ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МƏСЕЛЕЛЕРІ
Б.Ө. Жексенғалиев
«Ана тіліңнен халқыңның иісі аңқиды, рухы естіледі. Ол тілің еркін болмай
ой еркіндігі жоқ, санаңда салмақ жоқ,
ойың ортаяды, ақылың азаяды, тілің күрмеледі, рухың азады, ағайын!»
М.Тілеужанов
Мəңгілік ел болуға белін буған қазақ ұлтының ана тілі ,қазақ тілі де халқымен бірге талай зобалаңды бастан кешірді. Міне, бүгін тəуелсіз елдің мемлекеттік тілі мəртебесін алған қазақ тілі мəңгілік елімен бірге мəңгілік тіл болу мақсатын алға қойып отыр.
Тіл мəңгілік болу үшін ол өзінің табиғи болмысын сақтау керек. Ал тілдің табиғи болмысы сақталуы үшін тіл өзінің заңымен өмір сүруі керек. «Тіл болса, оның законы боларға керек»[1, 391 б.]. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Дегенмен қазақ тіліне келсек, тіліміз бүгінде толықтай өз заңымен өмір сүруде, дамуда деп толық сеніммен айта аламыз ба? Тіліміздегі орыс тілінен жəне орыс тілі арқылы өзге шет тілдерден енген халықаралық сөздердің жазылу қағидаттарына негіз етіп қазақ тілінің емес өзге тілдің ережелерін алып отырғанымыздың өзін қалай түсіндіруге болады? Бұл мəселеде біз қалыптасып қалған «өзіңді қор, өзгені зор» санайтын əдеттен арыла алмай отырғандығымыз аян. Өзге тілдің айтылым, жазылым ережелерін өз тілімізге еркін енгізіп отырғанымызды басқаша қалай бағалауға болады?
Сондықтан да еліміздегі мемлекеттік тіл саясатының шешуші кезеңінде іске асырылатын маңызды іс – қазақ тілін өзге тілдерге тəуелділік сипаттардан айыру, өзге тілдердің тіл бұзарлық ықпалдарынан босату. Олар: жазу реформасы, терминология мен ономастика мəселелерін реттеу, үштілділік тұжырымындағы қазақ тілінің орны, қазақ тілін оқыту əдістемесінің негізін анықтау жəне т.б.
Тіл мамандарымен бірге жалпы зиялы қауымды толғандырып отырған қазақ тілінде халықаралық сөздерді, терминдерді қолдану туралы мəселеге арнайы тоқталсақ. Əрине, өзге тілден сөз алмайтын тіл жоқ. Əңгіме сол сөздердің қолданылуында.
Халықаралық термин сөздерді қолдануға қатысты күні бүгінге дейін ғылыми дəлелденген бірыңғай ережеміз бен ұстанар қағидатымыз болмай отырғаны аян. Сондықтан да қазақ тіліндегі жат тілдік заңдылықтар жəне халықаралық сөздердің қазақ тілінде айтылымы мен жазылымы мəселесі қазіргі жағдайда тіл болашағымен тікелей байланысты мəселеге айналды.
Жақында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «А.Байтұрсынұлының өнегесі мен Ə.Қайдар қағидасы» атты мақаласында академик Өмірзақ Айтбайұлы қазақ терминжасамындағы А.Байтұрсынұлының ұлағатты жолы мен өнегесіне тоқталып, «өзімізде бар, болған кемел үлгіні есепке ала бермейтін күйге жеткеніміз» жəне осының салдарынан ана тіліміздің қадірі кете бастағанын тағы да есімізге салды. «Шынында, ойсыз-күйсіз жан ауыртпай, даярға ұмтылу салдарынан тіліміздің шырқын 70 жыл бойы бұзып келгенімізді ашып айтар кез келді. Сонау 30-жылдардың орта шенінен бас алған тіл бұзар зиянкестік əлі күнге жалғасып келеді» [2].
Жалпы бір тілдің айтылым, жазылым жүйесінде екінші тілдің заңдылығы қатар қолданылуы мүмкін емес. Қолданылған жағдайда ол тіл табиғаты мен болмысының өзгеруіне, бұзылуына əкеледі. Əлемдік тəжірибеде жүздеген тілдердің жойылуына əкелген осы тілдік ықпал екені белгілі. Қазақ тілі емлесіне «орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы сақталып, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады» [3, 9 б.] деген ереже қабылданған кезден бері қазақ тілі де бұл ықпалдың тіл бұзар əсерін тікелей сезініп отыр. Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа шет тілдерден енген сөздерді орыс тілі ережелерімен айту, жазу тəсілінің ана тілімізге ықпалы қандай болғанын бүгінде қазақ ғалымдары ашық айтып отыр.
«Тілдің даму тарихы мен қалыптасуы жайына үңіліңкіресек, тіл заңын үнемі бұзумен келгеніміз мəлім. Бұзу емей немене, орыс тілі арқылы сатылап бізге жеткен бөгде сөздерді, яғни интертерминдерді, кеңестік ұғымдар арқалаған русизмдерді Құран сөзіндей кие тұтып, сол күйінде бұлжытпай алу ауруына шалдықтық» [2].
Бұл аурудың бізге өтіп кеткендігінің бір дəлелін бүгінгі күні елімізде жүріп жатқан жаңа əліпбиге қатысты талқылаулардан көруге болады. Туған тілдің мүмкіндігіне сенбей, шет тілден енген сөздерді жазу үшін керек деп тіл табиғатына жат таңбаларды (ф,в,ч,и) жаңа əліпбиге қайтадан тықпалап отырғанымызды басқаша қалай түсіндіреміз. Ғаламдану заманында біз интертерминдерсіз өмір сүре алмаймыз деген уəжге біз де қосыламыз, бірақ бұл өзге тілден келген сөзді сол тілдің айтылым, жазылым нормаларымен қоса алу дегенді білдірмейді ғой.
ХХ ғасыр басында осы мəселе көтерілгенде Алаш зиялылары бекер дабыл қақпаған екен. Алаш зиялыларымен үндес ойды кезінде ұлы жазушы М.Əуезов те айтты. «Орыс тілі мен шетелдер тілінен алынған атаулардың орфографиясы бізде əлі дұрыс жолға қойылып болмаған сияқты. Мысалы, орыс тіліне француз, ағылшын, неміс, латыннан кірген ұшан-теңіз сөздер бар екен. Олар орыс тілінің заңына бағынып айтылады да, жазылады да. Біздің грамматикамызда осы жөнінде асыра сілтеу, сыңаржақтық бар сияқты» [4, 262 б.] .
Туған тілдің болашағын ойлаған Мұқаңның осы бір сөздері бүгін айтылғандай. Қазақ тіліндегі жат тілдік заңдылықтар жəне халықаралық сөздердің қазақ тілінде айтылымы мен жазылымы мəселесі осы күнге дейін күн тəртібінен түскен жоқ. Қазіргі жағдайда бұл тіл болашағымен тікелей байланысты мəселеге айналды. Қазіргі қазақ тілінде орыс тілінің емлесімен жазылып, айтылып жүрген 100 мыңнан астам сөз бар екен жəне жат сөздер тасқыны толастар емес. Халықаралық терминдерді пайдалану мəселесінің шешілмеуі, қазақ жазу жүйесіне қатысты қордаланған сұрақтардың шешімін таппауы да қоғамда жалпы қазақ тілін қолдану мəдениетінің төмендеуіне əкелуде.
Жат сөздердегі жат дыбыстық нормалар жеке сөздер айтылымына ғана емес, қазіргі қазақ сөзінің жалпы сөйлеу интонациясына əсер ете бастады. Қазақ сөзінің саздылығы мен əуезділігі жұтаңдап, бояуы кете бастауының басты себебі де тіл бұзар жат тілдік заңдылықтарда жатқаны анық. Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа шет тілдерден енген сөздерді орыс тілі ережелерімен айту, жазу тəсілінің «күндердің күнінде «орыс тілінде таза сөйлеудің» емес, керісінше қазақтарды өз ана тілінде «орысша сөйлетуге қажет алдын ала жасалған шара екендігін біз енді ғана түсіне бастадық» [5, 27 б.]. Десек те нақты іс-шаралар қабылдауға асығар емеспіз.
Жалпы əлемдік тəжірибеде өзге тілден енген сөздерді өзгертпей алатын тіл жоқ. Сол сияқты халықаралық термин сөздердің ортақ қолданылу, жазылу ережесі де жоқ. Əр тіл өз сөздік қорындағы кірме сөздерді өз тілінің емле ережесімен жазып, дыбыс заңдылығымен айтады. Ол заңды да. Түбі латын, грек сөздерінің ағылшын, неміс, француз, түрік, орыс тілдерінде қолданылуына назар аударайық.Мысалы: адвокат (орыс т), advocate (aғыл.т), avocet (франц.т), avukat (түр.т). Немесе орыс тіліндегі түркіқазақ сөздерін алыңыз. «Беркут, аким, капкан, курган, аул, камыш» т.б. Ал біз осы мəселеде қашан түпкілікті шешім қабылдаймыз? «Дүниеде бірде-бір тілде, оның ішінде орыс тілінің өзінде де, бұрын-соңды қолданылмаған, тіл табиғатына жат» [5, 27 б.] тəсілден қашан арыламыз? Өзге тілден сөздерді біз қазақ тіліне қызмет етуі үшін алдық қой. Ал тілімізге қызмет етсе, сол тіл заңына бағынуы керек.
Кез келген тілдің терминқор қалыптастырудағы міндетті түрде қолданатын қағидаты – халықаралық терминдерді пайдалану. Бұл қалыпты да өркениетті үрдіс. Бұл арада бізге ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Туған тіл тарихына көз салайық. Түркі тілдері ішіндегі ең бай тілдердің бірі қазақ тілінің сөздік қоры ғасырлар бойы өзге тілдерден де сөз қабылдау арқылы да толығып келді жəне ол сөздердің тілге сіңіп кеткені соншалық тіпті кірме төркінін ажырату оңай емес. Орыс, араб тілдерінен келген мыңдаған сөздер (самаурын, кереует, болыс, үстел, пойыз, дəптер, кітап, қалам, молда т.б) қазақтың төл сөздеріндей, өйткені олар тіл заңына бағынып қолданылуда. Сондықтан жоғарыдағы сөздердің (кəбіл, сілесір, төкір) тіл заңына сəйкестендірілуі дұрыс. «Қазақ тілінде үндестік заңы бар екені рас болса: Қазақ тіліне кіргізген жат сөздердің бəрін де сол заңға келтіріп алу керек» [6, 98 б.]. Тек бұл жекелеген сөздерге емес, тұтас өзге тілдерден алынған сөздерге қатысты ереже болып емлеге енгізілуі керек. Əрине, қазіргі жазу жүйесі мен емле ережелеріне үйреніп қалған қауымның бұл өзгерістерді бірден қабылдауы қиын болар. Дегенмен туған тілімізді азып-тозудан сақтап қаламыз, болашақ ұрпаққа асыл қалпында жеткіземіз десек, тілдің жазу заңына өзгеріс қажет, бұл салаға түпкілікті реформа керек.
«Бүгінгі терминқорымызды жетілдіру, толықтыру кезінде, термин шығармашылығы мен терминжасам саласын дамытуда қазақ терминологиясы дамуының алаштық кезеңінен сабақ алып, Алаш зиялыларының ұстанымдары мен тəжірибесін ескеру керек» [7].
Енді бүгін тарих ұлт пен ұлт тіліне даму мен өркендеуге жаңа мүмкіндіктер беріп отырғанда тіліміздің ата заңына өріс беру арқылы ғана біз тілімізді табиғи таза қалпында сақтап қала аламыз. Ол мүмкіндік– қазақ тілінің сөздік қорындағы барлық сөздерді(кірме сөздерді, терминдерді қоса) сингармонизм заңы, яғни үндесім нормалары бойынша қолдану.
«Қазақ тілі терминологиясы жазу емле ережелеріне тікелей тəуелді. Яғни термин сөздер үшін бөлек емле жасалмайды, ол ортақ ережеге бағынады. Ендеше емле ережемізде термин сөздерді жасау, қабылдау жөнінде жіберілген өрескел қатені түзеу кажет. Ендеше осы немкеттіліктен арылып, ана тіліміздің абыройын биіктете түсер ғылым тіліне, яғни оның терминологиялық жүйесіне жаңаша бір көзқараспен үңіліп, байлығымызды қасиет тұтынып, ұрпағымызға саралап caп таза күйінде жеткізелік» [2]. Академик Ө. Айтбаевтың бұл пікірі бұл бағытта атқарылар істің бағыт-бағдарын анық көрсетіп тұр деп ойлаймыз.Өз мақаласында бұл мəселені толықтай сараптаған ғалым қазақ терминологиясын тығырықтан шығарар жолды да нақты айтып отыр. Тек көп болып қолдап, ғалым пікіріне зер салайық, ағайын!
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1992.
2. Айтбайұлы Ө. А.Байтұрсынұлының өнегесі мен Ə.Қайдар қағидасы. // Егемен Қазақстан,. 25.09.2017.
3. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. – Алматы. Қазақстан, 1988.
4. Əуезов М. Шығармалар жинағы, 19 том.
5. Қайдаров Ə. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы, 2003.
6. Омаров Е.Қазақ білімпаздарының тұңғыш сійезі. – Алматы, 2005.
7. Құрманбайұлы Ш. // Ана тілі. №48, 2017.