ҮКІЛІ ЫБЫРАЙ МЕН ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ыбырай:
Есіктен кіріп келдім басып қадам, Он үште сөз сөйлетті Хақ Тағалам. Ассалаумағалайкүм үлкен аға, Қызығың құтты болсын, тақсыр бабам.
Асқар тау қиядағы белден келдім,
Тасыған дария бұлақ көлден келдім.
Көкшетау дуанындағы атым Ыбырай, Татуға зәмзәм суын шөлдеп келдім.
Құдайберген:
Уағайлейкүмассәлем, Ыбырай аға, Миһарбан дидарыңды көрдім жаңа. Адамға бір ғанибет дидарласпақ, Елу жылда – ел, жүз жылда – қазан жаңа.
Ыбырай:
Көкшетау дуанында атым Ыбырай, Патшаға сөз сөйлеуші ем бір жылымай. Алдыма ешбір адам шыққан емес, Шықты ма жер астынан мына сұмырай?
Құдайберген:
Ыбеке, сұрасаңыз, затым – Қыпшақ, Арғы атам сұрасаңыз, Сейіт болмақ. Баулының тоқсан екі бұлбұлы едім, Сайрасын мартабаңда тіл менен жақ.
Ыбырай:
Ия, балам, сен мәз болма ішпей-жемей, Жол берген әркім маған кімсің демей. Кереку, Омбы уезі маған мағлұм, Жазбайтын қолын бүйтіп сорлы кедей.
Құдайберген:
Ыбеке, ел қаралау сізге жөн бе?
Барыпсыз мырза болып біздің елге. Жерің жоқ кінә қояр мырзаларға, Керек пе мырзаларға сіздей делбе?
Қатты-қатты сөйлесем, дұшпан, – дейсің, Бөгелсем балалықтан пысқан, – дейсің. Кетпесін бүйте берсең миың шіріп, Қартайса кәрі бүркіт тышқан жейсің.
Ыбырай:
Ия, балам, шықтың сөзге мына дайын, Мен саған көрсетейін сөз ыңғайын.
Сыймаған тіл аузыңа ақын болсаң, Үш ауыз кеңесім бар мен сұрайын.
Құдайберген:
Аспанның бауыры жазық бір кең дала, Жаратқан ғарып қылды Құдай пана.
Ақын боп сөзден қашсақ жүреміз бе?
Ыбеке, кеңесіңді сұрап қара.
Ыбырай:
Ия, балам, тыңдап отыр сөзді барлап, Мен саған ұқтырайын сөзді ыңғайлап. Мұхаммед пайғамбардың заманында Бір ғарып дарияға салды қармақ. Дарияға сол ғарыбың қармақ салып, Алыпты дариядан нені қармап?
Құдайберген:
Ыбеке түсіп кеттің бұл мінезге, Жоқ па еді жұмбағыңыз бұдан өзге! Моллалар шариғатқа қарап отыр, Қалмасын бір жаласы соңыра бізге. Сегіз жыл мектеп жүзін көріп едім, Кітаптан көрініп тұр біздің көзге.
Қамыстан күркесі бар бір кемпір, шал, Бір түнде жайнамазға жатып жылар. Жылағанда мал бер деп, жылаған жоқ, Құдайдан жалбарынып бала сұрар.
Алла емес, түсінбейтін айтқан сөзге, Тілегін қабыл етті сол бір кезде. Дейтұғын Зейнілғабиден бала туды, Нәрсесі қармақ салған сол емес пе?
Дыбыста сират көпір дәл қасында, Күмбезде Зейнілғабиден тұр емес пе?
Ыбырай:
Ия, балам, нағып болды саған оңай, Құрылған мен емес пе сөзге тоғай?
Сыймаған тіл аузыңа ақын болсаң, Қонады бір ағашқа дәл үш торғай.
Екеуі ұшса, бірі қозғалады, Бірі қалып, екеуі жоғалады. Ия, балам, бұл жұмбақты шешіп берсең, Осыдан ақындығың сыналады.
Құдайберген:
Ыбеке, бұл сұрағың мін емес пе, Әгеркі шешіп берсем, жөн емес пе?
Екі торғай дегенің ол екеуі –
Ұйықтап барып, ашылған көз емес пе? Жалғыз бір торғай дегенің қаза келіп, Кеудеден шығатұғын жан емес пе?
Ыбырай:
Он алты дария бар көз көрмеген, Ішпеген онан пәнде кез келмеген.
Он алтысын қақ жарып жүзге бөліп, Жартысын пенделерге өлшеп берген.
Білейін, иә, балам, жүйріктігің, Бекінді бұл кеңесім қайсы жөнмен?
Құдайберген:
Ыбеке, адам жоқ қой кәсіп тыйған, Пәндеңіз кең сарайда дүние жиған. Он алты дария бар дегеніңіз Аятпенен бекіткен он алты имам.
Жасымнан сөйлер сөзге болдым құмар, Сөйлесем жүйріктермен көңілім тынар. Үш ауыз сөзбен бөгелтем деп еді ғой, Ыбырайды, тақсыр, төре, үйден шығар.
Ыбырай:
Есерлер аз табысқа жынданады, Әзілге жөнді мәзір кім табады? Айтысқан ақындарды қуа берсең,
Дүниеде сенен басқа кім қалады?