ӘЖЕК ПЕН ШӘРІПЖАМАЛ

ӘЖЕК ПЕН ШӘРІПЖАМАЛ
Әжек:
Әуелі сөз сөйлеймін ойда бардан, Анадан өлмей қалмас туған адам. Біз тұрмақ, Адам ата олар да өткен, Болады кімге жолдас пәни жалған? Сыртыңнан ақын деген атыңды естіп, Әдейі айтысуға келдім саған.
Даңқты сен сықылды болмасам да.
Бұл жолы бәйге алмақпын келсе, шамам. Қарышта, барың болса, қапы қалма, Деп жүрме бұл Әжекті жәй бір адам. Мен саған біле білсең, келген тажал, Із қуып, сұрастырып одан-бұдан.
Бұл сөзді бұл неліктен айтты деме, Түсінсең пернелеген наздық саған. Әуелі тосырқамай өзің менен, Өлең айт, отыр-дағы бері таман.
Шәріпжамал:
Мен-дағы сөз сөйлеймін ойда бардан, Ер жігіт қор болмайды талаптанған.
Барында талабыңның талпынып қал, Әр жерде-ақ талапсыздар қарап қалған. Таластан, тартысудан, шекісуден, Адамға өнер-айла сабақталған.
Бұл өмір басымызда тұра бермес, Бір күні-ақ өте шығар жарақталған.
Жас өсіп, кәрі еңкейіп, орта ер жетіп, Бұл тағдыр уақытыңды санап болған.
Талпынып ойда барды қарыштап қал, Қызық шақ кетпей тұрып жастық қолдан. Кез болдың дәм-тұз айдап бұл жиында, Болғанда сен іздеген, біз – сұраған. Аптықпа, Әжек батыр, сабырлық қыл, Асығу өз басыңа болар жаман.
Әркімнің тауы өзіне биік деген, Біле білсең, ескеріп айтам саған.
Сен-дағы іздеп келген бір ер едің,
Өлең айт, тәуір сайлап, қарап маған.
Әжек:
Сирағы мылтығымның қу тал болды, Атқаным сілеусін деп, сусар болды. Бұл сапар жолым менің болады екен, Іздеген сұрағанға душар болды.
Шәріпжамал:
Сөйлей бер, жеке батыр, сөзіңді енді, Сыртыңнан естуші едім, көзім көрді.
Болғанда сіз іздеген, біз – сұраған, Тойында Жәмиланың кезім келді.
Әжек:
Сөйлейін, олай десең, алғы биден, Кімдер кеп, кім өтпеген бұл дүниеден?
Шәріпжамал, көрмесек те, есенбісің, Шырайлы жұрт қараған жақсы күймен?
Шәріпжамал:
Саумысың, Әжек, сен де көрмегелі?! Пәнденің жүз көрісер өлмегені. Болғанда сен іздеген, біз – сұраған, Қоялық есендесіп келсе, жөні?
Әжек:
Келмесін пейілі кеңге неге жөні, Қолың бер, расын айтсаң, сен де оны. Болғанда сен ақ шәйнек, мен – самаурын, Мен келдім ақ шәйнекті демдегелі.
Ұядан ұмтыла ұшқан ақ балапан, Қолыңа келіп қондым жем жегелі.
Шәріпжамал, осы бастан есіңде ұста.
Қалайда тояттаймын, келсе, жөні.
Шәріпжамал:
Сен, Әжек, жел сөзге еріп, болма сері, Қырғи сап, ілдіргендей бөденені. Өлең айт, тәуір сайлап жөніңменен, Желігіп, қозғай берме әлденені.
Талпынып, бала құстай ұмтыласың, Еңбексіз ақ төсімнен жем жегелі. Өзіңе қанша уақыт болып еді, Жолына боз [бей]бастық ермегелі?
Жүзіңді [мен] манадан зорға көрдім, Адамдай асық болған көрмегелі. Бар ма еді араздығы бұл Әжектің, Тұсыма ерте басып, келмегені?
Әжек:
Дауысың, Шәріпжамал, таудан биік, Жалғаннан кім безіп жүр нәсіп тиіп? Қаңлының барлық қызы ақын шығып, Тұсыңа жаңа келдім кезек тиіп.
Шәріпжамал:
Сен, Әжек, ой жіберші бері қарап, Сыймайды бір кеудеге екі талап. Ұстаған екі кеме суға кетер, Есіңде жоқ па сенің дейтін сабақ?
«Алыстан әдейі іздеп келдім мен», – деп, Айттың сен оның несін сөзге балап? Ер болсаң, уәделі сертке жеткіз, Қаңлының не таппақсың қызын санап?
Әжек:
Болады кімге жолдас дүние деген, Би, шешен жиын десең үймелеген. Тұсыңа ерте-ақ басып, келіп едім, Бозбала жол бермейді кимелеген. Қаңлының жігіттерін сұғанақ қып, Жаратқан мен не дейін бұл иеден?
Шәріпжамал:
Көшкенде мінетінім таған керсін, Алыстан іздеп келген, Әжек, сенсің. Адамға анау-мынау жолың беріп,
Жүретін жайбарақат қандай ерсің?
Алдыңда қайда барсаң, есік жабық, Сен қашан тең құрбыңмен теңелерсің? Бозторғай қой үстінде жұмыртқалап, Боламыз қай уақытта, Құдай білсін?
Әжек:
Дүние бір қисық жол бұраңдаған, Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған. Әр іске асы болма сөз қуарлық, Өмірің алдап кетер тұмандаған.
Шәріпжамал:
Ал, Әжек, сен айтты деп молда барман, Құдайдың көрдім ісін басқа салған. Жүректің шын жұмбағы бір шешілер, Шешілмесе, кетед те іште арман. Әуелде аса жүйрік болсаң-дағы, Кәзірде сен боп тұрсың кейін қалған.
Әжек:
Мінгенім астымдағы қоңыр дөнен, Азырақ, көбеңдігі сұлы жеген. Танбайды сонда-дағы шабысынан, Әдейі жарысуға келген сенімен. Әуелде жаралуы шыны құрыш, Болатты жасық болмас соққанменен.
Болмаса, шебер салған асыл өрнек,
Өзгермес жауын шайып, кепкенменен,
Жоқ деген игіліктің ерте-кеші, Бұйырған кетпес, уақыт өткенменен.
Шәріпжамал:
Арғымақ ат та жақсы шаппаса да, Қақпанға түсер қасқыр сақтанса да. Жапалақ қайырғанмен қаз алмайды, Басына жез томаға қаптаса да. Жетесіз жабы шауып, бәйге алмайды, Сүт беріп, ақ бидаймен баптаса да. Өжет бол, алғың келсе, тіршілікте.
Басыңды қанжарменен ап қалса да.
Асылдың сыны кетпес, сыры кетер, Берікте Әжек батыр сақталса да.
Әжек:
Шырағым, сөз айтасың қалай-қалай? Әр істі көріп жүрміз жастан талай.
Мақтанба жетелімін, жүйрікпін деп, Қайтер ең, жеңіп өтсем алдыңды орай?
Кездескен нелер жүйрік, кетті олар да, Жарыста бұл Әжекке шыдап тұрмай. Қаңлының биігінде сен бір шынар, Бұтағың өрлей бермес бір күн сынбай.
Білемін сының кетпес, сырың кетер, Айрылып жапырағыңнан болсаң жұрдай. Егерде сен жүйрік боп, мен жабы боп, Бәйге алам жарыссам да, бақытым солай.
Шәріпжамал:
Білемін сенің атаң – Құнанбайды, Той десе, Шәріпжамал бұлаңдайды. Шабысты былай қойып желісіме, Жабылар қатарласып, жүре алмайды.
Қанатым күн шалмаған мен бір тұйғын, Жолымда жапалақтар тұра алмайды.
Өрем кең: шапсам – озам, қусам – жетем,
Менімен ерегескен тыңаймайды, Байқап бас аяғыңды, Әжек, батыр, Аңғарып, білмек болсаң, біздің жайды.
Әжек:
Онтағар, Қызылбөрік Албаным бар, Бәйгені таласқанда алғаным бар. Кешегі жиырманың әсерінде, Бұғалық талай қызға салғаным бар.
Әжекті танымаған дұспандардың,
Талайын бөктергімен алғаным бар.
Шырағым, желік сөзге ере бермей, Әуелі алды, артыңды аңғарып ал.
Шәріпжамал:
Онтағар, Қызылбөрік Албан болсаң,
Бәйгені таласқанда алған болсаң,
Ұсташы, кәне, мені қолың жетсе, Бұғалық талай қызға салған болсаң.
Әжек:
Онтағар, Қызылбөрік Албан едім, Бәйгені таласқанда алған едім.
Сен түгіл мыңнан озған қашаған да, Бұлтартпай, шалма құрық салған едім. Шәріпжамал, жүйрік болсаң бауыр жазып, Құлаштай келді бүгін зымғыр жерің. Қайтсең де, қамданып қал, қапы қалма, Басып кетіп жүрмесін менің перім. Қаңлының құрық жетпес қашағаны, Байқамассың ноқтаның тиген жерін.
Шәріпжамал:
Болжайды есіктегі төрдегіні, Мал жейді төрт аяқты жердегіні. Әй, Әжек, асқақтамай, аңғарып бас, Басыңа тауып аларсың ермегіңді. Тірі Албан жабылсаң да, жеңе алмассың, Қоймасаң, алып келіп көрдегіңді.
Әжек:
Түн жарып, Ай туады кесесінен, Өлеңнің жол салайын төтесінен. Қаңлыдан әлі ондай қыз шыққан жоқ, Жүрмесе, қайта туып шешесінен.
Сонда-дағы жарармын шабысына.
Екі емес, туса да, үш есесімен. Қалай айт, олай айтсаң, Шәріпжамал, Қаңлының мен қорықпан кесесінен.
Шәріпжамал:
Қаңлының бір үлкені – Қара Қаңлы, Қағады ұрыс сақтай барабанды. Қаңлыдан хан қойсын деп айтып кеткен, Бұрынғы көрген Албан Қаңлы шалды.
Қаңлының бір баласы – Сары Қаңлы, Ежелден уыздығы жарыған-ды.
Жете алмай біздің елге сіздің Албан, Болсам деп, мен де сондай, налыған-ды.
Қаңлының бір баласы – Ережемді, Бақытқа тең жаратқан тереземді. Алсейіт, Түрке тағы балалары, Осындай бір-бір бастан келеді енді.
Тауының Бірке деген баласы екен, Бір ұлы оза туған Қараш екен. Өлең тұрмақ, жауыңнан қашпайтұғын, Ақылдың ерлік асқан сарасы екен. Ежелден бақ дарыған ел Қаңлыға, Сен, Әжек, қалай оған дейсің жетем?
Әжек:
Болғанда алдым Дулат, артым – Албан, Бір ауыл не қыласың, Қаңлы, маған? Албаннан озамын деп әуреленбе, Ақылым менің айтқан, жаным, саған.
Шәріпжамал:
Әй, Әжек, тілімді алып, жүрсеңші тек, Құдайға жамандасаң, боласың шек. Қыстықпен, Қызылбөрік, не ғып жүрсің, Сен енді тентіремей, Бақайдан кет.
Әжек:
Бұл Бақай білемісің, Албан жері, Қоныстап бұрын жерлеп қалған жері. Арқадан сенің елің ауып келіп,
Осында есін жинап алған жері.
Әжекті бұдан әрі ашындырма, Қаңлының шығып жүрер ащы тері.
Шәріпжамал:
Құй ашын, құй ашынба, Бақай – жерім, Әуелде мекендеген менің елім.
Басында Бақай батыр өзі берген, Килігіп, Албан, мұнда нең бар сенің?
Әжек:
Шырағым, не сөйлейсің сенің өзің? Бақайдың білемісің, қайдан өзін? Білмесең, білдірейін, бері қара, Сонан соң оған сенің жетер көзің.
Тұқымы – Албан, Дулат, Бақай батыр, Әр іске ерлігімен болған қапыл. Баяғы қазақ-қалмақ соғысында, Бұл тауға батырлықпен тіккен шатыр.
Содан-ақ Бақай деген ат қойылып, Аталып бұл күнге шек келе жатыр. Еш уақытта жұртқа аты әйгілі боп, Қаңлыдан шыққан емес мұндай батыр?!
Шәріпжамал:
Мен өзім жас күнімнен көрдім қызық, Періште қылғаныңды тұрар сызып.
Айтасың бетсіздікпен өтірікті, Сен неден, Қызылбөрік, болдың бұзық?
Әжек:
Қаңлыға бұзылғаннан Қали келген, Қалидың келгеніне ел нали берген. Қой қосып, атын байлап қорыққанынан Бір қызын Жаркейің де босқа берген.
Шәріпжамал:
Қатардан жүйріктікпен жүрмін озып, Өнерге мен де сондай қолым созып.
Кешегі ер Қожабек өткеннен соң, Тентіреп, сенің аулың кетті тозып.
Әжек:
Сұрасам, Үкібайды Арғын, – дейді, Қаңлыға мұра болып қалдым, – дейді. Сен тұрмақ, мен ойласам, құса болам, Нәубетін әкеңіздің алдым, – дейді.
Шәріпжамал:
Құдайдан жүргін, Әжек, түбін сұрап, Береді, тәубе қылсаң, анық жылап. Кешегі ер Қожабек өткеннен соң, Басыңды тұрған жоқ па Ораз құрап?
Әжек:
Көпбайың құсаменен қалған өліп,
Кетті екен кейінгі елін кімге беріп?
Еліңде бас көтерер адам бар ма?
Соңынан бір Арғынның жүрсін еріп.
Шәріпжамал:
Келемін жастайымнан өнер бағып,
Топ жарып, өрлей ұшып, қанат қағып.
Сен, Әжек, Тәңрі атып, мақтанасың.
Мақмұтың Керей құлдан өлді не ғып?
Әжек:
Бұзығын біздің Албан өлтіргені, Қисығын түзу жолға келтіреді.
Мұндайды айта берме, есі кеткен, Шоқынып, Сыздық неге тентіреді?
Шәріпжамал:
Әй, Әжек, естіп пе едің бұрын мұны. Білмесең бері қара, сөздің шыны.
Сен неге, Тәңрі атып, мақтанасың, Мақмұттың қайда кетті бір топ ұлы?
Әжек:
Айдатып Жантай барған Ақмолаға.
Жігітке дәулет бітпей бақ қона ма?
Тіленіп, батыр Сәтбек қайтып келген, Құдайым, мұнан артық жақ бола ма?
Сол Сәтбек дүниеден кеткен көшіп, Құдайым берген екен артық несіп.
Орнына Шаңтай Құран оқымады, Жүрсе де, жанқалтасын ақша тесіп.
Шәріпжамал:
Біркеңді мен білемін, Туғанбайды, Ежелден жамандыққа туғандай-ды. Көрмедім Онтағардай сімтік елді, Бақайдан кет десем де, жоғалмайды. Үйіне Абиырдың қонақ қонбас, Сорлы Әжек баласымен қоғамдайды.
Әжек:
Асының күні суық, жауын жауған, Елің көп аспай жүрген осы таудан. Мен кірсем Абиырға ол да – өз үйім, Жүргем жоқ қайыр сұрап Қаңлыдан. Несіне көрмегендей мақтанасың, Жантайың Аңламастан сауын сауған. Бас ұрып Аңламастың үш биесін, Зорға алды ер дейтінің қайтпас жаудан.
Шәріпжамал:
Аңламас жас күнінде есек сатқан, Жүргенде есек сатып есеп тапқан. Харам мақлұқ ақшасын жанға салып, Не іздеді Аңламасың Мекке жақтан?
Әжек:
Байырын Аңламасым білген екен, Есекті пайғамбар да мінген екен. Жантайың Аңламастан сауын алмаса, Сабасын керегеге ілген екен.
Шәріпжамал:
Қаңлының етек-жеңі кең болады,
Бұл Бақай қыдыр шалған жер болады.
Албандай кеусен сұрап, қыдырмаймыз, Ақ бидай елім еккен, кен болады.
Айтпаймын Албан жедік тарыларын, Сұлысы атқа жақсы жем болады. Еліңе [әкет] Қаңлының ақ бидайы[н], Күш беред, ауруыңа ем болады.
Әжек:
Біздің ел астық салмай, өліп жүр ме? Қаңлы көпке бидай беріп жүр ме?
Қыласың жазы-қысы бірдей бейнет, Сонда да қызық өмір көріп жүр ме?
Жантайың еліңдегі жақсы дейтін, Неге ұшырай береді мұндай күйге?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *