САРЫШОЛАҚ ПЕН ТАМА ҚЫЗЫ
Сарышолақ:
Хабарлас, пенде бар ма, бері шығып, Қорқаудай қалғаны несі бәрі бұғып?
Сұлу қыз, шыға келіп, қайта кірдің, Бар ма еді жасырғаның бізден тығып?
Тама қыз:
Жаушыдай сырттан келіп, шүйлігесің, Болмасқа келмей жатып, килігесің, Несіне аттың басын тіреп тұрсың?
Білмесең, қонар жерде үйдің иесін.
Сарышолақ:
Қазақтың түп атасы бірге туған,
Аулыңа әдет пе еді қонақ қуған. Ел жақтан мал айдатып жіберейін Тарығып отырсаңыз ас пен судан.
Тама қыз:
Кім едің байлығың сонша асып жүрген,
Қонатын жерлеріне шашып жүрген,
Көк атты көлденеңдеп, тұра қалдың Жақсы екен қонақтың да әлін білген.
Біздің ел жайлады Жемнің бойын, Қонағым, неде еді сенің ойың? Құр сөзден мал болмайды айдап салар Жетеді ауылымда баққан қойым.
Сарышолақ:
Тебетей киіпсіңіз, маржан тағып,
Өштідей сөйлесесің бізбен неғып?
Үйіңде еркек жоқ па хабарласар? Тұрысың жаман екен есік бағып.
Тама қыз:
Тебетей киіп едім, маржан тағып, Өлеңге мен де жүйрік тұрған ағып. Таныспай келе сала қағытасың Сонасы секілденіп Ор бойының қуа шағып.
Сарышолақ:
Естуің бар ма еді Сарышолақты, Талайдың талай дуда жынын қақты. Ұлықұм – қыс қыстауым, Ор – жайлауым, Мырзағұл ағамыз бар салтанатты.
Тама қыз:
Деп едім дала кезген біреу екен, Ән қуған Құм бойының Тілеуі екен. Қарақшы секілденіп бей уақытта Көңілге келтірдің ғой нелер секем.
Сарышолақ:
Сұлу қыз, сөзің жақсы сыналаған, Қай жерім өзіңізге ұнамаған? Тұрғанша қайымдасып, тізгін ұста Ат байлар жоқ па еді іні-ағаң?
Тама қыз:
Бұл үйге талай келіп, кетті талай,
Қонағым, келмей жатып сөзің қалай?
Атыңды мама ағашқа байлай салғын, Іні-ағамды қыла алмаспын саған малай.
Сарышолақ:
Бұндай сөз жараспайды қызға тәуір, Болды ма шылбыр ұстап қолың жауыр. Қонақтың келгенінен, Кетпегінің аяғы ауыр.
Қыз сөзден тосылыпты. Сөйтсе, аяғы ауыр, жүкті екен. Бәрін естіп отырған ағасы Сарышолақты қасындағыларымен аттан түсіріп, қонақ етіп, ертеңіне ат-шапан айыбын тартып, аттандырыпты.