ТЖАН ҰСТАЗЫМ ЖАЙЛЫ АЙТАРЫМ КӨП
Қ.Т. Хасанов
Мəтжан Мақсымұлы Тілеужанов – ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, əдебиет зерттеушісі, фольклорист. Ол 1927 жылы желтоқсанның 15 күні Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында дүниеге келген. 1932 жылы Ойылдан Орал облысының Қаракөл ауылына қоныс аударған.
Орал пединститутын 1950 жылы қызыл дипломмен бітірген Мəтжан Тілеужанов осы оқу орнының қазақ тілі мен əдебиеті кафедрасына жұмысқа қалдырылған.
Мен Орал педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетінің 1969 жылғы түлегімін.
Мəтжан Тілеужановтан дəріс алған шəкіртімін. 2017 жылы
бұл ұстазымның туғанына 90 жыл толады. Осынау мерейтой қарсаңында есімі ұмытыла бастаған Мəтжан аға жайлы ойымды жазып отырмын.
1962 жылы Қаратөбе орта мектебін бітіріп, Оралға оқу іздеп келдім. Мектепте оқып жүргенде жазған мақалаларым, өлеңдерім аудандық «Еңбек туы» газетіне (редакторы Хамит Маданов) жарияланғаны мені қанаттандырып, пединституттың қазақ тілі мен əдебиеті жəне тарих факультетіне құжаттар тапсырдым. Қабылдау емтиханында «Менің мұғалім болғандағы мақсатым» деген еркін тақырыпқа шығарма жаздым. Қалимолла Мырзағалиев – əдеби, Мерует Жолдықайырова тіл жағынан тексеріп, 12 беттік шығармамды 5/4 бағаға бағалапты. Қалғандарын да ойдағыдай тапсырып, бірінші курс студенті атандым. Тарих-филология факультетінің деканы болған Мəтжан Мақсымұлы Тілеужановтың дəрісін тыңдадым.
Қазақ халық ауыз əдебиеті курсынан Мəтжан Тілеужанов лекция оқыды. Өзі балалық жағын өткізген Ақтай ауылындағы Қаракөл мектебінің, оқып бітірген Қаратөбе орта мектебінің тарихын қызықты əңгімелейтін. Орал өңіріндегі ауыз əдебиеті үлгілерін өте жақсы біледі екен, лекциясын студенттер қызығып тыңдайтын.
Қаратөбеліктер, перінің қызы ғашық болған ханкөлдік Қази ақынның, қоскөлдік ақын Əсірəлі Əбітиевтің, егіндікөлдік жыршы Нұрсейіт Бейтілеуовтің, əңгімешіл қарттар қаратөбеліктер Қажыгерей Қайырғалиевтің, Нығымет Сердалиннің, Дүйсенбай Панғожиннің есімдерін алған рет Мəтжан ағаның айтқан əңгімесінен білдім. Содан болар, қазақ халқының, соның ішінде қаратөбеліктер айтқан аңыз, əңгімелерге деген ықыласым арта түсті. Өзі қаратөбелік болғасын ба екен, оның жерлес студенттерге үнемі жүрегі жылып тұратынын кейін білдім.
Жазғы демалысымда Мəтжан Мақсымұлының тапсырмасымен халық ауыз əдебиетін жинау мақсатында Шыңғырлау ауданының Лубен, Қаратөбе ауданының Егіндікөл, Қоскөл, Ханкөл ауылдарын араладым. Лубеннен «Ақ Қазиза» жырын жазып алдым. Сондай-ақ, Сегізсай сегізжылдық мектебінің мұғалімі барамық Зинетден Кəрімовтен Сегізсай ауылының қасындағы Аққұм жайлы «Аққұм» дастанын жазып алдым.
Кейін өзім Аққұмды жаяу аралағанымда екі, үш қырлы жебе ұштарын, қылыш таптым.
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылдық округінен күншығысқа қарап 5-6 шақырым жүргенде Шыңғырлау ауданы əкімдігіне қарасты Сегізсай елді мекені іргесінде ағып жатқан Қалдығайты өзені жағасында жатқан ұзындығы 15-16 километр, ені алты километрге созылған құм – Аққұм деп аталады. (суретте).
А.С. Пушкин атындағы педагогикалық интитутының тарихшы ғалымдары Гаяз Абдуалиұлы Кушаев, Ю.Г. Багриков тарих факультетінің 1-курс студенттерімен Аққұмды аралап, археологиялық іздеу жұмыстарын жасады.
Осы сапарында Гаяз Абдуалиұлы Егіндікөл орта мектебінде орыс сыныптарына тарих пəнінен сабақ беріп жүрген менің зайыбым Рысты Кəкімқызы Бижанованы мектептен кездестіріп, үйге келді.
-Мен шəкіртім Рысты Кəкімқызымен археологиялық жұмыста Чапай ауданының Бударино селосы маңындағы көне қорымдарды қаздық, Сегізсай ауылында жатып, студенттер Аққұмға да келген болатын, – деді. Алты айлық баламыз Ғабитті көтеріп тұрып ол «осы баладан түбі ғалым шығады» деген еді. Сол Ғабит Қайыржанұлы Хасанов қазір М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы.
Табын – Жиембет Бөкенбай батыр Қараұлы Бұлдырты мен Қалдығайты өзендерінің аралығындағы Аққұм алқабында дүниеге келген дейді. Сегізсай іргесіндегі Аққұмды кезінде Қобыланды батыр шапқан хан ордасы болған дейді. Құмға айналған қаланың орнынан найзаның ұшы, əртүрлі қырлы жебе, қылыш, құмыраның сынықтары, ескі мыс теңгелер кездеседі.
Мəтжан ағадан алған тəрбиемді 1969 жылы Егіндікөл орта мектебіне мұғалім болып барғасын да жалғастырдым. Ол кісімен хабарласып, ақыл – кеңесін алдым. 1970 жылы Аққұмға жасаған саяхат кезінде мыстан, жезден жасалған екі қырлы, үш қырлы жебе ұштарын, сыртын тот шалған қайқы қылыш таптым. Оны өзім мұғалім болып жасаған Егіндікөл орта мектебінің мұражайына қойдым. Аудандық газет редакциясына жұмысқа шақырылғанымда өзіммен бірге ала кеткен қылышты көп жыл үйімде ұстадым. Кейін аудандық музей ашылғасын, бірінші болып, осы қылышты музеге тапсырдым. Бұл қылыш қазір Қаратөбеде М.Мералиев атындағы аудандық тарихи – өлкетану мұражайда Аққұм туралы жəдігердің бірі. (Суретте).
Аққұмнан табылған сынған құмыраның төменгі жағы мен шойын қазанның шеті
SHAPE \* MERGEFORMAT