ЖАМБЫЛ МЕН ДОСМАҒАМБЕТ

ЖАМБЫЛ МЕН ДОСМАҒАМБЕТ
Жамбыл:
Самғаймын қанатымды ал аспанға, Дүбірлеп дауысым кетсін таласқанда. Иірем сені сөзбен, Досмағамбет, Аяғың тисін жерге анда-санда.
Сен мені жеңе алмайсың, арбасаң да, Төрт бұрышын төңіректің жалмасаң да. Жалаңдап, аш бөрідей келдің қайдан, Жақсылық Жалайырдан алмасаң да?
Арғы атам – аруақты ер Қарасай, Теңселген дүбіріне тау менен сай. Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан, Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай.
Ілгерде Шөже, Балта заманда өткен, Асекең, Бұқар жырау арманда өскен. Солардың аруағы маған қонып, Ел мұңын жырмен толғап, нөсерлеткем. Сөйлеймін ерегіссем өктем-өктем, Түскендей жайдың оғы саған көктен.
Шын қызсам, сөзім – жалын, домбырам – найза, Құрсаулы сауыт болар маған шекпен.
Баласы Ұлы жүздің – Абақ-Тарақ. Көтерген ақылгөйге мені балап.
Қаңғырған аш бөрідей ақын келсе, Бұл Жамбыл жіберетін сөзбен сабап.
Құйындай көкке шапқан мен бір пырақ,
Арамыз екеуміздің тым-ақ жырақ,
Төменде шықылдаған сен торғайсың, Айтыспа, меніменен, ақын шырақ.
Досмағамбет:
Ай, Жамбыл-ау, Жамбыл-ау, Сөз сөйлейін мен саған, Таудан аққан бұлақтай. Жасөспірім баламын,
Жапырағы жайқалған.
Көлге біткен құрақтай.
Лақ, текедей бақылдап, Мазамды алдың шыдатпай.
Қойдағы азбан қошқардай, Сөзіңді мен отырмын, Сірә да, сенің ұнатпай.
Өлеңіңді қысқартқын, Мұнан былай ұзатпай. Буындырам мен сені,
Бір шығармай үніңді,
Жілігіңнен түскен дұзақтай.
Жаудыратам көзіңді,
Қалдырамын сөзіңді,
Қараңғы түн болғанда, Алдыңда жанған шырақтай. Ақында шайыр ақпанмын, Аспанға ұшқан пырақтай. Сөзіңде сенің асыл жоқ, Құбылып тұрған сынаптай. Меніменен айтысып, Жете алмайсың мұратқа-ай! Шалмайсың мені қуғанмен, Белді қынай буғанмен. Арғымақтан туғанмен.
Сұлыға тойған қазанат, Маған қайтіп жетерсің.
Алдыңда жүрген пырақпын,
Енді маған нетерсің,
Меніменен айтыссаң, Түбіңе өзің жетерсің, Бұл арадан кетерсің.
Ала алмасаң, алысып, Арманда болып өтерсің.
Ақындығың шамалы, Ала қашпа екенсің. Талауға түскен ұрыдай, Ат-тонынан айрылған.
Қанатынан қайрылған, Жасыған жездей майрылған.
Басыңда сенің бөркің жоқ,
Адам көрер көркің жоқ,
Ақынмын деп мақтанба,
Сөзіңде қуат, серпін жоқ.
Өз пиғылыңнан тапқандай, Кейпің жаман, Кейқуат, Байдың малын баққандай. Құлаққа маза бермедің,
Дауылпаз дауыл қаққандай,
Алдыңда жиған малың жоқ, Қу кедейсің қаңғырған, Жауласарға әлің жоқ.
Жыршы емессің, бақсысың, Дүниеге тапшысың. Бақсы да, сірә, болмадың, Өлең айтып, оңбадың.
Ел ішінде азыпсың, Бір Құдайға жазыпсың.
Шекпенің жоқ сенің де,
Сен бір жүрген зәлім-ді, Бір бойыңда сәнің жоқ.
Аралап Абақ жүрсең де, Үш күн жатар жайың жоқ.
Жаман тамды салдырған,
Жатқа жерді алдырған, Ағайын көңілін қалдырған.
Еліңде бір байлық жоқ,
Қазан асқан жеріне, Сабан-топан жаптырған. Кеште ойнаған бақсыдай, Саған қобыз шалдырған.
Сені көріп отырмын,
Өзімнен өзім қапалап,
Түсіңе сенің қарасам, Жүні түскен жапалақ.
Жаратқан Тәңір жасаған, Нағашы жұртым ер екен, Көтерген сені ақын деп.
Біздің елде бұл болса,
Аяқ жолын таба алмай, Кетер еді қаңғырып.
Еркек болсаң, қашпағын, Қайратыңды қарыштап, Өнеріңді бастағын.
Ұрысқақ қатын секілді, Аузыңнан от шашпағын.
Мен де айтып беремін, Ақын Жамбыл, саспағын. Асқанға тосқан кезекті, Алдын ала баспағын.
Армансыз болып, ақыным, Ақындығың болмаса, Жоқ екен басқа нақылың.
Кім жығылып, кім жығар, Байқармыз сөздің ақырын. Қартайғанша қақылдап, Жел сөзге бір тоймайсың.
Жеңемін деп ойлайсың,
Қонақ қонса үйіңе, Тышқан мұрнын қанатып, Тышқақ ылақ соймайсың.
Өзіңді өзің көтеріп, Өрге неге бойлайсың? Бергеніне Құдайдың Қанағат қылып тоймайсың. Елден-елге тіленіп,
Жамбастай жатып шіреніп, Жасыңнан қылған кәсібің, Тентіреуді қоймайсың.
Астыңа мінген ерің жоқ,
Қол берген мықты пірің жоқ, Не басыңа күн туды?
Бір жаныңда тыным жоқ.
Көп сөзіңнің ішінде,
Бір дәлелді шының жоқ. Есігің бар, төрің жоқ.
Алысып, әлің келе алмас, Ылдиың кеткен, өрің жоқ. Бір өткен соң өмірің, Қайта айналып келу жоқ.
Қорықпайсың, бейшара, Өлеріңнің шағынан.
Кетер ем ұрып бір жерге,
Азырақ қорқып отырмын, Сақалыңның ағынан.
Отырсың ғой қушиып, Қой баққандай қу кедей. Байлығын айтсам Тарақтың, Қаларсың сен үндемей.
Қалдай, Маман, Көлібай Байлығы тасқан күнде үдей. Іледен арман көсілген,
Жерін қаптап малдар жүр,
Кім айтар мұны шын демей,
Қалдайдың бағы жанып тұр, Жарқырап ашық шілдедей. Жылқы мен қой есепсіз,
Жұрттан асқан байлықпен, Түйесін жүр жүндемей. Елімдегі байлықты,
Айта берсем, сөз жетпес, Сусап қалар тіл-көмей.
Ақын болсаң, ашық айт, Еліңдегі байлықты, Біздің елді күндемей. Елің сенің оңбаған, Енді не деп айтамын, Кедейлікті мін демей.
Жамбыл:
Солай ма, бала, солай ма?!
Зығырына Жамбылдың, Тисең, саған оңай ма?! Қуырамын енді мен, Ақындықтың апшысын.
Көргенім жоқ өмірде, Жел сөздің мен тапшысын. Өлеңім асау теңіздей,
Өрге қарай шапшысын.
Толқындай сөзді сапырып, Арыстандай ақырып, Шығайын енді айтысқа.
Нажағайдай сөзімді,
Жарқылдатсам алдыңда,
Есің шығып адасып,
Біле алмассың әкеңнің, Өлгендігін қай тұста.
Сөз білмейтін баласың,
Ақындыққа шаласың, Меніменен айтыспа.
Кемітесің кедей деп, Басқа сөзді таппайсың. Жетісіп жүрген немедей, Еліңді құр мақтайсың.
Малды санап, мақтанбан, Малыңда емес ел бағы.
Қорғаған жаудан халықты,
Ерлік пенен даңқты, Елімнің күшті аруағы,
Елімде болды батырлар: Қарасай атты ұранды.
Асынып жау жарағын,
Еліме шапқан қалмаққа, Орнатып қара тұманды, Салатұғын ылаңды.
Заһаріне шыдамай,
Қалмақ кезген шығанды, Қылышынан өткізген, Қара кесек Қағанды. Жауынан жерді босатып, Осындай атақ кім алды?
Бүгінгідей сөзіме, Ол да саған күмәнді. Көп сөзіңнің ішінде, Бір сөзің жоқ ұнамды.
Байқалып, әбден сыналды. Елден алғыс алмайсың, Көтеріп кітап – Құранды. Меніменен ұстасып, Білмейсің Құдай ұрарды.
Ерлігің болса мақтанған,
Жауын қуып қашырған, Айдарымен жел есіп, Алатаудан асырған.
Айбалта, қылыш асынған,
Жанындағы жабдығы,
Наркескен, қанжар асылды.
Қарасайдай батырлар
Қиқу салып аттанса,
Еліме тиген жаулардың Алмадай басы шаншылған. Айтшы осындай ерлерді Елінде даңқын асырған. Айта алмасаң бұндайды, Айтыспа сен, антұрған.
Қорықсаң, неге айтыстың, Ағарған сақал, шашымнан? Ата-ана сыйлап көрмеген, Бейәдеп өскен жасыңнан. Сен бір жүрген сауысқан, Кесірің үлкен басыңнан.
Меніменен айтысқан,
Сендей талай көппенің, Көкірегі басылған.
Уа, қу таңдай, Жалайыр! Менен асқан еліңде, Бар ма, сірә, бір шайыр?
Жамбыл жырау толғанса, Домбырасын қолға алса, Пар келтірмес ешкімді. Сөз дауылмен соғушы ем, Сендей ақымақ мүскінді. Ауылыңа алып бар, Шашылған бізден ұшқынды.
Сүйінбай ақын – ұстазым, Сөз қанжарын суырып, Дұшпанға өстіп күш қылды.
Құдай атқан, қу молда, Берекеңді ұшырып,
Кетірейін пыстыңды!
Арба өткелдің түбінде.
Бір күн, бір түн шайқасып, Өнерін әбден байқасып, Құлмамбет те жеңген жоқ.
Жеңбек тұрмақ Құлмамбет, Нысанаға келгенде,
Қара Керей Түбек те,
Жалайырда Қарқабат, Бұ да айтысып, көрген жоқ.
Жамбыл, Жамбыл болғалы,
Жамбыл атқа қонғалы, Жеңіліп, намыс берген жоқ.
Көпшілікке бет бұрып,
Азғырушы адамға, Қараспайтын қабанға, Ежелден Жамбыл көнген жоқ.
Еңбегім сіңіп еліме,
Ел ішінде еріме, Сол үшін бағым сөнген жоқ.
Тарта сөйле тіліңді,
Танымайсың піріңді,
Танымасаң піріңді, Айтайын сенің мініңді.
Әдеппенен сөйлегін, Ғалым болсаң білімді.
Сен сықылды молдалар,
Бетіне ұстап Құранды,
Өтірік айтып, елді алдап, Таратқан қисық ұранды. Аятын оқып, ышқынып,
Ауруға дем үшкіріп, Молдалар ұқсас жыланға. Балуан болсаң белсеніп, Шық күреске сыбан да.
Барың болса, қарышта, Емеспін саған құданда. Сен – күйкентай, мен – тұйғын, Жүр жайыңа бұдан да.
Әліңді білмей асылып, Аптығып сөйлеп, асығып, Жолықтың қырсық ылаңға!
Арқа тұтып ақырып,
Бұл Абақтың баласын. Жаңғырықтырып мен шықсам, Алатаудың саласын.
Қу ауызды қу молда, Қарамды көрмей қаласың. Қайтер екен десем мен, Өршеленіп барасың.
Тіл тигізсең бабама, Өртке күйіп, жанасың.
Ажырата сөйлегін, Бай, кедейдің арасын. Құр кепкеннен пайда жоқ, Сөйлегін сөздің данасын.
Жығылғанды, жыққанды,
Сонда білер әр адам, Өзінің білсе шамасын.
Ұзынсонар жүйрікпін,
Отымнан жырды тербетсем, Ақылыңнан танасың. Албырт жиен Жалайыр, Дедің маған кедейсің. Мен қорғасын сақамын, Сен ұтылғыш кенейсің.
Мен бір соққан дауылпаз, Сен салмақсыз, к… бос, Ебелек қаққан ебейсің.
Бір ұстасып қалсам деп, Күшіңді байқап, шенейсің.
Қысы-жазы ау салып, Іледен балық қоймадың.
Шіріген сүйек жесең де, Қарның шығып, тоймадың. Тұздап, балық қақтадың, Сары майдай сақтадың. Жайың қалай болар деп, Дарияны жақтадың.
Өз малыңды өргізіп,
Жеріңде мал бақпадың.
Тайдың майын бермейтін, Несіне байды мақтадың?
Би мен болыс қолына,
Шығын болып кетеді, Жазы, қысы тапқаның.
Ел байлығы – өзімде,
Тіл байлығы – сөзімде,
Малы жоқ тақыр кедей деп, Өтірік жала жаппағын. Ерегіссең менімен,
Мен ұстассам сенімен, Шығып кетер аптабың! Молда емессің, соқырсың, Зікір айтып зарлаған.
Жаназа оқып өлгенге, Підия алып жалмаған.
Шариғат жолы мынау деп, Қараңғы, надан халықты, Көзді жұмып алдаған.
Кедей өлсе үйіне, Күңіреніп бармаған.
Аттана шауып, бай өлсе, Қирағаттап Құранды Күні-түні сарнаған.
Жақсы көрсе молданы,
Көзбояушы зұлым деп, Көпшілік неге қарғаған?
Досмағамбет:
Кезекпенен сөйлелік, Сөзімді тосқын, Жамбылым.
Дабысты жүйрік, Жамбылым,
Алпысқа жасың келгенде,
Төгілген тасып дариядай, Басылып қалған, Жамбылым.
Молдалығым айып па, Үйреткен саған Құдайды.
Құран сөзін ұқпаған,
Сендей надан оңбайды.
Зекет алса молдалар, Ұжмаққа жұртты жолдайды. Молда өтірік айтпайды, Оны Құдай қолдайды.
Елеуретіп сөйлейсің, Алақтатып көзіңді.
Әзәзілден сабақ ап, Бүлдіріпсің сөзіңді. Құранға тіл тигізсең, Күпір деймін өзіңді.
Мен де асқақтап сөйлейін,
Жалайырдың бегінен, Белгілі ата тегінен.
Айтуға тура кеп отыр Абақ-Тарақ шегінен – Ноқта ағасы, қол басы. Дулаттан бізге не пайда, Құмырсқадай көбінен.
Теріп айтып келемін, Меркіден – арғы еліңнен.
Әулие-Ата, Шымкенттен, Бозадан басқа асы жоқ.
Жар-жатақтың астында,
Күнге күйіп түскендей,
Қыздарыңның шашы жоқ,
Бірін-бірі көптескен, Бозақормен ептескен.
Жақыннан басқа қасы жоқ, Меркіден бергі туғаның Салған қыстақ, қаланы. Үй басына бес тауық, Кірсян боп қарады.
Қыстыгүні болғанда,
Таудан бұта алады, Базарға әкеп салады.
Бес тиыннан ақша алса, Жерден алтын тапқандай, Қуанып, үйіне барады. Енді айтайын, Жамбылым, Меркіден бергі еліңді. Өткенде айтып, менменсіп, Көтересің көңіліңді. Ол күндегі батырлар, Бәрі жерге көмілді.
Елді, міне, бүлдіріп,
Жайлады жау жеріңді.
Айта бермей өткенді, Шығармай құмар шеріңді.
Айтсайшы, Жамбыл, тағы да, Абақтан енді ұл бар ма, Құтқаратын еліңді?
Сенен қорқып қайтпаспын,
Қорқып, бұғып қалмаспын.
Егер, қырсық шалмаса, Алдыма жүйрік салмаспын.
Шапқан жерін қиятын,
Күшін қолға жиятын,
Өткір қылыш – алмаспын, Тарлан тартып қалыпсың, Азуыңнан шалыпсың.
Буыныңды бекітіп, Аяғыңды дәл басқын. Құмар болса айтысу,
Жыққанымыз алуға,
Жұртқа олжа салуға,
Бәйгіге тігіп мал, басты. Айтысам деген ойда жоқ, Келе-ақ өзің жармастың.
Сендей-сендей көп ақын, Көргенде мені өтінген.
Меркіден бергі туғаның,
Он-он үйің бірігіп,
Әрбір тауға бекінген.
Шекаралас болған соң, Қырғыз тиген шетіңнен.
Сенің тиіп кесірің,
Көштерің басып жыл сайын, Берекемді кетірген.
Сия салдым сауытқа, Ақыным, Жамбыл, ауытпа.
Елің кедей болған соң, Қызыңды саттың зайыпқа.
Ақыным, Жамбыл, талықпа, Асығып өлең айтам деп, Бір киеге жолықпа.
Мал таба алмай, қыз сатқан,
Менің жеген балығым, Мұнан жаман болып па? Асқан жүйрік емессің, Бұл арадан біз көрген.
Менменсінген сендейді, Біз де ақынбыз дүз көрген.
Үйіңнен жылан қуғандай,
Жаз кетсе, қаңғып күз көрген, Байлығың сенің қайда бар, Мал орнына қыз берген.
Бір жарамды жігітің
Дулаттағы Алпысбай,
Күнде арақ ішкені, Төренің үйі түскені.
Жегені жасық қирадан, Алдында тақтай үстелі.
Сен – Абақтың жүйрігі,
Мен – тұлпары Тарақтың,
Бәрекелді, Жамбылым, Салты осы ма еліңнің?!
Қаскелеңнің жігіті, Босатпас алдын қабақтың.
Арақ десе, жымыңдар,
Құлқыны құрып, қылмыңдар.
Ішпесе, басы ауырар, Еліңнің басшы адамы, Қалаға жақын қонысы.
Күнде салып салықты,
Зар қақтырып халықты, Мойнынан түспес борышы.
Жеріңді сатып ұлыққа, Тарылған жұрттың өрісі.
Оразалы дегенің,
Қарындасын өзі алып, Естімеген жол салып.
Бір тентектің кесірінен,
Шулады Дулат қозғалып, Көп ұзартып созбалық. Бұл да жетер басыңа, Әділдіктен озбалық.
Жамбыл:
Албырт жиен Жалайыр,
Еліңде бұзық жоқ болса. Қожақан ішті неге арақ, Әулие, сопы көп болса.
Көпке тиер кесірің,
Қожа мен молда бек болса,
Дәулетті ата тек болса, Бойында арам кек болса.
Молда емес, ол – әзәзіл, Сүйкімсіз, жұртқа жек болса.
Сол Қожақан болысың, Меккеге барды қажы боп.
Боза, арақ ішкен соң, Айтады несін қажы деп? Пара тағы жейді екен, Ел ішінде қазы боп.
Арамтамақ, ақ білек, Қол астын жемей, қолдай ма?
Басшы әділ болмаса,
Жұртқа әділдік орнай ма?
Ел қорғайтын ұл туса, Елді дұшпан торлай ма? Шаңымды менің шалмайсың, Ұрсаң да қамшы борбайға! Қырсық шалса жолыңды, Ісіңді Құдай оңдай ма?
Төрт түлік мал тұрғанда,
Сойдырып шошқа соғымға, Шариғат жолы сондай ма?
Сен білмейсің, мен айтам,
Қойшыбайдың атасы, Қайырсыз бай Қалдайың. Торғайдан торай қоймаған, Адалдап жиған малдайын.
Ажырата білмеген, Адал мен харам қандайын.
Шариғаттың жолында,
Арам жемек бар ма екен?
Тағы да жайың мынадай: Жасын кәміл толтырып, Қыз өсірдің бұладай.
Алыстан келген сәудегер,
Керегіңді сатып ап, Қыздарыңменен жатып ап, Зауыққа сая қылады-ай…
Желпінген көңіл басылып, Желіккен жүйрік тынады-ай.
Сәудегер, молда зұлымсың, Халықтың көзін боядың, Қайыр басқан тұмадай. Алты ауызды ала боп,
Басыңды төре сұрады-ай,
Мен боламын ханың деп,
Хандығым жұртқа мәлім деп, Еліңді қысты қынадай.
Ханнан көріп қысымды,
Күйзеліп жұртың жылады-ай.
Көтерген жұртқа бас қылып,
Қайырымы жұртқа тимеген,
Қаны қара залымды, Залымдығы мәлім-ді.
Алдына тура бара алмай, Барып, жауап ала алмай, Айта алмадың зарыңды. Жылқы, түйе, сиырмен,
Қой, ешкіні сойып ап, Тартуға тарттың барыңды.
Тартып алды еріксіз, Жүк артатын нарыңды.
Көз жасына қарамай, Жылатып кемпір, шалыңды.
Хан жарлығы солай деп, Бұқара бізге оңай деп, Өрісі қатты тарылды.
Ел қорғайтын ерлерің, Алдына барып бас иіп, – Алдияр! – деп, жалынды.
Арамтамақ құзғындар, Жоқтамай намыс, арыңды.
Жауға бердің еліңді, Қаны қара сұмырай, Қатты басты беліңді. Үн шығармай тұншықтың, Шығара алмай шеріңді.
Ханның сесін қайырып, Еліңді даудан айырып, Алмадың қалай кегіңді?
Әулие болса қайда еді,
Ескелді би жалпағың,
Төреге елін сұратып,
Нашарларын жылатып,
Қадірін білмей халқының Байтақ жатқан кең елге, Тиді кесір шарпының.
Елеурейсің ентігіп,
Басылар қазір қарқының.
Ат-тоныңды олжа ғып, Қайт, еліңе, жарқыным.
Жалайырдың ішінде, Сенің бабаң – Балғалы. Балғалының байлығын, Отырсың ба салғалы?
Байлығың сонша көп болса, Не ғып жүрсің бұл жақта Зекет, құшыр алғалы.
Антұрған деп айтады,
Жалайырда қарғалы, Сөзімнің жоқ жалғаны.
Әлі де айтып беремін, Тағы да болса қалғаны.
Ауыз бірлік қыла ма, Ашулы болған кектісің.
Байдан кедей бөлініп,
Байға қара көрініп, Кедей ашу етпесін!
Аузың бармай отыр ма – Айтуға Көлбай, Маманды? Мырза, Күшік, Жалайыр, Аңдысты зұлым әманды.
Кедейге жаны ашымай,
Жақсылық іздеп басына, Жоламай бәнде қасына, Маман берер сазаңды.
Қарсы жауап айтуға, Келтірмеген шамаңды.
Жалақор деп айтамыз, Жұртына бүлік салғанды.
Би мен болыс, бай, манап,
Пристав, князь, чиновник, Шулатып бала-шағаңды. Қай жақсың бар оларға, Қарсы тұрған табанды?
Қариямын, сұраймын, Сөзіме жауап бер деймін.
Сиқыршы, залым, қу молда, Бұған жауап бермесең,
Қыс к… мен деймін,
Ашып қара көзіңді, Сөз иесі мен деймін.
Бола алмайсың сен, сірә, Меніменен тең деймін. Сендей-сендей ақынның, Сөзбен жанын емдеймін.
Өлеңмен шын тасысам, Ағып бір жатқан селдеймін.
Айтайын мен білмесең, Өлгенменен пара-пар,
Қу басыңды кірлесең. Көмусіз бір күн қаларсың, Көпшілікті тілдесең.
Көпшілік дария көлдейін, Сол дариядан қансам деп, Әркім-ақ аңсап шөлдейтін. Бақыты жұрттың өрлесе, Мәңгі қалар сенбейтін.
Есеңгіреп жүрмесең, Елді неге даттайсың?
Екі жүзді болмасаң, Байды неге мақтайсың?
Қайыры көпке тимеген,
Әкімдікпен билеген,
Жарлы-жалшы сүймеген, Ханды неге жақтайсың?
Жегенің көп шашыңнан,
Қылмысың үлкен басыңнан, Халыққа тиген пайдаң жоқ, Қайтіп тұзыңды ақтайсың?
Екі ұртыңды қампитып, Сөйлейсің сен аптығып.
Еліңде ер бар ма деп,
Сұрайсың және шаптығып.
Зығырданы қайнаған,
Елім кірді кеңеске,
Ерлік туған емес пе. Жердің шелін сел жуар, Елдің кегін ер жуар.
Дауыл тұрса, бұлт қуар,
Жердегі жауды жұрт қуар, Ерліктің оты лапылдап, Аспанға шығар күн туар.
Сол майданда жалындап,
Қолына алмас қару ап,
Алатаудан ақырған,
Жауын жеңіп жапырған, Қарасайдай ұл туар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *