Дайындықсыз сөйлеу Жоспары:
1.Дайындықсыз сөйлеудің өзіндік ерекшеліктері
2.Суырып салмалық өзінше бір өнер
Негізгі тірек ұғымдар: дайындықсыз сөйлеу, спонтанды сөйлеу, суырып салмалық, А.В.Луначарский, сөз тақырыбы.
Кейбір шешендердің сөйлейтін сөзін алдын ала дайындап жатуға мүмкіншіліктері бола бермейді. Кейде жиналыстарда, келіссөздерде, қабылдауларда, т.б. кездесулерде дайындықсыз бірден сөйлеуге, сөзіңді сөйлеп тұрған кезде түзеуге тура келеді. Мұндай жағдайда барлық тәжірибеңді, жадыңды, күш қуатың мен жігеріңді, еркіңді жұмсауға тура келеді. Кенеттен, жанынан шығарып дайындықсыз айтылған суырыпсалма сөздер тыңдаушыларға өте ұнайды, қатты әсер етеді, екі арада тікелей ілтипатты қатынас орнайды. Бірақ шешен сөзді табан астында, ойдан шығарып айтқандықтан, берілген уақытқа ойын сыйыстыра алмайды, кейбір мәселелер назардан тыс қалады.
Кейбір шегінушіліктер мен қайталанушылықтарда кейде тұжырымдарға анықтық, әділдік жетпей жатады, сөз қателіктері болуы ғажап емес. Сондықтан да, француздар айтқандай, ең жақсы суырыпсалма сөз ол жақсы дайындалған суырыпсалма.
Кенет сөз сөйлеу, суырыпсалмашылық-аса білімділік пен жан жақты дайындықтың жемісі. Ол тек аса білімді әрі қажетті шешендік дағдылары мен біліктіліктері бар адамның ғана қолынан келеді.
Кеңес өкіметінің көрнекті қайраткерлерінің бірі-А.В.Луначарский тамаша суырып салма шешен, лектор болған адам. Оны бір замандасы былай есіне алады:
«Луначарский шешендік өнерді тамаша меңгерген еді. Ол ешқашан дайындықсыз және еш қиналмай, керек етсеңіз, үш сағат бойы сөйлей алатын еді, мұндайда ешқашан тыңдаушы залдан шығып кетуге шамасы жетпейтін. Жадының тамашалығы сонша, ол ешқандай материалдарға қарамай-ақ, нұсқаларды жатқа айтып, көптеген фактілерді мысалға келтіретін.
Әдетте, Луначарский баяндама алдында кішкентай жазба кітапшасына бірнеше жол-негізгі тезистерін жазып алатын, сөйтіп бүкіл лекция бойына, екі үш рет пенснесін алып, кітапшаны жақындатып, көзімен тез шолып шығатын.
…Бірде Анатолий Васильвичке сұрақ берілді: «Осынша зор көлемдегі материалдарды пайдаланып, оп оңай сөйлеуге қалайша қол жеткіздіңіз?» А.В.Луначарскийдің жауабы да назар аудартарлықтай. Бұл сөздер тіпті аформизмге айналып кетті. Оның жауабы: «Мен бұған бүкіл өмір бойы дайындалдым».
Сонымен сөз сөйлеуге дайындық-күрделі шығармашылық процесс, бұл аудиториямен қатынас орнатуға, тыңдаушылармен еркін сөйлесіп, оларды өзіне тартуға тырысады. [4,190] Бекіту сұрақтары:
1.Дайындықсыз сөйлеудің өзіндік ерекшеліктерін атаңыз.
2.Суырып салмалық өнері туралы не білеміз? 3. А.В.Луначарскийдің шешендігі туралы қандай деректер белгілі?
Әдебиеттер:
1. С.Негимов Шешендік өнер. Алматы: Ана тілі, 1997.
2. М.Әбдіхалықов, Б.Күнтуарова, Л.Парфенова. Сөздік қатынас негіздері
«Фолиант» Астана-2010
3. Р.Х.Шахуров. Педагогтың шығармашылық өсуі. – М., 1995
4. Н.А.Березовин. Педагогикалық қатынасу мәселелері. – М., 1989
5. 11. Н.В.Кузьмин. Мұғалім еңбегі психологиясы очерктері. – Л., 1967
6. Т.С.Садықов және т.б. Болашақ мамандарды кәсіптік дайындау. (Абай атындағы АлМУ жаршысы. №5 (5), 2001. – 21-25
7. Н.Д.Хмель. Мұғалімді кәсіптік дайындаудың теориялық негіздері. – Алматы,
1998
Төреқұлов А. Шешендік сөздер. А., 1981ж.