БОЛМАН МЕН НЕСІГҮЛ

БОЛМАН МЕН НЕСІГҮЛ
Несігүл:
Атамыз бірге туған Арғын, Найман, Нәсілім Қарақожа Қаптағайдан.
Арғынның ноқта ағасы жүйрігімін, Сан топта озып жүрген екі ұдайдан.
Сөйле деп, жол бергенде халқым маған, Мен едім айтар сөзден тартынбаған. Арғынның екі жүзді алмасымын, Болаттай тас кесетін жарқылдаған. Еліңнің жақсыларын айтып берші, Найманның белгілі еді қалпы маған. Баянда сұрағыма жауап беріп, Сөз бердім енді кезек, Болман, саған.
Болман:
Найманның деп сөйледің қалпы маған, Найманнан Арғын, тіпті, артылмаған.
Байлыққа, батырлыққа бірдей туған, Дариядай көлемі көз сарқылмаған. «Елді сөкпе, кенді төкпе» деген сөз бар, Қызына жақсы қайда тыю салған?!
Несігүл, аса сөйлеп, арындадың, Ақын деп ем, айтқан жерден табылмадың.
Еліме келген жерден тіл тигізіп, Тәңір алғыр, не себепті жаңылғаның? Батасын екі жердің бірдей бұзып, Әуреге басың шатып, сабылғаның.
Тарақты әуейі екен жүрген мақтап, Осы ма ділмар қызың жүрген баптап? Орныңнан тұра алмассың, қыз Несігүл, Құйылса, терең жырым екі жақтап. Кеше кеп Жәнібекті жау шапқанда, Малды айырып, Ерден батыр қалған сақтап.
Арғынның бекер демес кәрі-жасы, Аулыңның шаң болғанда айналасы.
Малыңды жаныңменен алып қалған, Төлек, Тулақ, Сандыбайдың ер баласы.
Несігүл:
Ақыным, мінің сол ма маған таққан?
Арғыннан батыр Шақшақ шыққан ақтан.
Жантөре, білемісің Жәнібекті, Барақ көлінде аулыңды барып шапқан. Ерденің Жантөремен ұстасам деп, Омбының қаласында қаза тапқан.
Сұраусыз осыменен Ерден кеткен, Ер болсаң, қайда жүрсің, қолың жеткен? Ағыбай, Алтынсары, Абай, Қунақ – Теңдікті сіздің елге бермей кеткен.
Болман:
Мақтайсың Жантөре мен Ағыбайды, Ерліктен сол мінезі табылмайды.
Қырғызбен Алатауда шабысқанда, Тастап қашқан Кенесары, Наурызбайды.
Жантөре орыспенен ақыл қосып, Ерденге жамандықты жүрген тосып.
Улаған Ерден жатқан үйін келіп, Сонымен Ерден өтті, ажал құшып.
Жантөре өзі тартты қайғы сана, Сандыбай Орта жүзге болған пана. Орысқа бақыт үшін ақыл қосқан, Жантөре екі дүниеде жүзі қара.
Демейді бұл сөзімді ешкім жалған, Ерден ер Орта жүзде ұрандалған.
Үш жүздің жақсылары бас қосқанда, Батыр деп Сары Ерденді ауызға алған.
Несігүл:
Аққошқар Сайдалым бар бақыты асқан, Салдырған күйдірген үй таран тастан.
Олардың салтанатын айта берсем, Тамаша таң қалғандай мың бір дастан.
Бұларға қандай адам шақ келеді, Артуға түйе, кедейге ат береді.
Өзі бай, өзі батыр, өзі сақы, Халықты әділдікпен меңгереді.
Найманда тап келетін бұған кім бар?
Ақшолақ Жанайдар мен Батырхан бар.
Алмастай екі жүзді тас кесетін, Қайтпайтын қайсар туған Мейрамым бар.
Қақ жарған қара қылды әділдікпен, Болманым, тауып берші осыған пар?
Болман:
Несігүл, артық сөйлеп мақтанасың,
Құр мақтанып, өзіңе-өзің дақ саласың.
Сөзіңнің жүзден бірі бәрі – өтірік, Сен қалай осы істен ақталасың? Батыр деп және айтасың Қамбарыңды, Түйедей бойға сенген заңғарыңды. Елдегі бұзық пенен ұрыңды айтып, Көрсетпей қасиетті ұлдарыңды.
Найманның бір баласы – Бағаналы, Алты мың жылқы біткен сары алалы.
Егесі сол қыдырдың Ибескі бай, Тоғыз жүз нар байлаған тоғаналы.
Жылына құлындайды екі мың тай, Байлыққа кім тең келеді бұларға сай? Жазғытұры қоздайды он мың саулық, Ыңырсып, малға толад сала мен сай.
Мәйгелді халық білед қуатымды.
Артылған Орта жүзден мұратымды. Арғыннан бес жүз үй боп көшіп келген, Ашып ед сол нашарға суатымды.
Несігүл, өтірікпен сандаласың, Бөрідей басып жеген өз баласын.
Еліңнің басын дауға кеттің салып, Зарлатқан, Несігүл, сен ата-анасын.
Несігүл:
Сөйлесін Болман ақын асып-тасып, Ер сасқан уағыңды етек басып.
Шабам деп Кенесары келгенінде, Ағыбай шапқызбаған ақылдасып.
Қаперден Ағыбайға сын тағасың, Жақсылығын ұмыттың ба қара басып?! Арғынсыз Найман сенің күнің бар ма, Шығатын менсіз жерде үнің бар ма?
Сарамен айтысқанда Біржан сері,
Арғынның топтан озған ақтанкері.
Найманнан өзіне серік тең таба алмай, Жығылып осы емес пе ед қайтқан жері?!
Ақыным, аса алмассың менен өзің, Жаныма қатты батты әрбір сөзің.
Атағы алты алашқа мағлұм болған Қайда жүр Сарыбайды көрмей көзің?
Болман:
Несігүл, жауап берші өз басыңнан, Айрылдың не себепті жолдасыңнан?
Өзіңнің сіңліңді зар жылатып, Қорықпадың соның қалай көз жасынан?
Өзіңе бай етіпсің сіңлің байын,
Көп алдында масқараңды шығарайын. Ешкімге опа бермес, Несігүл қыз, Алмаңыз көңіліңе, ер Құсайын.
Несігүлді, Құсайын, сен алып қашқан, Тұлпардың құлын едің ізін басқан.
Тіл алсаң, Несігүлді қайтар, жаным. Жері осы Несігүлді қара басқан.
* * * Бұзаудың тура келді Ыбырайы, Белгілі болды деді Несігүл жайы. Несігүл, жеңілдің сен, шапан жап, – деп, Халықтың қабылдады жарлы-байы.
Сынастық сөзімізді көпке салып, Сөздерін екі ақынның көрді халық. Аузымнан шыққан сөзді кешіріңіз деп, Несігүл шапан жапты, қолымды алып.
Мен-дағы кештім дедім сосын тұрып, Жан-жаққа жүрген кезім құлашты ұрып.
Тарқады жұрттың көбі бата беріп,
Осындай сайран еттік, дүкен құрып.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *