БАҚТЫБАЙ МЕН БӘЙІМБЕТ
Бәйімбет:
Ассалаумағалейкүм, Бақтыбай,
Бағарыңыз көбейсін,
Осы болса бар малың, Бес ешкілі кедейсің. Бес ешкіңнен айрылсаң, Қатыныңа не дейсің?
Қу тақтайды құшақтап, Сұмырай тілді безейсің.
Сүйір пышақ, қу табақ – Мезгілмен соғым жемейсің. Өлеңменен байлардың Мінін айтып, шенейсің. Қақсап жүріп бір күні Өлемін ғой демейсің.
Құдай берген өнердің Қызығын қашан көресің? Бес күндік пәни жалғанға Осынша неге сенесің?
Өлмеймін деп жүрмісің
Қырыңнан жерге енесің. Бақтыбай ақын дегенге Мәз боласың есіріп.
Бір тойып ішкен көжеңе Терлейсің, сорлы, шешініп. Жамыларға көрпең жоқ Жатарлықтай көсіліп. Айтыспаққа құмар ем, Сеніменен шешіліп. Саған айтар сөзім жоқ, Қалмаса тілім кесіліп.
Сен Бақтыбай болғалы
Қос атпенен жүресің, Жеке атқа қашан мінесің?
Дүниенің шолағын
Айтқызбай, өзің білесің.
Далаға шықсаң мақтанып, Үзеңгіңді шірейсің. Үйде отырсаң омалып,
Боқтығыңды күрейсің.
Біздей сұғып тіліңді
Қанағат қылмай Құдайға Елден жылу тілейсің. Шұбардан, тіпті, көшпейсің, Көксаудан бұлай өтпейсің. Құдай тойым бермесе, Мұрадыңа жетпейсің. Қай уақытта, Бақтыбай,
Көресің елдің қарасын?
Құдай жазған емес пе Әркімнің тағдыр қазасын.
Дүниеқордың береді Өлгенде Құдай жазасын.
Қолыңды жайып, сұранып, Кетірдің жұрттың мазасын. Онан-мұнан құрайсың,
Қайырыңды сұрайсың.
Бет алып барған жеріңнен Алмай, тіпті, тұрмайсың.
Домбыраңды бетке ұстап,
Зулап тұрған сұмырайсың
Бай болмайсың, Бақтыбай, Барлық қанық бергенге. Сұраншақтық азапты Тартарсың кейін өлгенде. Тырайып барып жатарсың Өлген қайтып келген бе? Неңді сойып бересің Үйіңе мейман келгенде?
Бақтыбай деген атың бар, Қазаның толмас асың бар.
Сен бір жүрген шерменде.
Жарымаған сорлысың,
Тақыр шалбар тоңдысың, Берер Құдай бергенге.
Бақтыбай:
Ал, Бәйімбет, Бәйімбет, Сөйлеп кеттің тоқтамай. Мақтанбағын баймын деп, Отаубайша оттамай.
Енді маған кезек бер
Тұрдым тыңдап сөзіңді
Өзің келіп тиістің Жеңбей қойман өзіңді.
Менің атам – Сырманақ Сенің атаң – Шуманақ.
Табаныңда бүрің жоқ.
Келдің қалай сырғанап? Шуманақтан Барақ-ты, Бақтыбай ақын аралар Абақ пенен Тарақты.
Байқап сөйле, Бәйімбет,
Ашылар артың әлі ақ-ты,
Құрт жеген соң басыңды, Шөкімдей миың қалмапты.
Сүйір пышақ, қу табақ, Жарымаған ел едің, Айтып бір салдың әуелден Ішіп, бір жеген тамақты.
Сенің атаң әуелі, Күшік емес, Көмшік-ті.
Сұрастырсам атаңды Атамнан атаң кем шықты. Бақтыбай кедей болғанда, Сенің елге нең шықты?
Қысы-жазы босасың, Тоғаның жоқ меншікті.
Қыздырып ең аузымды, Маңдайымнан тер шықты.
Қайда көрсем шұбайсың, Бір орын мекен қылмайсың. Астықты қайдан алам деп, Құдайыңа жылайсың. Қақпан, тұзақ арқалап, Сексеуілге барасың.
Шырпының түбін сау қоймай
Қақпан, тұзақ саласың Тұзақ пенен қақпанға Ертең түсте барасың.
Арам өлген қоянды Арқалап, жиып аласың.
Ақкөз қоян адал деп,
Біле тұра арамды Қазаныңа саласың.
Құдай өзі береді
Арамқордың жазасын.
Баққаныңды мал демей,
Еңбек қылып, нан жемей,
Біздің елдің дәніне
Күзді күні болғанда
Айырбастап тұзыңды Аласың елдің мазасын.
Менің атам – Байкөбен,
Сиыр бағып жүргенде, Ақсақалды шал келген. Шұбардан қоныс ал деген, Ақ бидайды сал деген. Ақ бидай салып, нан жеген, Нан жеген соң, дәндеген. Қараталдан тоған ал,
Тоғанға қарай қоғамдал, Иесіз жатқан Шұбардың Егістігі мол деген. Қыдырлы тоған болған соң, Орыс деген ел келген. Өнері көп орысты Үйір қылдым жерменен. Сенің елің қорқады Мен емес пе тең келген?
Арық аттай, Күшігім,
Шом тесіп, арқаң жауыр боп, Ел қатарына енбеген.
Базардан алған кездеме, Жаманның сөзін сөз деме. Бақтыбаймен айтысты-ау, Бәйімбет деген таз неме. Бақан өлең қозғаған, Алдынан жүйрік озбаған. Бәйімбет, қайдан кезіктің Айтпайтын сөзді қозғаған. Жүзден озған тұлпармын, Сөз тауып, сөзден қоздаған.
Бәйімбет:
Бақтыбай, шешен ақын сөйлер сөзге, Бақтыбай боп атандың осы кезде.
Дәуірлеп барған сайын мақтанасың, Қанша ешкің бар отарда мұнан өзге?
Осы болса бар малың, сенбей-ақ қой, Қандай күнге кебенек салар күзде?
Сарысуланған салықшы, сорлы кедей, Бидаймен тапқан малды көрсет көзге.
Бақтыбай, сене берме домбыраңа, Бес ешкің сауын болып, оңдыра ма? Кебенек кеп, ешкіден жұрдай болсаң, Байларың сені қоңсы қондыра ма?
Тіліңді безеп, сауын сұрайсың ғой, Қу тақтай сабай берсең, болдыра ма?
Қу кедей, не бетің бар мақтанардай, Малың жоқ сойып жейтін басқалардай. Жасыңнан көргеніңнің бәрі бейнет Күнің жоқ тойып ішкен шаттанардай.
Біздің ел тауды жайлап, құмды қыстап, Жартысы өзен бойын қылар қыстақ.
Құдайым мал мен бақты бергеннен соң.
Білмейміз жер шабуды кетпен ұстап.
Бақтыбай: Баймын дедің, Бәйімбет, Қалай айттың, ұялмай? Отыр едім әуелде Жаман сөзге қия алмай. Жүр екенсің, байғұсым, Өзіңді-өзің ұға алмай.
Көпірме ауыз сорлысың, Орынсызға мақтанып,
Тіліңді кеттің тия алмай. Берекелі бай болсаң, Жүрер ең ғой сұранбай.
Маса менен шіркейге
Қамалғаныңды білмейсің, Қаратал мен Көксуға Еркін жатқан сия алмай.
Сұрамаймын бестіңді,
Өлең қылдың ешкімді
Жайлауыңды мақтайсың
Тыртаңдайтын бес күнгі.
Шын ақымақ екенсің
Деуші едім сені ес білді.
Кебенек кеп, қырылса,
Төлеуіне сұраман Қойың менен ешкіңді.
Кенелеп малы өлді деп, Сіздің елден бір өсек Біздің елге естілді.
Ешкім өлсе – қорамда, Бидайым бар ұрамда. Намыстансаң, Бәйімбет, Бізден келіп сұранба.
Жұтап кейде қаласың, Сасытып құмның арасын.
Берекесіз, қайырсыз Байлығыңды ұрам ба? Боғыңды көрмей шашылған Кеттің шырқап шығанға. Ақ сүйек боп қырылдың, Өткен жылғы жыланда.
Ақ шомшы болып сандалып,
Бидай сұрап зарланып,
Қарымбай құсап жер жыртып, Өлсең еді мұнан да.
Жалайырдың баласы ең
Жер сұрасаң, берер ем,
«Еңбек етсең, емерсің» − Сенен артық қылам ба?
Жөніңді білмей, Бәйімбет,
Қарға ұқсап қарқ еттің Алысқа қарар қыранға!
Бәйімбет:
Бақтыбай, өлең айтасың Кешке шейін жалықпай.
Бәйімбеттен жеңілмей Сені Құдай тауып па-ай! Жатақ жаттың, Бақтыбай, Күрік болған тауықтай.
Жұтап Күшік қалғанда,
Бес ешкілі Бақтыбай, Сенен сауын сауып па-ай?
Той-томалақ көрмейсің Шілдехана, сауықты-ай.
Мақтансаң жөні келеді Білемін деп орысша-ай. Білінбейді, Бақтыбай, Адал менен арамың.
Мақтанасың семірсе, Астыңда бір-бір шолағың.
Қанағат етсең болмай ма, Құдайдың берген шалабын…
Неге айтасың демегін,
Базардың кидің кенебін
Тесік, жыртық шалбардан Көрінуші еді керегің.
Бай болмайсың, Бақтыбай, Қой жайып, мал жиғанмен.
Істеріңнің бәрі ерсі,
Өздеріңе сыйғанмен. Орыстың мініп шанасын, Базарыңа барасың.
Көйлек-көншек аласың,
Ақшаң жетпей, тапшы боп, Сонда бір жасып қаласың. Антон менен Шодырдан Ақша қарыз аласың.
Келер жолы көктемде Топырағыңды саласың.
Мақтанбағын, Бақтыбай,
Білеміз ғой сырыңды Өстіп құрып қаласың.
Біздің ел құмда жатады, Қалтаға ақша басады. Құнан қой мен дөнен қой Кездемеге сатады.
Бексұлыға сіздің ел Белшесінен батады. Жаздай тапқан астығын Бексұлыға тартады. О да жетпей, тапшы боп, Жалғыз атын сатады. Сіздің елді Бақтыбай, Өстіп Құдай атады.
Бақтыбай: Бәйімбет, кепсің сандалып, Айтыспаққа қамданып. Там босаға, тар есік, Байқап сөйле, аңғарып.
Соқыр болса ұлығың, Көзіңді, тазым, қысып жүр.
Оған арнап ор қазып, Өзіміз түсіп қалмалық.
Орыс деген халық бар, Сөйлер сөзде парық бар. Көрінбейсің, Бәйімбет, Сөзімді менің нарықтар.
Өтірікті білмейді,
Ұрлығыңды қылмайды,
Біле білсең, Бәйімбет, Орыста талай парық бар.
Несі жаман көрінді Орыс салған қаланың?
Қазақ барып алады Одан керек-жарағын. Өнерінен именбей,
Одан да жиренбей. Тілімді алсаң, қаңғырып Айдалада қалмағын.
Дейсің бізді орыстас, Орыс та болса қоныстас.
Қалай жемей тұрасың
Сыйлап берген тамағын.
Қаласы соның сатады
Көйлегі менен көншегін Қатын менен баланың.
Сол орысқа, Бәйімбет, Қарамай, кәне, қалғаның.
Орыс деген өнерлі Оны аузыңа алмағын. Қыздырдың ғой тілімді Домбырамды қағамын. Қойға ере алмай жүруші ең Құмға күйіп табаның. Байқап қалдым, Бәйімбет, Тәуір екен самалың.
Бақтыбайдың алдына
Айдап келген түрткілеп,
Бәйімбет, сенің ажалың.
Ноғай менен орыстар,
Старшын мен болыстар, Орыс та болса, басыңды Осы күні сол ұстар.
Талдықорған базарым, Базарсыз болмас ажарым.
Араласып, бәрі жүр – Орыс, ноғай, қазағым.
Барын халық алады:
Шыны, шәйнек, қазанын.
Басында тұр зор қауіп.
Жатырсың құмда бор қауып. Сорың қалың маңдайда Арылар қашан азабың?
Бәйімбет: Жақсы айтасың, Бақтыбай, Домбыраңды қақтың-ай. Үйсін, Найман бас қосса, Сөз нақысын таптың-ай.
Намыстас боп орыспен
Жатақ болып жаттың-ай.
Орыс пенен қазақтың Бәріне де жақтың-ай.
Ендігісін өзің айт,
Бірталай тісім батты ма-ай?
Жаяу едім өлеңге, Ере алмадым аттыға-ай.
Бақтыбай:
Мақтан қылдың, Бәйімбет, Қойың менен жылқыңды.
Егін салып, нан жесең, Бұзбайды ғой шырқыңды. Жеңемін деп желпеңдеп, Едірейттің мұртыңды.
Жамандама орынсыз Орыс деген жұртымды.
Теңемегін Шұбарға Құм сексеуіл шырпыңды.
«Илләләға» келтірген Пейілі жаман құлқыңды. Көрмей кепсің жығылар Алдыңдағы шұқырды.
Сенен несін аяйын Өлең деген шіркінді.
Ең артынан айтпақ ем
Басыңды жеген құртыңды, –
дегенде Бәйімбет күліп, Бақтыбайдың қолын алады.
Бақтыбай:
Осылай едім, жайым деп, Жөнге келдің, Бәйімбет.
Мұнан былай осылай
Сәлем бергін дәйім кеп.
Ақынды қорлап қайтесің Тілінің жүрген майын жеп.
Жеңуім менің сөзсіз ғой,
Боп кетпесе астыртын
Бір қиямет-қайым боп.