МӘУЛІМБАЙ МЕН МҰҒЛИПА

МӘУЛІМБАЙ МЕН МҰҒЛИПА
Мәулімбай:
Мұғлипа, Мәулеш келді, аманбысың, Білмеймін жақсымысың, жаманбысың? Не жетсін жүз көріскен амандыққа, Қолыңды сақиналы маған да ұсын.
Қатарда жөн білетін құдаша едің, Жатырқап, шыныменен, қалғанбысың? Сырыңды, сыныңды алып, түймеген ем, Айтылған сөзге құлақ салармысың?
Құмар боп сөйлеспекке баяғыдан, Бұл тойға іздеп келдім аяғымнан. Мырзада аты-шулы ақын қызсың, Жанасып отырайын қаяғыңнан?
Мұғлипа:
Жүрсіз бе, өзіңіз де аман-есен, Ілтифат, міне, қолым алам десең.
Айта бер мүддеңізді ойыңдағы,
Менімен бір кеңесіп қалам десең.
Жаманды ел ішінде жау алады,
Кетеді жақсыда емес, жаманда есең.
Өзіңдей жақсыларға біз де құмар.
Жасқанбай жақын отыр маған десең.
Мәулімбай:
Мұғлипа, жақынның да жақыны бар, Сөздің де мақұл емес, мақұлы бар.
Халайық екеумізді тыңдай қалды, Айталық жақсы сөзді татымы бар.
Сөзіміз ерсі болып көрінбесін, Бұл елдің бізден басқа да ақыны бар. Байымдап әр нәрсені білетұғын, Қыз едің қатарыңда ақылы бар.
Есікте сыйлаған ер отырмайды, Дейтұғын бұрынғының нақылы бар. Дұшпанға таба қылмай, досқа – күлкі, Қасыңа құрмет етіп, шақырып ал. Қолынан өзге қыздың келе қоймас, Істесең, сен істерсің батылы бар.
Мұғлипа:
Мәулеке, демедім бе қасыма кел, Келсеңіз, шабандатпай, асыға кел. Сөзінен қай қазақтың құтыламын, Екеуі, қиын қылса, ашына дер.
Болады қыздың қасы қыруар сөз, Деміңді ап, алқыныңды басыла кел. Үйдегі құдағидан қорқар болсаң, Жүгіңді кейін қарай тасына бер. Қыздармен айтыспай-ақ, үйге қайтып, Үйреншік қотырыңды қасына бер.
Мәулімбай:
Құдаша, шу дегеннен өрге салдың, Құдаңды қиқар болса, жөнге салғың. Дегендей көк дөненнен көңіл жүйрік, Дарияға қармағыңды сен де салғың.
Отырсың ердің қамын жеген болып, Арманың қалжың менен өлең болып. Ноғайдың ақырынан арпа жеп пең, Елеріп қалыпсың ғой көбең болып.
Түссе де, басың дауға жасымайсың Әндетіп, бір жеңгеңді қасыңа апсың. Қасысам, өз қотырым үйреншікті, Қотырын өзің кімнің қасымақсың?
Мұғлипа:
Қасыма орын сұрап келгені не, Қазақтың демегені дегені не? Өзің де алды-артыңды байқап сөйле, Жеткізер кімді Құдай дегеніне?
Байланған әркімде-ақ бар бір қылжуыр, Бос сөздің арадағы керегі не?
Жаманнан әркім басын аршып алсын, Монтайсып жаттың қамын жемегі не?
Бір елдің айдаладан атын тартып, Жігітке беттің әрін төгері не? Басқаның мінін айтып қазбаламай, Көз салсын өз басының төбеліне.
Мәулімбай:
Түспепті қысық көзің өнеріме, Түсіпті менің тыртық төбеліме.
Менен де сенің мінің баданадай, Судай боп сыймай тұр ғой кемеріне. Ақын қыз, оныменен ақсатпайсың, Дәл сені көзім жетед жеңеріме. Туыппын Күшік болып, андас болмай, Әйтпесе, көндірер ем дегеніме. Түлкі де қолға түсер, сасқалақтап, Жұмсайтын айла-тәсіл өлерінде. Сыйпалап, құдаша деп сыйлай айтам, Әйтпесе, сөз қор қылман көк ерінге. Одан да асқақтамай, жөніңе көш, Ілінбей болат тұяқ тегерінге.
Біреудің көз салғанша тыртығына, Өзіңнің қарасаңшы жыртығыңа.
Сенің де мойыныңда тыртық тұр ғой, Бас салып, азулы айғыр қыршыды ма? Қасқырдай тамақ тартып, жата бермей, Азбанды тепсең еді тұмсығына.
Бәледен, Мұғлипа, құтылмасаң, Қырсықтың жолығарсың қырсығына. Шықпаса, көріп айтқан, менің көзім, Ілініп, бір қаларсың ұршығыңа.
Мұғлипа:
Сен сонша дәріптедің андасыңды, Андаспен бір жинап пең мал-басыңды? Ежелден Күшік елі даукес келер, Білемін малта езгенге талмасыңды.
Екі елдің арасында шыбын өліп, Кім білер бір бәлеге қалмасыңды?
Бағана келген жерден байқап едім, Жайлырақ жақсы сөзге бармасыңды.
Мәулімбай, жөн білмейтін сөлекет пең, Білмейсің жең ұшынан жалғасуды.
Одан да ара ағайын әділін айт, Таста да ақын қызбен арбасуды. Басымды одан жаман қатырдың ғой, Былай өгіз, былайда арба сынды.
Мәулімбай:
Дейсің бе өгіз өлді, арба сынды, Арбаға кім үйретті жармасуды?
Ноғайдың арбасына мініп алып, Кетпексің адастырып андасымды.
Қораны тышқақ қойдай былғасаң да, Байқадым шоқырақтан танбасыңды. Көпеске тоқал болсаң, отырмассың, Төрінде құрып алып малдасыңды.
Жүрерсің отын жағып, суын құйып, Жығылып, сары ала ғып жамбасыңды. Келтіріп тәубә-тәупиықты ауызыңа, Күң қылар бәйбішелер хан басыңды. Мұғлипа, түспес жолға түсіпсің ғой, А, Құдай, аман қылсын мал-басыңды.
Мұғлипа:
Андасты сүймегенім, сүйгенім не, Ноғайға тимегенім, тигенім не? Араз боп андас, мырза шабысса да, Күшіктің арадағы күйгені не?
Алқынып, арыныңмен тойға кепсің, Өсекті қатын құсап сүйредің де.
Айтысып, ерегісіп, қызда нең бар? Құдайың қуат берсін үйдегіңе.
Тәуір-ақ андас сөзін сөйлеп бақтың, Қу сөзбен өй дедің де, бүй дедің де. Мәулеке, мұндай сөзге барыспаушы ең, Бір пәле түртіп келді-ау бүйрегіңде.
Мәулімбай:
Бәле жоқ саған деген бүйрегімде, Бар ма еді сенің өшің үйдегімде?
Көпестің байлығына көзді тіктің, Шешеңді әкеңмен [ен] биледің де.
Қышуы екі қолдың қанбаған соң, Пұшпағын кәрі терінің иледің бе? Өзеуреп, Мұғлипа, обықпағың, Мені де лай суға тоғытпағын. Арасын Андас, Мырза шу ғып жүрсің, Құдайдан жақсы шығар қорыққаның. Жалғыз үй кәрі көпесті арқа тұтып, Екі елдің әруағына жолықпағың.
Алғандай алтын тауып арындадың, Күйдіріп, әркімдерді жалындадың.
Қояды әркім теке өз лағын Қыстырып әйелімді не ғылғаның?
Сұлусың, Мұғлипа, маған ти деп, Дәл саған жерім жоқ қой шағынғаным. Несіне кәрі байға қызығасың, Жемейсің оның, бәрібір, қалыңмалын.
Әкең жүр бір басыңды саудаға сап, Әйтеуір, көбейтсем деп алым жағын. Көкпарға тартылатын лақ құсап, Екі елдің додасына салынбағын.
Туардай келер жылы бала көпес, Жуандап қалған екен қарын жағың.
Мұғлипа:
Ер жігіт қорқар деуші ед Құдайынан, Қорыққан сені көрдім жұбайынан. Әйелің тұйғын емес, сұңқар емес, Тұқымы қарақұстың құмайынан.
Арадан қандай пайда табасың сен Нең кетті маған түскен уайымнан? Сен өйтіп әруақты айтып қорқытқанша, Одан да сөзді ұқсаңшы былайынан. Көңілдің ашықтығы жақсы емес пе, Кір батпақ қоюланған лайыңнан? Андастың атын тартып терге шомдың, Байқадым сөзіңіздің шырайынан. Құда деп Қашағанға намыс жырттың, Ерніңнің көрініп тұр сыңайынан.
Мәулімбай, білеміз ғой ақыныңды, Көргеміз салдыр-салақ қатыныңды. Екі елдің арасына қыстырылмай, Үйдегі қатыныңа айт ақылыңды.
Әйтеуір, құр құда деп намыстанба, Егескен озсам дейді жарысқанда.
Әркім-ақ тауым биік болса дейді,
Дұшпанын жықсам дейді алысқанда.
Екі елге араша боп не ғыласың, Сорлыға шоқпар тиер қағысқанда. Таз елі дақпырт қылып құр мақтапты, Мен сені теңеп жүрсем данышпанға. Дұшпаны тура беттеп, тап бермесе, Жөніне кетед дейді арыстан да.
Дауымның басындағы мәнін ұқпай, Қиғаштап, жүйрікпін деп, шалыстанба!
Мәулімбай:
Айтпайын десем-дағы, болмадың ғой, Кедей деп, өз теңіңді қорладың ғой. Кедейден ажырасып, байға барып, Үшінші тоқал болсаң, сорладың ғой. Шекеңді кәрі күйеу қыздырмайды, Анық-ақ оған тисең, оңбадың ғой.
Құда деп ат тартпаймын Қашағанға, Не жетсін тыныш жүрсең, бас аманға. Менен де сенің нәпсің үлкен екен, Құмартып, ғашық бопсың жасамалға.
Жасты тастап, кәрі байға қатын болсаң, Қазысын кекірерсің асағанда.
Болмаса, сенің мыйың ашыған ба, Айтатын сөзімді айтпай, жасырам ба? Бетіңе іздеп барып, түкірермін, Көпестің жүн сирағын қасығанда. Сөзімнің ойымдағы барын айттым, Әзірше қанағат қыл осыған да!
Мұғлипа:
Мәулімбай, айтысып ең меніменен, Тоқтадым, айтыспаймын сеніменен. Мынадай ел жыйылған ұлы тойда, Тиістің андастардың кегіменен. Сыйымды маған деген сөзің болса, Астыртын айтсаң еді ебіменен. Жолдыққа жүзігімді сыйладым мен, Алмағың осы болса тегі менен?!
Мәулімбай:
Сөзіме менің айтқан көнбедің бе, Ақыл сөз, мәмілеге келмедің бе? Жеңілсең, менің теңім сол болып па, Суырып, сақинаңды бергенің не? Мен саған тоғыз қылып беретін ем, Ақиқат сөзден ұтып, жеңгеніңде. Сақинаң жол-жораға жарамайды, Әдейі ат терлетіп келгенімде.
Көпесің аламын деп, алмады ма, Қапталдап, қалың андас қалмады ма? Ол итің миллиончик бай демеп пе еді, Қалтаңа бес-он теңге салмады ма?
Бүлдірдің момын елдің екі арасын, Қағынып, байдан байды таңдадың да. Ақын қыз, мұнша неге дандайсыдың, Ноғайдың берген торғын дамбалына. Дәрияда жүзіп жүрген балық едің, Іліндің қазандықтың қармағына. Несіне Ғайнитдинге қызықтың сен, Басыңды әбжыландай арбады ма?
Халыққа белгілі боп шыға келдің, Басылып көпес таңба сан жағыңа.
Мұғлипа, текті атаның қызы емес пең, Мен сені сүттен таза деп ойлаушы ем, Іш нәрсе қалмапты ғой ар жағыңда. Жеңілсең, тоғыз жолдық бермес педің, Құдаша, Құдай сені қарғады ма? Алмаймын сақинаңды өзің алғың, Саларсың әбзиіңнің бармағына!
Дегенде ыза болып жылады қыз Ақынның құшағына құлады қыз. Сіз жеңдің, мен жеңілдім, артық айтсам, Құрбы едің, кешіргін, – деп, сұрады қыз.
Сөзіне Мәулімбайдың болып ыза,
Намысқой шу шығарды барлық мырза.
Екі жақ ұрандасып, ду боп кетті Ақыры, соғыс болды қыза-қыза.
Ұран сап, қалың андас басып кетті, Ғайнитдин өлтіред деп, қашып кетті. Жігіті андас, мырза қамшыласып, Соғысып, тойдың мүлкін шашып кетті.
Қамшылар шатырласып қорғасынды, Ұрысып, бас жарылып, қол да сынды. Андастар Мұғлипаны тартып алып, Үш жылда жесір дауы зорға тынды.
Андастар Мұғлипаны тартып алып, Аттанды барымтаға жалпы халық. Той болмай, тойдың арты топалаң боп, Ақыры, зорға тынды арты барып.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *