ЗАМАН МЕН ҰМСЫН

ЗАМАН МЕН ҰМСЫН
Заман:
Ай, Алла, аманатың бізге міндет, Иа, Мұхаммед пайғамбар, болдық үмбет. Күнәдан пәк қылғайсың, иа, Құдірет, Ажалға сабыр бергей екі жендет! Ай, Алла, аманатың бізге міндет, Иа, Мұхаммед пайғамбар, болдық үмбет. Күнәнің зардабынан қорыққаннан, Кетіпті кей дәруіштер Меккені іздеп.
Жомарт ер ақыретте иман табар, Сираттың көпірінен бәріңді айдар. Күнәдан бұ дүниеде пәк болсаңыз, Ішінен сегіз бейіш орын сайлар.
Жомарт ер ақыретте иман табар, Сираттың көпірінен бәріңді айдар. Күнәдан бұ дүниеде пәк болмасаң, Ішінде жеті тозақ сорың қайнар.
Дін күтсе, иман берер жомарт ерге,
«Қол берген сауап дейді жеті пірге!» Ақыретке барғанда, сұрау жоқ-ты, Ішіне сегіз бейіш кіргендерге.
Дін күтсе, иман берер жомарт ерге,
«Қол берген сауап дейді жеті пірге!» «Ассалаумағалейкүм!» – дегенмен тең, Парызға дуа қылып жүрген ерге!
Ассалаумағалейкум – парыз сәлем, Ғаршы, Күрсі жаратты, Лаух ал-қалам. «Үлде киіп, хор қызын құшар, – дейді, – Ішіне сегіз бейіш кірген адам».
Ассалаумағалейкум – парыз сәлем, Ғаршы, Күрсі жаратты Лаух ал-қалам. «Жеті тозақ ішінде жатар, – дейді, – Иманынан айырылып қалған адам».
Қыз шыдап отыра алмады, өлеңді қоя берді: Ассалаумағалейкүм, бердік сәлем,
Біз сөйлейік, рұқсат берсе қожам.
«Білмегенді сұра!» – депті Алла Тағалам, –
Қай сауаптан бейішті көреді адам?!»
Заман:
Дін мұсылман пендеге жаза қылмас, Ораза мен намазын қаза қылмас. Малдан – зекет, қолынан қайыр берген, Сол себепті бейіштен құры қалмас.
Ұмсын:
Ассалаумағалейкум, бердік сәлем, Біз сөйлейік, рұқсат берсе қожам. «Білмегенді сұра!» – депті Алла Тағалам, Қай қылмыстан тозаққа барады адам?!
Заман:
Қиямет қайым болғанда, ақыр заман, Ақыретте жаныңа күнә жаман.
Өтірікші, зинақор, ұры болса, Сол себептен тозақты көреді адам.
Ұмсын:
Кім көнбейді Алланың салғанына,
Бейшараның тозақта қалғаны ма?! Күнә менен зинадан мұқым болып, Тамам қожа бейішке барғаны ма?
Заман:
Мұсылманшылық көп пайда жандарыңа, Жан қиналар күнәның салдарына.
Қожа, қара демеңіз, бәрі бірдей, Жолықпаса Алланың оңдарына!
Ұмсын:
Қол берейік пірлердің төрт жарына, Жолықтырғай Алланың оңдарына! Шынжау тай, шартық қошқар нияз берсем, Қандай пайда болады жандарыма?
Заман:
Нияз берсең, берерсің өз қамыңа, Өлгеннен соң жатарсың жер тарына. Шынжау тай, шартық қошқар нияз берсең, Қожекең басшы болар алдарыңа.
Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар, Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң, Жұмла жанның тұрағы қайда болар?
Заман:
Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар, Иман берсе, өлгенмен, несі қурар? Жұмла жанның тұрағын иман сұрар, Иншалла, бейіш бар, сонда тұрар.
Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар? Он екі иман жаныңа пайда болар. Алланың аманатын тапсырған соң, Періштенің сұрауы қайда болар?
Заман:
Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар, Иман берсе, өлгенмен несі қурар? Сираттың көпірінен сауал қылып, Періштенің сұрауы сонда болар.
Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар? Он екі иман жаныңа пайда болар. Алланың аманатын тапсырған соң, Қыз, жігіттің күнәсі қайда болар?
Заман:
Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар? Күнәң үшін қожаңа ысқат берсең,
Жаныңа бір шыбындай пайда болар.
Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар? Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң, Естір құлақ, сөйлер сөз қайда болар?
Заман:
Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Еститұғын құлағың, сірә да, өлмес, Сөйлейтұғын қызыл тіл – аруақ болар.
Ұмсын:
Ажал келсе аңсыздан, не айла болар? Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң, Көздің нұры көгісіңмен қайда болар?
Заман:
Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар, Иман берсе, өлгенмен, несі қурар? Әлхамды ат қылып, мініп жүрер, Топырақты тон қылып, киіп тұрар.
Ұмсын:
Алланың мың бір аты «Аллажар» ма?
Қожеке-ау, сізден бізге дәрмен бар ма? Адамды өлгеннен соң, бес бөліпті, Оның, сірә, қосылар жері бар ма?
Заман:
Қожа – Құдай пендесі, о да не дер?
Мұхаммедтен басқада жоқ-ты өнер. Қиямет-қайым болғанша қосылмақ жоқ, Заманақыр болғанда, сөз күн сұрар.
Жамиғы жан сол шақта түгелденер!
Ұмсын:
Қожеке-ау, сіз – ақсүйек, біз – қарамыз, Бәріміз Тәңірі алдына бір барамыз.
Тәңірі алдында табамыз сізден сауап, Дәнемені білмеген бейшарамыз.
Заман:
Ұмсын-ау, мұнша неге қысағаның?
Көп дейді сұрағаныңнан сұрамағың. Шыныңменен: «Пірім!» – деп, нияз берсең, Сауабымен Тәңірге тапсырамын.
Ұмсын:
Бір мағына сұрайыншы, Заман-еке, Қиялы бұзған қалай-ды халал неке?!
Мүридін бастап Құдайға пірі апарса, Елді неге іздейді мүрид Мекке?
Заман:
Қожаң айтар кітаптан, көрген сөзін, Күнәң қалмас, Меккенің көрсең жүзін.
Ғалым қиған некені арам қылсаң,
Қаса доңыз болғаның, бір мегежін.
Қожа қайраңдап қалды, не айтарын білмегеннен, қалбалақтап айтқаны:
Ұмсын:
Қожекем – қара құлып, алтын сандық, Тақсыр пірдің жауабына қайран қалдық.
Сөз сұрасам, теңейді мегежінге, Қай жерінде қалды екен мұсылмандық?
Заман:
Әркім-ақ бұ дүниеден өтер, Ұмсын, Өткен жанның жұмысы бітер, Ұмсын!
Ісіне шариғаттың талас қылсаң, Күнәһың асып таудан кетер, Ұмсын!
Ұмсын:
Қожеке-ау, адал көп пе, арам көп пе?!
Жеті қат жер, жеті қат аспан көкте.
Көрер көз, сөйлеген сөз – бәрі күнә, Қожеке-ау, өлең айту сізлерге еп пе?
Заман:
Шыныңмен Құдайдан қылсаң қауіп, Тілеулі құл жүреді иман тауып. Шын дініңе берік болсаң, Ұмсын ақын, Өлеңнің күнәсы жоқ: істер сауық.
Ұмсын:
Қожекем кітабымен болжайды екен, Екі жендет кітапты сұрай ма екен? Көз бен тілден, күнәдан пәк болса адам, Қожеке-ау, енді күнә қандайда екен?
Заман:
Ұмсын-ау, сөз күнәсі – өтіріктен, Нәпсінің бір күнәсі – мәкүріптен. Залалы жоқ адамды ғайбат қылма, Аллаға тіл тигізбе, үміт етсең!
Ұмсын:
Қара кісі қожаны: «Иа, пір!» – дейді, «Аллаға тіл тигізген кәпір!» – дейді.
«Пендесінің күнәсі сол-ақ па екен, Білмеген қанша күнә жатыр?» – дейді.
Заман:
Иар солы Жаббардың ісі таса, «Сауаптан обал көп!» – деп ойламаса. Қол берген пірді салма көңліңізден, Күнә сол – ата-анасын сыйламаса!
Ұмсын:
Қожеке-ау, пірлігіңмен қолдармысың, Пірді ұмытқан Құдайға болар дұшпан. Тәңірі алдына барғанда, тақсыр қожам, Біз сол жерде көреміз қандай қысаң?!
Заман:
Ұмсын-ау, айтқан сөзге нанбаймысың?
Сен данышпан ақылды өз жынысыңнан. Тәңірі алдында бар дейді талай қыспақ, Әркім тартар өзінің қылмысынан.
Ұмсын:
Қожеке-ау, көрген сөз бе салдамаңнан? Пендесі құтылмайды бір қазадан.
Қара кісі тартады қылмысынан, Қожа қалай болады ысқат алған?
Заман:
Ұмсын-ау, мен ысқатты алушы емен, Ысқат алған қожаның ақылы кем. Ысқат алған қожаның рауаяты бар, Өтейді намазының сауабымен.
Ұмсын:
Қожеке, олай деме, бір Алла де, Кім сыйынбас Алланың құдіретіне?! «Ысқатқор», – деп, шақырса екі жендет, Сонда берер қожаның жауабы не?
Заман:
Иар сол Жаббардың ісі көп-ті, Екі жендет: «Ысқатқор қайда?» – депті.
Сонда берер қожаның жауабы жоқ.
Күнә болар, айтпаймын өтірікті.
Ұмсын:
Қожалардың қойнында сөз бар екен, Өлгеннен соң кеңдік жоқ, жер тар екен. «Ысқатқор», – деп шақырса, үндемесе, Қожамда да бір сұрау мол бар екен!
Заман:
Иары сол Жаббардың ісі бір дүр, Өзің құрбы әйелде сен бір – дүлдүл. Айтқан сөзің кем емес шариғаттан,
Құдайдың ұсындырған жері бар дүр.
Ұмсын:
Шариғат қапия ма, жария ма, Қожеке, біз – шұқанақ, сіз – дария.
Сұрамаған бір сөзім қалған екен: «Өлмес жан, өтпес дүние жаралған ба?»
Заман:
Сірә, жоқ Мұхаммедтей арызы жеткен, Ыдырыс, Ғайса пайғамбар тірі кеткен. Ұмсын-ау: «Өлмеймін!» – деп, қапы қалма, Мынау жалған дүниеден бәрі де өткен.
Ұмсын:
Иманды адам өлгенде, қалай – демес, Көкіректе дәрмен жоқ, денеде – күш. «Мән раббик!» – деп, келгенде екі жендет, Сонда пенде тіріліп, не дейді-міс?
Заман:
Тірлікте көңіл қой бір әдетке, Иманды адам барады қаны бетке. «Мән раббик!» – деп, келгенде екі жендет, Жауап берер таянған Құдіретке!
Ұмсын:
Иа, Бисмилла, сақтай гөр «Мән раббиктен»! Тақсырға қол бермедік әйелдіктен. Сұралмаған бір сөзім қалған екен, Елден бұрын сауапқа нені біткен?
Заман:
Иа, Бисмилла, сақтай гөр, «Мән раббиктен», Бір бисмилла мың жылда әзер біткен. «Сауаптың бисмиллада байлауы», – деп, Имам Ағзам осылай айтып кеткен.
Ұмсын:
Қожеке-ау, айттың тауып, сәлемет бол, Сізден біздің сұралмай қалды бір жол. Заманеке, сізді біз пір тұтайық,
Таңда махшар күнінде хабардар бол!
Заман:
Ұмсын-ау, екі дүние сәлемет бол, Жабулы бойыменен қалсын ол жол.
Бізді сыйлап, қожа деп, пір тұтсаңыз, Таңда махшарда имам Ағзам қаумында бол!
Ұмсын:
Дәуіт темір соғады, мылтық ата, Бір Алладан басқада көп-ті қате. Заман-еке, сізді біз пір тұтайық, Ықыласыңмен қол жайып, берсең бата!
Заман:
Мүсәпірдің көңілінде бар дүр сана, Жаратқан Жаббар Құдай, өзі пана! Ұмсын-ау, түрегеліп, қолыңды жай, Өмір мен иман берсін, иа, Раббана!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *