ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ƏДЕБИЕТІН ОҚЫТУДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ƏДІСТЕМЕЛІК ЖҮЙЕСІ
Н.А. Болатбай
Ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін – білім.
М.Əуезов
Жаңару жолындағы Қазақстанға жаңаша ойлайтын,өмірге көзқарасы тың,ақыл-ой жəне шығармашылық көзқарасы қалыптасқан,рухани адамгершілік мəдениеті жоғары шығармашыл мұғалім керек. Ал шығармашыл мұғалім – үздіксіз ізденісте болады.Əрбір маманның қызметіне қажетті кəсіби біліктіліктер болуы тиіс.
Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев өзінің «Еркін елдің ертеңі – кемел білім мен ғылымда»деген еңбегінде «ХХІ ғасырда білім беру ісін дамыта білмеген мемлекет құрдымға кетері хақ.Сондықтан біз болашақта жоғары технологиялық жəне білікті өнеркəсіп мамандарының шоғырын қалыптастыруымыз қажет»деп атап көрсетті.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 8-тарауында көрсетілгендей, білім беру жүйесіндегі маңызды мəселелердің бірі – оқытудың білім беру технологияларын енгізу, халықаралық ғылыми коммуникациялық байланысқа шығу,білім беруді ақпараттандыру болып табылады. Қазіргі таңда білім беру технологиялары кең тарала бастады.Олар уақыт пен қоғамдық сұраныстарды жоғары деңгейде қанағаттандыруға бағытталған. Еліміздің жас ұрпағына əлемдік озық технологияны меңгертуге мүмкіндік беретін білімді оқытып-үйрету – білім жүйесінің басты мақсаты. Сондықтан бүгінгі таңда оқыту барысында түрлі авторлар əр түрлі озық, тиімді технологияларды ұсынып, тəжірибеге енгізуде.
Қазіргі уақытта оқытудың түрлі тəсілдері мен технологиялары бұрын болып көрмеген деңгейге көтерілсе де, қашан да «мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін дамытудағы негізгі тұлға – мұғалім» болып қала бермек. Қазіргі таңда білім беру үдерісі үздіксіз, əрі қарқынды даму үстінде, əрбір мектеп үшін бүгінгі таңда жаңашыл бағытта, тың идеялармен жұмыс істеу басты назарда болып отырғаны аян.
Білім беруді жаңарту – үнемі алға қарай ұмтылу мен дамыту үдерісі, бұл білім беруде кезең кезеңімен өтетін жəне алынған нəтижелерге бағытталған өзгерістер. Қазіргі өркениетке жеткізетін құрал тек қана – білім. Білімді ұрпақ қана болашақ иесі болып табылады. Білім үдерісінің табысты болуы мұғалімдердің оқуды өздігінен меңгеріп,таныта білген білім дағдылары аясында жүзеге асады.
Қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі ретінде алдыма қойған мақсатым – оқушылардың қазақ тілі мен əдебиеті пəніне деген қызығушылығын,тілге деген құрметін арттыру. Сол мақсатта алға қойған мəселем – Н. Оразақынованың сатылай кешенді талдау технологиясын қазақ тілі мен əдебиеті сабағында тиімді пайдалану арқылы сапалы білім мен саналы тəрбие беру.
Қазіргі заман талабына сай білім беру жүйесінің алдында қоғамдық құндылықтарды, мəдениетті, қоғамдық белсенді шығармашылыққа бейімделген міндеттерді атқара алатын тұлғаларды дайындау мақсаты тұр. Оқушылардың білім,білік деңгейлерін көтеру үшін «Сатылай кешенді талдау»технологиясының маңызы зор. Осы мақсатпен өз тəжірибемде қолданып жүрген сатылай кешенді талдау арқылы қазақ тілі мен əдебиеті сабақтарында оқушы білімін жүйелі, нақты меңгертуге ұмтыламын. Сатылай кешенді талдау – оқушыларға білімді ғылыми негізде сатылай, жүйелей меңгертіп, оларға ұлттық құндылықтарды бағалай, қолдана білуге машықтандыратын оқыту. Бұл əдіс арқылы білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны қалыптастырумен шектелмей,баланың жалпы тұлғалық дамуына ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты танымдық-психологиялық қасиеттердің жақсы үйлесім табуына септігі тиеді.
Сатылай кешенді талдау – оқушылардың тіл білімі салалары бойынша теориялық білімдерін практикалық тұрғыдан талдап,саралап меңгерудің қажетті құралы. Практикалық тұрғыдан жетік игермеген білім құр жаттандылыққа ұрындырады. Есте ұзақ сақталмайды. Тілдің əр саласынан өткен материалдардан,ондағы түрлі грамматикалық тұлғалардың атқаратын қызметтері,тыныс белгілерін қолдану ерекшеліктерін талдап,саралап,жинақтап меңгерту – сатылай кешенді талдаудың басты міндеті. Оқушылар тіліміздің қатпарлы қыры мен сырын,теориялық материалдардың жете меңгере алмаған тұстарын осы талдау барысында игереді. Ол үшін өткен теориялық материалды жинақтап баяндауда басшылыққа алынатын кесте,талдаудың рет-ретімен жүйелі түрде жеткізуге негіз болатын сызбалар арқылы орындайды. Сызба бойынша қазақ тілі мен əдебиеті сабақтарындағы материалды,жүйелі дұрыс талдауға дағдыланады. Сатылай кешенді талдау тілдің əрбір саласы бойынша жеке-жеке жүргізіледі. «Сатылай кешенді талдау» технологиясында тілдік қатынастың оқылым, тыңдалым, жазылым, тілдесім əрекеттері толығымен жүзеге асады.
Дəстүрлі оқыту жүйесінде жазбаша тілдік қатынас басым түрде оқушы үшін қолданылып,ауызша тілдік қатынас көбіне мұғалімнің іс-əрекеті ғана болып келсе, сатылай кешенді талдау технологиясында оқушы белсенді субъектіге айналып, ауызша тілдік қатынас та, жазбаша тілдік қатынас та қатар жүзеге асады. Ол үшін оқушыға айқын,анық көрінетіндей, айтуына, оқуына, жазуына, бірі екіншісін мұқият тыңдауына басшы болатындай сызба қажет. Сызба арқылы талдау оқушыны сауатты, жүйелі сөйлеп,теориялық материалды түсіне талдауға баулиды. Теориялық материалды талдау арқылы түсінген оқушы материалдың мəнін, мазмұнын жете меңгеріп, алдынғы талданған сөйлемге,сөзге ұқсас сөздерді тіл білімінің əр саласы бойынша талдауға дағдыланады.
Бүгінгі таңда «Сатылай кешенді талдау» технологиясын өз тəжірибесінде қолданып жүрген жалпы орта мектепте оқушылардың білім сапасын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше мəн беріп жүр. Сатылай кешенді талдау сауатты, бірізді, жүйелі жүргізіліп отырса, оқушылар білімі жан-жақты, толық, алған теориялық білімдерін терең түсініп, практикалық тұрғыдан меңгереді, білімін күнделікті өмірде қажетті орнына қолданады,пəнге деген қызығушылығы артады. Əр сөздің ішкі сырына үңіліп, сөздің қыр-сырын тануға машықтанады,білім алуға деген белсенділігі артады.
Білім беру үдерісінде басты əрекет етуші – мұғалім. Мұғалім қазіргі заман талабына сай білім берудің жаңа технологияларын үйреніп, соны сабақ барысында жүйелі қолданыс табуын қадағалай білуі маңызды. Жаңа технологияны меңгеруде мұғалімнің жан-жақты білімі қажет. Орыс педагогі К.Д. Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай əр мұғалім өз білімін жетілдіріп, ескі бір сарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мəнді, қонымды да тиімді болары сөзсіз.
Елбасымыз Н.Ə. Назарбаев жолдауында айтқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мəселесін қойып отыр. Оқытудың əр түрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс-тəжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде.
Ықылым заманнан бері атам қазақ «Білікті бірді жығады,білімді мыңды жығады» деген қанатты сөзді қолданып келді. Қазақтың бұл сөзінің өзектілігі бүгінгі күні айрықша болып отыр. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заманға айналды. Елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда екенін түсінетін уақыт əлдеқашан жеткен. Сол білімді жаратып, тұрмыс игілігіне пайдалана білсек қана өзге жұрт бізді бағалайды. Инемен құдық қазғандай күрделі, орасан қажыр-қайратпен, ерік-жігерді талап ететін білімсіз өмір жоқ мына заманда. Терең білім – Тəуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаматтарымызың алдаспаны.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Оразахынова Н.Сатылай кешенді талдау технологиясының ғылыми-əдістемелік негіздері. – Алматы, 2007.
2. ҚР Білім туралы заңы. 2007.
ƏОЖ 81ʼ1