В.В. РАДЛОВТЫҢ «ОПЫТ СЛОВАРЯ ТЮРКСКИХ НАРЕЧИЙ» СӨЗДІГІНІҢ ТҮРКІ ЛЕКСИКОГРАФИЯСЫНДАҒЫ ОРНЫ
А.С. Құраубай
Лексикология тілдегі сөздік құрамды зерттейтін болса, сол сөздік құрамның шағын ғылыми сипаттамасын жұртшылыққа ұсынатын – лексикография [1, 3 б.].
Түсіндірме сөздіктер адамзат тарихының əрқилы кезеңдерінде, əртүрлі мақсатмүдделерге сай, алуан түрлі жүйе мен құрылымда жасалып келеді. Мəдениет үлгілері ертерек хатқа түсіп, жазба дəстүрі үздіксіз дамып келе жатқан елдерде бұл сала – халықтық білім мен біліктің шежіресі іспеттес [1, 5 б.].
Сөздік түзу – адамзат қауымында жазу-сызу пайда болған кезден бері жалғасып келе жатқан көне дəстүрлердің бірі. Сонау байырғы, бұрынғы замандарда белгілі бір жүйе бойынша топталып, нақты ұғымдарды білдіретін нышандардан, белгілерден, сөздерден жасалған шағын тізімдер мен сөздікшелерден бастау алған сөздік түзу ісі – шын мəнінде адамзаттың даму жолын айғақтайтын куəлік жасау, рухани мəдениеттің жазба шежіресін жасау болып табылады. Тарихта болып өткен алуан түрлі өркениет үлгілерінің өзіндік ерекшеліктері олардан қалған сөздерден, сөздіктерден байқалады [1,
5 б.].
Өзінің саналы ғұмырында В.В. Радлов зерттеу жұмысы үдерісінде өзі меңгерген тілдер мен жазба материалдары негізінде көптеген сөздіктер құрастырды. Оның ішіне «Құтадғу біліг», «Орхон мəтіні сөздігі», «Көне ұйғыр тілінің сөздігі», «Осман-түрік тілінің сөздігі», «Манчжур сөздігі» жəне т.б. сияқты өзіндік мəні бар көлемді сөздіктер кіреді. Бірақ бұл сөздіктердің «Опыт словаря тюркских наречий» еңбегіне енген біраз бөлігінен басқасының көбі жарияланбаған күйі қалды. «Опыт словаря тюркских наречий» – көрнекті ғалым, орыс түркітану мектебінің негізін қалаушы академик В.В. Радловтың (1837-1918) жартығасырлық ізденісі мен еңбегінің нəтижесі. В.В. Радловтың еңбегі лексикалық материалдарының көптігімен, сондай-ақ сөздікте қатаң ғылымилық жүйенің сақталуымен түркі лексикографиясының ең биік жетістігі саналады. В.В. Радловтың сөздігі əлі күнге дейін салыстырмалы типтегі жалғыз түркі тілді еңбек болып есептеледі. Тіпті, кейбір түркі тілдері мен диалектілеріндегі сөздерді қазіргі кезде тек осы сөздіктен ғана табуға болады.
Тілдің даму барысында сөздердің бір тобы ескіріп, екінші бір тобы жаңадан пайда болып жатады. Соның нəтижесінде бір тілдің тарихындағы түрлі дəуір, кезеңдер аралығында тілдік өзгешеліктердің орын алары сөзсіз [1, 6 б.].
1. Сөзтізбе.
Аталмыш термин лексикографияның теориясында сөздік метатілінің ең негізгі элементтерінің бірінен саналады. Лексикография терминдері бойынша С. С. Никитина құрастырған тезаурустың негізінде [Никитина 1987, 105 с.] сөзтізбеге «сөздіктің сол бөлігінде орналасқан, атқаратын қызметі сипаттама жасалатын лексикалық материалды əліпбилік тəртіппен реттелген түрде беру болып табылатын вокабулалардың тізбесі» түрінде анықтама беруге болады. Алайда сөзтізбенің тек қана əліпбилік емес, кері əліпбилік, тақырыптық, т.б. ретте берілетін түрлерінің болатындығын ескерген жөн [1,
43 б.].
Лексикорграфиялық терминологияны зерттеген А.Е. Карпович сөзтізбеге «сөздікте қарастырылатын күллі вокабулалардың тізбесі» – деген анықтама береді [2, 206 б.].
Терминге үйренім лексикографиясы (учебная лексикография) тұрғысынан берілетін анықтама мынадай: «Сөзтізбе деп, біріншіден, лексикографиялық түсіндірме жасалатын тілдік бірліктердің (сөздердің, фразеологизмдердің, морфемалардың т.б.) əліпби бойынша жүйеленген тізбесін, екіншіден, сөздіктегі барлық атау сөздердің жиынтығын айтамыз (Морковкин 1990, 41)»[1, 44 б.].
Сонымен, сөзтізбенің екі мағынада: а) сөздіктегі вокабулалардың əліпби бойынша жүйеленген тізбесі; ə) сөздіктегі сөздік тұлғалардың жиынтығы қолданылатынын байқауға болады [1, 44 б.].
В.В. Радловтың «Опыт словаря тюркских наречий» сөздігінің сөзтізбесінде сөздер алдымен дауысты дыбыстар, содан кейін дауыссыз дыбыстар бойынша жүйеленген.
В.В. Радлов өзі зерттеген түркі тілдеріндегі сөздердегі дыбыстарды айқын əрі нақты беру үшін сөздікте мынандай əріптерді қолданған:
Дауыстылар: А а, ɷ, Ӓ ӓ, Е е, Э э, О о, Ӧ ӧ, Ө ө, Ӫ ӫ, Ы ы, ы, І і, І і, У у, Ӳ ӳ, ẙ.
Дауыссыздар: Kk, К к, Х х, Ҕ ҕ, Г г, ђ, Һ һ, Jj, Р р, Л л, Ll, Т т, Д д, Ч ч, Џ џ, Ц ц, С с, З з, Ш ш, Ж ж, П п, Б б, В в, Ww, М м.
Барлығы «Опыт словаря тюркских наречий» сөздігінде 17 дауысты, 34 дауыссыз дыбыс бар.
В.В. Радлов «Опыт словаря тюркских наречий» сөздігінде дыбыстардың таңбалануымен қоса, əр тілдің ерекшелегіне орай олардың қалай дыбысталып айтылатынына да тоқталған. Мысалы, қазақ тіліне қатысты, е дыбысы сөз басында көбіне iӓ түрінде дыбысталады дейді. А дыбысы орыс тіліндегі как, камень сөздеріндегі а сияқты дыбысталады.Ұзақ ā дыбысы орыс тіліндегі сөздерде кездеспейді, ол неміс тіліндегі Abend сөзіндегі а дыбысына сəйкес дыбысталады. Алтайлықтар ā-ны аа деген сияқты созып айтады. Қырғыздар (қазақтар) мен орталық Азияның көпшілік тұрғындары алғашқы буында а дыбысын а мен о-ның арасындағы дыбыс сияқты айтады. ɷ — а мен о-ның арасында жатқан дыбыс, бұған ағылшын тіліндегі all сөзінің дыбысталуы келеді. Созылыңқы ȳ-ға сəйкес келетін орыс тілінде дыбыс жоқ, ол неміс тіліндегі Tuch, Buch сөздеріденгі ұзақ дыбысталатын u дыбысы сияқты; ў еріннің əлсіз артикуляциясы кезінде тез айтылады.
Дауыссыздарға келер болсақ, л дыбысы а, о, у дауыстыларының алдында орыс тіліндегі дыбысталуына толықтай сəйкес келмейді; бұл дыбысты айтқанда тілдің артқы бөлігі төменге қарай соншалық белсенді түспеуі қажет, сондықтан түркілік л орысша л мен немісше l дыбыстарының ортасындағы дыбыс. Неміс тілдеріндегі Land, Leder сөздеріндегі l дыбысы осы сөздіктегі l дыбысына тура келеді. J дыбысы неміс тіліндегі Jahr сөзіндегі j дыбысындай айтылады, сондықтан ja орыс тіліндегі я дыбысына, jy ю дыбысына тура келеді. h дыбысы неміс тіліндегі Haben, hoch сөздеріндегі h дыбысына дəл келеді. Џ қатаң ч дыбысына сəйкес келетін ұяң дауыссыз, яғни = д+ж.
W дыбысы ағылшын тіліндегі world, will сөздеріндегі w дыбысындағыдай дыбысталады, орыс тіліндегі ерін арқылы дыбысталатын үнді спирант в-ға сəйкес келеді.
Ң мұрын арқылы айтылатын н, бұл ағылшын тіліндегі sing сөзіндегі ng дыбысына тура келеді.
2. Сөздік бірімдері (вокабула, сөздік тұлға, негізгі сөздік тұлға, лемма).
Вокабула терминінің тезаурус бойынша анықтамасы: сөзтізбе құрамында негізгі сөздік тұлғада берілетін, анықтама нысаны болып табылатын сөздік бірімі [1, 45 б.]. Алайда қазақ тіл білімінде вокабуланы атау сөз, сөздік тұлға, реестр сөз ретінде қабылдаушылық та болды.
Қазіргі қазақ лексикографиясында осындай мағынада қолданушылық басым: «вокабула –лексикология мен лексикографияның зерттейтін объектісі ретінде қаралатын жеке сөз; сөздік мақаланың басқы сөзі» (Тіл білімі сөздігі, 1998, 66) [1, 45 б.].
Сөздік мақалада сипатталатын сөздік бірліктің тұлғасы, тілдік жүйедегі орны мен қызметі нұсқалатын бөлік лемма деп аталады. Леммаға сөздік тұлға, оның грамматикалық, стильдік, этимологиялық сипаттамасы кіреді [1, 48 б.].
Мысалы, В.В. Радловтың сөздігінде сөздік бірімдері:
Kостабан:
1) Двойные полозья у саней – ein doppelter Schlittenlauf.
2) Заплатка на полозьяхъ у саней – ein Flick auf dem Schlittschuhlaufe[3, 627 б.].
Kырсау [Kir.]
Ленивый – faul; kырсау кісі ленивый человек – ein fauler, träger Mensch [3, 759 б.].
Осындағы kостабан, kырсаусөздері сөздік вокабуласы болады.
Ал, 1)Двойные полозья у саней – ein doppelter Schlittenlauf.
2)Заплатка на полозьяхъ у саней – ein Flick auf dem Schlittschuhlaufe.
Ленивый – faul; kырсау кісі ленивый человек – ein fauler, träger Mensch – бұлардың барлығы сөздік лемма болып табылады.
3. Сөздік мақала
Сөздік мақаланың тезаурус бойынша анықтамасы: нысаны тілдік бірліктің сипаттамасы болып табылатын сөздік бірімінен, семантикалық түсіндірмеден, лексикастилистикалық белгісөздерден, дəйектеме материалдан, сілтеме, түсініктеме, анықтамалардан құралған шартты түрде дербес бөлік[1, 48 б.].
А.Е. Карповичтің пікірі бойынша түсіндірме сөздіктің сөздік мақаласы – сөздікте сөздік тұлғамен басталып, сол сөздік тұлға мен туынды құрамды вокабулаларға жанжақты тілдік сипаттама жасалуын қамтамасыз ететін шартты түрде дербес бөлік [2, 207 б.]. Осы терминге қатысты Карповичтің пікірін Мырзаберген Малбақов та өзінің қолдайтынын айтқан.
«Опыт словаря тюркских наречий» сөздігінен мынандай сөздік мақалаға мысал келтіруге болады:
Kылыkсыз [Kir. Kas., Osm, von kылыk+сыз] 1) (Kir.) невежливый – unhöflich.
2) (Kas.) безпокойный, неровный – unruhig, nicht gleichmässig.
3) (Osm.) непрiятный наружности, неуклюжiй – von hässlichem Aeussern, ungraziös, tolpatschig; kылыkсыз адам неловкiй человек – ein ungeschickter Mensch.
Осының барлығы сөздік мақала. Бұнда сөздік вокабула, сөздік тұлға, сөздік лемма, семантикалық белгісөз, шартты белгілері барлығы көрсетілген.
4. Шартты белгілер (белгісөз, стильдік белгі, таңба, сілтеме).
Белгісөздің лексикографиялық тезаурус бойынша анықтамасы: сөздік мақаланың ішінде қысқартылған жазба түрінде берілетін, негізгі қызметі сөздік бірімнің семантикасын ашу болып табылатын сөздіктегі ақпарды жазу формасы, лексикографиялық тəсіл. Сөздік бірімнің мағынадан басқа барлық сипаттамасы белгі арқылы беріледі. Негізгі түрлері: грамматикалық белгісөз, стилистикалық белгісөз, арнаулы белгісөз, нормативтік белгісөз [1, 63 б.].
Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте белгісөздердің атқаратын қызметі туралы: «Белгісөздер сөздердің стилистикалық деңгейін нақтылай түседі (қарап., ауызекі., поэт., кітаб.), сөздің экспрессивтік бояуын (вулг., күлк.), қолданылу жиілігін (сирек), функционалдық-кəсіби қолданым аясын нұсқайды, сөздің семантикалық сипатын (ауыс.), қазіргі тілге қатысын (көне, жаңа) т.б. жақтарын көрсетеді»[Лингвистический энциклопедический словарь 1990, 463] – деген сипаттама беріледі [1, 63 б.].
Белгісөздерді жалпы төрт топқа топтауға болады. Олар:
Семантикалық белгісөз – сөздіктегі бірліктің семантикалық ерекшеліктерін белгілейді. Ауыспалы мағына (ауысп.), бірліктің кірме екендігін көрсететін белгі (ир., ор., ар., ағ., т.б.), сондай-ақ адам туралы, мал туралы тəрізді түсініктемелер осы топқа кіреді.
Грамматикалық белгісөз – сөздіктегі бірліктің грамматикалық ерекшеліктерін белгілейді: зат есім (зат.), етістік (ет.).
Терминологиялық белгісөз – сөздіктегі бірліктің ғылыми, кəсіби салаға жататындығынан хабар береді. Ғылым салаларын белгілейтін қысқартпалар, сондай-ақ, кəсіби (кəсіб.), арнаулы (арн.) тəрізді белгілер осы топқа кіреді.
Бағамдық (стильдік) белгісөз – сөздіктегі бірліктің бағалауды білдіретіндігінен хабар береді. Бұрынғы экспрессивті-эмоционалдық белгілер тобы, қолданыс кезеңі мен аумағын (диал., жерг., көне, жаңа), əдеби/бейəдеби (тұрп., сөйл.), қолданыс аясын (фольк., кітаб.), қолданыс жиілігін білдіретін белгісөздердің бəрі де осы топқа кіреді [1, 67-68 б.].
Сөздіктегі бірліктердің бірқатарының мағынасын ашуда анықтаманың орнына сілтеме жасау тəсілі қолданылады. Сілтеменің тезаурус бойынша анықтамасы: сөздіктегі бірліктер арасындағы байланыстарды ашып көрсету мақсатымен қысқарған жазба түрінде түзілетін ақпар жазу формасы.
Сілтемелер қазақ лексикографиясында көбінесе «қара», «салыстыр» тəрізді тұлғада, кейде тұтас сөйлем түрінде, кейбір жағдайларда бағытты көрсететін символ түрінде ұшырасады [1, 69 б.].
«Опыт словаря тюркских наречий» сөздігінде мынандай семантикалық белгісөздерді кездестіруге болады. Мысалы:
Kапыл [Kir., = arab.]
Небрежный, ошибочный [3, 412 б.]. Осы мысалдан kапыл сөзінің араб тілінен шыққандығын жəне бұл сөздің түркі тілдерінің ішінде қазақ тіліне тəн екендігін Kir., = arab. деген семантикалық белгісіөздер арқылы көрсеткен.
Сөздікте сонымен бірге грамматикалық белгісөздер де кездеседі, В. В. Радлов көбінесе етістіктен болған сөздерді v таңбасымен берген.
Kадаkта (v) [Kir., von kадаk+ла]
Весить фунтами; Kадаkтап алдым – фунттап алдым. [3, 309-бет]
Сонымен қоса, сөздің түбірі мен қосымшасын ажыратып кеткен. Сөздің түбірін көрсету үшін немісше von (орыс тілінде из дегенді білдіреді) сөзін қолданған.
Kонустас [Kir., von kонуш + таш]
1) ночующiй вместе съ другимъ на одномъ месте – der Lagergefährte, wer mit einem Anderen zusammen übernachtet.
2) одноаулецъ – die Bewohnerein und desselbenAules[3, 542 б.].
5. Дəйектеме материал.
Дəйектеме материал лексикографиялық тезауруста: негізгі қызметі сөздік тұлғаның мазмұнын ашу болып табылатын сөздік мақаланың ішінде орналасқан дəйексөздерден, айтылым үлгілерінен, фразалардан, сөздік мақаланың жанындағы сызбалардан, суреттерден тұратын көрнекі мысалдар түрінде беріледі.
Ал О.С. Ахманованың сөздігінде: сипатталатын сөздің семантикалық құрылымы мен синтаксистік байланыстарын көрнекі түрде ұғындыру мақсатымен сөздікте келтірілетін сөз тіркестері [4, 171 б.].
А.Е. Карпович дəйектеме материалды түсіндірменің құрамында қарастырады. Ғалым вокабуланың түсіндірмесі ұғымының құрамына кіретін дəйектеме материалға авторлық қолданыстарды, дəйексөздерді, сөз мағынасын айқындаушы парафраздарды, суреттерді енгізеді [2, 208-209 б.].
Көп томдық түсіндірме сөздіктегі дəйектеме материалдар құрамында көркем əдебиет үлгілерінен алынған мысалдар мен авторлық қолданыстар болды [1, 69 б.].
Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте тілдік мысалдардың атқаратын қызметі:
а) сөздің не мағынаның тілде бар екендігін дəлелдейді, ə) контекстегі мағынаны ашады,
б) сөздің тілден айтылымға көшуін көрсетеді, в) сөзде жаңа реңк пайда болғанын хабарлайды, г) зат туралы тілден тысқары сипаттағы деректерді ұсына отырып, тілдің танымдық құнын арттырады.
Тұлғасы жағынан мысалдар синтаксистік құрылымдардың модельдері түрінде, нақты сөз тіркестері не автордың өзі құрастырған сөз тіркестері, ауызекі сөйлеу тілінен алынған сөз тіркестері немесе белгілі бір арна көзінен алынған дəйектемелік түрінде болады [1, 70 б.].
В.В. Радловтың сөздігінен мынандай дəйектеме материалдарға мысал келтіруге болады.
Kытыk [Kas. Kir.]
Щекотливость; kытыђыӊ бармы? Щекотливый ли ты? [3, 787 б.]. Бұнда kытыђыӊ бармы? сөз тіркесі қытық сөзінің тілдегі мағынасын айқындап, оның беретін мазмұнын дəл беру үшін ауызекі тілдегі айтылым үлгісі ретінде қолданылған.
Аiна [Kir.]
Ласкательное слово; меніӊ аiнам! Душа моя! [5, 17 б.]
Азӯсўз [Kir., von азӯ+сыз]
1)безъ клыковъ
2) слабый, невлiятельный; азӯсўзђа тар заман трудное время для слабыхъ [5, 573 б.].
Осында меніӊ аiнам! азӯсўзђа тар заман мысалдары сөздің контекстегі мағыналарын ашып тұр, яғни бұл тіркестер осы сөздердің тура мағынасында емес, ауыспалы мағынада қандай кезде, қандай жағдайда қолданылуын көрсетеді. Азӯсўзђа тар заман Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңінен авторлық қолданыс түрінде мысал ретінде алған.
Сөздік – түрік-орыс-неміс тілдеріндегі үштілді еңбек, онда шамамен жетпіс шақты түркі тілдері мен диалектілерінің материалдары жинақталған. Ғалым өзінің «Опыт словаря тюркских наречий» сөздігінде барлық түркі тілдерінің фонетикалық жүйесін толық, мейлінше терең талдап берген. Бірақ сөздікте қазіргі түркі тілдеріне ортақ лексика мен оның мағыналары толық анықталып, түгел қамтылды деп айтуға болмайды. В. В. Радлов түркі тілдерінің классификациясын жасағанда фонетикалық принципті негізге алған.
В.В. Радловтың түркі тілдерінің материалдарын жинап, жазып қалдырған кезеңдері түркі тілдерінің ең бір гүлденген дəуірлері болатын. Осы жағынан қарғанда, академиктің жинап-теріп, жазып, бастырып қалдырған еңбектері көненің көзі іспеттес бай рухани, мəдени, ұлттық қазына деп айтуға болады.
Сөздің құдіреті, қасиеті, қадірі болатыны белгілі, адам оның құдіретіне табынып, қасиетін қастерлеп, қадіріне жеткені лəзім. Адамзаттың сана-сезімі мен ақыл-ойының, дүниені тануының, дүниеге көзқарасының жəне дүниені (өмірді) сүрудің негізі де, нəтижесі де – сөз. Сөз – табиғатты, қоғамды, адамды танудың кепілі жəне тетігі. Сөздің асыл қасиетін ешқандай асыл таспен, ешбір бағалы затпен салыстыруға, теңестіруге болмайды [6, 319 б.].
В.В. Радловтың сөздігінде кездесетін əрбір сөз – түркі тілді халықтардың əрқайсысы үшін ұлттық қазына. Өйткені ол сөздер əрбір түркі тілді халықтардың, ұлттардың, ұлыстардың бай мұрасы, тілдік байлығы.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Малбақов М. Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері. – Алматы. «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002. – 368 бет.
2. Карпович А.Е. О лексикографической терминологии // Современная русская лексикография. Д., Наука, 1977.
3. Радлов В. В. Опыт словаря тюркских наречий. Том II. – Санкт-Петербург, Типография Императорской Академии Наук, 1899. – 1814.
4. Ахманова О. С. Словарь лингвистических терминов. – Москва. 1966.
5. Радлов В. В. Опыт словаря тюркских наречий. Том I. – Санкт-Петербург. Типография Императорской Академии Наук, 1893. – 1914.
Шарапатұлы Ш. Түркі лексикасының семантикалық деривациясы (түркі жазба ескерткіштері мен қазіргі түркі тілдерінің материалдары бойынша). Монография. – Алматы. Кантана-пресс, 2011. – 552 б