ҒАЛЫМ МӘТЖАН ТІЛЕУЖАН -МӘТІН ЛИНГВИСТИКАСЫН ЗЕРТТЕУШІ

ҒАЛЫМ МƏТЖАН ТІЛЕУЖАНОВ – МƏТІН ЛИНГВИСТИКАСЫН ЗЕРТТЕУШІ

 

Ғ.Қ. Хасанов

 

Мəтінтану ғылымы жеке ғылым саласы болмастан бұрын бұл мəселе ғалымдар тарапынан тыс қалған емес. Мəтін астарындағы мағына, ішкі жасырын мəн тілшілерден бұрын əдебиет зерттеушілерін қызықтырғаны рас. Классик жазушылардың шығармаларын талдағанда мəтін мəселесімен алғаш айналысқан əдебиетші ғалымдар кейіпкерлердің мінезін осы мəтін ішіндегі диалог, монолог, полилогтардан бастап, толып жатқан əдеби тəсілдерді зерттеуден бастады. Міне, осындай мəселелермен алғашқылардың қатарында айналысқан ғалым – филология ғылымдарының докторы, професор, фольклортанушы, ардагер ұстаз Мəтжан Мақсымұлы Тілеужанов болатын. Оның  1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Астарлы əзіл» атты зерттеуі жəне 1996 жылы «Рауан» баспасынан шыққан «Халық тағылымы» атты зерттеулері мəтінтану мəселесіне арналған зерттеулер екенін айтқымыз келеді. Жалпы алғанда, лексикалық семантикада қарастырылған жеке сөз бірліктерінің тұтасқан күйдегі жағдайы синтаксистік семантика аясына сыймай мəтін семантикасы деп аталатын дербес ғылымды қалыптастырды. Мəтін семантикасында жеке сөздердің мəтін бойында құбылуынан бастап, тұтас мəтіннің мағыналық құрылымы, мəндік байланысы сияқты бірқатар мəселелер зерттеледі. 

Түркі жəне қазақ тіл білімінде мəтін лингвистикасының мəселелері Қ. Жұбанов,

К. Мұсаев, Н.З. Гаджиева, Б.И. Татаринцев, К.М. Абдуллаев, С.Ж. Мұсаев, Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, М. Серғалиев, Х. Кəрімов, Р. Əмір, Х. Нұрмұқанов, Г. Смағұлова, Н.

Уəли, Б. Шалабай, О. Бүркіт, А. Алдашева, Ж. Жакупов, А. Салқынбай, Д. Əлкебаева, Г. Əзімжанова, Н. Құрманова еңбектерінде қарастырылып, топтастырылған. Бұл зерттеулерді шолғанда, бүгінде мəтін лингвистикасында осы топтастырулар негізінде жіктелулер жүйеленіп, қарастырылуда екені аңғарылады, сондықтан мəтін ішіндегі синтагматика осы басты құрылымды бөліктер арасында байқалады. Əсіресе, лексикалық синтагматика мəтінді зерттеудің мəтін стилистикасы бағытында байқалады. Г. Смағұлова: «мəтін стилистикасы тілдік единицалардың жүйелі-құрылымдық сипаты мен мəтіннің функционалды-стильдік мəртебесін анықтау, əрі оны талдаудың əдістерін нақтылау», – деп анықтайды [1, 15 б.]. Г.М. Əзімжанова мəтін құрылысындағы негізгі параметрлерге тұтастық, байланыстылық жəне үздіксіздік жататынын көрсетеді. Ол былай деп жазады: «Мəтін тұтастығы, бір жағынан, тұтас жалпы мəтінмен, екінші жағынан, эксплицитті жəне имплицитті сөйлемдер арасында фразадан тыс бірліктерді байланыстырушы тəсілдерді пайдалану арқылы ашылады. Мəтін байланысы сөйлемдер мен фразадан тыс бірліктердің өзара шарттылық байланыстығына негізделеді. Мəтін байланысымын зерттеу оны құрайтын жəне олардың арасындағы синтагматикалық жəне парадигматикалық қарым-қатынасын болжайды», – дейді [2, 92 б.]. Мəтінде мағыналық тұтастық темалардың иерархиялы құрылымда болуына байланысты болады. Жалпы тема – мəтіннің мəндік ортасы, яғни мəтіннің жалпыланған мазмұны болса, жекелеген темалар жалпы теманы жан-жағынан ашатын шеткері жақтары болады. Жекелеген темада табиғат, пейзаж, кейіпкерлердің ішкі дүниесі, оқиғалар, қарымқатынастар т.т. бөлшектердің жалпыланған мағынасы нақтыланады. Тұтас мəтіндігі мəннің нақтылануы немесе айқындалуы кіші мағыналық мəтіндерде орын алады, сондықтан кіші мағыналы мəтін мəтін семантикасының басты зерттеу нысаны. Мəтіндік фрагмент, үзік, мазмұнды ой, мəнмəтін, кіші мəтіндік құрылым сияқты аталымдармен таңбаланған бұл тілдік бірлікті зерттеу контекстік семантика деп аталатын жеке саланы қалыптастырды.

Мəнмəтіндік мағынаны мəтіндегі тұтасқан лексикалық бірліктердің мағыналары түзеді, əсіресе, көркем мəтіндегі мəнмəтінде бір сөйлем ішіндегі сөз-синтагмалар бірқатар сөздермен байланысқа түсіп, басқа сөйлемдердің мəнін ашып тұрады. Қазақ тіл білімінде мəнмəтін ұғымын функционалды синтаксис тұрғысынан зерттеген Ж.А. Жакупов: «контекст дегенді белгілі бір тілдік единицаның ортасы жəне сол орта арқылы өз мағынасын нақтылай түсуінің жағдайы, шарты деп ұғынуға болады», – деп жазады [3, 30 б.]. 

Өзінің «Астарлы əзіл» атты зерттеуінде профессор М.М. Тілеужанов мəтін астарындағы жасырын мəнді жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Талпақ танау» əңгімесіндегі ислам дініндегі ұлтқа зорлықпен шошқа бақтыру саясатын мысалға келтірумен көрсетеді. Ол былай жазады: «Талпақ танау» əңгімесінде қысқа-қысқа диалогтар көп, тіпті, бастан-аяқ диалогке құрылған əңгіме десе де болады. Ол диалогтардың əрбіреуі өте-мөте айшықты, нақышты жасалынған.

—      Таза мал депті ғой осында… Ең бір таза үйімізді беремізде… «Бұл кекесінде ирония бар, кертартпа ілгешек сөздер. Енді одан əрі:

—      Өзін не деп қайырады екен?… Шөге-шөге дейміз бе?

—      Е, қазақша қайдан білсін, жаңа келіп тұр ғой…

Бұл диалогтерде ешбір кекесін де, кертартпалықтар да кездеспейді, бірақ юмордың айшықты бір формасы жылы шырай білдіре, қабылдау ниетін білдіретін сөздер, қалайда болса алдыңғы кекесін сөздерге қарама-қарсы ұғым туғызады» [4, 49 б.]. Осы үзіндідегі қазақша білмейтін шошқаны «шөге-шөге» деп қайырамыз ба деген сөз мəтіндегі барлық жасырын мəнді көтеріп тұрғанын М.М. Тілеужанов дəл көрсетеді.

«Қазақ солдаты» романының бас кейіпкері Қайроштың бұрынғы өмірінен хабар беретін сөзді де ғалым дəл аңғарады. «Қайрош бұдан кейін жұмыс іздеп қалалық оқу бөлімінің бастығы Рахым Теміралиевке келеді. Автор оның портретін кейіпкер атынан бергізеді.

—      Қайдан келдің? – деді сəл қабағының құйрығын қозғап.

—      Осындағы балалар коммунасынан.

—      Імм, жасың нешеде?

—      Он алтыда…дедім. Олқы көрінбес үшін бір жасты қосыңқырап…

—      Бұрын кім болып едің?

—      Бала болдым… – дедім сұрау мағынасын түсініңкіремей» [4, 72 б.]. Міне, осы диалогтағы «бала болдым» тіркесі бірқатар жасырын мəнді аңғартып, бірқатар жайттан хабар беріп, ерекше стильдік жүкті көтеріп тұр. Бұндағы жасырын мəн Қайроштың балалықпен қоштасуы, қиын жетімдік халі, жігіттікке бет бұруы, ауыр жұмыстан қорықпайтындығы болса керек.

Сонда жасырын мəн тілдегі сөздің əртүрлі ойша сыңарлармен беріле беруі мүмкін. Ал, негізінен, теңеп жасырын мəн беру тіліміздегі басты өнімді тəсіл деп білеміз. Мысалға, Ə.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясында үзінді алсақ, «Ашқарақ софы дастарқан басына тезірек отырғысы кеп, іш дəреттің ырымын ғана істеді. Асыққанда мəсуегін де ұмытып аузын құр сумен шая салып еді. Сүйеу соны сөзге ілгіш қып:

–                     Əй!..Əй, Алдаберген,– деп даусы шаңқ етті,– əне бір жолы көргенімде аузыңды қазықпен арлы-берлі сұққылап, іш дəреттің кəдесін қиындатып жіберіп едің. Бұл жолы өйтпедің ғой. Əлде екі қара ат есіңді алды ма? А?

Алдаберген софы түк басқан бетін салмақпен бұрды.

–                     Е, сорлым-ай! Сенің тілің зəрлі ғой. Бірақ есіңде болсын, менің қоңым қалың. Шыбынның шаққаны құрлы көрем бе екен сөзіңді.

–                     Ə!..Ə, дегендей! Доңызға таяқ қана өтеді деген бар ғой.. . Софы түтігіп кетті» [Ə.Н., 126]. Бұнда жасырын мəн діншіл софыны арам доңызға теңеуден туындап тұр, яғни «доңыз» жағымсыз бағалауға ие, сонда «софы – доңыз – таяқ өту» сөздері жасырын синтагматикалық байланыс құрайды. Сөз – концептілердің жасырын мəндік байланыс құрауына, сонымен бірге, тілдік жасырын мəн құрауға лексикалық қайталамалар да əсерін тигізеді. Л.А. Исаева лексикалық қайталамалар жасырын мəндердің пайда болу шарты ретінде көрінеді деп жазады [5, 130 б.]. О. Бүркітов көркем мəтіндегі лексикалық қайталамалардың үш түрін, яғни таза стильдік қызмет атқаратын, аралас қызмет (стильдік жəне мəтін түзушілік) атқаратын, құрылымдықкомпозициялық (мəтін түзу жəне мəтін дамыту) қызмет атқаратын, көрсетіп, оны: «лексикалық қайталамалар бір сөздің немесе сөз тіркесінің түрлі морфологиялық құрамда келіп қайталануы арқылы берілетін, өз ішінен бірнеше түрге бөлінетін, тілімізде көне дəуірлерде қалыптасып, бүгінгі тілімізде актив көркемдегіш құралдардың біріне айналған, грамматикалық қызмет те, стильдік қызметте атқара алатын қайталама категориясының негізгі түрінің бірі», – деп анықтайды [6, 104 б.]. Сондай-ақ, бүгіндегі «Бір бала» деп аталатын əндегі бір бала сөзі бір ғана сөзінің орнына ауысып кеткендіктен бүгінде əнді əншілер осылай қате орындап жүр. Əн жолдары мынадай:

Талдан таяқ жас бала-ай таянбайды, Бала бүркіт түлкіден аянбайды.

Қайырмасы;

Угай-ай Əн салшы-ай Бір бала-ай.

Қос етек,  бұраң бел

Қуалай соғар қоңыр жел

Елдің көркі, ақ тоты-ай, бір баласың

Көзі қиып қай дұшпан жамандайды [7, 43 б.]. Осындағы бала сөзі басқа сөздермен ешқандай лексикалық синтагматикаға түсіп тұрған жоқ. Ал əндегі басты синтагмема қос етек киген, бұраң бел, елдің көркі, ақ тоты, дұшпанның өзі жамандауға көзі қимайтын сөз-синтагмаларымен берілетін «қыз» семасы болып тұр. Оның үстіне, əннің тақырыбы да «қыз», ал бала деп шатасуға əсер еткен бастапқы жолдардағы бала сөзі болуы керек, сонда əн былай болуы керек:

Угай-ай Əн салшы-ай Бір ғана-ай.

Қос етек, бұраң бел, Қуалай соғар қоңыр жел.

Елдің көркі, ақ тоты-ай, бір ғанасың

Көзі қиып қай дұшпан жамандайды. Мұндағы бір өзің ғанасың дегенде өзің сөзі түсіріліп тұр, бұндай жағдай халық əндерінде жиі кездеседі, сондай-ақ, қызды бала сөзімен беру қазақ тілінің нормасында жоқ, бүгінде қолданылып жүрген қыз бала атауы соңғы жылдарда ғана тұрақталған. Баладан бір əн салшы деп қиылу мəтіндегі сөздердің мағыналық үйлесіміне мүлде жат екені көрініп тұр, тілімізде тек қыздан ғана қиылу, өтіну норма болады. Фольклор білгірі М. Тілеужанов: «Бір ғана» əні – жұбайы өлген келіншек өлеңі. Жақын ауылдың қойшы баласы қолында таяғы, өлең айтып жатқан үйге кіріп келеді. Жесір келіншектің кезегі келгенде, қойшы балада көңілі барлығын бернелеп береді. Рас, жас жігіт талдан таяқ таянбайды, қыран сияқты қызыл түлкіден аянбайды. Қандай тұспал, қандай символ, қандай ишарат тұр бұл өлең мағынасында! Тек жөн білетін, мəніске түсінетін бозбалалар ғана ұға алады келіншек ойын», – деп өз болжамын ұсынады [8, 256-257 б.].

Ұлттық мəдениетке қатысты сөздердің байланысуына құралған лексикалық синтагматиканы лингвомəдени синтагматика деп атауға болады. Лексикалық синтагматика əртүрлі ракурстарда, өзгерістерде келіп, қолданысқа түскенде, бірқатар факторлардың əсерінен туындайды, сондықтан нормаға сай құралмауы мүмкін. Қорыта келгенде, лексикалық мағыналар үйлесімділігі бұзылса, лексикалық норма реттеп, жалпы қолданысқа түсірмей, тежеп отырады, яғни Х.Нұрмұқанов академик Р. Сыздықтың сөзін келтіреді «қыпша жіп, қыпша саусақ деп айтпаймыз… саңлақ самолет, саңлақ машина дегенге ауыз бармайды» [9, 231 б.]. Мəтіндердегі норма бұзушылықты, əртүрлі үйлеспейшіліктерді профессор М.М.Тілеужанов үнемі дұрыстап, түзеуге жалықпайтын ғалым екендігі оның барлық еңбектерінен байқалып тұрады. 

Қорыта келгенде, профессор, фольклортанушы ғалым М.М. Тілеужанов мəтінтануға байланысты алғаш қалам тартқан қазақ ғалымдарының бірі деп білеміз. Оның басты еңбегі қазақ халқының астарлап сөйлейтін, аз сөзбен көп мəн беретін ұлттық қасиетін зерттеп, өз еңбектерінің басты нысан етуінде жəне насихаттауында жатыр. 

 

Пайдаланылған əдебиеттер: 

 

1.                Смағұлова Г. Мəтін лингвистикасы. – Алматы, 2002. – 112 б. 

2.                Əзімжанова Г. Көркем проза прагматикасы. – Алматы, 2005. – 300 б.

3.                Жакупов Ж.А. Қазақ тілінің функционалдық синтаксисі (контекст проблемасы):

Филол. ғыл. д-ры. дисс. қолж. – Алматы, 1999. – 225 б. 

4.                Тілеужанов М. Астарлы əзіл. – Алматы. Жазушы, 1978. – 116 б.

5.                Исаева Л.А. Виды скрытых смыслов и способы их представления в художественном тексте: рукопись: Дис. д-ра. филол. наук. – Краснодар, 1996. – 310 с.

6.                Бүркітов О. Қазақ тіліндегі қайталамалардың лингвостилистикалық жүйесі: Филол.

ғыл. д-ры. дис. қолж. – Алматы, 2002. – 292 б. 

7.                Қазақ музыкасы. Антология: 5 т. – Алматы. ҚАЗақпарат, 2005. – Т. 2. – 514 б.

8.                Тілеужанов М. Халық тағылымы. – Алматы. Рауан, 1996. – 302 б.

9.                Нұрмұқанов Х. Сөз жəне шеберлік. –Алматы. Ғылым, 1987. – 288 б.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *