Менің атым Қожа

Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар – жоғары идеялы есімдер. Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп, көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл өзіңе де ұнамайды­ақ. Әттең қолдан келсе, табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едің. Бірақ амалың нешік, сен қызылшақа болып, жөргекте жатқанда, сондағы ақымақтығынды пайдаланып, әке­шешең немесе шілдеханаға келіп, дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген…
Менің атым – Қожа. Көріп отырсындар, пәлендей әйдік ат емес. Шынын айтсам, бұл о баста Қожа емес, Қожаберген екен. Туу куәлігімнің өзінде солай деп жазылған. Бірақ дүниеде не қилы ғажайып құбылыстар бола беретін тәрізді, бертін келе «Қожабергеннің» құйрығы үзіліп түсіп қалыпты. Бұл құбылыстың дәл қай жылы, қай айда, қай күні болғанын тап басып ешкім де айтып бере алмайды. Сонымен, мен өзім ес білгелі Қожамын. Ауылаймақтың бәрі солай деп атайды. Біз бір класта екі Қожа бармыз. Сүттібайдың үлкен баласының аты да – Қожа. Оқушылар екеу мізді шатастырып алмас үшін өңімізге қарап, мені Қара Қожа, оны Сары Қожа деп атайды. Әуел баста мен бұған да шамданып қалатын едім. Бірақ жүре­бара құлағым үйреніп, дағдыланып кеттім. «Қара Қожа» дегендерге «әу» деп, жалт қарайтын болдым. Жантас тәрізді қылжақтар осының өзін де дұрыс айтпайды, әдейі бұзып, келемеждеп, «Қара Қожа» деудің орнына «Қара көже» дейді. Мен байқамай қалып «әу!» деймін. Бірақ бұл қылығы үшін, бишараның обалы нешік, тиісті сыбағасын менен талай рет алды.
(Б. Соқпақбаев)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *