АЙҚЫН ҚЫЗ БЕН ЖАРЫЛҚАСЫН ҚОЖА
Айқын:
Қожеке, есенсіз бе, сәлем бердік, Мүбәрәк дидарыңды жаңа көрдік.
Жүзіңде рақымың бар жан екенсің, Жоқ шығар көңілінде такаппарлық. Өзің біл сөйлескенде не деріңді, Әлік алып, қолыңды көрісерлік.
Жарылқасын:
Жарқыным, сәлем берсең, сәлемет бол,
Жетеді мұратына өлмеген құл.
Сіз сәлем берсеңіз, біз әлік алдық, Сүндеті пайғамбардың қазулы жол. Көріссең, көрісем деп айтқан сөзің Әрқашан шариғатқа теріс емес бұл. Таранған тотықұстай бала екенсің Және де екі бетің – алқызыл гүл.
Порымың қатарыңнан артық екен Болғанда қасың қара, шашың сүмбіл. Ат біліп, жүз танымақ бір ғанибет Абзал-дүр сөйлеспекке атың білдір!
Айқын:
Бексары – әкем аты, Айқын – атым, Сүйгеннен Айымторы дейді халқым.
Бекмұрат бірге туған жалғыз ағам, Осылайша айтайын сөздің салтын. Осындай түсіндіріп тамам еттім, Шұбалтып, не қылайын сөздің артын?! Көңілімді қалдырар деп ойламаймын, Секілді сөзің – жібек, жүзің – алтын. Адамзат айтса, білер, ашса, көрер, Білмейді бұл жақтағы сізді халқым. Қожеке, өзің айтып, білдірмесең, Қожаңның кім біледі қазақ, сартын?
Жарылқасын:
Ойлап ем бір бала деп жүзің жарқын, Тілің – кілт, кеудең – сандық, ақылың – алтын. Ақылың көп те болса, шашың ұзын, Жібердің келістірмей сөздің артын.
Қыз Торы, мына сөзің не дегенің Қожаның білмеймін деп қазақ, сартын? Қазының сондай жақсы баласымын, Еліңде жөн білетін жоқ па қартың?
Айқын:
Қожеке, сөзің – шырын, жүзің – алтын, Тартты ма малал келіп, көңілің салқын. Айтты деп мұндай сөзді көңіліңе алма, Айтып ем әшейін-ақ сөздің салтын.
Қылатын елді таныс қосшы еді Сұрамай, қайдан білсін сізді халқым?
Баян қыл, тақсыр, маған өз затыңды, Бабаңа кір келетін жері бар ма, Атаңның айтсаң маған қойған атын!?
Жарылқасын:
Айт десеңіз, айтайын атымды мен, Қылайын сізге баян затымды мен.
Темір, жауһар артығы асыл тас-ты Көтерсең, айламенен батымды сен. Ер тұтып, әйел басың сөз айтасың, Болмаспын өтірікші батыр десем.
Атымды өздігіңмен біле алмассың, Қыз Айқын, өзім айтып, білдірмесем.
Өтіпті бізден бұрын Хазірет Әлі
Ұжмақтан шыққан оның Зұлпықары. Сұрасаң, арғы атамды Сүгірәлі, Бергі атам онан туған Ібірәлі. Бабам – хан, атам – Нұржан, әкем – сері, Пір тұтып, қол тапсырған жұрттың бәрі.
Сұрасаң, өзім атым – Жарылқасын, Жел сөздің қайдан білдің табылмасын? Атам мен өз атымды баян қылып, Келтірдім осылайша сөздің нәшін.
Айқын:
Қожеке, нағыз әулет пір екенсіз, Артықша сөйлер сөзге дүр екенсіз.
Қожеке, нағыз әулет пір де болсаң, Жел сөзбен жеңіл тартып жүр екенсіз. Қожаға нағыз өлең бұйрық емес, Қоймасаң, ата жолын кір етерсіз.
Жарылқасын:
Өнерді Тәңірім берген, Айқын, маған, Ер едім айтар сөзден тоқталмаған.
Тілеуқор нағыз пірдің баласымын,
Бармаспын жамандыққа келсе шамам.
Орынсыз жаман сөзді айта алмаймын, Ұятты Тәңірім берген, Айқын, маған. Бұл өлең ұят болса, неге айтасың?
Естідім сен де оқыпсың Құран кәләм. Бұл өлең күнә де емес, сауап та емес, Айтады күнә ғой деп білмес надан. «Жығылған сүрінгенге күлер» деген, Келді ме соның кері, Айқын, саған?
Айқын:
Атыңды жаңа білдім, Жарылқасын, Көреді әркім тәуір ықыласың. Басыңда бақыт құсың бар шағында Кем емес падишадан қара басың.
Есітіп көрген жерден абайларсың Айқынның айтқан сөзін, даражасын. Жігітке мақтап айтқан жарамайды, Айтамын мақтамай-ақ сөз расын. Қоймасаң жігіттікпен өлеңіңді Халқыңның қайтарарсың ықыласын.
Жарылқасын:
Жарқыным, бұл сөзіме құлақ салшы, Қалмайды ердің жерде қара басы.
Ерді әйел кемітеді деген рас, Қыз Айқын, солай ма еді сөздің нәші? Айтамын насихатпен мен өлеңді Жұртымның неге қайтсын ықыласы?
Айқын:
Түйе мал жүк көтермес мешеуінде, Сөзімді қалдырмаңыз кешеуілге. Жүзінде бұл дүниенің тірі жүрміз, Өлерін пенде білмес неше күнде. Сұраймын сізден, тақсыр, білмек үшін, Жасыңыз жиырманың нешеуінде?
Жарылқасын:
Түйе мал жүк көтермес мешеуінде, Сөзіңді қалдырмаймын кешеуілге.
Жүзінде бұл дүниенің тірі жүрміз, Өлерін пенде білмес неше күнде. Қай жылы туғанымды білмей жүрмін, Жасымыз ата-ананың есебінде. Білмесек те, шамалап айтар едік, Көңіліңіз разы болса нешеуіне? Кәдімгі қырық жартысы жиырманың Қыз Айқын, уәлле ілім, үшеуінде.
Айқын:
Қожеке, дидарыңды жаңа көрдік, Алдында мырзалардың айтпай желдік.
Дүние фани деген кітапта бар, Бұл үш күндік дүниеде дәурен сүрдік.
Білмей айтып, ұялып қалмайық деп, Сол себептен жасыңызды сұрап едік.
Бізге сіз екі жылдық аға екенсіз, Ағаға қарсы келмес, жаңа білдік.
Жарылқасын:
Дәм айдап, келіпсіз сіз сонша жерден, Дұшпанның көп жақсы емес сөзіне ерген.
Тарқамас сөзден құмар, Айымторы, Сенімен бір сөйлеспей арман-бермен.
Адамзат айтса білер, ашса – көрер, Бұл жаққа сіз келдіңіз не түрменен?
Айқын:
Білмейді Хақ әмірін надан кісі, Сөз айтпақ тыңдамаққа көңіл хошы.
Бір елдің Айымторы ақыны едім, Өксітіп не қыласың мен байғұсты? Шығуана ат та қашып, ұстатпайды Егесі қылған болса, жақпас істі.
Жұлдыздар аспандағы жерге түсер, Құдіреті Құдайымның сондай күшті. Дәм айдап, сонша жерден келіп жүрміз, Ежелден бұл оқиға – Хақтың ісі.
Жарылқасын:
Жарқыным, ерге сіңбес ердің малы, Тәңірінің екі болмас бұйырғаны.
Тәкаппарлық көңілге келіп қалып, Еліңнен көшіп шықтың көп түйелі.
Жастықпен мұнша жерге қалдың келіп, Арадағы дұшпанның тіліне еріп. Тағдырға шара бар ма солай болса, Кісі жоқ еріп шыққан саған серік.
Ағайынды ұмытып жүрмегейсің Сөзге жауап берсең де, аттай желіп.
Айқын:
Әуелі сиынамыз құдіретке, Сиынсақ, медет берер қатты дертке. Сыр ашпай, сүйенісіп отыр едік, Қожеке, бір сөз айттың, шауып бетке. Ғалым бар кітап өртегендей дегендейін Көңіліңіз толмай тұр қай ретте?
Жарылқасын:
Біз-дағы сиынамыз құдіретке, Сиынсақ, медет берер қатты дертке. Сыр ашпай, сүйенісіп отыр едік, Сен-дағы бір сөз айттың, шауып бетке. Ғалым бар кітап өртегендей деп айтасың, Аяғы шын боп кетті сол себепте. Көңілін күйеуіңнің неге ауырттың, Қыз Торы, көңілің теріс құдіретке.
Айқын:
Сол ма екен басымдағы барлық мінім, Сіз айттың біз білмеген сөздің шынын. Бекмұрат бірге туған жалғыз көкем, Отыр ем кейін көрмей сізді бұрын.
Келмей-ақ сүйеу сөзге тамырландың Жоқ па еді айтып көрген оны бұрын? Көп жеңіп, осы сөзбен дәм татыпсың
Шөп желке, жаман-жәутік қызды бұрын.
Әйелше өсек ашпақ сөз айтасың, Қожеке, солай ма еді сенің сырың? Ризасыз неке харам деген қайда, Жоқ па еді оқығаның оны бұрын?
Жарылқасын:
Жарқыным, жүзің көркем, сұлу сыртың, Қияды көрген адам не ғып ұлтың? Білгенімді еш адам білмес дейсің,
Осылайша, Айымторы, пиғыл-құлқың.
Ризасыз неке харам деген болса, Қалды ма ризаланып қайын жұртың?
Айқын:
Қалдырма, қожа, бізді қасіретке, Толады ішім менің қайғы-дертке. Біз жүрміз сөзімізге жетелік деп Бірнеше ерегесіп еткен сертке. Өзінің өз қылғаны келді алдына, Дүниенің өші қалмас ақиретке.
Жарылқасын:
Жарқыным, ерге сіңбес ердің малы,
Тәкәппар біреу болса, шықсын жаны. Нақақтан бір жаратқан падышаны?
Нақақтан сізге келіп, ол ұрынса, Мойнына, мейлі, болсын өз обалы.
Айқын:
Болыпты сізге мағлұм барлық сырым, Сіз айттың біз білмеген сөздің шынын. Шығардың қара өлеңмен түрлі қаяу,
Сіз айттың, біз сұрадық сауал түрін. Сұраймын сізден, тақсыр, білмек үшін, Тәңірім не жаратты жаннан бұрын?
Жарылқасын:
Жарқыным, сөз сұрадың қиын қатты, Жел сөзбен көтерейік көңіл шатты. Сұрасаң, сұлу Айқын, біз айталық, Әуелі Хақ Тағала тау жаратты.
Қызыл, көк тау ішінде бау жаратты. Жаппар ғазым өздері рақым сөйлеп, Жаратушы ол тауға назар етті. Тау еріп, қорғасындай балқыған соң, Маужырап, көбіктері аспанға атты. Тәңірім сол көбіктен жер жаратты. Ерімей түбіндегі қалған тастан Бәйтүл мақсұт атты бір нұр жаратты. Бір үлкен түсі жасыл құс жаратты.
Кеңдігі бұ дүниедей он мың шәһәр Баршасын құдіретімен Хақ жаратты.
Толтырып сол шәһәрдің бәрін дәнге, Хақ Тағала ол құсқа әмір етті. Сол дәні таусылған соң өлесің деп, Әр күнде сол дәнінің бірін жұтты. Ақырында, сол дәні таусылыпты.
Біреуі сол дәнінің қалған екен
Оны да қырық бес жыл сақтап, тағы жұтты. Сол дәнді жұтқаннан соң жанын апты, Сол құстың денесінен адам шықты. Қалайша жаралғанын бұл дүниенің Сұрасаң, Жарылқасын тамам етті.
Айқын:
Қожеке, көтерейік көңіл шатты, Жаратқан жадыма алып жаббар Хақты.
Жел сөзді Тәңірім берген сөйлесін деп Жаратқан мимен қосып тіл мен жақты.
Тіршілікті өтейік базар етіп, Болса да, өзге жалған, өлім хақ-ты. Дүнияға нәзіл болған жанның бәрін Бір күні жұмырады топыраққа. Сұраймын сізден, тақсыр, білмек үшін, Тәңірім бұрын жаратты қай қаріпті?
Жарылқасын:
Ойлайды ақылды адам сабырлықты, Ойлайды жаман адам жәбірлікті.
Сұрасаң, сұлу Айқын, біз айталық,
Тәңірім бұрын жаратты «нұн» мен «кафті», Жаратты «кафтан» жерді, «нұннан» – көкті. «Кафтан» – жер, «нұннан» көкті жаратқан соң, Он сегіз мың ғаламды тамам етті.
Айқын:
Қожеке, құлақ салып тыңласаңыз, Алдына қазір болсын сөзің бәрі. Бір ақ қой, бір қара қой кезек оттап, Тынбайды бір сағатта ауыздары.
Қара қой отқа шықса, қалқа ұрып Қалмайды отырған жан еш манзелі.
Ал, ақ қой кезегімен отқа шықса, Болады шат һәм харам жанның бәрі.
Қожеке, сол екі қой не қылған қой, Баян қыл, біз сұрадық, тақсыр, соны.
Жарылқасын:
Тілеймін әуел тілек Құдайымнан, Пайда жоқ ер жігітке уайымнан.
Болса да, саған қиын, бізге асан,
Жарқыным, сөз сұрадың оңайынан.
Бірі Күн екеуінің, біреуі – Ай,
Деп айттың мұны сауал қалайынан? Түн болса, жұрт ұйқыдан арылмайды Жорыдық бұл сөзіңді солайынан.
Халайық күндіз болса, сайран етер, Мен сенің тоқталмаймын мұндайыңнан.
Сөз сұра мұнан гөрі қиынырақ Жел сөздің озып жүрмін талайынан.
Айқын:
Кімнен өтпей қалады дүние жалған?
Пасық – антқа, мұсылман сертке нанған.
Армансыз бір сұрайын сауалымды, Білімің сіздің артық жүмле жаннан. Жауап бер бұл сөзіме, ақылың кәміл, Неше жыл Әбубәкір патша болған?
Жарылқасын:
Қыз Торы, пірлі сөзге келдің жаңа, Тіліме медет бергін, Хақ Тағала.
Айтайын білгенімше хикаятлап Сұрасаң білмек үшін, Айқын бала.
Хазірет хақ өмірден өткеннен соң Мекке мен патша болған Мәдинаға.
Сұрасаң, сұлу Айқын, біз айтайық, Екі жыл алты ай патша болды Әбубәкір. Туғаннан өлең сөздің мекенімін, Қойсаңыз, тигізермін нысанаға. Жүйріктің озып жүрген тұқымымын, Ғазиздің әулетімен нағыз ғана. Жүйрігі Қоңырат елінің, сұлу Айқын, Бар болса, тағы сөзің сұрап қара.
Айқын:
Хазірет Әмір, хазірет Оспан, Әлі Бұлар да болған екен шариярдан. Бұлардан жасы үлкен бе, жолы үлкен бе, Ол Сыдық неге бұрын патша болған?
Жарылқасын:
Қайынды, күйеу еді барша атасы, Қыз Торы, бұл сөзімнің жоқ қатасы. Алла елшісі Меккеден шыққан шақта Әбубәкір – Расулдың жан жолдасы.
Перзенті Әбубәкірдің Бибіғайша Хазіреті пайғамбардың зағипасы. Сол себептен Сыдықтың жолы үлкен, Сұрасаң, осылайша сөздің нәші.
Айқын:
Айтады діннің сөзін Хақ, пайғамбар, Үмметі пайғамбарға мұсылмандар.
Перзенті Әбубәкір Бибіғайша Тақсырға жұптылыққа жазған шығар.
Жауап бер, бұл сөзіме ақылың кәміл,
Неше жыл патша болды Хазірет Әмір?
Жарылқасын:
Құдай артық жаратқан Ай мен Күндей, Жігітке дәулет бітсе, перзент гүлдей. Пендеге туғаннан соң өлім – рас, Білмейді бенде, байғұс, оң мен солды-ай. Сұраған сауалыңа сөз айтайын, Тоғыз жыл алты ай Әмір патша болды-ай.
Айқын:
Құдай артық жаратқан Ай мен Күндей, Жігітке дәулет бітсе, перзент гүлдей. Бендеге туғаннан соң өлім – рас, Білмейді бенде, байғұс, оң мен солды-ай. Әмірдің бұрынғы аты Әмір дейді Фаруқ аты не себептен пайда болды-ай?
Жарылқасын:
Бұ дүние ойлап тұрсам, жалған екен, Бұрынғы пайғамбардан қалған екен. Әуелден таққа мініп, патша болмақ Жігітке хакім болмақ арман екен. Бір жөһит пасықпенен даулы болып Алдына пайғамбардың барған екен. Жөһиттің ойлап тұрса, ісі мақұл Турасын әділдікпен берген екен. Ол пасық разы болмай тұрғаннан соң Әмірге бар деп, жарлық қылған екен. Екеуі келіп, Әмірге арыз айтып, Алдында тағзымменен тұрған екен. Разы пайғамбарға болыңыз деп Көп өтініш екеуіне қылған екен. Ол пасық разы болмай тұрғаннан соң Калласын Әмір патша алған екен. Расулдың сол жерде көңілі бітіп Фаруқ атын сол жерде қойған екен. Сұрасаң осылайша, сұлу Айқын, Фаруқ ат сонан пайда болған екен.
Айқын:
Өзіміз ағайыннан артық дұшпан,
Достықтан айрылмайды Құдай қосқан.
Қожеке, ұстазыңа көп рақмет, Сөзіме жауап бердің тоқталмастан.
Жауап бер, бұл сөзіме ақылың кәміл, Неше жыл патша болды хазірет Оспан?
Жарылқасын:
Ұласты сөзге сөзің айрылмастан, Отырсың бөтен сөзге қайрылмастан. Дұшпанды ағайыннан артық дейсің Кісідей жат орынға бауыр басқан. Қыз Торы, ағайыннан түңіліпсің Кісідей залал көрген қарындастан. Сұраған сауалыңа сөз айтайын Он екі жыл патша болды хазірет Оспан.
Айқын:
Құдайға тәуекел қып, бел байлаған, Өлем деп ажалынан қорықпаған.
Жауап бер, бұл сөзіме ақылың кәміл, Неше жыл патша болды Шаһимардан?
Жарылқасын:
Жарқыным, ерге сіңбес ердің малы, Алланың екі болмас бұйырғаны.
Қыз Торы, әлде болса қайт еліңе, Есіңе ал бір Жаратқан падишаны. Сұраған сауалыңа сөз айтайын, Бес жыл патша болған ғой Шаһимардан.
Айқын:
Қожеке, сіз айтасың ақылыңды-ай, Кім білер кімнің жаман, мақұлын-ай. Әркімдер айтқаныма тоқтаушы еді, Отырсың тоқтай алмай, япырым-ай!
Ежелден жан жоқ еді жолдас болған, Қалыспай, бір тоқтаттың қарқынымды-ай! Бір елдің Айымторы тұлпары едім, Озушы ем айбатымнан ақырында-ай. Қылушы ем құйын соққан, жолым үйдей, Екпінім қоңыр судың салқынындай.
Сұраған сауалыма жауап бердің, Әркімнен жаңа білдім артығыңды-ай. Өткен соң сол ғазиздер бұ дүниеден
Қайсысы таққа мініп, патша болды?
Жарылқасын:
Бұл сөзді сөйлей-сөйлей болдық ғасы Кемшілік көрмеген соң адам басы. Жаратқан өзі беріп, өзі алады, Болмайды құдіретіне кім разы?
Өткен соң сол ғазиздер бұ дүниеден Алты айлық патша болды Хасан қазы.
Айқын:
Біледі сөз мәнісін сіздей ерлер, Сөзге сөз қайырады кемеңгерлер. Жауап бер бұл сөзіме, ақылың кәміл, Мысалы бұл дүниенің неге меңзер?
Жарылқасын:
Алтын деп ұстағаның мысқа меңзер, Жақын деп дос тұтқаның қасқа меңзер. Інжу-маржан, жақұт деп ұстағаның Өтпесе, бір «простой» тасқа меңзер.
Мың, миллион малың болса, еш пайда жоқ, Тоқпын деп жүргенде де ашқа меңзер. Дүниеден өтпейтін жан еш қалмайды, Ұйқыда анық көрген түске меңзер.
Айқын:
Көп дейді тарихатта назым жырлар, Тамамдап ұстар оны қандай ерлер?
Жауап бер бұл сөзіме, ақылың кәміл, Пиғылы адамзаттың неге меңзер?
Жарылқасын:
Қыз Торы, сұрайсың-ау білмеген соң, Лұқпан мың жасаған, өлмеген соң. Ердің пиғылын былай деп айтып болмас Көзбенен қиянатын көрмеген соң.
Әйелдің неше түрлі мекері бар, Білмейсің өз басыңа келмеген соң. Әйелдің бір пиғылы шайтанға ұқсар, Артықша ақыл иесі болмаған соң. Әйелдің бір пиғылы қасқырға ұқсар, Аманатқа қиянат қылғаннан соң. Әйелдің бір пиғылы итке ұқсайды, Қанағат адалына қылмаған соң.
Әйелдің бір пиғылы аюға ұқсар, Ақырып, ер бетінен алғаннан соң. Әйелдің бір пиғылы есекке ұқсар, Орынды бір сөзге құлақ қоймаған соң. Әйелдің бір пиғылы доңызға ұқсар, Осқырып, сөзге жауап бермеген соң.
Әйелдің бір пиғылы маймылға ұқсар, Ыржыңдап, әркімдермен бір күлген соң. Әйелдің бір пиғылы сауысқандай, Шиқылдап, сырттан ғайбат қылғаннан соң. Әйелдің бір пиғылы қара құстай, Жемтіктей, әркім әкеп бір берген соң. Әйелдің бір пиғылы қоңызға ұқсар, Көзіне түскен нәрсені жиғаннан соң.
Әйелдің бір пиғылы торғайға ұқсар, Сіздердей әр бұтаққа бір қонған соң. Қыз Торы, бұл бұзғынның біреуі сен, Шара жоқ, көңіліңде болмаған соң!