ӨМІР ҚАРАҰЛЫНЫҢ БАТА-ТІЛЕК ЖЫРЛАРЫ

ӨМІР ҚАРАҰЛЫНЫҢ БАТА-ТІЛЕК ЖЫРЛАРЫ

 

                     Ə.Т. Жеткізгенова                       

 

Бата – бабаларымыздың ұлағат өрілген қастерлі сөз түйіндерінің екшеліп,  ақыл елегінің сүзгісінен өткізіліп, өмір тəжірибесінің жоғары сана деңгейінде қорытындыланып, даналық мəйегі тұнған, адамгершіліктің ереже-қағидасы болып саналатын қасиеті мен киесін бойына жиған рухани байлығы. Бата-тілек жырларын халықтық психологиялық көзқарастары танылатын, ғасырлар бойы жинақталған ұлттық дəстүрлер негізінде этнографиялық мəселелер көрініс беретін, тəрбиеліктəлімдік ізгі ойлардың түйдек-түйдегімен төгіліп, бейнелі сөз өрнектерімен өріле жырланып, сөз бен саз тоғыса ұйқас, əуезділік құдіреті басым көрінетін философиялықдидактикалық шығарма деп көрсетуге болады. 

Этнопедагогикалық өлеңдер тобындағы  нақыл-өсиет, насихат, қонақкəде, дидарласу-сəлемдесу жырларымен салыстырғанда магиялық əсері мықты шығарма. Себебі, бата сөзінің мəн-мағынасы, құрылымы адам жанын серпілтіп, көңілін марқайтып, талабын қанаттандыра ақ тілек түзеді.

Ақын-жыраулар мұрасындағы батаның ерекше орын алатындығы осында. Сапарға дайындығы бар жанның бас амандығы мен, жол жеңілдігін қалап, қадірлі тұлғалардан, ауыл ақсақалдарынан бата сұрап, үлкен мəн беруі де халқымыздың тыныс-тіршілігіндегі мықтап орныққан құбылыс.  

Осы орайда Маңғыстау ақын-жыраулары қатарында рухани əдеби-мəдени мұралар жасауда өзіне тəн айрықша қолтаңба қалдырған Өмір Қараұлының шығармаларында бата-тілек жырларының үздік үлгілеріне назар аударуды жөн санадық.  

Өмір Қараұлы 1856 жылы Маңғыстаудағы Тұщыбек мекенінде дүниеге келіп, 1918 жылы сол өңірде өмірден озған. Бейіті Тұщыбекте. Ауылының жазғы қонысы  – Мырзайыр, Басқұдық мекендері болған ол ауыл молдасынан сауат ашып, білім алған. Жасөспірім шағынан-ақ жиын, тойға қатысып, ақындық, зергерлік, сəулетшілік өнер жолына түскен. Өлеңді жазып шығарған Өмір қазақ өлеңінің гармониялық үйлесімін, əуездік байлығын толық сақтаған. Ит жылғы (1910) жұттан кейін Жаңғақ ойына (Түрікменстан) көшіп барып, жұтқа ұшырап, тұрмыс таршылығын көріп, Маңғыстауға қайта оралады. Ел арасына тараған, ұрпақтарының  қолында сақталған басты шығармалары: «Терме», «Беташар», «Қара өлең», «Тойбастар», «Атасы барда арман жоқ», «Тойбастар» (екінші түрі), «Ит жылғы жұт», «Шалбар Оспанға», «Мұхаммедия Кентаевқа», «Штатқа», «Біздің халық əуелде», «Аппаққа», т.б. өлең-толғаулары. Өмір    ақын мұраларын тиянақтап жинақтап, зерделеуде И.Ұйықбаев,

Қ.Сыдиықұлы, Ж.Жылқышыұлы, Ə.Мəткеров, М.Ақмырзаев, Б.Нұрдəулетова, Ж.Қобланов, Е.Еміл, С.Құдайберген, А.Өтешов, т.б. зерттеушілер мен жыршылар көп еңбек сіңірді. Əсіресе, ақын шығармаларына текстологиялық талдау жүргізіп, шығармаларындағы тілдік ерекшеліктерді саралаған ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.И.Нұрдаулетованың ғылыми еңбегін айрықша атауға болады.

Жалпы, Өмір Қараұлы шығармашылығына қатысты ғылыми мақалалар қатарына ғалымдар Қ.Сыдиықұлының «Сəулетші, ақын, Қырымқұл Өмір Қараұлы», Ж.Қоблановтың «Ақсұңқар құстың сойы едің…», Ə.Т.Жеткізгенованың «Тойыңды базар ду қылып…», «Өмір Қараұлы шығармашылығындағы қонақкəде жырлары»,  Поэтические произведения (стихи), связанные с культурой гостепреимства, в творчестве Омира Караулы» жəне танымдық мақалалар қатарына І.Шыртановтың «Ескерткіш жайлы бірер дерек», журналист С.Құдайбергеновтің «Зайырлы тұқым сойынан», Өмірдің немересі З.Назарованың «Сəулетші» еңбектерін атауға болады. Сонымен қатар арнайы зерттеу нысанына айналдырмаса да Маңғыстау ақынжырауларының тілдік ерекшелігін зерделеген ғалым Б.Нұрдаулетова «Маңғыстау ақын-жырауларының тіліндегі ерекше сөздердің түсіндірмесі», «ХVIII-ХIХ ғасырлардағы Маңғыстау ақын-жырауларының тілдік ерекшеліктері», «Көне күннің жыр күмбезі», «Жыраулар поэтикасындағы дүниенің концептуальдық бейнесі», «Когинитивті лингвистика» атты  монография, оқу құралдары, оқулықтар, жинақтар арқылы ақын шығармашылығының ғылыми айналымға түсуіне көп еңбек сіңіргендігін баса айтқан жөн.  

Символикалық сөз-образдарға бай Өмір Қараұлының шығармалары Ұзақбай Қазжанұлы, Асан Əминұлы, Əбдірахман Қожақұлов, Дəнебай Нұржанов, Өткелбай Ұзақбайұлы, Қайролла Əбдіұлы, Ниязхан Қоңырбайұлы, Жеткізген Сейітов, Амандық Көмеков, Ақылбек Өтешов, Аманбек Сəуірбаев, Болат Бисенқұлов, Ізмұрат Молбаев, Ізжан Қалқанов, Сəттіғали Нұрдəулет, Бердібай Тойғұлиев, т.б. жыршылармен орындалып, олардың репертуарынан тұрақты орын алған.   

Өмірдің бізге жеткен əдеби мұраларының ішінде екі түрлі батасы бар. Екеуі көлемі мен мазмұны жағынан біршама ерекшеленеді. 

  Бірінші батасы көлемі – 116 жолдан, 7-8 буыннан, екінші батасы 16 жолдан 11 буынды өлшемнен тұрады.

 Бірінші батасы мұсылман діні шежіресінен мысалдар келтіру арқылы, адамзаттың даму тарихындағы өмір сүру кезеңдерін санамалап, адамның ана құрсағына пайда болған күнінен бастап дүние есігін ашып, ата-ана қамқорлығында болған сəті, жетілу жас кезеңдеріндегі қимыл-əрекет, мінез-құлық ерекшеліктері тізіледі. Бала шағынан болашағына дейінгі рухани қажеттіліктерді ойшылдық тағылыммен өре отырып, өмірбаяндық бағытта жырлап өтеді. Кеше мен бүгінді, болашақты тұтастыра жырлаған ақын бұл өмірдің өткіншілігін, адамзат ғұмырының өлшеулі уақыт аралығында келер ұрпағына тағылым болар сөз қалдыруды көксейді. 

Мұны естіген адамдар, 

Бізбенен болсын тілектес.[1, 86 б.]

деп, сөз өнерінің құдіретін игерген ақын оқырманына қорыту, жинақтау, түйсіну жолдарымен шығарманы қабылдату арқылы адами қадір-қасиеттің салмақтылығын ұғындырады.

Адами абзал қасиеттер қатарынан саналатын :

                           Шеберлік берсең шенсіз бер,

Дүние-мəшінді айналтып,

Халыққа үлгі бергендей Билік берсең берекет –  Жер көгерткен жауындай.

Ерлік берсең – есепсіз –

Толықсып соққан дауылдай. Жұпты берсең – сұлу бер –  Сүюге жанның сауында-ай.

Перзент берсең – жүздеп бер –

Қатар шықсын сауырлай[1, 87 б.], —

 деп, бата-тілек түрінде жалғаса береді. Осы бата өлеңінде Өмір пенденің тойымсыз, қанағаты кетіп, дүниені ұмытып, байлық қуып кететін ашкөз қасиетінен сақтанып, өлең жолдарында «Дəреже берсең – өлшеп бер, Мұқату үшін жауымды-ай, Дəулет берсең – шақтап бер, Қиямет күні ауырды-ай» деп ескертеді. Ғалымдық, абырой, бақ, тақ, сабыр, ақыл,сана, шапағат ұғымдарын жалаң тізбей, қажет тұстарын, парасатпен өлшейтін шамаларына қарай беруін сұрайды. Ең бастысы, рухани баға жетпес қазына – иман тілейді. Ұлттық сөз өнерінің имандылық кеңістігіндегі мұсылманшылық көзқарасын өлеңге орайластыра өріп, философиялық түйін жасап отырады.

Өмір Қараұлы тағылымының дүниетанымдық мəні зор екендігі бата-тілек берер алдындағы кіріспе бөлімінде жалпы адамзатқа қарата айтылған ойларының имандылық иірімдеріне қосыла үндесуінен-ақ көрінеді.

                      Баянсыз пəни-дүние,

Берсең де қанша тоймадық. Əлі күнге мен жүрмін

Нəпсіні жеңіп, тия алмай Ақылым жетіп, жия алмай.

Ақыреттің азығын

Аллаға көп-ті жазығым[1, 86 б.], —

деп, пендешілік жолмен сана таяздығынан, жан-дүниеміздің ұсақтық, тоғышарлық, екіжүзділік, опасыздық, дүниеқоңыздық қасиеттер бұғауында тұралап қалмай, Алланың алдына ар тазалығымен баруды, кейінгі ұрпақ жадында тəрбиелік мазмұнға толы рухани бай мұра қалдыруды мақсат етеді. Ақын осы тұста авторлық ойының бағытталу, арналу нысанын жеке адамға, яғни өзіне қарата,  өз бойына таңа отырып, жалпы көпшілік бойындағы мінді тізбелейді.

Ақын-жыраулар əдеби мұрасындағы осындай авторлық адресат мəселелері турасында Т.Тебегеновтің: «Ақындық ойдың белгілі бір адресатқа арналуында авторлардың лирикалық қаһарман қалпында Жаратушыға бағытталатын арнау өлеңдерін арнайы атауға болады. Лирикалық қаһарман – жалпыадамзаттық эстетикалық, философиялық-гуманистік ойлау жүйесіндегі пайымдауларды авторлық қорыту арқылы аңғартатын күрделі бейне. Сондықтан ақындар авторлық, лирикалық толғаныстарын адресатқа бағыттауда жеке ұғымдардың жалпылық-жинақтаушылық мəнмен айтылуына ерекше назар аударады. Авторлық ақындық өнер шығармаларында Жаратушыны (Тəңірі-Алла-Құдай) адресаттық нысан бағдарында алып жырлауы – жеке ұлттық жəне əлемдік əдеби дамудың ортақ дəстүрлер арнасындағы үндестіктерін танытатын ерекшелік»             [2, 125 б.] — деген пікірімен Өмір Қараұлының бата-тілек жырларындағы ой түзулеріне тұжырым жасауға болады,

Сондай-ақ, ғалым ұлттық поэзиямыз тарихындағы автор ойы бағытталатын нысан түрлерін санамалай отырып, жырлаушы ақын өзінің шығармашылық мұратындағы айтылған ойларына, сөздерінің көркемдік-эстетикалық қуатына сене, тыңдаушыларына (адресатына) сенім білдіре жырлайтындығын саралаған болатын [2, 124 б.].

Өмірдің бата-тілек жырларының мазмұнында тапсырма талабы басты орынға қойылып отырады. Бата беру арқылы кемшілік-қателіктерді түзету, тыңдаушысын сыннан өткізе отырып, жан сарайынан адамгершілік қасиеттерге орын беру, халық үлгісімен, тіршілік ережесінен ауытқымай, тура жолмен жүру талаптары міндеттеледі.

 Ал екінші батасы:

                                           Ойында Маңғыстаудың Шақпақ ата,

Берейін қолыңды жай, саған бата [1, 89 б.], –

деп басталып, «Қарағым менің батам қабыл болса, – Жылына қысырақты жүзден мата. Ауылдың қонған жері жүлгелі сай, Астыма мінген атым керторы тай. Шырағым менің батам қабыл болса, Боларсың жыл айналмай мыңғырған бай…» болып тізіледі. Алғашқы батадан соңғы батаның ерекшелігі мұнда негізгі мазмұн мал-дəулеттің молаюына арналған. Шындығында бастан-аяқ бата мазмұны тұтасымен төрт түліктің көбеюі, берекелі болуымен баяндалады. Ата-бабамыз көшпенді өмір салтында төрт түлік малды күнкөріс көзіне айналдырғаны, тірліктің жалғасуы, материалдық қазынаның бірден-бір көзі – осы төрт түлік екені ақын өлеңінде ерекше жарасыммен өрілген. Бұған қоса Маңғыстаудың табиғат ерекшелігінен орай бағуы қолайлы түйе түлігінің: «Ақ отау – əкең берген тозбасын-ай, желіңде  – үш жүз інген боздасын-ай» басы өссін деген тілегі көрініс береді.

Ақ отау – баспана, киелі ұғым, ұрпағың жалғассын, басың көбейсін, ата-баба салтын жалға, жолдан тайма деген тілектің атауы. Ақын ең алдымен қажетті баспана, тұрақ-жайдың маңыздылығына айрықша мəн бере жырлаған. 

Бата берудің небір тамаша үлгілері қырғыз фольклорында да аз емес екендігін көрсеткен зерттеуші Б.Уахатов ұсынған бір үлгіні мысалға көрсетуге болады:

Бата башы дың-дың,

Малды берсин миң-миң. Жылқы берсең ала бер, От жақалай бала бер. Жүктөрүнө төө бер, Жүктөп алып жүре бер. Саарына бээ бер, Сааған сайын ие бер.

Желеңдин ал учу менен бул учуна

Ат чуркаса жетпесин,

Қас санаған душманың,

Келерки ушул убаққа жетпесин [3, 81 б.]

«Тегінде бата беріп, ақ тілеу айтып, алғыс білдіру ежелгі ата-бабалар дəуірінен келе жатқан түркі халықтарының ескілікті дəстүрі екені ақиқат. Бұл мазмұны мен мақсаты жағынан да көшпелі түрік тайпаларының ортақ тірлігінен туған.

Ақ тілеу айтып, бата беру қазақ секілді қарашай, татар, алтайлықтарда да бар. Олар мұны «алғыс» дейді. Алғы бірде жаңа түскен жас келінге айтылса, тағы бірде алыс сапарға аттанып бара жатқан жолаушыға, иə, жаңа өспірім жас балаға қаратып айтылады. Мысалы қарашайларда жаңа түскен жас келінге берілетін» [3, 80 б.] Б.Уахатов бата берудің татар фольклорындағы үлгісін де ұсынады:

      Қазаның өреле булсын,       Китмəскə килерең булсын.

                                        Чүмергəнең май булсын,

                                         Ашағаның бал булсын,

                                      Семьяң ишле, бай булсын

                                          Абзарың тулы мал булсын

                                      Күңелең кенə тотмасын! [3, 80 б.]

Ғалым осы шығарманың татарлар арасында «арбау» деп те аталатынын жəне жаңа түскен жас келінге айтылатын татар арбаулары қазақтың беташар өлеңдеріне мазмұн, формалары жағынан өте жақын екендігін атап көрсетеді.

«Алқышлар – татарша ізгі тілектер. Алқышлар – адам тұрмысындағы белгілі бір қуанышты оқиғаларға байланысты айтылады. Мысалы, той қуанышына арнап «Яңа туй булсын, чəкчəк күңелле булсын, һəммəгез де озын гомерле булсын» десе, жас келінге «Алғы итəгеңне бала бассын, арт итəгеңне мал бассын» дейді. Алғысты сахалар (якуттар) «алғыс тылларға» деп атайды» [3, 80 б.].

Қазақ ақын-жыраулары шығармаларындағы «Той бастар», «Беташар» жырларының құрылымында да бата-тілек мол кездесетіндігі. «… той бастар өлеңінінің қорытынды бөлімі – ұзатылғалы отырған қызға ақынның бата-тілек жыры. Жұбайлықжұптық тұрмыстың байлыққа, молшылыққа, сəн-салтанатқа, берекеге толы болуын тілей жырлаған ақын жыры – халық көңіліндегі ойларды қорыта жеткізген тілектер» [2, 147 б.] деп ғалым Т. Тебегенов халық ақындары шығармаларындағы əдебиет пен фольклор дəстүрін саралаған еңбегінде атап өтеді.

Міне, Өмір ақынның шынайы ақындық зердеден туған, зергерлікпен тоқыған сөз саптаулары əсерлі, тартымды шыққан. Көркем қазына-байлығымыз бата-тілек өлеңдерін кейінгі толқынға жеткізу үшін эстетикалық талғаммен жеткізген. Жалпы, Өмір шығармаларынан ащы, уытты, ызалы, ауыр тіркестерді кездестірмедік. Ақын кезкелген ойын асқан сақтықпен, мəдениетпен жеткізуге тырысқан. Сəулетшінің материалдық мəдени ескерткішті салу үдерісінде əр тасын жымдасып, жігі білінбей қалансын деген арманы өлеңдерінде де көрініс бергендей ме деп топшыладық.

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

1.Өмір Қараұлы. Бісміллə – сөз басы. – Алматы. Бабамұра, 2015. – 120 б.

2.Тебегенов Т. Халық ақындары шығармаларындағы əдебиет пен фольклор дəстүрі. – Алматы. Білім, 2001. – 332 б.

3.Уахатов Б. Қазақтың тұрмыс-салт жырларының типологиясы. – Алматы. Ғылым,

1983. – 160 б.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *