САУЫТБЕК ПЕН СЫБАНБЕК

САУЫТБЕК ПЕН СЫБАНБЕК
Сауытбек:
Сыбанбек, жүр дегенде қалдың неғып, Өте ме жас өмірің жылқы бағып? Бола ма тәуір жігіт деп ойлаушы ем, Жүр дейді Жеріндіктің отын жағып.
Қатын алсаң болмай ма қаңғығанша, Тамағын Жеріндіктің аңдығанша. Жігітке бір тіршілік болмай ма екен, Отын жоқ дегеніме тарынғанша. Бар тапқаның мал бағып жалғыз бөрік, Соған да шіренесің амал бар ма?
Сыбанбек:
Атамыз малға бастан жарыған ба?
Сен жүрсің қошемет қып малы барға. Айтасың әйел ал деп, жаның ашып, Бересің неменеңді қалыңмалға? Аз уақыт күнелтейік, уақыт болар, Ыза боп неғыласың тарынғанда?
Басыма шаруа боп кидім тымақ,
Ауылым Майтүбектен кетпейді ұзап.
Баққаным менің жылқы зиян емес, Бөркімді киіп жүрсің тойға сұрап.
Түйелі сиырлымен жанаспайды,
Сыбанбек жылқы бақса, адаспайды,
Бөркімді қара бұйра киіп жүрсің, Кигенмен көзің соқыр жараспайды.
Сауытбек:
Домбыра өлеңімен біткен бағым, Талмайды күн-түн айтсам, тіл мен жағым. Қорламай біздің ауылды алысқа кет, Атаның төмен баспа аруағын.
Ата жөнін істелік біреуміз-ақ, Сен түбін ойласаңшы шаруаның.
Шырағым, неғыласың мені қинап?
Қинасаң, айтысармын өлең жинап.
Бетіме бір бөркіңді еттің салық, Көріп пе ең бұдан бұрын аға сыйлап?
Бетіме бір бөркіңді еттің салық,
Оныңды қимай жүрсең, қалғын алып. Мен саған міндет қылып неге айтпаймын, Жасыңда асыраттың жетім қалып.
Мал бағып, не боласың қаңғып жүріп? Ауылды иесіз қалған аңдып жүріп. Құрай берсең бірталай мал болмай ма, Ақыңды төрт-бес жылғы алып жүріп.
Сыбанбек:
Той десе, домбыра алып аттанасың, Мәз болып, әйел күлсе, шаттанасың.
Екі қыз тұсыңа кеп, өлең айтса, Қалдырмай ішіңе өлең ақтарасың.
Бес жылқы бесеуіңе бітпей қойды, Үлкенсіп, неменеге мақтанасың?
Рас, сен жас күнімде асырадың, Намыс қып, оның несін жасырамын?
Отын жақ Жеріндіктің дегеніңе, Терезем тең болғасын ашынамын.
Жел тұрса, шөптің басы селкілдейді, Жақсы адам айтқан сөзге серпілмейді. Өтіпті бізден бұрын талай жетім, Құдайым қуат берсе, өлтірмейді.
Сауытбек:
Салмақты болар деуші ем қорғасындай, Кісіге өнер бітпес, жол ашылмай. Көреміз әніңменен бір қыз алсаң,
Есектің китіңдеген жорғасындай.
Басымда ән де, өлең де жеткілікті, Мың қойдың көлемі үлкен қорасындай.
Сыбанбек:
Түсінде үлкен атам өлең алған, Өнерін маған қаптап бере салған.
Анадан сені тапқан мен де тудым, Маған да бір қой сойып қалжа жеген.
Ауылдың бәрі кедей, бәрі күйші, Малсыз боп біреуі жоқ аштан өлген.
Өлеңім аз болса да, әнім сұлу, Қайғыңды қайтып алғын маған деген.
Сауытбек:
Шешеңді жалмап туған жетім едің, Он жасқа келгеннен соң жетіп едің.
Жетімді есіркеме деген екен, Қарашы, міне, алдыма келтіргенің.
Сыбанбек:
Бір гүлім он екіде ашылмаған, Дәуірім өлең айтпай, басылмаған.
Өтіпті не жақсылар жетім болып,
Сен бе едің соның бәрін асыраған?

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *