СЕЙДӘЛІ МЕН АЛТЫН
Сейдәлі:
Мен бір жүйрік шабылған,
Шапсам, оздым тобымнан. Мерекелі жиында Асылдан шапан жамылған. Құдайдың, берген жел сөзі, Өз жанымнан табылған.
Руымды сұрасаң,
Руым менің, Қаражон, Мен – Сейдәлі ақынмын, Шыққан жүйрік Табыннан. Алтын қыз бар ма бұл үйде, Орын алсын жанымнан. «Айтысамын» деп келдім, Айтқан сөзден жаңылман.
Алтын: Жолаушы, сөйле оңталып,
Қанатың қудай қомданып. Арманда қалған кісідей,
Дауысың қалай шығады, Көп ішінде зарланып?
Тікедей тік жөнелмей, Абайлап сөйле барланып. Бұл сөзім мақұл емес пе, Қарашы өзің ойланып?
Атыңның жалы жатыңқы,
Қабағың жаман қатыңқы,
Жол болсын! Сенен сұрайын, Келесің қайдан сайланып?
Сейдәлі: Мен сөйлейін, балалар, Ақылға жетік даналар. Құлақ салып тыңдаңыз, Жиылған көп ағалар!
Жол қыдырған мен жоқшы, Бұл тойда қандай хабар бар?
Менен бір байтал жоғалды,
Төрт аяғы ала аяқ,
Тобығының ағы бар,
Қаламменен жазғандай, Жүзінде сұлу меңі бар. Құлағының артынан, Жаңа да ойық ені бар. Азырақ зерлеп қарасаң, Танауының шегі бар.
Менің сондай жоғым бар,
Той қыдырған тойшылар, Жоқшының сөзін ұғыңдар.
Алтын:
Жолаушы, сөйле сөз келді, Аузыңда сөзің бар болса.
Сөйлер жерің кез келді, Пірлерің бүгін жар болса. Менде бір байтал бар еді, Бұрнағы жылы күз келді. Жаз жіберіп тепсеңге, Қыс аламын бағымға.
Қайдан алдың жоғыңды,
Қолыңда туған малың ба?
Сүйіншіге не айттың?
Берер жерің барында.
Ала алмайсың сонда да, Жығылыс таппай, жалынбай!..
Сейдәлі:
Менің атым – Сейдәлі, Малға жарлы, тілге бай. Келер жерін кең қылсын, Тілекті берді бір Құдай!
Біреудің малы жатар ма?
Іздеген жоғым табылды-ай!
Алып едім тамырдан, Денем сүйген малымды.
Сүйіншіге жоқ еді, Қалаулы нәрсе қайымды.
Сүйіншіге берейін, Бір жабағы тайымды.
Жабағы тай жеміңе, Бер қолыма малымды!
Ерегессем алармын, Сірә дә саған жалынбай!
Тәуекелің сай тұрса,
Айтысып көр тайынбай!
Алтын:
Меніменен айтыссаң, Ауызың қалар жабылмай. Мен – арғымақ баласы, Әлі қызбан, шабылмай. Айтысып көр, қарағым, Тәубеңізден жаңылмай!
Сейдәлі:
Айтысамын дегенге
Келмесін, шырақ, намысың. Шу дегеннен байқадым, Жақсы екен аяқ алысың.
Әлгі айтқан сөзіңде
«Арғымақпын» деп мақтандың,
Арғымақ та болсаң, байталсың,
Қара көрінім жер шабысың,
Естіп келдім мен сені, Құлағыма тиген соң, Алтын деген дабысың.
Алтын қыздың алдында, Шығарайын деп келдім, Аяғымның шалысын!
«Іздеп келген адам екен ғой», – деп, бір кесе шайды қолына алып, амандасқалы далаға шығып, мына өлеңді айтады.
Алтын:
Астымда алып мінген сұр қарагер, Ағады сұр қарадан сорғалап тер. Көріспек, қол алыспақ міндет дейді, Жолаушым, көрісейік, қолыңды бер!
Сейдәлі:
Айтамын айт дегеннен, қыз-ау, Алтын, Лебің бал, аузың шекер, жүзің жарқын. Көргеніміз, көріскеніміз болады да, Аман ба ата-енең, елі-халқың?
Бұл тойға мен қыдырып келіп едім,
Алтын қыз, байқадың ба сөздің парқын?
Берсейші бағанағы байталымды, Жоғалтпай жауаппенен сөздің артын!
Алтын:
Жолаушы, айтар сөзің біле алмайсың,
Жала етіп, дәнемені таба алмайсың, Өзімнің қолда туған байталым ол, Біздерден куә өткізбей, ала алмайсың.
Сейдәлі:
Е, бәсе, айтар сөзім таба алмаймын, Шала етіп, дәнемені жаба алмаймын. Байталды «Сенікі» деп айттың өзің, Уәдеңнен ант ішсең де, тана алмайсың.
Алтын:
Барады көшіп аулым Қаражарға, Сонарлап құсым салдың қалың қарға. Аласың байталыңды айғыр берсең, Алашқа шашып жүрген малым бар ма?
Сейдәлі:
Барады көшіп аулым Қаражарға, Сонарлап құсың салдың қалың қарға. Байталды бір бересің, бір аласың, Сөзіңде сен сайтанның наным бар ма? Бар еді бір айғырым кер қара жал, Ала ғой, аяйтұғын жаным бар ма?
Алтын:
Жолаушы, байталымды бердім саған, Инедей айыбы жоқ нансаң маған. Біреудің о-дағы бір аманаты, Иесіне тапсырайық есен-аман.
Сейдәлі:
Бір байтал сенен қалап алғаннан соң,
Бір айғыр өз қолыңда қалғаннан соң, Байталың айғыр түгіл майып болар,
«Тусын» деп, арғымаққа салғаннан соң.
Алтын:
Жолаушы, өз айғырың өзіңізге, Байталым тұра қойсын өзімізде.
Аяғын тұмандатып, еліктірген, Сенбедік мынау айтқан сөзіңізге.
Сейдәлі:
Е, бәсе, өз айғырым өзімізге, Байталың тұра қойсын өзіңізде.
Түсуге төзер едім тезіңізге, Байқаймын, бәтуә жоқ сөзіңізде.
Алтын:
Қожа елі қой айдадым базарына, Жаманның жақсы күмән ажарына.
Отырған орынымнан садаға кет, Алмаспын сен қазақты назарыма!
Сейдәлі:
Байқадым әу дегеннен әуеніңді, Білмейтін жан екенсің өлеңіңді. Ыршыма, саған менің әуесім жоқ Әр сөзім кессе-дағы көмейіңді.
Алтын:
Әуеден қатар ұшқан қаз болмасын, Құданың қысы кетіп, жаз болмасын.
Қазақтың түсі бозғылт көрінеді, Құдай-ау, осы адам таз болмасын!
Сейдәлі:
Дұрыс-ақ, қатар ұшқан қаз болады, Жігіттің хас мырзасы таз болады. Таңданып, таздың несін айыптадың, Таз көрсе, қыз көңілі жаз болады! Үйіңде әкең де таз, шешең де таз, Байғұс-ау, неменеге боласың мәз?
Күйеуің атастырған кәрі Жәкең,
Отыңның басы толған өрен де таз.
Алтын отырып қалады, Сейдәлі өлеңін жалғап:
Алтын қыз, білмедің бе айтарымды?
Бұл тойдан айтып өлең қайтарымды. Бағана «Жеңілмеймін» деп едің ғой, Шаба бер тарбаңдатып байталыңды!
Қыз осымен тоқталып қалған соң, қасындағы жеңгесі өлеңді қоя береді:
Айтамын айт дегеннен арма, қайным, Тассаң да, төгілерсің, толма, қайным. Құрбыңды көп ішінде сонша ұялттың, Кегіңнің біткен жері сол ма, қайным?
Сейдәлі:
Ар қандай, ақыл қандай, намыс қандай, Жүйріктің бірі озады жарысқанда-ай! «Алтынды жұрт жеңбеген жеңді» деген, Шашылған әрбір елге дабыс қандай? Басыма менің киген төбетейім, Өлең айтсам келеді елекейім.
Тапқанша алты бала әйгілі боп,
Жүр ме едің айтып өлең, жеңгетайым?..