Аудиториямен кері байланыс Жоспары:
1.Тыңдаушылармен кері байланыс 2.Аудиторияның назарын аудару тәсілдері
3.Материалды жеткізу түрлері.
4.Сөйлеу кезіндегі кемшіліктер
Негізгі тірек сөздер: аудитория, аудиториямен байланыс, кері байланыс, екі жақты байланыс, тыңдаушылар, тыңдаушылардың қабылдаулары.
Аудиторияға әсер ету шешеннің тыңдаушылар алдына шығуынан басталады. Әрбір тыңдаушы шешеннің бойынан, жүріс-тұрыс, қимылы, бетәлпетінен өзіне деген сенімділікті, жігерлілікті, аудиторияға аса бір қажетті
жаңалықтарды хабарлауға дайын екендігін көріп, оның жүзінен байсалдылық пен парасаттылықты, дауысынан табандылықты сезінуі керек. Оның жүріс-тұрысынан қысылғандық, жасықтық, немқұрайлылық сезілмеуі тиіс. Аудиториямен байланыстың бар-жоғын кері байланыс каналдарын пайдаланып,тыңдаушылардың жай-күйіне қарап білуге болады. Сөздің нәтижелілігі көбінесе сөйлесушісінің осы байланысты орната алуына тікелей байланысты. Оны біз тыңдаушылардың баяндалып отырған ақпаратты қалай қабылдағанынан көреміз: олардың бет-әлпеті, эмоциялық «толқындар», шешеннің қойған сұрауына берілген жауаптар, міне, мұның барлығы да кері байланыстың көріністері. Олар шешенді өз іс-әрекеттеріне, баяндау мәнеріне, т.б. түзетулер енгізуге мәжбүр етеді, яғни оның монологін өзімен тыңдаушылар арасындағы диалогке айналдырады. Егер кері байланыс сөздің сәтті екендігіне куәлік берсе, онда шешен өз сөзін белгілеген жоспар бойынша онан әрі жалғастыра беруі керек.
Аудиторияның нашар көзқарасын сезген жағдайда шешен өз сөзін түбегейлі өзгертіп, сәтті шығатындай етуі керек. Шешен сөйлеп тұрғанда біреулер есінеп, біреулер есінеп, біреулер өзара сөйлесіп, ыржыңдап немесе бірдемелерді айқайлап, ал кейбіреулері залды тастап кететін де жағдайлар кездеседі.
Бұл жерде «Жағымсыз жауаптардың» барлығына шешен кінәлі деп қорытынды жасауға болмайды және қорлағандық немесе сөзді сыйламағандық деп қабылдауға болмайды. Залдан ерте кетушілердің белгілі бір себептері болуы мүмкін (біреудің дәрігерге баруы керек; біреу балабақшаға асығып отырған болуы мүмкін; біреу теледидар жөндейтін шебер шақырып қойған шығар, т.б.).
Егер тыңдаушылардың біреулері қалғып отырса, оған ашулануға немесе одан сасуға болмайды. Сондықтан да олардың адресіне қатты не мысқыл сөз айтуға болмайды, ол қалған тыңдаушыларға кері әсер етеді. Одан гөрі сөзін жандандырып, түрлі жаңа, қызықты мысалдар, фактілер келтіріп, күлкілі жағдайларды айтып, аудиторияны сергіту керек.
Аудиториядағы сөздердің шығу себебі –мүмкін бұрынғы шешен бұл мәселе туралы қарама – қарсы пікір айтқан немесе тыңдаушылар алғашқы әсерлерімен бөлісіп жатқан шығар, болмаса сәтті келтірілген ақпаратты әңгімелеп жатқан шығар. Егер кейбір тыңдаушылар сөз сөйлеуге әдейі, қасақана бөгет жасап отырса, онда оларға әңгіменің тақырыбы мен оны баяндаудың маңыздылығын айтып, жалпы аудиторияның беделін алға тартқан тиімді. Залдан айтылған қағытпа сөздерді естіген шешен оған тез баға беруі керек. Бұл қағытпа сөйлеушінің мақсатына жетуіне қаншалықты кедергі жасайды. Осы бағалауға ол қағытпа сөзді ол тіпті елемеуге, не бірден, болмаса реті келген жерде оған байланысты түрде жауап беруі керек. Тек ұсақ-түйек немесе ретсіз қағытпа сөздерді ғана елемеуге болады. Егер тыңдаушы оны қайталаса, онда оған осы туралы «өзінің не ойлайтынын» айтуды ұсыну керек. Егер қағытпа сөз, шешеннің ойынша, қозғалған мәселені шешуге белгілі мөлшерде себеп болса, онда оны сол арада қарастыру керек не сөздің тиісті жерінде оған қайтып оралатындығын ескерту керек. Бірақ ұмытып кетуге болмайды.
Егер тыңдаушының дөрекі қағытпасынан шешенді жаңылдырғысы не абыржытқысы келетіндігі анық көрініп тұрса, дереу қарсы шабуылға шығып өткір тілді, тапқыр күтпеген сөздермен айтылған қағытпаға жауап беру керек, әрине, бұл жерде намысқа тиетін, дөрекі сөздерге баруға байланысты.
Сонымен егер шешен аудиториямен байланысты орнатса, оны сөз біткенше сақтауы керек. Тәжірибелі шешен әр сөйлеген сайын өзін тыңдаушының орнына қоя білді.
Бұл оған аудиторияның көңіл-күйіне ықпал жасап, қажетті жағдайларда оны өзгертуге мүнкіндік береді.
Аудиторияның ықыласын қалпына келтіру немесе күшейту үшін әр түрлі тәсілдер қолданылады. Солардың қатарын қарастырып көрелік.
1.Тыңдаушылардан сөзге назар салуын тікелей талап ету, яғни «Тыңдауларыңызды өтінемін»деген тіркесті айту. Бұл бір-екі рет қана іске асады және оны тәжірибесі жоқ шешендер көп қолданады.
2. Тыңдаушыларға қарап «Мырзалар», «Әріптестер», «Достар»,т.б.
арнау сөздерін айтып, олардың назарын өзіне аудару.
3. Дауыстық тәсілдер. Сөзін қатайтып, дауысын күшейту. Кейде дауыстың қаттылығын сыбырға дейін төмендеткеннен жақсы нәтиже береді. Сөйлеу екпінін де өзгертуге болады. Тыңдаушылардың назарын өзіне аударғаннан кейін қалыпты дауысқа көшу керек.
4. Кідіріс. Сөз ортасында әдейі әрі орынды қолданылға кідіріс «сиқырлы» әсер етіп, тыңдаушылардың назарын аударуға жәрдемдеседі.
5. Қол қимылы, жүріс-тұрыс ым-ишара. Қажетінде жасалған қимыл- әрекеттер, тыңдаушыларға қарай алға жылжу, әдетте, тыңдаушыларға әсер етіп, олардың назарын аударады.
Х ғасырдың өзінде –ақ жерлесіміз, ұлы ғұлама ғалым, данышпан философ әл-Фараби «Шешендік сөз» (Риторика) атты трактатында мұндай тәсілдің әсерлі екендігін атап өткен.
Егер сөйлеуші аса қорқынышты жағдайдың жақындап қалғандығын айтса (тыңдаушыларға), оның бет-әлпеті қорқынышты, үрей туғызу керек. Бұл айтылған сөздердің шындығына сенуге жәрдемдеседі.
Сөйлеушінің бет-әлпеті, дене мүшелерінің қалпы мен қозғалысы оның айтқандарын қабылдауға (тыңдаушылардың) жағдай жасап, қарсыласының айтқандарын сенімсіз етіп шығарады.
6. Қосымша матириалдар. Олар араласқан сөздер ұтымды, мазмұны, қызық болып, тыңдаушылардың назарын аударады:
— мысалдар, — беделді нұсқауларға сілтеме жасау,
-цифрлар, -афоризмдер
— фактілер -қанатты сөздер
— теңеулер — фразеологиялық оралымдар
-цитаталар -мақалдар, мәтелдер,т.б
Тәжірибелі шешендер қосымша материалдарды өз сөздерінде жиі қолданады. П.Сопер атап көрсетеді:
Шешенге: «Мен бір тамаша адамды білетін едім» немесе «1930 жылдың қысында кімге жақындап» -деп айту мұң екен, аудитория бірден дүр ете қалды». Мысалдар түсінікті, көп қолданылатын тәсіл. Олардың көмегімен талқыланып жатқан зат тыңдаушыға жақындай түскендей әсер қалдырады.
Мына мысал Томас Генри Фостердің актілік сөзінен алынған: «Кітап кеміргіш құрттың екі түрі болады. Энтомологтарға Sitodrepa panicca деген атпен белгілі бір түрі кітапты кеміреді. Ал екінші түрі Homo Sapiens (лат.Адам) –оларды кітап кеміреді».
Мәскеу университетінің профессоры, керемет шешен В.О.Ключевский қажетті тарихи фон мен тыңдаушылардың ерекше көңіл- күйін табан астында қолдан жасайтын болған. Мысалға ол: «Императрица Екатерина аса сауатты болмаса керек –«тағы» деген сөздің орысшасында (еще) ол төрт қате жіберіпті (исчо деп жазыпты)», -депті.
Ал мына төменде келтірілген үзіндіден уақытты есептеу және жоспарлау жөнінде дәріс оқыған мұғалімнің қанша қосымша тіл құралдарын қолданғанын қарап көріңіздер. Мұнда сандық мәліметтер де, қарама –қарсы қайшылық та, беделді пікір де, кәсіби терминдер де, сұрақ –жауап әдісі де қолданылған.
«Бір жұмысты орындау үшін қанша уақыт керек екендігін анықтау үшін сіздерше қажет деген уақытты алыңыз да, оны екіге көбейтіңіз де, өлшеу бірліктерін жоғарырақ қатардың бірліктерімен ауыстырыңыз. Іс жүзінде бұл бір апта ішінде істелінеді деп жобалаған жұмыстың орындалуына екі айдан кем емес уақыт керек деген сөз».
Көркем радиохабар саласының байырғы қызметкері А.Шерель «Микрофон рампада» деген кітабында көптеген қызық мәліметтер келтіреді.
«Микрофон алдына шығу тіпті тәжірибелі артистер үшін де өте қиын. Маршак қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай –ақ Игорь Владимирович Ильинскийді ақын қайтыс болған кезде үстелдің қалған кішкене, бар –жоғы сегіз жол өлеңді жаздыру үшін студияға шақырғанымыз есімде».
Ильинский Маршакты бірнеше ондаған жылдар бойын оқып келе жатқан болатын. Енді мынау бар болғаны сегіз –ақ жол өлеңді жазу үшін қанша уақыт кетер дейсің?
«Студияға жарты сағатқа тапсырыс беріңдер», -деді редакция диспетчері. «Дегенмен бір сағатқа тапсырыс берейік», -деді осы уақытқа дейін Ильинскиймен кездесіп көрмеген редактор.
«Ең аз дегенде екі сағат уақыт керек», -деді көптен бері студияда Ильинскиймен бірге жұмыс істеп келе жатқан сақа режиссер Алексей Александрович Шипов.
Бұл жолы тәжірибелі Шипов та жаңылысыпты. Кішкентай ғана лирикалық эпиграмманы Ильинский үш сағат қатарынан дайындады, тек, оның ойынша, эфирге жіберуге болады –ау деген нұсқасына келіскеннен кейін ғана жұмысты тоқтаттық».Тағы да бірнеше мысал келтірейік.
Қазақ мақалдары:
«Атаның баласы болғанша, адамның баласы бол».
«Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді».
«Алтау ала болса –ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса –төрдегі келеді». «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп». Діни ұғымдар:
«тозақ оты» «қылкөпір»
«жұмақ, тозақ».
Осындай және басқа да мысалдар әр уақытта тыңдаушылардың назарын аударуға көмектеседі. Мақал –мәтелдерді, нақыл сөздерді тез арада, орынды қолдану шешеннің тапқырлығы мен білімділігінің, ойының ұшқырлығының куәсі іспетті. Басты мәселе ондай сөз құралдарын біліп қана қоюда емес, оларды дер кезінде, орынды пайдалана алуында.
7. Сұрақ-жауап тәсілі. Шешен аудитория алдында сұрақ қояды да, әр рурлі мүмкін болатын күдіктер мен қарсылықтарды келтіріп, оларды түсіндіреді, теріске шығарады не мақұлдайды, соңында белгілі бір қорытындыға келеді. Бұл өте сәтті тәсіл, себебі ол тыңдаушылардың ынтасын өзіне аударып, оларды көтеріп отырған мәселенің мәніне үңілуге итермелейді, шешеннің сөзі диалогке, аудиториямен қызу әңгімеге айналады.
8. Көрнекілік құралдары (бейнекиносюжеттер, диаграммалар, кестелер, карталар, нобайлар, заттар, шешеннің өз қимылы) аудиторияның назарын аударуға аса қажетті нәрселер.
9. Тәжірибелі шешендер мазмұны күрделі сөздерге әзіл –күлкі элементтерін де қосады. Бұл әсерлі тәсіл жөнінде А.П.Чеховтың «Көңілсіз оқиға» әңгімесінің кейіпкері былай дейді: «Ширек сағат, жарты сағат оқисың, бір кезде байқайсың: студенттер үйдің төбесіне қарай бастайды, Петр Игнатьевичке көз тастайды, біреулер қалтасынан орамалын суырады, екіншілері жайғасынқырап отыра бастайды, үшіншісі өз ойына өзі мәз болып жымияды… Бұл олардың шаршағанының белгісі. Шұғыл бір шара қолдану керек. Бірінші келген қолайлы сәтті пайдаланып, мен каламбур айта бастаймын. Бүкіл жүз елу жүз жайнап қоя береді, беттеріне күлкі ойнап, көздері жалтырап, бір сәт теңіз шуына ұқсап кетеді. Менде күлемін. Ықылас қайта тұтанды. Енді менің жалғастыра беруіме болады».
Күлкінің сан түрі болады: әзіл, сатира, кекесін, сарказм,әзіл мен сатира –күлкінің қарама –қарсы екі ұшы. Әзіл –бұл достық пейіліне айтылатын, бірақ тістемесе де шымшитын күлкі түрі, ол нәрсені құртуға, жоюға емес, жөндеуге, жетілдіруге шақырады. Сатира болса құбылысқа бүтіндей қарсы шығып, оны құртып жоюды талап етеді.
Кекесін –бұл нәрсеге берілген жағымды бағаның астарында сынау, мінеу,жасырын мазақ жататын күлкі түрі, кемшілік өзіне қарама қарсы жетістік арқылы беріледі. Сарказм –бұл кекесінің сатиралық бағытының күшейтілген көрінісі.
Қорыта айтқанда, шешеннің қолында аудиторияның назарын өзіне аударып, үнемі ұстап тұруға жетерліктей сөз құралдары бар. Тек оларды орынды әрі дер кезінде қолдана білу қажет.
«Оқу не айту» -шешендік өнер саласындағы мәңігі сұрақтардың бірі. Шешен өз сөзін оқуына да болады, қағазға қарамай айтуына да болады.
Психологтардың тұжырымдауынша, жарты сағат бойына мәтінді оқып шықса, оның тек 17 пайызы ғана қабылданады екен. Сөзді жазып алып оқу ерте кезден –ақ пайда болған. Мысалы б.з.д Vғасырдың өзінде –ақ Африкада сотта сөйлеушілерге сөз жазып беретін логографтар пайда болған. Олар тапсырысшылардың жеке өтініштері бойынша болашақ сөздердің мәтіндерін дайындаған.
XVIII ғ. Францияда кафедраға алдын ала жазылған мәтінсіз шығу әдепсіздікке саналған. Сөздің мәтіні міндетті түрде оқылған. Ал I Петр болса 1720 жылы №740жарлық шығарған: «Сенатор мырзаларға мәжілістерде жазылғандары бойынша емес, ауызша сөйлеуді бұйырамын. Әркімнің кешелігі жұрт аян болсын».
Нобель сыйлығының лауреаты физик Уильям Брегг өте қызық теңеу келтіреді. «Менің ойымша, тыңдаушыларды жинап алып, оларға жазылған мәтінді оқып беру –ол танысыңды серуенге шақырып, өзің қасында автомобильге мініп келе жатып, оған біраз жол жүріп қайтуға қарсы емессіз бе деп сұраумен парапар».
Ал белгілі орыс тарихшысы В.О.Ключевский өз дәрістерін «оқу» деп атаған, ол, шын мәнісінде, оларды жай дауыспен, асықпай, байсалды түрде жазғандары бойынша оқып шығатын болған. Бірақ олар оның өзі ойластырған, өзі құрастырған, өзі тапқан мәтіндер болатын. «Икемді әрі жуас сөздердің әміршісі» деп атады оны А.Ф.Кони. Ключевскийдің дәрісін тыңдайтын аудиториядан орын алу үшін студенттер кезекке тұратын болған.
Екінші атақты бір тарихшы Т.Н.Грановский өз дәрісін ыждағатпен дайындаған, бірақ жазғандарын ешқашанда оқымаған. Ол суырыпсалма лектор болған.Бұл жөнінде тамаша әңгімешіл, сөз шебері Ираклий Андроников «Жазылған сөз және айтылған сөз» деген мақаласында былай дейді: «Егер адам сүйген әйелімен кездесуге барып, оған өз махаббаты туралы қағаздан оқып тұрса, әйел оны күлкі қылар еді. Бірақ сол туралы қағазды почтамен жіберсе, ол тебіренер еді.
Егер мұғалім өз сабағын кітаптан оқитын болса, ондай мұғалімде бедел болмайды. Егер үгітші әлсін әлсін жазып алғанына қарай берсе, ол ешкімді үгіттей алмайтындығы күні бұрын ақ белгілі. Егер адам сотта қағазға қарап куәлік беретін болса –ондай куәлік ешкімді де сендіре алмайды. Үйден әкелген қолжазбаға үңіліп оқып тұрған актерді нашар актер деп есептейді. Ал ол дәрістің мәтінін бастырып шығарса, ол әжептәуір дәріс болуы мүмкін. Ал оның адамды зеріктіргені мағынасыздығынан емес, кафедрада ауызша сөздің орнына жазбаша сөзді қолданғандығынан болып тұр.
Мұның мәнісі неде? Әңгіме, менің ойымша, жазылған мәтін адамдар арасында бетпе бет пікір алмасуға, сөйлесуге мүмкіндік болмаған кезде қолданылатын дәнекер ғана. Ал егер автор осында болып және сөйлей алатын болса, жазылған мәтін тек кедергі болады».
Сонымен оқу керек пе, жоқ па? Мәселені әр автор жағдаяттарға, аудиторияның сипатына, сөздің тақырыбына, берілген уақытқа қарай шешеді. Бұл жерде шешеннің өмір тәжірибесі, білгірлігі де соңғы рөл атқармаса керек. өмір тәжірибесі шешен мен тыңдаушылар арасында жылы жүзді байланыс орнату үшін автордың мәтінді оқымағаны жақсы екендігін дәлелдейді. Бірақ шешендік өнердің күрделілігі сонша, бәрін, барлық уақытта алдын ала болжауға болмайды, өмірдің барлық жағдайларына бірден жарайтын ұсыныстар беруге де болмайды. әрбір адамның сөзге дайындалу, оны айту мәселелеріне шығармашылық тұрғысынан қарағаны, өз дағдылары мен біліктерін тиімді пайдаланғаны дұрыс.
Шешен сөзге қанша ыждағатпен дайындалса да, кездейсоқ сәтсіздіктерден қашып құтыла алмайды. Бірақ әккі шешен әр түрлі кемшіліктерге дер кезінде көңіл аударып, оларды жоюға шара қолдана алады. Мысалға, шешен сөйлеп тұрып, сөз желісінен жаңылып қалды дейік. Сөздің ортасында мүлт тоқтап, ары қарай не істерін білмей, мелшиіп тұрып қалды. Кейбіреулер сөзін осымен доғарып тынар еді. Бірақ тәжірибелі шешен бұданда жол тауып шыға алады. Біріншіден, ол абыржымайды, асып-саспайды. Ол есін жиып, соңғы айтқан сөзін қайталайды: «Мен тағы да баса айтқым келді», «Тағыда қайталап айтамын». Егер бұлда көмек бермесе, уақытты ұзартуға тырысу керек. Мысалы, соңғы тіркестің, мағынасын, ойын, екінші тіркестің басына айналдыру керек немесе соңғы тіркеске байланысты бір қызықты жағдайды еске түсіріп, әңгімені жалғастыра беру керек, мүмкін, сөздің желісі еске түсер.
Егер тіпті бұл да көмек бермесе, аудиторияға таза логикалық сұрақ беру керек: соңғы айтқан ойдан қандай қорытынды айтуға болады? Бұл қорытындыларды түсіндіру қажет. Болмаған жағдайда, өкінішке орай, сөзді шамамен мынадай тұжырыммен доғаруға тура келеді: бұл мәселе бойынша менің айтайын дегенім осы еді. Егер пікір алысу кезінде маған тағы да сөйлеуге мүмкіндік болып жатса, мен өз сөзімді толықтыра түсермін».
Тағыда бір мысал. Шешен жаңылысып кетті делік. Не істеу керек? «Кешіріңіздер, мен жаңылысып кеттім, ондай-ондай ханның қызында да болады. Мен, әрине, мынаны айтып тұрмын»,-деп аудиториядан кешірім сұрау керек пе? Немесе ештеңе болмағандай түр көрсету керек пе? Барлығы да жаңылыс айтылған сөздің мәніне байланысты. Ең алдымен жаңылыс айтылған ойдың мағынасына қайшы келе ме? Сөздің барысында тыңдаушылар шын мәнісінде не айту керек екендігін түсіне ала ма? Бұған кейінгі сөздік әрекеттер, міне, осыған байланысты. Болар –болмас жаңылысты түзетіп жатудың қажеттігі жоқ. Кейбір тыңдаушылар оны байқамай қалады, ал байқағандары оны шешенге үлкен күнә есебінде таға қоймайды. Ал жаңылыс салдарынан айтылған ойдың мағынасы бұзылатын болса, онда оны дереу түзету керек. Сөз сөйлеген кезде әрбір шешен өзінің мақсаты тыңдаушыларды сұлу сөздің сылдырымен қызықтыру емес, жұрттың барлығына түсінікті тілмен оларға өз ойын жеткізіп, тиісті мақсаттарға жету екендігін ұмытпаған жөн.
Сөздік қоры бай, әсерлі де әсем сөздерден басқа сүреңсіз, тілі жаттанды, ешқандай ерекшеліктері жоқ сөздерді де, өкінішке орай, жиі естуге тура келеді. Ондай сөздер қайдан шығады? Мұндай сөздердің басты кемшілігі-жаттанды, қалыпты сөздер мен сөз тіркестерінің көптігі, олар қандай да бір болмасын сөздерді сүреңсіздендіріп, кедейлендіріп, әлсіздендіреді. Көбінесе талғамы нашар шешендер сөйлейтін сөзіне жақсылап дайындалудың, ізденіп оқудың орнынадайын, басқалар қолданып жүрген, жаттанды үлгілерді жиі пайдаланады. Мысалы, іс шараларды өрістету, мәселе қою, лайықты деңгейге көтер, барлық ынта жігерді алға қойған міндеттерді орындауға жұмсау, т.б. Көпшілік орындардағы күлкінің тиімділігінің міндетті шарты-ол шктен шықпау және әдеп сақтау. Дөрекі және ойланбай күлуге болмайды. Орынсыз қалжыңдар шешенге әдепсіз деген атақ тағады.
Сөзді шұбалтып, берілген уақыттан артық созу сөзге де, сөйлеушіге де жақсы абырой бермейді. Кейбір шешендер сөзімді аяқтаймын деп бірнеше рет айтып алады да, өзін-өзі тоқтата алмайды. Мұндай мінез шешеннің беделін төмендетеді. «Бірнәрсені қайталап айта беру, -деп жазды Поль Сопер, тыңдаушылар үшін нағыз азаптың өзі».
Бірақ сөздің аяғын қалай болса солай, апыр-топыр бітіре салуға да болмайды. Егер сөйлеуші бір себептермен үлгере алмайтындығын сезсе, онда екінші мағналы жерлерді қысқарту қажет. Тәжірибелі шешендер сөзді нық, жігерлі, көтеріңкі нотада аяқтайды.
Айтылғандардың барлығын қорта келе, көпшілік алдында сөйлеген кезде басшылыққа алынатын неміс психологтары Барбель мен Хайнц Швальбе ұсынған ерекшеліктерге назар аударыңыз:
1. Ықыласыңызды аудиторияға аударыңыз.
2. Сіздің сөзіңіздің мазмұны аудиторияның мүдделеріне сай келеме,соны анықтап алыңыз. Егер сізбен аудитортяның мүдделері сәйкес келмесе, онда ортақ тіл табысуға тырысыңыз.
3. Сөйлеу кезінде өзіңізді нұқ ұстаңыз, өзіңізге сенімді екеніңізді көрсетіңіз.
4. Әр уақытта аудиторияға тік қараңыз. Еш уақытта көзіңізді жалтартпаңыз. Бір нүктеге қадалып қалмаңыз. Сөз бастамай тұрып, сіздің сөзіңізді тыңдауға дайындығын байқаған адам болып, аудиторияны көзіңізбен шолып өтіңіз.
5. Тыныштық орнағаннан кейін ғана сөзіңізді бастаңыз.
6. Сөзіңізді қысқаша арнаудан бастаңыз, содан соң бір секундтай (қажет болған жағдайда оданда ұзақ) кідіріс жасаңыз.
7. Сөзіңіздің анық шығуын байқап тұрыңыз, өте баяуда, бір сарынды да сөйлемеңіз.
8. Алғашқы сәттерден бастап –ақ аудиторияның өзіңізді қалай қабылдағанын байқаңыз.
9. Егер аудиторияның бір бөлігі сөзіңізді ықылассыз тыңдап отырса, онда оларға арнап тұрғандай кейіп жасап, соларға қарап сөйлеңіз.
10. Егер сіз аудиторияның шаршағанын байқасаңыз, жайырақ сөйлей бастаңыз да, кенеттен дауысыңызды қаттырақ шығарыңыз, сіздің өздерін сергіткіңіз келіп тұрғанын аудитория сезетін болсын.
11. Егер сіз айтқан сөздерді аудиторияның қолдайтынын байқасаңыз, ол тақырыпты тезірек өрбіте түсуге ұмтылыңыз. Бұл әрекетпен сіз аудиторияны дереу өз жағыңызға шығара аласыз.
12. Аудиторияның ықыласын өзіңізге аударып алғаннан кейін, сөзіңіздің негізгі бөлігіне көшіңіз. Тыңдаушыларда сіздің сөзіңіз өрбіткен жағымды әсерлер сіздің сөздеріңіздің олардың тарапынан қолдау табатындығының белгісі.
13. Аудитория тарапынан қолдау тапқанда рухтану кезінде сабаңыздан асып кетпей, өзіңізді ұстай біліңіз.
14. Қасақана берілген сұрақтар да сізді сабаңыздан шығармауы тиіс.
15. Сөз сөйлеп тұрғанда еш уақытта пікірталасқа түспеңіз. Сұрақ берілсе, болмаса біреу қасақана орнынан айқайлап айтқан сөздерге «бұл мәселеге сөзіміздің соңында қайтып ораламыз» деп жауап беріңіз. Мұнымен сіз пікірталасқа дайындалу ушін уақыт ұтасыз. Оның бергі жағында,сөз сөйлеу барысында, пікір талас тудыратын сұрақтардың біразы өзінен-өзі-ақ түсіп қалады.
16. Нағыз сондай сын сағаттарда сенімді, нық, әр сөзді шегелей айту керек.
17. Аулиторияға жағымсыз жағдайларды нақтылы фактілер келтіріп айту керек. «Мен мұны айтуға мәжбүр болып тұрмын» деп, сөзбен сылап-сипап қою керек.
18. Өзіңіздің шаршағаныңызды немесе тақырыпты меңгерудегі олқылықтарыңызды еш білдіруге болмайды.
19. Сөзіңізді аяқтаған соң,тыңдаушыларға алғыс айтуды ұмытпаңыз. Сөз аяқталған соң, сізге қаншалықты, жағымды болғанымен, «ұзақ қол шапалақтауға» жол беріңіз. Бекіту сұрақтары:
1.Тыңдаушылармен кері байланыс мазмұны нені құрайды?
2.Аудиторияның назарын аударудың өзіндік тәсілдері қандай?
3.Материалды қалай жеткізуге болады?
4. Сөз сөйлеу кезіндегі кемшіліктерді атаңыз. Әдебиеттер:
1. С.Негимов Шешендік өнер. Алматы: Ана тілі, 1997.
2. М.Әбдіхалықов, Б.Күнтуарова, Л.Парфенова. Сөздік қатынас негіздері
«Фолиант» Астана-2010
3. Р.Х.Шахуров. Педагогтың шығармашылық өсуі. – М., 1995
4. Н.А.Березовин. Педагогикалық қатынасу мәселелері. – М., 1989
5. Т.С.Садықов және т.б. Болашақ мамандарды кәсіптік дайындау. (Абай атындағы АлМУ жаршысы. №5 (5), 2001. – 21-25
6. Н.Д.Хмель. Мұғалімді кәсіптік дайындаудың теориялық негіздері. – Алматы,
1998
7. Төреқұлов А. Шешендік сөздер. А., 1981ж.
8. А.Н.Каримов. Педагогикалық қызмет және педагогикалықшеберлік негіздері. Оқу құралы Алматы «Қазақ университеті» 2011 ж