БАҚТЫБАЙ МЕН МӘЙКЕ ҚЫЗ
Бақтыбай:
Кітапқа қисса болар жазған өлең, Шерменде пенде, сірә, бар ма менен? Жатқанда бидай орып орақпенен, Айтыстым Мәйке қызбен іздеп келген.
Шұбарға салдым бидай, біраз тары, Адамның дұшпан екен алған жары.
Найманға жолаушылап кеткенімде Жеп қойды егінімді елдің малы.
Сол жерде қайғы түсті батырыңа, Еш нәрсе тиянақсыз ақылымда. Мазамды келген жерден кетірген соң, Еркексіп, қоқаңдадым қатыныма.
Сол жерде бәйбішемнен кетті мазам, Өзіме азар болды қылған жазам. Бидайды асарлатып орғызбаққа, Істедім бидай көже екі қазан.
Үстіме шоқай етік, кидім шекпен, Қолыма орыс орақ, алдым кетпен. Әулігіп, ел қыдырып жүремін деп, Оратын бидайдың да уағы өткен.
Бидайды орайын деп икемдедім, Қолыма орақ алып, түйтеңдедім.
Төбесі кезден ұзын қалпағым бар, Міндім де, бір сиырға тепеңдедім.
Бидайдың өзі піскен аса шөлдеп, Болып тұр мойны сынып, қирап өлмек.
Шаруамды төкпей, жинап алайын деп, Сиыр мініп шықтым үйден күйбелеңдеп, Артыма екі қарын көже теңдеп.
Бидайға сәске түсте жетіп бардым, Бардым да, «Пысмылда» деп, орақ салдым. Отыз бау түске дейін байлап қойып, Басында бір қырманның демімді алдым.
Жаратты Бақтыбай ғып Хақ Тағала, Үйдегі не демейді қатын-бала. Көз салып, ауыл жаққа қарап тұрсам, Келеді тура жүріп жалғыз қара.
Қасыма ер Меңдібай жетіп келді,
Келді де, Бақтыбай деп, жауап берді.
Секілді қортық қошқар, жазғаным-ай, «Басыңды бермен қарай көтер», – деді. – Ауылға Сыпатайдан бір қыз келді, Өнері сенен артық екен, – деді.
Ол сенің ақындығың бекер дейді.
Басыңнан кісілігің кетер дейді. Бақтыбай, барың болса, қамданып қал, Ажалың осы қыздан жетер, – дейді.
Хабаршыға айтқан Бақтыбайдың сөзі:
Ертіске ел қонғанға түсер кеме, Мақтадың, ей, Меңдібай, мұнша неге?
Алдыма адам ұлы түскен емес, Қашырма дегбірімді, жаман неме.
Ауылдан бір топ адам шыға келді, Екпіні самалданған соққан жел-ді. Қолында сырлап қойған сары домбыра, Түрленген тоты құстай бір қыз келді. Жан екен сыны түзу сырлы аяқтай, Бақаңның жерде тұрып көзі көрді.
Қыз екен қызылсары, бойы сұңғақ, Қолына сары домбыра алған сырлап.
Аққудай желді күнгі аспанға өрлеп, Толқытып шығарып тұр әннен ырғақ.
Қызығып, қыз сөзіне бойы балқып, Еңкейіп тұра берді Бақаң тыңдап.
Көрген соң Бақтыбайды олқысынып, Төрт ауыз өлең айтты Мәйке жырлап.
Мәйке:
Бақтыбай топтан шыққан ақын еді, Ақынға ақын адам жақын еді.
Есітіп Алатаудай атағыңды,
Көңілім көлеңкеңе балқып еді.
Жаралып топырақтан Адам ата, Әйелден еркек заты артық еді.
Ұмыттың Адам ата әуел жолын, Қадірлеп, үйден күтіп жатыр едім.
Жалайыр, көп мақтаған ісіңізді,
Өнер мен тілге біткен күшіңізді
Көрген соң көңілім жасып, қатты ұялдым, Күйкиген күн қақтаған түсіңізді.
Бақтыбай:
Көңілім осы күні басылып жүр, Әркім-ақ дәулеттіге бас ұрып жүр. Үстімде шолақ шекпен, шоқай етік, Кедейлік берекемді қашырып жүр. Бұтымда жеті жылғы қатқан шалбар, Әр жерден әбүйірім ашылып жүр.
Бақтыбай тау суындай қылтылдап жүр, Буыным бидай орсам, сыртылдап жүр.
Бір сиыр әрі көлік, әрі сауын,
Жоқшылық мені сынап, сыр тыңдап жүр.
Жасымнан сөйлеп жүрген сөзім еді, Бидайға келіп тұрған кезім еді. Тұрмысың қорашсынып, қарындасым, Бақтыбай – тақыр кедей өзім едім.
Мәйке:
Абылай аты шыққан үш төре боп, Көк шығар көктемеде тістеме боп. Аруағың Жалайырдан асып еді, Жәкетай, не ғып тудың кішкене боп? Ертіске ел қонғанда түсер кеме, Жаны бар, бұл сөзді де бекер деме.
Даңқыңыз Жалайырдан асқанменен, Қортық боп тудың, сорлы-ау, мұнша неге?
Бақтыбай:
Қарашы шамасына мыс пен қола, Шырағым, өкпелеме бойға бола.
Болғанмен бойым тапал, ойым – биік, Кеудемде шірімейтін алтын тола. Өмірі Бақтыбайдың осы деме, Келіп ем шаруам үшін бидай ора.
Көктегі мен ақ тұйғын Көлден аққу ілетін.
Таудағы жүрген ақиық
Бақаң бүркіт емес пе, Сайдан түлкі бүретін? Нарқымды білсең, Мәйке қыз, Жөнің емес күлетін. Сары тоғайда қырғауыл Мәйкетай сіз емес пе?
Кәрі тарлан қаршыға,
Үйрек пенен тоты құс,
Қанша жарлы болса да, Алқымында жүретін.
Мәйке: Қыдыр шалып, бақ қонған Ескелді бір атаңа. Махшарда Құдай сүймеген Меккенің дәмін тата ма?
Көрмекке іздеп келіп ем, Жалайырға сүйікті, Тіліңе біткен опаңа. Қалжың да болса, тоқтадым, Аузымнан шыққан қата ма? Ұлықсат етсең, келіп ем, Алайын деп батаңа.
Бақтыбай:
Өзен судай кемелім,
Салқын үйде отырсам, Шығар еді өнерім.
Әрі-бері сапырсам, Әуселеңді көрермін.
Қырыққа жасым келгенмен,
Әзілдесіп ойнауға
Қыздар деген шіркінмен Әлі күнге шебер ем.
Жарамайсың жалғыз-ақ,
Еркек бала сен болсаң,
Өлеңім бәрі кетсе де, Аямай, бата берер ем.
Мәйке:
Бақтыбай, босқа желікпе,
Еркек – дарақ, біз – бұтақ. Аңғарып айт, демікпе.
Әйел де адам баласы, Бір жақтан ауып келіп пе? Қыз да болсам, мен сені Жібермеймін ерікке. Өзіңді өзің қамбаздап, Бізді мұнша кемітпе. Ақылмен ойлап шешесің Осы сөздің егесін.
Ақыретті ойласаң, Дүниеден тегі безерсің.
Жаман болса ұрғашы, Жазы-қысы тыным жоқ.
Көрінгенге күл шашып, Жазған-ау, неге кезесің?
Бақтыбай: Бақтыбай қылып Құдайым Жасымнан мені жаратты.
Ішпек-жемек уажіп, Пендеге берген санақты. Арсалаң ақын о да аман, Түбек пенен Жанақ-ты. Айтыспақ түгіл бұлар да Нұсқауымнан қамапты. Үш кессе де, жыланды, Кесіртке әлім бар-ақ-ты.
Араладым бірталай
Абақ пенен Тарақты.
Өлеңменен айтыста Тартушы едім қадақты.
Таразыға түскенде
Тартынбай сөйле, Мәйкежан, Бала екенсің талапты. Сен қандайсың, мен қандай, Белгілі болар әлі-ақ-ты. Мен – ақ тұйғын, сен – торғай, Жаздым, міне, қанатты.
Мәйке:
Ілгері кеткен егдесің,
Құнан да, тай да табың жоқ,
Байлықтан біткен бағың жоқ, Көрмегендей шағың жоқ.
Мақтаннан еш береке өнбегендей,
Қамтитып көкірегіңді қаққанменен,
Қайда бар мал мен басың өрлегендей Аттыдай жаяу тұрып мақтанғанмен.
Мұныңмен сөз орнына келмегендей,
Без, шіркін, мысыққа да бітетұғын, Мияулап, мауық іздеп, шөлдегендей.
Көтеріп өзіңді-өзің қампиясың, Жайыңды Мәйке барып көрмегендей.
Бақтыбай:
Тау суындай тасулы, Келтірме, байғұс, ашуды.
Перінің қызы болсаң да, Кемітпей сөйле басымды.
Танымайсың нәсілді,
Он екі жасқа келгенде,
Аруағым әлде шашылды. Кедейсің деп кемітпе, Мен сияқты асылды.
Жаратты Бақтыбай ғып Құдай мені, Бір сөздің айтатұғын келді жөні.
Келді ме Түлен түртіп сен, бейбақты, Қалайын бір айттырып, келсе, жөні.
Мәйке: Жақсы айтсаң, Бақтыбай, Ақ маңдайда бағың бар.
Қалыңмалға жеткендей Жазған-ау, қанша малың бар?
Көрініп тұрған түгің жоқ, Көрсетпей жиған қазына, Қанша сенің халың бар?
Күшік деген халықта Некелеп қойған жарым бар!
Қара суда балық бар,
Айтқан сөзде парық бар,
Күшік деген халық бар,
Он үш айда жетемін, Соған шейін алып қал.
Бақтыбай:
Әрі-бері сөйлесем
Шығарамын шиіңді, Тарттырамын күйіңді. Мен – қаршыға, сен – үйрек, Ілейін деп, түйілді. Жалайыр басын бір қосқан, Барармын мен де жиынға. Қалыңмалың жетпейді, Түтінге бес-он тиынға. Қалыңмалды қоя тұр, Үйіңе барып істей бер, Киетұғын киімді.
Мәйке:
Ауызша сенің көңілің Жанып тұрған шаладай. Әңгір-әңгір сөйлейсің, Бастықпаған баладай.
Әлің келсе, ат-түйе,
Батаяқ алар, бабам-ай.
Ертең ұят болмасын,
Ат-түйені қоя тұр,
Батааяққа беруге
Қотыр бұзау таба алмай,
Әулікпе, Бақа, әулікпе,
Өзіңді-өзің шамала-ай.
Қор боласың, байғұс-ау,
Екі қатын алған соң Көзің болар шарадай.
Елге күлкі боларсың,
Мал тауып беріп, Мәйкені Тоқалдыққа ала алмай.
Ел бетіне жүрмегін Ұялғаннан қарамай.
Мәйке бала келгенде,
Мәйкенің жүзін көргенде,
Әлек болып жұлқындың,
Азбан бұқа сияқты Топырақ шашып далада-ай.
Бақтыбай:
Аламын десем мен сені Жалайыр берер көмегін.
Жалғыз-ақ, Мәйке, айтайын, Жалғыз атты қаңғыған Сорлы екен демегін. Басылып жатқан қазына – Таңдайға біткен өлеңім.
Домбыраны қолға алып,
Біраз ғана желемін,
Жасырмаймын, кедеймін, Елден нәсіп теремін.
Бір қыздың малы немене, Бір жылда-ақ тауып беремін.
Кепиетсіп жөн бе еді, Адамзаттың баласын Айуанға теңеуің? Жаныма менің тигенің, О да мені сүйгенің.
Өнерлі туған ер еді, Алсын мені дегенің. Домбырамды тағармын, Жалайырға барармын.
Ашулансам малыңды Жеті күнде табармын.
Мәйке:
Қыз да болса, Мәйке қыз, Көрген сендей талайды. Орнатарсың бай болсаң Ағаш үйден сарайды.
Шамаң келсе, Мәйкені ал, Өнері бар Мәйке қыз Бір кәдеге жарайды.
Сөйлейсің Жәке құбылып, Қатының жаман болған соң.
Үйің сенің қалыпты, Бір арыққа тығылып, Дүмбірлеп тұрған үйің жоқ.
Үйіңнің сенің ішінде Ораулы тұрған шиің жоқ.
Ыштансыз отыр қатының, Қай жаққа кеткен ақылың?
Бақтыбай:
Мәйкетай, айналайын, ақылыңнан, Жалғанда қорлық көрдім қатынымнан. Берсем де, ердің құнын сені алайын, Үйдегі озамысың «батырымнан»?
Мал шығын ғып алмаймын, Дәйттен сен аспасаң.
Боласың жақсы бәйбіше, Шаруаны бекер шашпасаң.
Мен кетсем, қаңғып ұзаққа,
Сен кетсең, қаңғып бір жаққа,
Хас масқара болармыз,
Осы күнгі, шырағым,
Жүрісіңді бастасаң, Сондай қызық болармыз.
Шаруаны сүйтіп тастасаң.
Қарағым, Мәйке, баласың,
Балалықпен білмейсің, Адамның байқап бағасын.
Ақылың маған жеткен жоқ,
Білместіктен, қарағым,
«Кедейсің», – деп шаласың,
Ескелді, Естай бір туған,
Әулие өткен білесің, Бақтыбайдың бабасын. Сиыршы деген елі бай,
Шұбар деген жері бай,
Сиыршының беремін
Сиырының бір жылғы
Азар болса танасын, Онда Құдай бермей ме Бақтыбайдың шамасын?!
Не десең, о де, Мәйке қыз,
Тірі жүрсең, әйтеуір, Бақаңның отын жағасың.
Мәйке: Қыз да болса, Мәйке қыз, Сиыршы жайын біледі.
Сенің айтқан сөзіңе Көңілім менің күледі. Қанша айтсаң да, келмейді, Еліңнің сенің реңі.
Бақал боп бәрі құрыған, Бір тиынды алам деп Жол тосумен жүреді. Андас мырза сияқты Атақты ерің кім еді?
Сиыршының қыздары
Ақ бидайды ора алмай Бороздаға сүрінген.
Қатқан шалбар, қу шекпен, Үстінде жүр сүрілген.
Қанша қатын алып ең
Бұдан бұрын тіліңмен,
Сенікі еді бір әлек, Әншейін бір бүлінген.
Құмар едім, Бақтыбай, Бір көрмекке өзіңді,
Не десең де, байғұс-ау, Ала алмайсың өзімді.
Бидайда Құдай келтірді Бақтыбай, сенің кезіңді.
Бақтыбай, қисық, қыңыр ең, Бүгінгі күні кез қылды Түзететін кезіңді.
Қораң толған малың жоқ,
Кедейсің, сорлы, құның жоқ, Кім сөйлейді сөзіңді?
Бақтыбай: Байтулақ тартар атымды, Сөйлейтұғын ерінбей.
Байтұрбай сөйлер сөзімді,
Ебінің соққан желіндей,
Бекмұқамбет сол сөйлер, Атасы Балпық емес пе, Қазанның асу, беліндей.
Исабек сөйлер сөзімді,
Бейбіт бидің баласы
Сөйлейтін топта шегінбей,
Байқоржын мен Тарағым,
О да менің қарағым,
О да сөйлер сөзімді, Аспанда жүрген перімдей.
Замандасым Дәнең де,
Өзі болыс, өзі ояз
Жәлменде жатыр төменде,
Осылар тірі тұрғанда
Жасымаймын, Мәйке қыз, Сен кедейсің дегенде.
Мәйке:
Байтулаққа беретін
Байғұс-ау, сенің шайың жоқ,
Баймұқамбетке апарып, Аруаққа байлайтын Жылқыда асау тайың жоқ.
Кәрі шалға берер пұлың жоқ,
Қалтаңда сенің дымың жоқ,
Әншейін де жақынсың,
Шынтуайтқа барғанда, Елтірі құрлы құның жоқ, Тараққа берер малың жоқ.
Тамағы кең кісі еді, Байқоржынға беретін Дулыға өркеш нарың жоқ.
Ақсақ тоқты, қотыр қой,
Осыменен күн көрген Ақындығың болмаса, Маңдайға біткен бағың жоқ.
Бақтыбай:
Байтулақ – о да қатарым, Айтқанымнан шыға алмас. Адамнан пара алмаған, Пәлеге көзін салмаған.
Қараның ханы – Байтұрбай,
Тегінде пара сұрамас,
Балпықты айтып барған соң, Парақор қанша болса да, Бекмұқамбеттен шыға алмас. Дүйсембі еді бабасы, Бейбіт бидің баласы. Адамнан шыққан бидайық, Ақылға зерек Тарағым. Қасқырдан жемқор кісі еді, Қоймас, сірә, тамағын.
Ел боп Жәкең сөйлесер,
Әрі болыс, әрі ояз,
Құдай артық жаратқан
Қатарында талабын, Кедейлікті бетіме Шіркеу қылып салмағын.
Не десең, о де, әйтеуір, Наурызға жеткізбей, Сөзсіз, сені аламын. Бүгіннен бастап күліңді, Аудара бер, қарағым.
Мәйке:
Ағасың, жасың үлкен, Бақа, сенің, Сөйлесем шығарамын сөздің кенін. Тоқтайын, жасың үлкен адам едің, Жел сөздің не қылайын артық-кемін?! Тоқтадым, тоқтайды деп, Бақа, саған, Өлеңім таусылмайды айтсам менің. Қайтайын, ұлықсат бер енді, Бақа, Айтыстық көңілдегі сөздің жөнін.
* * *
Бақтыбай алмақ болды деп, Жайылды жұртқа хабары.
Өзіне үлкен намыс боп, Бектемірдің жабылды Одан сайын қабағы. Келінімді берсін деп,
Байгөзге кісі салады. Бас салып, тартып алмақ боп, Неше күндей қамады.
Қыздың жаны шошынып,
Бәйтік ойға түскенде, Қысылып, оттай жанады.
Күшіктей Мәйке қысылып, Бақтыбайдың жолына Күннен-күнге қарады.
Бақтыбайдан бір хабар Бола ма деп Мәйке қыз Құдайдың күнін санады. Екі айға дейін еш хабар Бақтыбайдан болмады.
Қапаланды Мәйке қыз Болдым деп неден жазықты, Сәлем хат жолдап жазыпты…
Мәйке:
Бақтыбайға не болды, Өлеңге желдей есе алмай? Заты кәрі кісі еді, Қой қосағын жүр ме екен Қолы мұздап, шеше алмай?
«Байтал түгіл, бас – қайғы»,
Отыр ма екен жұртында
Түйе тауып, көше алмай?