Алтай

Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар.
Алтай, Күршім – не заманнан қалың Найман мекені. Сол Алтай мен сол Күршімнің қысы – қыспақ, жазы – Самал. Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны. Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқалаған – ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі – Алтай жары тау еркесі киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалында сайран етіп жатқаны.
Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді. Жүзі айтарлық айнадай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп, бойы құба талындай боп, былқ­сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса – есің кетіп, сұңқыл қақса – шым­шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қия кезеді.
(Ж. Аймауытов)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *