Жұмбақтың шешілуі
Ұзақ жолдан шаршап келе жатқан бір жігіт бір ауылға келіп түседі. Үй иесі ақсақалды қария екен. Сәлем беріп, үйге кірген жігітке қария:
– Сәлемші болсаң, жоғары шық, мысығым! – дейді. Жігіт іштей «мысығы» несі деп ойлайды да, қисайып жатып көзі ілініп кетеді. Бір уақыттар шамасында әлгі қария:
– Тұр, арыстаным, тамақ дайын болды, – дейді жігітке.
Жолаушы бұл сөзіне де таңданып, ештеңе демей, тамақ ішіліп болған соң жүруге әзірленеді. Кетерінде ақсақал жігітке:
– Жолың болсын, жыршым!– дейді.
Қарияның жұмбақ сөзіне таңданып, түсінбеген жігіт аңтаң болып кете барады. Еліне жеткен соң көпті көрген көнекөз бір қарияға келіп, осы жайларды айтады.
– Е, балам, түсінбеген екенсің, – дейді бұған өз аулындағы қария. – Ол ақсақалдың саған айтқандары мыналар еді. Біріншісі, тосын қонақ алғаш рет үйге келгенде «қалай қарсы алар екен» деп жалтақтай келеді. Саған «жоғары шық, мысығым» дегені сол. Екіншісі, қонақ келген соң үй иесі ұялады, «қонақтың көңілін, жайкүйін қалай тапсам екен» дейді. Саған «тұр, арыстаным» дегені сол еді. Ал үшіншісі, қонақ аттанып кеткен соң, көрген сыйсияпатын қай жерде, қалай айтса да өз еркінде. Ақсақалдың саған «жолың болсын, жыршым» дегені сол еді.