Кенжалы шешен

Кенжалы шешен
Кенжалының бір жақын қарындасын Сасан би өз інісіне әперіпті. Қарындасы жүректі екен. Барған жерінде жер үшін болған қақтығысқа қатысады. Осында екінші жақтың бір адамы жас келіншектің бұрымын кесіп әкетіпті.
– Бұрымыңды қай жерде кесті, үйде ме, далада ма, әлде соғыста ма? – деп сұрайды Сасан би келіннен.
– Соғыста кесті.
– Онда билігін өз ағаң – Кенжалы айтсын, соған бар, – депті, бір жағы Кенжалыны сынамақ болған Сасан би.
Бұрымын кескен жігітті ертіп келіп, төрелігін сұраған қарындасына Кенжалы да:
– Бұрымыңды қай жерде кесті, үйде ме, далада ма, соғыста ма?
– деп сұрайды.
– Соғыста кесті.
– Онда оның жеңіл. Егер үйде кессе, жарты құныңды, далада жай уақытта кессе лақты ешкі айып төлетер едім. Соғыста бұрымың түгіл басыңды да кеседі. Сондықтан бұрымыңның құны – айна, тарақ сабын: Айнаға қара, сабынмен жу, тарақпен тара. Сонда шашың тез жетіледі, – депті Кенжалы қарындасына. Сонда әділдігін естіген Сасан би Кенжалыға қатты риза болыпты.
***
Бір ауру үйіне бақсы алдырып емделмекші болады. Бақсы ауруды қарап жатқанда атын қасқыр жеп кетіпті. Бақсы ауру адамға атымның құнын төле деп отырып алыпты. Үй иесі бақсыны ертіп Кенжалыға келеді. Сонда Кенжалы тұрып бақсыға:
– Атыңның басы – он екі қой. Төрт қойын өзің төле – ақы ал­ғалы бардың. Төрт қойды қасқыр төлейді, төрт қойды науқас адам төлейді, ­ деген екен. Сөзден тосылған бақсы төрт қойды айдап үйіне жаяу қайтыпты.
***
Жылқыларын барымтаға алдырған бір әлсіз ауыл еліндегі бір пысығын Кенжалыға жіберіпті. Ол есіктен кіре бере:
– Ассалаумағалейкум, алдияр, естіген құлақ – екеу, – депті де тұрып қалыпты.
Кенжалы оған:
– Уағалейкум, батырым, көрген көз – үшеу, қайта бер, – депті. Сонымен келген шаруасын бітірген кісі еліне қайта бет алыпты. Жолда қасына ерген серіктері, не болғанын ұқпай қалған болса керек, бұл кері қайттық деп түсіндіріпті.
(«Ел аузынан»).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *