ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

 

Б.C. Əлмұханова

 

Шығармашылық-танымдық іс-əрекет нəтижесі болып табылады. Шығармашылық дегеніміз – өзінің жаңашылдығымен, өзгешелігімен ерекшеленетін өнім алуға мүмкіндік жасайтын жеке тұлғаның бойындағы қабілеттіліктің, білім мен біліктіліктің, түрткінің (мотивтік) болуы. Көптеген зерттеулерді талдау нəтижесінде шығармашылық іс-əрекет нəтижелері оқушының жеке тұлғасына, біліктерінің жетілуіне, психологиялық тетіктер аркылы оң əсерлері бар рефлексия нəтижесінде өз əрекетіне жəне сол əрекеттің бірлескен іс-əрекет мазмұны мен түріне сəйкес көзқарастары қалыптасатыны анықталып отыр. Оқу үрдісінде танымдық тапсырмаларды орындау шығармашылықты, ізденімпаздықты талап етеді, сондықтан мұндай тапсырмаларды орындау: өзекті мəселені табу, мақсаты мен міндеттерін айқындау, зерттеу əдіс-тəсілдерін белгілеу, болжам құру, болжамды тексеру, нəтиже, іс-əрекет рефлекциясы кезеңдерімен жүзеге асады. Оқу жұмысына шығармашылық мақсат қою, оны жоспарлау оқушыдан зеректік, ізденімпаздық, енбеққорлық, шабыт,мақсаткерлік,белсенділік қызығушылық, өмірлік белсенді ұстаным сияқты көптеген касиеттерді талап етеді. Мұғалім оқушылардың танымдық іс-əрекетін тиімді ұйымдастыру біліктерін дамытуы кажет. Оқушылардың шығармашылық іс-əрекетін жетілдіру бағыты танымдық біліктерінің қалыптасу белгілеріне, танымдық тапсырмаларды орындау мүмкіндіктеріне қарай оларды шартты түрде мынадай 3 топқа бөлуге болады. 

Бірінші топ-танымдық іс-əрекетте табанды, міндеттері мен мақсатын біледі; ізденімпаз, пəн бойынша дербес шығармашылық жұмыстарға белсене қатысуымен ерекшеленеді.

Екінші топ – ізденіске ұмтылады, бірақ шығармашылық тапсырмаларды орындауға барлық уақытта бірдей ұмтылыс көрсете бермейді, танымдық тапсырмаларды орындау əдіс-тəсілдерін табуға құлшыныс білдіреді, тапсырмаларды орындауда мұғалім көмегін кажет етеді.Үшінші топ-шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды орындауға құлықсыз; белсенділігі төмен; репродуктивті сипаттағы тапсырмаларды ұнатады; жұмысты орындауда үлгіні қажет етеді, оны орындауда көмекті қажетсінеді. Сонымен, шығармашылық іс-əрекет талаптарын, сондай-ақ оларды мектепте ұйымдастыру жолдарын зерттеу-мəселені дамытып, жетілдіру тетігін анықтауға жəне мынадай тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді:

-оқушылардың шығармашылық дербестігін дамыту арқылы оның жеке тұлғасын қалыптастыруға болады;

-танымдық іс-əрекет түрлері төменнен жоғары қарай, кезекті түрде, белгілі бір ретпен, жүйемен жүргізілуі нəтижесінде шығармашылығы дамиды;

-танымдық іс-əрекетті дұрыс ұйымдастыру біліктері мен ізденімпаздықтың қалыптасуы оқушыларды шығармашылыққа баулиды;

Оқушыларды танымдық тапсырмаларды орындау мүмкіндіктеріне қарай топтарға бөліп, сəйкес жұмыс түрлерін таңдап, жүйелі жұмыс жүргізудің маңызы зор. Танымдық іс-əрекетте дəстүрлі емес əдіс-тəсілдерді пайдалану зияткерлік қабілеттерін дамытып, оқу-танымдық жəне ғылыми ізденістер жасауға талаптандырады. Оқушылардың танымдық ізденімпаздығын қалыптастыруға бағытталған шақтар түрлері төртке бөлінеді: «танымдық, коммуникативтік, шығармашылық, əдіснамалық».Оқушылардың танымдық ізденімпаздығын арттыруда шығармашылық сипаттағы сабақтар түрлерін өткізудің маңызы зор. Мұндай түрдегі сабақтардағы түрлі оқу жұмыстары оқушының шындық белсенділігін арттырып, оқу мен ойлау əрекетінің тиімді амал-тəсілдерін, яғни материалының негізгі ұғымдары мен тұжырымдарын айыру, жаңа материалды өткен материалмен салыстыру оларды белгілі жүйеге топтастырады жəне қортындылау жасау сияқты амалдарды дайындауға үйренеді. Шығармашылық сабақтардың жоспарын жасауда оқушының шығармашылық əрекетінің бағдарына сəйкестендіріп, олардың қабілеттері ескерілуі тиіс. 

Оқушылардың шығармашылық əрекетін тудыратын сабақтарды өткізу жоспары мен кезеңдерін қарастырамыз.  Шығармашылық сипаттағы сабақтардың жоспарын жасау үшін тақырыбы, мақсаты, əрекет түрі жəне нəтижелері бір-біріне жуық байланысты сабақтарды топтастырып, таңдап алуға болады. Жалпы бағдарламада көрсетілген пəндік сабақтардың əр тарауында жететін жетістіктері негізінде оқушылар білім алуда нəтижеге жетеді.         Оқушылардың шығармашылық əлеуетін көтеруді мұғалім алдына мақсат етіп қояды. Мұғалім оқушы күйіне кіріп, олардың тақырыпқа қатынас əрекетін ойлайды, өтілетін сабақтың проблемасына қажет жағдайда жоспарланған сабақ мазмұны мен оқыту əдістеріне түзетулер енгізеді. Сабақ тақырыбы бойынша мұғалім оқулықтар, кітаптар, əдістемелік кітаптар, басқа да материалдармен танысады. Мұғалім өзіне, оқушыларға қызықты болатын мəселелерді іздестіреді. Осы мəселелер жөнінде көптеген материалдарды қарастырып, мамандардың пікірлерін ескере отырып, табу қажет. Əр оқушының пəн бойынша ізденімпаздық деңгейлері анықталады. Сонымен қатар пəнге қабілеттілігі, қызығушылығы анықталады. Шығармашылық — əр оқушының жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерінің, танымдық іс-əрекеттері мен дағдыларының дəрежесін көрсетіп береді. Шығармашылық дегеніміздің өзі ізденімпаздықтан туады. Баланың өзіне деген сенімін туғызу, өзінен шығармашылық қасиет іздете білу.

 Шығармашылыққа баулу, қалыптастыру процесі нақ мектепте басталады. Кезкелген оқушы мұғалімнің басшылығымен орындаған шығармашылық жұмысының нəтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамытады. 

Оқушыларды шығармашылыққа баулуда алға қойылған мақсат:

-рухани бай, жан-жақты, түсінігі мол, өзін-өзі басқаруға, бір-бірінің пікірін тыңдап, бағалай білуге қалыптастыру;

-əдебиет сабағында оқушылардың қабілетін арттыру жəне дамытудың тиімді əдісін қалыптастыра білу;

-ойын ажарлап ашуда тіл шеберлігіне мəн беру;

-қосымша əдебиеттер оқып, білімді күнделікті толықтыру;

-«сенің қолыңнан келеді», «сенен үміт күтеміз» деген сөздермен үнемі шабыттандырып отыру;

-үй тапсырмасын беруде оқушы бейімділігін, қабілетін ескеру.

Шығармашылық бағытта жұмыстандыратын тапсырма түрлерін оқушылардың орындай алу əлуетіне байланысты бірнеше деңгейде  ұсыну  қажет.

—        бірінші деңгейінде мəтінді түсініп оқып, мазмұнын айта білу;

—        екінші деңгейінде образдарға мінездеме беру;

—        үшінші деңгейінде шығармадағы метафора, эпитет т.б. да көркем сөздерді тауып оқу, дəптерге тіркеу;

—        төртінші деңгейінде мəтінге деген өз көзқарасы, оны өз ойымен аяқтау, баға беру;

—        бесінші деңгейінде мəтінге байланысты өз шығармашылығы бойынша жұмыстар жүргізу. 

Осылайша қадам сайын тапсырма түрлерін күрделендіре түсуге болады жəне тапсырма түрлерін оқушылардың өздері құрастыра білуге дағдыландыру. «Шығармашылық» ұғымының жалпы теориясын зерттеген С.Л.Рубинштейн «Оқушы шығармашылығының ерекшелігі оның сапалы түрде мақсатты əрекет жасауымен анықталады» дей келе, «шығармашылық, шешімінің нəтижесі оқушының өзі үшін жаңалық болса жеткілікті» екендігін айтады, яғни оқушының шығармашылық өнімді еңбегі оның жеке тəжірибесімен салыстырылады. Шығармашылық жұмыста, əсіресе, оқушы қиялының орны ерекше. Бұл жөнінде М.Жұмабаевтың айтқан тамаша пікірі бар: «Жаратылыстың құшағында, меруерт себілген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде, күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеріп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада тұрып өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиісті». «…Баланың атаға тартуы рас болса, сиқырлы даланың баласы-қазақ баласы қиялқұмар болуға тисті». Педагог ғалымның айтқанының сөз өнері-əдебиетке тікелей қатысы бар. Өйткені М.Жұмабаевтың сөзімен айтқанда, «қазақ баласының жаратылысы соны тілейді». Төмендегі оқушылар жұмысы М.Жұмабаевтің сөздеріне дəлел болғандай.  Бұл бөлімді  «Мені танығың келсе, сөзіме үңіл…» деп атаған болатынмын. Тілдік қарым-қатынаста адамдар ойын ауызша сөйлеу арқылы да, жазбаша түрде де білдіре алады. Адамдар арасындағы тілдік қатынастың екі түрі бар, бірі – ауызша – ауызекі сөйлеу тілі де, екіншісі – жазбаша тіл. Дұрыс жазу талабы – ресми түрде қабылданған жалпыға ортақ емле ережелерін сақтай отыра жазу жəне көркем əдеби тілде жазуға дағдыландыру. Оқушылармен жүргізілетін жұмыстың түрі «Жансызға тіл бітіру» жұмысы. Бұл жұмыс оқушыларымның қызыға орындайтын жұмыс түрлерінің бірі болып табылады. Көбінесе бұндай жұмыста сабақтың аралығында сергіту мақсатында пайдалануға болады. Ауызша да, жазбаша да орындауға икемді жұмыстардың бірі.  Оқушылардың жұмысы: «Үстел» монологы

 Менің бетімдегідей «ироглифтер» өзге жерде кездеспейді. Не себептен дейсіздер ғой? Бұл таңбаларды қалдырған ата-бабаларымыз емес, өз замандастарымыз. Кеше ғана тəп-тəуір, сүп-сүйкімді үстел болсам, бүгін зерттелмеген таңбаларға толдым. Нендей таңбалар жоқ менің бетімде, əркім қиялы жеткенше, өзінше көркемдеді ғой. Өз есімдерін ұмытып қалатындай,əке-шешесі азан шақырып қойған, жамылып жүрген есімдерін ұмытып қалатындай ойып кеп жазады, бетімде жиі кездесетін, үстел атаулының бəріне таныс «I LOVE» сөзі, шет елден келген «қонақ сөз» болса да, ұялып жүрген ол жоқ, бүкіл үстел бетіне ұялап алды. Маған тіл бітіп сөйлеп кетер болсам, менің не үшін керек екенімдігімді айтар едім. Ерегескенде мені жоқ қып жіберер күш пайда болса, сонда көрер едім өмірлеріңнің қандай күйге ұшырайтынын… Бауырлар, ойланыңдар!

«Тақта» монологы

Ал, кəнекей, достар, алдымен мен өзімді таныстырып өтейін:

-Мен, өздерің мектепте күнде алдарыңыздан шығатын екі құлағым қалқиып, езуім жыйылмай сендерді қарсы алатын кəдімгі-тақтамын! Тақта-бұл мен! Менсіз сабақ тоқтайды, өзім мақтанғанды ұнатамын. Таза тұрғанды қалаймын, бірақ бұл мүмкін емес. Сабақ басталса, құрыдым! Қоңыр-жасыл жүзіме тыным бермейді. Бір білгіш шығып тарсылдатады кеп, бордың үгіндісіне қақалып «көксау» болуға шақ қаламын.

Ал, сабаққа даяр емес оқушы алдыма келсе, бір бүйіріме тұрып алып, тырп етпестен түрткілейді кеп, бүйірімнен сұраққа жауап таба алатындай. Езуімнің жанында біресе қыстырылып, біресе жантайып жата кететін «сулы шүберек» дейтін досым бар, сол екеуміз бір – бірімізге көз салып тұрамыз. Оның сулы болғаны маған ұнағанмен, оның өзіне ұнамайтын тəрізді. Енді қайтейін «Біреудің күні- біреумен» деген, бір-бірімізсіз өмір сүру қиын.

Жас ұрпақтың тіл байлығын молайтып, сөйлеу шеберлігін арттыру үшін, халықтық тілдің телегей-теңіз бай қазынасын халық ауыз əдебиетінен мүмкіндігінше терең игертіп, оның қилы-қиын кезеңдері мен қызық құбылыстарын жете түсіндіріп, əр сөздің мəні мен мағынасындағы ұлан-ғайыр өзгерулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыртуларды  дəл аңғара білген жөн. Шығармашылық жұмыстың тың үлгілерін тауып, талапқа сай жазып шығумен қатар əр жазған сөзіңнің нысанаға дəл жетіп, оқырманның сезіміне əсер етіп, сөз-бейне шамшырақ, орнаған мықтап көңілге- деп Жамбыл атамыз жырлағандай болғаны абзал.   Əр жанның ішкі сезіміне үңілу оңай емес жəне кез-келген жан саған ақтарып айта салмайды. Ақын Сəкен айтқандай: «Əр адамның ішкі сыры берік қойма сақталған, сол қойманың бір түкпірін достың досы атқарған» – дегендей, егер де алдыңда отырған оқушыларың саған шын сырларын ақтарып, жандарын тербетіп, тебіренткен ойларын ашық жазып айтса, бұл мұғалім жетістігі деп білемін. Осы бірнеше  жұмыс оқушылар жұмысы, қойылған талапқа сай жазылып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан жұмыс ретінде бағалаған болатынмын жəне  жұмыста «əзілді сезіне білу», «сезімге берілу» бар. Адам жанына жалын шашатын да, сəби жүрегіне адамгершілік нұрын шашатын да — əдебиет. Педагог К.Д. Ушинский:“Біз жан-жақты жеке тұлға тəрбиелегіміз келсе, ол тұлғаны жан-жақты зерттеп білуіміз керек”. Осы ой бүгінгі таңда мұғалім əрекетінің тұжырымдамасы іспеттес. Соған байланысты оқушының тұлғалық құрылымы мен басты белгілерін жəне сапаларын анықтаудың мəні зор. Əр елдің болашағы сол халықтың білім, ғылым деңгейімен анықталатындықтан, оқу жүйесін неғұрлым тиімді құра білу қажеттілігі қай кезде де өзекті мəселе болмақ.  Қазіргі жағдайда мемлекеттердің даму деңгейі табиғи ресурстардың байлығымен ғана емес, сонымен қатар  интеллектуалдық жəне шығармашылық əлеуметімен, ғылым мен өндірісте жаңа технологияларды игеру мен енгізу табыстарымен анықталады.

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

1.   Выготский Л.  Психология. – Мəскеу. Пресс Эксмо-Пресс.

2.   Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз əдебиеті. – Алматы, 1958

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *