М. ЕСЛӘМҒАЛИЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТІЛІ

М. ЕСЛƏМҒАЛИЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТІЛІ

Г.Ж. Нұрғалиева

 

Көркем əдебиеттің негізгі құралы – тіл. Ұста металды, суретші бояуды қандай жақсы білсе, жазушы тілді сондай жақсы білуі керек. Онсыз ол өзінің ой-сезімін, өмір тəжірибесін басқаларға суреттеп жеткізе алмайды, өмір картинасын, адам образын жасай алмайды. Қазақ əдебиетіндегі жазушының немесе ақынның тілі, сөз қолданысы туралы жазар болсақ, ең алдымен, ұлы ақын Абайдың тілімен байланыстырамыз. Абай тілі – өз тұсындағы қазақ жазба əдеби тілін белгілі бір дəрежеде толық көрсете білді. Қазіргі жазба əдеби тіліміздің ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы лексика-грамматикалық сипатын танып білуге Абай тілінің септігі тигендігін анық айта аламыз. Бір жағынан, ұлы ақынның суреткерлік шеберлігі мен өз қаламына тəн қолтаңбасын көрсететін жəне қазақ көркем сөзі дамуындағы шоқтығы биік орнын да ерекше атап кетуге болады. М. Əуезов Абайдың қазақ əдеби тілінің даму жолындағы орнын көрсете келіп, екі ерекшелігін атайды, бірі – «қазақтың халықтық, салттық жəне өзінен бұрынғы ауыз əдебиетіне көрік берген мол, шебер сөздік қорынан пайдаланып, халықтың əдебиеттік тілін қалай жасаудың жолын көрсетуі», екіншісі – «қазақ қоғамы ортасында Абай заманында кіре бастаған жаргондық сипаттағы кітаби шұбар тілден іргесін ашып алуы, одан бас тартуы» – дейді. Сонымен, М. Əуезов Абайдың тілі туралы барлық айтқан ойпікірін: «Абай – əдеби тілді бастаушы ғана емес, өзінен бұрынғы əдебиет тілін халықтық əдебиет тілі саласында өсіре, байыта, сұрыптай түскен классик деп білеміз» – деп түйеді [1]. 

Əдебиетті оқытушы, зерттеушілер үшін көркем тілдердің жасалу, даму жолдарын, ерекшеліктерін терең түсініп, жақсы білуі керек. Жазушы халықтың бай тілін шетінен алып пайдалана бермейді. Солардың ішінен ең керектілерін талғап, таңдап, сұрыптап алады. Қазақтың əдебиетін өзінің көркем шығармаларымен байытқан жазушының бірі – Мұқадес Еслəмғалиев. «Мұқадес – қос қанатты жазушы. Олай дейтініміз «ол – əрі журналист, əрі жазушы» – деген екен С. Сариев [2]. Жазушы, журналист, сыншы, аудармашы М. Еслəмғалиев 1946 жылы Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы, Жосалы ауылында дүниеге келген. 58 жыл ғұмыр кешкен жазушының шығармалары бүгінгі күнге дейін тілдік тұрғыдан толық зерттелмеді. М. Еслəмғалиевтің «Аққу сазы», «Қайырлы түн», «Екі басқа дүние», «Толқын мен ағын», «Өз жүрегіңе үңіл», «Тұман ішіндегі көш» секілді əңгіме, хикаяттары, «Ғұмырнамалар мен ғибратнамалар» танымдық кітабы, «Жазықсыз тамған жас» пьесасы қазақ əдебиетінде ерекше орын алатын туындылар екендігіне еш дауымыз жоқ. 2001 жылы «Тұман ішіндегі көш» романы үшін жазушыға  халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығы берілді. Профессор Серікқали Шарабасов: «М. Еслəмғалиев тілінің көркемділігінің қуаты мен қасиеті де, міне, осында. Ол жазған шығармаларын бүгінгі күннің елегінен өткізіп, тарихифилософиялық тұрғыдан екшеп, солардың күллі адам баласына ортақ адамшылық тамырларды тауып отырады. М. Еслəмғалиевтің жазушы ретіндегі ең сүйікті тақырыптарының бірі – қоғамда болып жатқан əр түрлі тарихи өзгерістер. Оны біз «Əйтеке би», «Толқын мен ағын» романы, «Жасыл бəйтерек», «Ақпанның аязы» атты əңгімелерінен көре аламыз. Өзі проза жазуда жан дүниесімен тебірене жазып, оқырман жүрегіне енер сезім кілтін қарастыруға, ешкімнің дайын сүрлеуін таптамай, өзіндік бақыт, өзіндік стиль табуға талпынды» – дейді, «Жүрек жырлайды, жүрек жылайды» атты мақаласында [3]. Ал, филология ғылымдарының докторы  Ғ.Қ. Хасанов өз мақаласында былай дейді: «Мұқадес Еслəмғалиұлының ерекшелігі – қазақ тілі байлығын молынан игеруімен бірге, оны батыл жəне оқиға өрісіне сай үйлесімді қолдана білетіні. Жазушы тарихи тақырыпқа қалам тербегенде қазіргі қолданыстан шығып қалған немесе қазіргі басқаша аталып жүрген сөздерді авторлық баяндауда да, кейіпкер сөзінде де еркін, бірақ сол уақыт өресінде қолданады. Сол сияқты тіліміздің лексикалық қабаты қалың болғанымен, оның тереңіне бойлап, керегін ала білу – кез келген қаламгерден табыла бермейтін қасиет» [4].  2003 жылы жарық көрген «Əйтеке би» тарихи-философиялық дилогиясы – жазушы шығармашылығының шыңы. Қазақ əдебиетінде би-шешен тұлғасын толық суреттеген бұл туынды туралы филология ғылымдарының докторы С.Б. Мұрат «Ақиқаттың аңсары» атты мақаласында: «Əйтеке би» романы – қазақ əдеби тілін байытатын тың тұрақты тіркестерге, шешендік, қанатты сөздерге толы. Ел ұмытқан көне сөздер де көптеп ұшырасады. Мəселен, «анжы – қосымша айып ақы»; «саһары – аққудың еркегі»; «алапай – жаугершіліктегі олжа»; «лектір – Қытайдың «дивархан» атты тас атқыш құралының жеңіл түрі», «азына күні – жексенбі»; «төрт тірек – əр рудың биі, мырзасы, пірі, батыры», т.б. Болашақта жазушы шығармаларының тілін зерттеудің өзі сұранып-ақ тұр» – дейді [5]. Ғ.Қ. Хасанов: «М. Еслəмғалиұлының «Əйтеке би» шығармасында тарихи тақырыпқа арналғандықтан, көнерген сөздер көптеп кездеседі. М. Еслəмғалиұлының тарихи шығармасындағы көнерген сөздердің қолданысындағы басты ерекшелік олардың лексика-семантикалық топтарының саны сан салалы болып келеді. М. Еслəмғалиұлының «Əйтеке би» романында архаизмдер өте көп қолданылады. Жазушы шығармаларында бұл тілдік қабат біршама қалың болғандықтан зерттеуде ол «жаугершілік-əскери мəндегі сөздер», «қазақтың əдет-ғұрып, салт-дəстүріне байланысты сөздер» деп жекелеп бөлгенді жөн көрдік. Сондай-ақ, оларды «əскери», «тұрмыстық», «діни», «заңнамалық» т.т. деген түрлерге бөліп те қарастыруға болады» [4]. «Романның  тілі өте шұрайлы. Біздің кезімізде ұмыт болған, ал бабаларымыз жиі қолданған сөздер мен тіркестер орнымен кестеленген. Шығармада Əйтеке би айтыпты деген нақыл, қанатты сөздер тоқымаға алтын жіп тіндегендей, ерекше өңге ие болып тұрады. Жазушы Мұқадес Еслəмғалиұлы Əйтеке биді сөйлетіп отырып, өзі де шын шешенге айналып кетеді» – дейді ақын Айтқали Нəріков естелік мақаласында [6].  Ал, профессор Серікқали Шарабасов: «Əйтеке би» романы – жазушының емес, ғасырларға салмақ, қазіргілерге қиын жұмбақ – ұлан-ғайыр феномен» деп тұжырым жасайды [5]. 

Сонымен, М. Еслəмғалиев шығармалары тілдік тұрғыдан əлі де зерттеуді қажет етеді. Ойы да, тілі де, қаламы да жүйрік қаламгердің туындыларына тiлдiк тұрғыдан нақты талдау жасап, ғылыми тұрғыда терең зерттеп-зерделеу əрі қарай өз жалғасын таба бермек. 

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

1.                Əуезов М. Қазақтың əдеби тілі туралы. // Əдебиет жəне искусство. 1951, №4, 60-61-б.

жəне 62-б.

2.                Атошева Г. Жазушы жүрегінің алауы. – Орал өңірі. 2006, 15 сəуір.

3.                Шарабасов С. //Жүрек жырлайды, жүрек жылайды.  28 ақпан 2007 ж.

4.                Хасанов Ғ.Қ. М.Есламғалиұлының «Əйтеке би» романындағы қару-жарақ архаизмдерінің мəні. – ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. №4(134). 2011.

5.                Мұрат С.Б. Ақиқаттың аңсары. // Егемен Қазақстан. 18.02.2016 ж.

Нəріков А. Қанатты сөз орамды ой мен қарымды қаламнан туады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *