу, ой бөлісу, сөз таластыру, айтыс, диспут, спикер, пікірсайыс.

 

        Пікірталас қоғамды дамытады, өркениетке қол жеткізеді. Пікірталас бар жерде демократия да өрістейді. Қазіргі іскер адамдарға қоғамдық әлеуметтік маңызды мәселелерді жете және жемісті талдай алу қабілеті қажет. Олар өз ойларын түсіндіре, дәлелдей алуы керек, қарсы жақтың пікірін жоққа шығарып, өз пікірінің дұрыстығына көз жеткізуі қажет. Сондықтан іскер адамдар сөзталас өнерін, пікірталас шеберлігін үйренуді мақсат етеді. Пікірталас шеберлігі дегенге жеткілікті, жан-жақты біліммен қоса, пікірталас түрлерін мақсатын, олардың ерекшеліктері мен негізгі талаптарын, сөзталас мәдениетін, онда жиі қолданылатын амал-тәсілдерді жетік меңгеру жатады. 

Пікірталас бірыңғай көзқарастың жоқтығынан әр түрлі пікірлер туындаған жайттардың төңірегінде өрбиді. Пікірталас дегеннің өзі де пікір қайшылығы. Пікірталастың бірнеше түрлері бар: пікір алмасу, ойталқы, пікір сайыс, ойбөліс, сөзталас, айтыс. Әрқайсысының өзіндік мақсаты мен ерекшеліктері бар. Мысалы: Пікір алмасу – латын сөзі (discussio), беретін мағынасы «зерттеу», «талқылау», «талдау». Пікір алмасу көпшілік арасында өтеді. Мақсаты – әр түрлі қозғалыстарды салыстыра зерттей отырып, шындық пікірді көрсету, талас мәселенің шешімін іздеп табу. Пікір алмасу – дұрыстыққа көз жеткізудің ең тиімді тәсілі, өйткені қатысқандар көзі жеткендіктен де бір пікірге өздері келеді.  Ойталқы сөзі де латын тілінен алынған (disputatio), мағынасы – «ой жүгірту», «жарыссөз», «айтыс». Ойталқы – ғылыми және қоғамдық мәні бар тақырыптардың төңірегінде көпшілік арасында өтетін сөз жарысы. Мұнда да сөз жарысына қатысқандар белгілі бір пікірге тоқталады. 

Пікір сайыстың табиғаты өзгешелеу. Оны бұл сөздің шығу төркіні де айқындайды. Пікірсайыс – көне гректің сөзі (polemikos), мағынасы – «соғысқұмар», «жаулық», «дұшпандық». Әрине, бүгінгі мағынасы басқаша: бірдеңені талқылау мақсатында жиналыстарда, баспасөз беттерінде орын алатын сайыс. Бұл жай ғана сайыс емес, көзқарасқа қарсы тұрушылық, идеядағы бітіспестік, пікірдегі қарсылық. Осы анықтамалардан көріп отырғанымыздай, пікір сайыс пікір алмасу, ойталқыдан бөлектенеді. Пікір алмасу, ойталқыға қатысқандар пікір алшақтықтарын талқылай келе, бір пікірге тоқталуға, ортақ шешім шығаруға, шындықты қалпына келтіруге тырысады. Ал пікірсайыстың мақсаты басқа: қарсы жақты жеңіп шығу, өз пікірінде қалып, соны бекіту. Сөйтіп, сайысшылар әлеуметтік мәселелерді шешеді, қоғамның дамуына жол бермей отырған кедергілермен күреседі.

 Пікір сайысы бұлтартпас дәлелдерге,  ғылыми аргументтерге жүгінеді. Пікір сайыс әсіресе адами құндылықтар мен адам құқығы жөнінде жаңа көзқарастар туындаған кезде қоғамдық пікір қалыптастыру үшін өте-мөте керек.

 Ойбөліс –француз сөзі (debat) , мағынасы- «айтыс», « жарыссөз». Ойбөліс-көпшілік алдында екі адамның не екі топтың бірдене туралы ой- пікірлерін ортаға салуын. Ойбөлісте пікір қарама –қарсылығы болғанымен, түсіністікке негізделеді.

Сөзталас – орыс сөзі (трения), мағынасы бірдеңені, қандай да бір мәселені көпшілік арасында талқылау.Сөзталас, ойбөліс сияқты баяндамаларды талқылағанда, хабарламалар жасағанда, жиналыстар мен конференцияларда орын алады.

Айтыс — қазақтың сөзі. Мағынасы — екі адамның, екі топтың арасында суырып салма өлеңмен кезектесе айтылатын сөз жарысы, өнер сайысы.

Айтыс- қосынды жанр, мұнда ақындардың ақындық алғырлығы мен сазгерлік  өнері, орындаушылық өнері бірге өрілген.

 Айтыс — көне заманнаң үзілмей келе жатқан өнер түрі, ежелден сөз жарысы, айтысу ұғымында   қолданылып келеді. Ақындар айтысы көпшілік алдында, сыншы жұрттың алдында туып, орындалады. Әнмен әр ақынның  өз әуенімен: қобызға, домбыраға қосылып айтылады. Бұның бәрі «қиыннан қиыстыратын» шеберлікті, алғырлықты, тапқырлықты талап етеді.     

Қай дәуірде болсада айтыс тек шешендіктің , сөз өнерінің сайысы ғана емес, оның мақсаты — елдіктің, бірліктің қамын жеу, жақсылықтар мен қол жеткенді паш ету, кездесіп отырған кемшіліктер мен олқылықтарды орынды жерінде жөнімен ескерту. Мұның өзі айтыстың халық қолына қару етіп ұстаған жауынгер жанр екендігін көрсетеді. 

Көпшілік алдындағы сөз тәрізді, пікірталастағы сөздің күші — әсер ету мүмкіндігінде. Ой неғұрлым айқын, тіл неғұрлым нақты болса, оның әсер ету күші де солғұрлым мықты болады. Сөздің дұрыстығы, дәлдігі, жатықтығы, тазалығы — ой айқындылығының басты шарттары. Сондықтын пікірталас мәдениетінің басты талабы сөздерді мағынасына сай орынды жұмсай білумен байланысты.

Сөзде дәлдік болғанда шешеннің айтайын деген идеясы анық көрінеді. Әр түрлі құбылыстарды дәл бейнелей алатындай етіп сөздерді дұрыс таңдай алу сөздің тура, ауыспалы, келтірінді мағыналарын жетік білумен байланысты. Сөздерді мағыналарына сай  дұрыс тіркестіре алуға дағдылану керек. Көп мағыналы сөздерді әр түрлі сипаттарына қарай қолдана алу, синонимдес сөздердің ішінен сөйлемдегі ойға қатыстылығын іріктей алу, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді орнымен қолдана білу, омоним сөздердің аражігін ажырата алу, антонимдерді жарыстыра қолдануға үйрену дағдылары көп нәтиже береді.

 Пікірталас тақырыбына қатысты мақал-мәтелдерді, дәйексөздерді жинақтап, өзіне қажеттісін іріктеуге және оларды шеберлікпен жұмсай білуге төселу қажет. Пікірталас тақырыбына қажетті ақпараттарды тауып, іріктеу, өңдеп қолдану-сөйлеу шеберлігіне апаратын жол. Троптың, фигураның түрлерін жетік білу және оларды орынды пайдалану пікірталас шеберлігіне қол жеткізеді. Бейнелі сөздер мен айшықтау тәсілдерін пайдалануды көркем сөз шеберлерінен үйрене отырып, әркім өзі де қолданып жаттығуы керек. Бейнелі сөз қолданыстары шешен тілінің ажарын ашып, сөздің анықтығын, әсерлілігін арттырады.

Ойды анық жеткізудің басты тәсілі-сөздің грамматикалық құрылысын меңгеру. Грамматиканың заңдылықтарын игеру сөйлемді мақсатына сай дұрыс құру үшін керек. Шешендердің ойды жеткізу тәсілдерін мәтінмен жұмыста үйренуге болады. Нақты тақырып бойынша мәтін құрап жазу, мәтін мазмұнын өз сөзімен баяндау, мәтіндегі сөздерді ауыстырып қолдану, шешендік мәтіндерді лексика-грамматикалық және стильдік жағынан талдау, т.б. жұмыстар пікірталас шеберлігіне үйретудің жолдары ретінде саналады.           Пікірталасты жоспарлау-өте жауапты жұмыс. Оның дайындығы жанжақты ойлауды, нақты жоспарлауды қажет етеді.

         Дайындық сөйлейтін тақырыпқа, сөйлеудің мақсаты мен міндеттеріне, аудиторияның құрамына, сол тақырыптың өзіндік ерекшеліктеріне, т.б. тікелей байланысты.

Тақырып таңдауда ең қажеттісі- өзіне де, тыңдармандарға да қызықты болу. Тақырып қысқа, нақты, айқын болуы қажет, ол тыңдаушылардың көңілін аударатындай болуға тиіс. Тақырып жалпылыма әрі түсініксіз болса, тыңдаушыларды қызықтырмайды, кері әсер туғызады.

        Дайындық кезінде сөйлеудің мақсатын айқындап алу қажет. Сөйлеуші тыңдаушыларға бұл тақырыпта не үшін, қандай мақсатпен сөйлеп тұрғанын алдымен айтып жеткізуі керек. Кез-келген сөйлеуге дайындық сөйлеудің тақырыбын анықтаудан басталады. Тақырыптың өзіңіз үшін және тыңдармандарыңыз үшін қызықты болуы маңызды. Тақырыпты тыңдағаннан кейін, оның сөзбен өрнектелуіне мән беру керек. Тақырыптың аты айқын, нақты, мүмкіндігінше қысқа болғаны жөн. Ол сөйлеудің мазмұнын көрсетуге (қамтуға) және тыңдаушылардың көңілін аударуға міндетті. Тақырыптың сәтті атауы аудиторияны сөйленетін сөзді қабылдауға, тыңдауға, дайындыққа итермелейді.

Ұзын атау, ішінде белгісіз сөзі болса, тыңдаушылардың көңілін бұзады, кейде сөйленетін сөзге кері әсерін тигізеді. Теледидардан берілген «Месяц длинных дней» деп аталатын үш сериялы фильмнің қаһарманы Павел Степановичті фильмнің атауы қорқытқан болатын.

Атаудың жалпы болуынан да қашу керек. Жалпы атау көптеген сұрақтардың тууына әкеліп соқтырады, сөйлеуші оның бәріне жауап бере алмауы мүмкін.

Сөйлеуге дайындық үстінде сөйлеудің мақсатын айқындау қажет. Сөйлеуші қандай мақсатпен сөйлеп тұрғанын айқын көрсетуі керек.

 Егер сөйлеуші сөзінде «не үшін істеу керек» дегенді ойламаса, онда ол сөйлегенде табысқа жетпейді. Л.А. Введенская және Л.Г.Павлова бір аудиториядағы дәріскер дәрісінің сәтсіздікке ұшырағанын мысалға келтіреді. Дәрістің аты-«Темекі тартудың зияны». Аудиторияның 100 пайызға жуығы темекі тартпайтындар болып шыққан, оны дәріскер білмегендіктен сәтсіздікке ұшыраған. «Бізге бұны не үшін айтып тұрсыз?» деген сұраққа дәріскер жауап бере алмаған. Яғни ол бұл аудиторияда мұндай тақырыппен сөйлемеуі керек еді. Немесе тыңдаушыларға медицинаның дамуымен байланыстырып осы тақырыпқа қатысты жаңа мәліметтер хабарлау үшін айтып тұрғанын немесе тыңдаушыларға медицинаның дамуымен байланыстырып осы тақырыпқа қатысты жаңа мәліметтер хабарлау үшін айтып тұрғанын немесе тыңдаушыларға достарының, туыстарының арасында түсінік жұмысын жүргізудің әдістемесін бөлісіп тұрғанын хабарлау қажет еді.

С.Антоновтың «Пеньковта болған іс» деген повесінде жас Дима Крутиновтың дәрісі жөнінде әңгімелейді.Дима, ең алдымен, көпшілікті талантымен, өзінің көп білетіндігімен, фамилия, даналық сөздерді, цифрларды жатқа білетін қабілетімен таң қалдыруға ұмтылатын шешендердің қатарына жататын,- деп жазды автор. Сондықтан оның дәрісінде мақсат қойылмайтын, сөйлеген сөзінің практикалық пайдасы болмайтын. Жүгеріні өсіру жайында дәріс оқып тұрып, Дима Крутинов тыңдаушыларға өте қызықты мәліметтерді келтірді. Жүгерінің Америкадан әкелінгенін, Оңтүстік Америкада бұл мәдениеттің өте ерте заманда-ақ дамығанын, Колумбтің 1492ж. Куба аралында жүгеріні алғаш көргенін айтып болып, Молдавияда жүгеріден дәмді тамақ (мамалыга), ал Грузияда (личади) деп аталатын ерекше нан дайындалатынын айтты. 

Дәрістің танымдық материалдары мол болуына қарамастан тыңдаушылар дәріске риза болмайды, қанағаттанбайды. Олар дәріскерден жүгеріден нашар өнім алудың себептеріне анализ жасауды күтті, практикалық ақыл-кеңестер береді деп сенді, осы мәдени дақылды өсіруге ұсыныстар енгізеді деп ойлады.

Айқын мақсатқа құрылмағандықтан дәрістің мәні, тиімділігі төмендеді, шешен күткен нәтижеге жетпеді, тыңдаушылардан жағымды әсер күткен еді.

 Дәріскер өзінің алдына ғана мақсат қоймай, тыңдаушыларға қойылатын мақсатты айқындауы керек. Айқын мақсат қоя білу шешендік сөзді қабылдатуды жеңілдетеді, тыңдаушылардың назарын аударады.

Әр кезеңдегі көрнекті шешендер осылай істеген. Айқын мақсат қоя алудың үлгісін Американың ірі шешені Уэнделла Филлипстен көруге болады. Ол жұртшылыққа бір тамаша адам- Сан-Доминго аралының билеушісі, мемлекет қайраткері, әскери басшысы, негр нәсілді Туссена Лувертюренің өмірбаянын не мақсатпен айтатынын әуелі ескертті: « Менің мақсатым-негр нәсілділерге аяушылық білдіруге немесе жек көрудің орнына, олардың англосакстарға жақындығын, жалпы халықтың ішінде орынға ие болуға құқы бар екеніне көздеріңізді жеткізгім келеді».

Материалды таңдау.Көпшілік алдында сөйлеуге дайындықтың  келесі сатысы-шешендік сөзге материал таңдау. Сөйленетін сөз мазмұнды болуы үшін, бір ғана еңбекті емес, бірнеше еңбектерді пайдаланған дұрыс. Сөйлеуге дайындық кезінде жергілікті материалдарды, тыңдаушылардың өміріне және қызметіне қатысты материалдарды пайдалануды ұмытпау керек. Дағды қалыптастыру.

Сөйлеуге       дайындық       кезінде     әдебиеттерді       сұрыптау       дағдысы қалыптасады. Психолог В. Сахаров мына әрекеттерді айтады:

1)  Бұрынғы оқылған әдебиеттерді еске түсіру.

2)  Жеке кітапханасы мен каталогты қарау.

3)  Журналдың соңғы санындағы бір жылғы басылған мақалалардың

тізімін қарау.

4)  Библиографиялық басылымдарды қарап шығу.

5)  Кітапхана каталогын қарау.

6)  Анықтамаларды қарап шығу.

Сөйлеуге дайындық кезінде осы әрекеттерді жүйелі қайталау шешенде әдебиеттерді сұрыптау, іріктеу дағдысын қалыптастырады да, дайындық процесін жылдамдатады.

Іріктелген әдебиеттерді оқып білу. Шешендік сөзді дайындаудағы ең маңызды кезең-іріктелген әдебиеттерді оқып-үйрену. Шешенге әдебиеттердің ішінен сөйлеуде қолдануға болатындарын ғана таңдау керек, қажетті тарауларды оқып, керектілерін жазып алу, материалдарды жүйелеу керек.

Кітаппен жұмыс өзіңді, яғни сөйлеушіні қажетті қалыпқа түсіреді. Бұл әсіресе дәріске, баяндамаға дайындық үшін өте қажет. Кітапты оқу кезінде қандай қажетті қалып болуы мүмкін? Шешен кітапты оқу арқылы сөйлеуде қамтылуға тиісті міндетті анықтауы мүмкін, кітаптың мазмұнын сынап, талдау жасау, өзінің көзқарасын білдіру, сөйлеуде қажетті деректер мен қызықты мәліметтерді алу, т.б. Мұндай қалыптар шешенге кітаппен мақсатты жұмыс істеуге көмектеседі, бәрінен бұрын оқудың түрін анықтайды: тұтас оқу, іріктеп оқу, құрастырып оқу. Құрастырып (комбинирленген) оқу – бір бөлімді тұтас оқу және басқаларын таңдап оқу.

Кітапты оқу кезінде оның басылып шыққын жылына назар аудару керек. Мысалы: 50-жылдардағы ғылыми еңбектерді оқығанда, ондағы мәліметердің ескіруі мүмкін екендігін ұмытпаған жөн.

Оқығанды       ұғыну.       Оқығанды       түсінгеннің       бірінші       белгісі-оның мазмұнын өз сөзімен жеткізе білу. Оқығанның мазмұнын айту- шешен үшін өзінше жаттығу: оның сөздік қоры байиды, сөйлеу шеберлігі қалыптасады Бекіту сұрақтары:

1.Пікірталас  дегеніміз не?

2.Пікірталастың қандай түрлері бар?

3.Пікірталас шеберлігіне үйренудің жолдарын атаңыз.

4. Пікірталасты жоспарлау сатыларына тән қандай ерекшеліктер бар?

 

Әдебиеттер:

1.  С.Негимов Шешендік өнер. Алматы: Ана тілі, 1997.

2.  М.Әбдіхалықов, Б.Күнтуарова, Л.Парфенова. Сөздік қатынас негіздері

«Фолиант» Астана-2010

3.  Р.Х.Шахуров. Педагогтың шығармашылық өсуі. – М., 1995

4.  Н.А.Березовин. Педагогикалық қатынасу мәселелері. – М., 1989

5.  Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. А., «Рауан», 1994

6.  Н.Д.Хмель. Мұғалімді кәсіптік дайындаудың теориялық негіздері. – Алматы,

1998

7.  Төреқұлов А. Шешендік сөздер. А., 1981ж.

О.Н.Ерниязов. Психологиялық зерттеу әдістемесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *