Сейдәлі мен Алтын. Айтыстың нақты қай жылы болғаны белгісіз. Айтыс жинақтарында 1965 ж. бері жарияланып келеді. 1988 ж. басылымда алғашқыдағы кейбір сөздер түзетілген, мәселен, «Мен бір жүрген шабылған», «Жоқ қыдырып мен жоқшы», «Айтысып көр, қазағым» дегенді «Мен бір жүйрік шабылған», «Жол қыдырып мен жоқшы», «Айтысып көр, қарағым» деп түзеткені дұрыс деп қабылданып, осы жолдар берілді. «Іздеп келген адам ғой» деп басталатын қарасөз кейінгіде алынып қалған. Сондықтан антологияға толық мәтін ретінде 1965 ж. басылымнан (2-том, 138 – 144-б.) ұсынылды.