САРЫШОЛАҚ ПЕН БАҚИ СҰЛУ

САРЫШОЛАҚ ПЕН БАҚИ СҰЛУ
Сарышолақ:
Қыздардың қызығына біз жараған, Жақсы сөз желдей есіп, тез тараған. Сылқылдап, бәрің кербез көрінесің, О несі түртіншектеп, жұрт қараған?
Бақи:
Ауылдың қонған жері – Тобылғылы, Келесің ысылдатып сыбызғыны.
Аңдамай, әлдеқалай қолдан тайған, Сырғамды іздеп жүрмін күн ұзыны.
Сарышолақ:
Ауырды өлшейтұғын безбен еді, Сырғаңыз күміс пе еді, жез [ден] бе еді? Құдайым сәтін оңдап тұрғанында, Бақ орнап, жігіт қызға кез келеді.
Бақи:
Жүрегім бір пәлені сезген еді, Бар шығар әркімнің де көздегені. Сұңқылдап тұра қалдың ат-жөні жоқ, Ел құртқан дәруіш пе, кезбе ме едің?
Сарышолақ:
Жақсыны әрқашан да көз көреді, Айтар сөз неге ғана өзгереді? Қалқам-ау, сырғам жоқ, деп жыланасың, Дүниеден ақылдылар безген еді.
Бақи:
Қаракер атың бар да, өзің сары-ай, Келесің сыбызғылап, жөнің қалай? Өзіңді таныстырсайшы сарнағанша, Дегенше сөйлер сөздің бәрі солай.
Сарышолақ:
Әлімдегі наз бедеу,
Сұрасаң, болам бел Тілеу,
Жалтума болам содан соң, Толқынданған боз селеу.
Бақи:
Шежіредей барлығын жіпке тізіп,
Жан екенсіз, өзіңнен сөзің қызық. Ел кезіп, сендейлердің талайы жүр Бірі − дұрыс, бірінің ниеті бұзық.
Сарышолақ:
Сұрасаң аты-жөнді, біздің жайды, Сарышолақпын, баласы − Боранбайдың. Саралап сөйлегенде өлеңдетіп, Іші тар сіздей қыздар көре алмайды.
Бақи:
Жекейде толып жатыр нелер сахи, Сұрасаң, менің атым − сұлу Бақи. Жау іздеп жүретұғын Тілеу-Қабақ, Шетінен найза ұстаған кілең ақи.
Сарышолақ:
Керекте найза аламын жауға қарсы, Домбырамен топқа түсем нелер шаршы. Әніме салғанымда «Тілеу-Қабақ» Тыңдаған Кіші жүздің небір арысы.
Бақи:
Әніңді естіп жүрміз «Тілеу-Қабақ» Көтібар өлді дейді Адай сабап. Батыр болса, ел-жұртың қайда кеткен, Қалмаған неге сонша арашалап?
Сарышолақ:
Бар ма еді біздің жақта өшің, кегің, Қазымыр болар, бәлкім, түпкі тегің!
Мыстандай көпті көрген айтасың сөз,
Көтібар Маманды шапқанда ішінде бар ма едің?
Бақи:
Үлкендерден болатын қалған нұсқа, Ән айтып, келіп қапсың біздің тұсқа. Асаудай бас білмейтін бір езулеу, Жігітсің-ау, шамасы, алып-ұшпа.
Сарышолақ:
Қыздарға жарасады берік ұстам, Көңілім сіздейлерге алып ұшқан. Дариға-ай, арман бар ма, жалғаншыда, Өзіңді айдалада жеке құшсам?
Бақи:
Өзің сары, көрінер көзің шегір, Ұқсайсың, саудагерге нағыз жебір.
Сұлудан дәмең бар ғой Бақи-сынды, Қор болар сендейлермен қандай өмір?
Сарышолақ:
Саудам бар қыздарменен оңашада, Батар ем оңашада тамашаға. Кірпідей жиырыласың, түгің шығып, Сұлуым, бұл өзіңе жараса ма?
Шегір болар жігіттің арыстаны, Қалушы ед өлең сөзде жарысқаны. Түніменен дөңбекшіп, іздегеннің, Жақсы емес пе оңаша табысқаны?
Бақи:
Қалмады-ау, мына Тілеу соңымыздан, Күн орнына түн туар оңыңыздан. Сөзіңді естіп қалса ағаларым, Таспа тілер, шырқыратып жоныңыздан!
Сарышолақ:
Сол ма еді келетіні қолыңыздан, Таспа емес, арқан шығар қоңымыздан. Ауылың, қорғаштаса ағаларың,
Қалайша құтылмақшы кәрі қыздан?!
Бақи:
Не дейді Тілеудің бұл сауысқаны, Шіркіннің келмей жатып жабысқаны.
Ыза боп тұрғанымда жайым кетіп, Жақсы еді ғой жағыңның қарысқаны. Сөзімде болмаушы еді әсте бүкпе, Жетпей қал салауатты кәрілікке. Ақынға сен сияқты қарамаймын, Көңілім алып ұшар ірілікке.
Сарышолақ:
Жігіт жоқ өлген қыздың қарғысынан, Қарғысың артық кемпір алғысынан.
Қарғыспен жайпап салсаң жігіттерді, Нең артық еді солардың жалпысынан?
Бақи:
Қалып ед осы жақта сырғам түсіп, Не айтпас кездескенде сендей пысық? Қыз, қыз деп, зарлап қалдың, о, жырауым, Тіліңе шықса екен сенің ұшық.
Сарышолақ:
Сырғаңнан, айналайын, айдай болған, Өзің де жан екенсің, жаңа толған.
Жігітпен ақсүйекке таласып пе ең, Шығарғансың сырғаңды қалай қолдан?
Бақи:
Жігітпен ақсүйекке таласпадым, Жұмбақтап, Сарышолағым, әрі аспағын.
Атыңнан айрыларсың ағам келсе, Жақсы еді біздейменен жарасқаның.
Сарышолақ:
Беріпті, айналайын, саған көрік, Болады-ау қызда әр кез үйде ерік. Кеткенде ұзатылып басқа жаққа, Жүре ме мәңгілікке ағаң еріп?
Бақи:
Болады маңдайыма өз жазғаны, Не дейді Тілеудің мына азбаны?
Батырлығым асады сендейлерден, Жігіттің жаман дейді түп қазғаны.
Сарышолақ:
Соғайын әр кезде де сойылыңды, Білейін қанағатшыл тойымыңды. Батыр болсаң, көрсетші «азбаныңа», Қос бұлдырық, төстегі мойылыңды.
Бақи:
Қызықсаң төсімдегі анарыма, Шоқ түссін, күлімдеген жанарыңа. Қол түгіл, жел тимеген, о, ақыным, Сақтағам барлығын да барарыма.
Сарышолақ:
Сақтасаң барлығын да барарыңа, Ақылың болған шығар шамалы да. Құрбыны қатар білер бірге жүрген, Тап келдің әлдекімнің амалына.
Барарсың бір күн ұзап песіріңе, Кезіккенде осындайда кесіріңе. Сайрап қал бұлбұлдайын, замандасым,
…………………………………………………………
Құрбының қадірін бірге жүрген білмес, Барлығы бұл жалғанда ойнап-күлмес.
Әзілін қатарыңның түсінбесең, Көксауың барғаннан соң құлаққа ілмес!
Жеңілген Бақи жылап жібереді. Сарышолаққа алтын сырғасын ұсынады.
Сарышолақ:
Құрбыда кездеседі қадір білмес, Кей жаман асыл сөзді құлаққа ілмес.
Жисаң да, қанша алтын қоймалатып,
Сол байлық ақыретке еріп жүрмес. Болмаңыз жаман үшін жұртпен күндес, Жақсымен кезіксеңіз анық тілдес. Сырғаңнан, айналайын, өзіңе құт,
Емеспіз сырға тағар біз жарымес.
Бақи:
Ағатай, ұялттың-ау топ алдында, Өзге қыздан сыйлықты көп алдың ба? Сырғамды ұсынғаным, жырау аға, Жүрейін дегенім де көз алдыңда.
Бақи қолынан ағытып, гауһар көзді алтын сақинасын береді.
Сарышолақ:
Айналдым сақинаңның көздерінен, Бал татыр айтқаныңда сөздеріңнен. Құралай секілденіп мөлдірейсің, Қалайша осы кеште кез келіп ең?
Бақи:
Қалалық айтыспай-ақ бауыр болып, Кездесіп осылайша тәуір болып. Бір ағам өзіңіздей бола алмады-ау, Көрмеді оларға да көңіл толып.
Сарышолақ:
Жақсының жаман жүрер бағын байлап, Кездестің қалың кеште Құдай айдап. Көңілің көншісінші, текті құрбым, Көшті ірік, жырлайын бір үзбей, сайрап.
Бақи:
Басыңыз қайғы жұтқан жүрегімді, Ойлама, қарындасың құр егілді. Ән болса айтатұғын, тыңдар құлақ, Көш іркілер, орындап тілегіңді.

Қыздың ағасы келіп қалады.
Сарышолақ:
Ассалаумағалайкум, ауылнайым,
Мінезің көл шайқаған дауылдайын.
Өлеңнің желігімен келіп қалдық, Көрейік, Жекейдің де малды байын.
Оу, аға, құлдық ұрдық пәрменіңе, Асықпыз әрқашанда жәрдеміңе. Сән-салтанат, көшіңіз думандатқан, Мәз болып мен келемін көргеніме.
Сүйреткен ақ құрығың қолыңызда,
Кездестік көш-жөнекей жолыңызда,
Көңілін ел-жұртыңның көтерейін, Үй тіктір, жайлы жерге қоныңыз да, −
дегенде, ағасы көшті тоқтатады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *