МӘШҺҮР-ЖҮСІП ПЕН БІР ҚОЖА
Мәшһүр-Жүсіп:
Айтамын: «Айт!» – дегеннен әуелі Айдан, Бір Құдай орын бергей бейіш жайдан!
Соны тапсаң, бір тыныс алдың, қожам, Жаратты пайғамбардың нұрын қайдан?
Қожа:
Ырсай Алла, жан Алла пида болған, Пайғамбар – қазынасы нұрға толған. Ғабдолла Бұтырашқа нұрын төгіп, Нұрынан бір Құдайдың пайда болған.
Мәшһүр-Жүсіп:
Он түйме өңірімде қатар-қатар, Шешкенше сол түймені таңдар атар. Үлкендікке талассаң, жол болады, Дария мына жатқан қашан қатар?
Қожа:
Олла, ағылым демесе, ғасы болар, Желді менен тоқсанда дария қатар. Қарағай садақ қырық кез оқ барымда, Сендей ақын жоқ па еді өзі атар?
Мәшһүр-Жүсіп:
Екі сексен бір тоқсан жұмбағым бар,
Жүйрік болсаң, соны тап, құла[ғың] сал?
Қожа:
Қарағай садақ, қырық кез оқ бар белімде, Мендей ақын бар ма еді өз еліңде? Екі сексен, бір тоқсан жұмбағыңыз, Есептесең, екі жүз елуің де.
Мәшһүр-Жүсіп:
Сүйгенге бейіш іші сарай болар,
Екі он бес күн, төрт жұма – бір ай болар. Кей байлар жүзден бірін зекет бермес, Оның жайын сұраймын, қалай болар?
Қожа:
Әр не қылсаң, Аллаға аян болар, Қылған ісің алдыңнан даяр болар.
Жиған малың зекетсіз, ақын, олжа, Ақырында, жылан мен шаян болар.
Мәшһүр-Жүсіп:
Қожеке-ау, ояу қалай, ұйқы қалай, Болғанда жаугершілік жылқы қалай? Ақыретке барғанда, тақсыр қожам, Жалғандағы ойын мен күлкі қалай?!
Қожа:
Жанның қамын ойламас ақымақ, есер, Үйде отырып, арымен өлшеп-пішер. Бұ дүниеде көп ойнап, көп күлгендер Жылай, еңірей, тозақта күні кешер.