САУЫТБЕК ПЕН МАЙСА
Сауытбек:
Келіп ем, Майса, сізге амандаса, Қалмайды тойдан Күнту хабарланса. Жігіттің бағы ашылар деген екен, Танысып, ағайынды араласа.
Майса:
Келгенің жақсы бопты нәсіп ауып, Сәмбетті іздеп келдің қайдан тауып? Сарқымастан шықпайтын кедей Күнту, Келіпсің бір-бір сайман жалта шауып.
Сауытбек:
Аман ба, ақын Майса, елдегіңіз, Тамаша ойын-сауық ермегіңіз. Хантауын жайлап жатқан сұлу бар деп, Ізденіп, айтысуға келгеніміз…
Майса:
Хантауын мен бір ерке жайлап жатқан, Бауырында жаздай бие байлап жатқан. Айтысуға келгеннің аузын буып, Үйіңе аман бар деп айдап жатқан.
Сауытбек:
Хантауы біздің ауыл бауырында, Арнайы іздеп келдім ауылыңа. Бес, он ауыз айтысқанда сұлу қыздың Талайын тартушы едім бауырыма.
Майса:
Қай жақтан айтысам деп келдің жортып? Кетесің бай ұлындай толқып-толқып. Бойың қысқа, көруге түсің солғын, Жеңер деп сескенбеймін сенен қорқып.
Сауытбек:
Оншалық қортық емес, аласамыз, Бәйгеге бай ұлындай таласамыз.
Әнім зор, өлеңім мол, өнерім көп, Зор байлық – өлең, сауық, тамашамыз.
Майса:
Бойыма біткен өлең айтсам, дайын, Саған мен байлық айтып неғылайын.
Сауытбек, шіренесің неменеге, Келіпсің сұрап мініп тайдың майын.
Сауытбек:
Келгенім рас, Майса, тайды мініп, Отырсың сұрамастан жайды біліп. Айтыссам, сұлу қызбен таңдамалы, Талайы беттен сүйген қайырылып.
Майса:
Көктемде сиыр қашар оқырадан, Ауылым күнде жиын топырлаған. Ақын деген мақтан ғой, әнге кедей, Бәріміз ақын қызбыз, соқыр адам.
Сауытбек:
Тұрмысың бүгін көріп Сауытбекті, Бір көзім бір көзіме ауып кетті.
Атақты Балта атаның тентек қызы Бетімнен оңдырмай-ақ қауып кетті.
Майса:
Өлеңші келіп-қайтқан талай-талай, Артына қашып кеткен бір қарамай. Атаңызды мына жұрт Абыз дейді, Ұқсаттың адамзатты итке қалай?!
Сауытбек:
Сен менің неғып едің бір көзімді, Мен сенің ұнатпадым мінезіңді. Екі жас дос болуы қиын емес, Ұстасаң от боп тұрған білегімді.
Майса:
Сауытбек, есте бар ма, түнеу күнгі, Кетіп ең көрместей боп бұл өңірді.
Кедейдің қара қасқа өзі екенсің, Шыдамай, жарып алма жүрегіңді.
Сауытбек:
Өзіме өз обалым шыдамасам, Көзден бұл-бұл ұшасың шыдамасаң.
Сауытбекті өлдіге санай бергін, Жақында сенен сұлу қыз алмасам.
Майса:
Өлең қызық болмайды сөз болмаса, Қисық ағаш көбейер тез болмаса. Кедейге қыз тимейді біле тұрып, Байы өлген жесір қатын кез болмаса…
Сауытбек:
Айтайын саған бір сөз мақұлдасаң, Қыздар жақсы көреді, жақындасам…
Дүниеден бос өткенім жақсы емес пе, Қыз алмай, жиырма үште қатын алсам.
Майса:
Сені жігіт деуші ем білерлікті, Сұрап, мініп келіпсің бір көлікті. Тойға барса, ауысып киеді дейді, Алтауың кезек-кезек бір бөрікті.
Сауытбек:
Ау, қамыс күрке өзіме, Сәмбеттің аппақ үйіндей. Сауытбектің өнерін Жүрмісің, Майса, түсінбей? Қамыс үйде ән салсам, Кетпейді сұлу керілмей.
Басылмайды дауылым, Жүз деп кісі үйірмей. Таң қалады әніме
Бұлбұлдың сұлу үніндей,
Айналып тыңдап қыздар тұр Төңіректен сыртымнан, Реңі жұпар гүліндей…