ОҢҒАР МЕН ЫРЫСТЫ ҚЫЗ
Оңғар:
Етікші етік тігер бізіменен, Бізден соң, ине жүрер ізіменен. Түрленіп, түспес қолға дүние, шіркін, Сағымдай алдап жұртты жүзіменен. Қызылдың қиясынан көмір айдап, Бір жылша кіре салдым күзіменен. Басынан Қаратаудың көшкен күні, Қалыпты бір ат дорба тұзыменен.
Сол тұздың түсіп қалған себебінен, Айтыстым бір Төбеттің қызыменен.
Атыңды мен білмеймін, қарағым, қыз, Келе жатқан ұзақ жолдан жолаушымыз. Ағаңның арнап келген жұмысы бар, Қайырға болар ма екен бір салым тұз?
Ырысты қыз:
Сұрасаң, менің атым – Ырысты қыз, Айтайын, керек болса, ат-есіміміз. «Тұз» деген қажетіңді жеңгем білед, Болмаса, одан өзге жұмысыңыз? Көмірші кіре айдаған толып жатыр, Өзің де айт аты-жөнің, кім боласыз?
Оңғар:
Баласы ата-ананың жатжұрттық – қыз, Кететін бөтен елге, айдап дәм-тұз. Білмесең, атымды Оңғар деп айтады, Бозғұлда Қаратамыр, аты-жөніміз. Жұмысым тұздан да өзге толып жатыр, Айтайын, қарындасым, бітірсеңіз.
Ырысты қыз:
Базардан алып келген қызыл керсен, Керсеннен кім дәм татпас, тегін берсең. Қажетің иә табылар, иә табылмас,
Мән-жәйін білер едік, айтып көрсең.
Оңғар:
Адамзат қайда жүрмес, айдаса – тұз, Талпиды әр тарапқа көңіліміз. Айтайын «Айт» десең, мен жұмысымды, Өзіңдей іздегенім – бір сұлу қыз.
Ырысты қыз:
«Бір салым – іздегенім – тұз» деп едің, «Жолаушы, шын мүсәпір – біз», – деп едің.
Сөзіңнің алғауы көп жан екенсің, Қаруы қайтпайтындай ештеңенің. Жолыңнан қалмай-ақ қой, дәмеленіп, Алдыңнан шыға берсін іздегенің.
Оңғар:
Керуен күн-түн қатар сүргін болып, Көңілімде қалды айтқаның, кірбің болып.
Істерсің, істемессің айтқанымды, Үйіңе кетсем қайтед бір күн қонып!
Ырысты қыз:
Үйімді қызғанбаймын, «Қонам» десең, «Жай жатып, жақсы қонақ болам» десең.
Кісідей ұстамалы ауруы бар, Орныңнан түнде тұрып елірмесең?
Оңғар:
Кей-кейде әдетім бар елеурейтін, «Бітір, – деп, – қажетімді!» жеделдейтін.
Күтініп, кең салып жат төсегіңді, Қонақтан дәмең болса, «Келер» дейтін. Қалмасын қатарыңның көңілі ренжіп, Нәрсе жоқ өзгеріліп, «көнермейтін».
Ырысты қыз:
Күте бер, олай десең, «көнергенше», Тілеуқор болып сырттан өле-өлгенше.
Болмаса, адал жолмен ізденсейші,
Қол жайып көрінгенге, тіленгенше.
Оңғар:
Көбейер, күз басталса, жел менен құз, Кеткен соң қырық күн шілде, сарша-тамыз. Секілді олжа малы – қардың суы, Қашаннан жұртқа жеңсік қыз бен қымыз. Несіне білмейтіндей бұрмалайсың, Болмап па ед атаң жігіт, анаңыз – қыз?
Ырысты қыз:
Алты айдың үшеуі – жаз, үшеуі – күз, Екі елу – ердің жасы болады жүз. Кездестің келе жатып көш жөнекей, Отырсаң, үй тіккенше кідіріңіз.
Оңғар:
Болғанда үш ай тоқсан, қатады мұз,
Қар жауып, қара жерде болады сыз. Үйің тік, олай десең, малыңды сой, Бір қоста, жолдасым бар, он кісіміз.
Ырысты қыз:
Шаруаның қар жалаған малы семіз, Туады, мал семірсе, төлдеп егіз.
Қонаққа қойымыз жоқ соятұғын, Шұбыртып сонша бәрін біздің неміз?
Оңғар:
Қолыма, «Жырла» десең, домбыра бер, Мейманға назарыңды оң бұра бер. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөз бар, Он түгіл, жүз де болса, қондыра бер.
Ырысты қыз:
Қыс болса, түлкі, қарсақ жортар саймен,
Санаспас, білмеген жат, жай-жағдаймен. Күніне жүз кісіні сыйлайтұғын, Жомарт бар деп пе едің тең Атымтаймен?
Оңғар:
Қашаннан хан мен төре – ел ағасы, Шығады жоғарыдан су сағасы.
Жомарттық етпесең де Атымтайдай, Ағаңа бермеймісің қонақасы?
Ырысты қыз:
Бұл кезде, би мен болыс – төр ағасы, Жылқының көзге қораш көк аласы. Қыс болса, шаруаның жайы мәлім, Көп болмас, көңіл-қоштық ырадасы. Қар жауып, үй тігілмей жатқанында, Қой, жаным, қонақасы сұрамашы.
Оңғар:
Дау болды-ау қонақасы арамызда, Бар болса, түсінер ең санаңызда. Еншіміз қонақасы айрылмаған, Айрылып, көре тұра қаламыз ба?
Құдайым қайдан бізді кез келтірді, Кескенде, қан тамбайтын сараң қызға?
Ырысты қыз:
Қонағым, ақырында, қас болдың ба?
Білместей жай-жағдайды жас болдың ба? Мен саған «Жөн сілте» деп тұрғаным жоқ, Айта бер ақылыңды басқа орныңда! Аузыңа келген сөзді қайтармайсың, Базаршым, тентіреген, мас болдың ба?
Оңғар:
Ау, жаным, мынау сөзің тиді жаман, Айтасың ашындырып қалай маған? Кемді күн қыз да – қонақ, біз секілді, Бұтына ошағының болмас таған.
Сөгесің неге бізді жүрген түзде, Далаға шықпайтын ба ед сенің ағаң?
Ырысты қыз:
Қолында құсбегінің биялай-ды, Атады мерген тосып құралайды. Айтылған ишаратқа түсінеді,
Жақсы адам жайды білген, сынамайды.
Далаға менің ағам шықса-дағы, Тентіреп, қонақасы сұрамайды.
Оңғар:
Болмады айтпасқа сөз саған тағы, Шымшыған тиді тілің маған тағы.
«Атаңнан мейман ұлық» деген қайда? Білмесең, ол – кемістік, шалаң тағы. «Қайырды – қабаған ит байлар» деген, Ауылды сен билесең, қараң-дағы.
«Тентіреп, қонақасы сұрадың» деп, Тек жапқан сылтауратып жалаң-дағы. Бетіңше кеткеніңе қайырусыз, Жеңгең мен жақсы ат алмас ана-дағы. Бола алмай ауылға ие, әйелге – ер, Ойлап көр, не болғаны ағаң-дағы? Қыдырып, қонақасы іше алмаса, Атаң да бір нәсілсіз жаман-дағы. Осымен тоқталарсың, тілімді алсаң, Болмаса, бұдан да өзге табам тағы.
* * * Сол жерде қыз жауаптан кідіріпті Деп айтқан: «Аға тілін алам-дағы».
Қоштасып, тарасыпты жөн-жөніне, «Сау бол, – деп, – көріскенше аман-дағы». Оңғардың Ырыстымен айтысының Аяғы осыменен тамам-дағы.