Көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалу Жоспары:
1. Сөз сөйлеуге күнделікті дайындалу
2. Нақтылы сөз сөйлеуге дайындалу
Негізгі тірек ұғымдар: Д.Карнеги, сөз, сөз сөйлеу, сөз сөйлеуге дайындық, сөйлеу техникасы.
Көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалу шешендік өнердегі маңызды да жауапты кезең. Д. Карнеги: «Сөйлейтін сөзін алдын-ала дайындамай, көп адамдар түзелмес қате жібереді», — дейді. [4,167 ]
Көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындықтың екі түрі болады:
күнделікті дайындық және нақтылы сөзге дайындық
Сөйлеуге күнделікті дайындық шешеннің төмендегідей іс-әрекетінің әр түрін қамтиды:
1. Өздігінен білім алу. Бұл, яғни:
— жаңа білімдерді игеру;
— ғылым мен техниканың әрбір саласынан мәліметтер жинау; — күнделікті баспасөзден, радио және телехабарлардан ақпарат алу; — ғылыми техникалық, публицистикалық және көркем әдебиетті оқу.
2. Шешеннің жалпы мәдениетінің қалыптасуы.
Шешендік өнерді адамның жалпы мәдениетінен бөліп қарауға болмайды. Бұл мәселеге тек шешендік өнердің теоретиктері ғана емес, сонымен бірге шешендік өнердің нағыз шеберлерімен араласқан адамдар да көңіл аударған.
3. Жеке архивін қарастыру.
Көпшілік алдына жиі шығатын адамдарға айналасындағыларға ыждағатпен қарап, қажет нәрселердің бәрін тізіп отыру қажет.
Өз сөзінде цитата, нақыл сөз, мақал мәтел қолдану керек пе, т.б. ойластырған жөн. Газет – журналдардан қиындылар, оқыған әдебиеттің қажетті жерлерін көшіріп алу, мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді, афоризмдерді жинастыру жөн.
4. Сөйлеу техникасын меңгеру.
Жақсы қойылған дауыс, сөйлеу кезінде дұрыс тыныс алу, анық дикция, мінсіз дыбыстау шешенге аудиторияның назарын өзіне аударуға, сөйтіп айтайын деген ойын тыңдаушыларға дұрыстап жеткізуге, олардың ақыл-ой, сана-сезіміне ықпал жасауға мүмкіндік береді. Өзінің сөйлеу аппаратын үнемі жұмыс қалпында ұстау үшін шешенге сөйлеу техникасын жақсарту жөніндегі арнаулы жаттығуларды орындау керек.
5. Ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениетін арттыру.
Күнделікті дайындық ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениетін арттырудың негізгі жолы болып табылады. Әсіресе, күнделікті тұрмыста сөйлеу мәдениетін сақтауға машықтанған пайдалы. Әр уақытта дұрыс, дәл, ашық және түсінікті тілмен сөйлеуге жаттығу керек, өз ойыңды бейнелі және сезімді тұжырымдай алу — әркімге қажетті біліктілік.
Мысалы, егер адам күнделікті қатынаста бір сөздерді дұрыс айтпай не оған екпінді тура түсірмей дағдыланса, сол теріс дағды көпшілік алдындағы сөзде де қайталануы мүмкін, сондықтан да әрбір адамның өз сөзінің, әсіресе көпшілік алдында айтылатын сқзінің таза, тура болуына байланысты баса назар аударғаны жөн. 6. Көпшілікке арналған сөздерді сынап талдау.
Шешендік шеберлікті шыңдай түсуге көпшілікке арналған сөздерге сын көзімен қарап, талдаудың да тигізетін пайдасы өте көп. Шешендердің радио, телдидар арқылы сөйлеген сөздерін тыңдай отырып, әр түрлі мәжіліс, жиналыс, кеңестерге, көпшілікке арналған дәрістерге қатыса жүріп, сөздердің мазмұнына ғана емес, сонымен бірге шешеннің сөзінде не ұнады, не ұнамады, өз пікіріңше қандай тәсілдер, қимылдар, сөз оралымдары сәтті болды, керісінше, қайсылары сәтсіз болды, осының бәрін зерделі түрде бақылап отыруы керек. .
2. Көпшілік алдында сөйлеу тәсілін меңгеру.
Күнделікті дайындықтың бір бөлігі – ол шешендік өнер саласындағы әдістемелік білімдерді меңгеру болып табылады. Шешеннің іс әрекеті қандай кезеңдерден құралады, тыңдаушылармен кездесуге қалай дайындалу керек, сөзді қалай құру керек, аудиторияны меңгерудің қандай тәсілдерін қолданған пайдалы екендігін білу аса маңызды.
Сонымен, күнделікті дайындық – бұл шешеннің өзінің шеберлігін арттыру жолындағы үздіксіз, қажымай талмай жұмыс істеуі. Мұндай жұмыс шешеннің кәсіби дәрежесін арттырып, көпшілік алдындағы сөйлеудің негізін қалайды.
Нақтылы сөз сөйлеуге дайындалу, ең алдымен, оның тақырыбына, сөйлеушінің алдына қойған міндет мақсаттарына және ауызша сөздің түріне, оның ерекшеліктеріне, тыңдаушылардың құрамына, т.б. байланысты. Мұның барлығын нақтылы сөз сөйлеуге дайындық барысында ескерген жөн.
Кез келген дайындық оның тақырыбын анықтаудан басталады. Мұның өзінде де әр түрлі жағдаяттар болуы мүмкін. Кейде белгілі бір тақырыпқа сөйлеуді ұсынады, яғни сөз тақырыбы алдын ала белгіленген болады. Бұл жағдайда шешенге оны нақтап, анықтау ажет. Бірақ көбінесе тақырыпты өзің таңдап алатын жағдайлар жиі кездеседі. Тақырып таңдағанда өз өмір тәжірибеңді және таңдаған тақырыбың туралы қаншалықты хабардар екніңді естен шығармау керек. Оның бергі жағында таңдаған тақырыбыңыз тыңдаушыларға қызық болғаны жөн.
Тақырыпты таңдап алғаннан соң, оны қалай атау керек екендігін жақсылап ойлаған жөн. Тақырыптың аты барынша қысқа, түсінікті, анық болуы керек. Ол сөздің мазмұнын алдын ала білдіріп, тыңдаушыларды қызықтыратындай болғаны дұрыс. Тақырыптың аты сәтті болса, аудитория оған қызығып, ықыласпен тыңдайды.
Тақырыбы табылғаннан кейін әдетте алдағы сөйленетін сөздің түрі анықталады.
Аудитория мен шешеннің өзара қатынастарының өзара қатынастарының сипатына қарай ауызша сөздің монологтік және диалогтік түрлері ажыратылады.
Қатынас барысында, әсіресе іскерлік қатынастрда, әрбір сөз, әрбір сөйлем бекерге айтылмауы қажет. Сөйлеуші сөзін дайындауға кірісерде оның анық мақсатын анықтап алу керек. Ол сөзді қандай мақсатпен айтатын, тыңдаушылардан не талап ететінін анық білу қажет. Егер шешен сөзінің мақсатын білмесе, оның бұл сөзі табысты болмайды. Сөздің мақсаты жалпы және нақты болыып бөлінеді.
Сөздің жалпы мақсаты сергіту, мәлімет беру, жігерлендіру, сендіру, белгілі бір іс -әрекетке шақыру болуы мүмкін. Жалпы мақсаттарына сай сөз түрлері де өрбиді. Сөзді дайындауға кіріскенде осыны естен шығармау керек. Егер сөйлеудің жалпы мақсаты жұртты сергіту болса, онда бұл арада мәліметтер бермей ақ, сендіріп, үгіттемей ақ қоюға болады. Сөздің әрбір түрі белгілі бір талаптарға сәйкес келуі қажет.
Сонымен қорыта айтқанда, әрбір шешен сөйлеуге дайындалар алдында өзінің тыңдаушыларға қандай талап қоятындығын, олардан не күтетіндігін анық біліп, соған лайықты сөз сөйлеуге дайындалуы қажет.
Бекіту сұрақтары:
1.Сөйлеуге күнделікті дайындалу кезеңдерін атаңыз.
2. Нақтылы сөз сөйлеуге дайындалу мазмұны нені құрайды? Әдебиеттер:
1. М.Әбдіхалықов, Б.Күнтуарова, Л.Парфенова. Сөздік қатынас негіздері
«Фолиант» Астана-2010
2. Р.Х.Шахуров. Педагогтың шығармашылық өсуі. – М., 1995
3. Н.А.Березовин. Педагогикалық қатынасу мәселелері. – М., 1989 4. А.Н.Каримов. Педагогикалық қызмет және педагогикалықшеберлік негіздері. Оқу құралы Алматы «Қазақ университеті» 2011 ж