ҰЛТЫНЫҢ ҰЛАҒАТЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҒАЛЫМ

 

ҰЛТЫНЫҢ ҰЛАҒАТЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҒАЛЫМ 

 

 Қ.Ү. Жақыпова

 

Ғалым-ұстаз, ұлт жоқтаушысы болған абзал аға туралы сөз айту қиын да болса мəртебелі. 

Мəтжан Мақсымұлы Тілеужановтың ғылым жолындағы алғашқы шəкірті Алпысбай Мұсаев ғалымның 85 жылдығын атап өтуге арналып ұйымдастырылған конференцияда «1927 жылы дүниеге келген əдебиеттің бір шоғыр өкілдер бар, олар Тұрсынбек Кəкішев, Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібаев солардың қатарында біздің Мəтжан ұстазымыздың да болуы да заңдылық сияқты» деп еді. 

Бұл ғылым мен өнердің ордасынан шеттеу жүрсе де, ұлтының əдебиетін қаузаған, тағылымын терген, зергерлік бұйымдарын жинақтаған, тұңғыш республикада Этнопедагогика жəне фольклор атты кабинет ашқан, ұрпағы қояр ескерткішті өзі сомдаған бірегей тұлға, көп қырлы жан еді. 

Ғалымның алғашқы қыры М.Əуезов атындағы əдебиет  жəне өнер институты бастамашы болып, кеңестік кезеңнің өзінде халық ауыз əдебиетінің теңіздей терең үлгілерін жинақтауды қолға алып, осы іске Мəтжан ағай 1954 жылдан бастап жалғыз өзі кейін оқытушылармен қатар сырттай, іштей бөлімнің студенттерін тартуынан ашылады. 

1979 жылдан бастап филология факультетінің бірінші курс студенттерінің қатысуымен экспедициялар ұйымдастыру жолға қойылады. Кафедраның шешімі бойынша ауыз əдебиеті пəнінен бақылау жұмысын жазудың орнына оқу бағдарламасына елден халық ауыз əдебиеті нұсқаларын жазып əкелу тапсырылады. Ғалымның өз сөзімен айтар болсақ: «30 жыл бойы Батыс өңіріндегі ауыз əдебиеті үлгілерін жинау ісінің басы-қасында болдық. Қолжазба күйінде дырау 5 томға біріктірілген түптелген осынау қымбат қазына жидашылардың бірнеше ұрпағының қатысуымен жинастырылып жазылды. Яғни, үлкен ұжымдық еңбектің жемісі. Оның бəрін жанрлық немесе тақырыптық, тарихи-хроногиялық сипаттарына қарай  бөлек жүйелеп топтастыруға шынымызды айтсақ, шамамыз жетпейді. Қолға іліккенді əйтеуір том-томға сұрыптап жатпастан енгізе салдық. Сондықтан келешекте жиналған материалдарды алдымен ерінбей-жалықпай, зерделеп зерттеу талап етіледі. Түбі бір осындай істің реті шығар деген үмітпен жиналған материалдардың бір данасын облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсыруды жөн көрдік. Бір данасын Ғылым академиясының əдебиет жəне өнер институтына бердік,» -деген болатын. 

«Мəдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген əлемде теңдесі жоқ «Бабалар сөзі» 100 томдығының 4 томы 34,35,36,37-томдар бір ғана «Қобыланды батыр» жырына арналған.  Фольклорист  М.М.Тілеужановтың Қаратөбе ауданының тұрғыны, бақташы Нұрсейіт Битілеуовтен жазып алған «Қобыланды батыр» жырының нұсқасы көптомдықтың 34 – томына енген, бұл ғалымның өзі көрмесе де, ғылыми-көпшіліктің айналымына түскені  үмітінің ақталғаны шығар.  

Ғалымның алдын көрген шəкірті, журналист Т.Əліпқалиев облыстық тарихиөлкетану музейінің қорындағы бес томдық қолжазбаның материалдарын іріктеп, «Батыс өңірдің халық əдебиеті» деген атпен екі кітап шығарды. Кітапты құрастырып, редакциялап баспаға дайындау барысында халық əдебиеті үлгілерінің рухани айналымда тез кəдеге асатын дүниелерге неғұрлым басымдылық беруге тура келді. Бірінші кітапта өмір-тұрмысымыздан ығысып қалған əдет-ғұрыптарды қайта жандандырып, тірілту, түгендеу мақсатында  тұрмыс-салт жырларына молырақ орын берілді,- дейді автор. Сырым, Шернияз, Əбубəкір Кердері, Сəттіғұл, Сүгір секілді халқымызға танымал тарихи тұлғалармен қатар бұған дейін таныла қоймаған сөз зергерлерінің туындылары мен олар туралы аңыз-əңгімелер кітапта берілген. 

Ұстаз М.М. Тілеужанов ауыз əдебиеті үлгілерін жинақтаушы студенттердің тапсыратын материалының рəсімдеуіне зор мəн берген. Себебі «Батыс өңірдің халық əдебиетінің» 1-кітабында Ақтөбенің Шалқар өңірінде өмір сүрген ақын қыздар Əлима мен атақты Көтібатар батырдың баласы Есеттің келіні Таразы туралы аңыздарды ел аузынан жинап, қағазға түсірген сырттай бөлімнің студенті Оңдасын Үсенов екені тасқа таңба басқандай көрсетілген.

Фольклор жұмысына тек халық ауыз əдебиеті үлгілерімен қатар ұлттық этнографияға қатысты дүниелердің бəрі жататынын ескерген ғалым зергерлік бұйымдарды жинаумен де айналысты. Кешегі қысылтаяң кезде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін, көздің жауын алатын, күмістен соғылған, шебер зергердің қолынан шыққан ұлттық əшекей бұйымдарды сақтап қалды. Егемендіктің алғашқы жылдарында  ғалымдардың ішінен тұңғыш рет коллекционер ретінде шетелге шықты. Қазір олар Елорда төріндегі Ұлттық музейінен Батыс Қазақтан облысынан жинақталған коллекция қатарында экспонат ретінде орын тепкен. Астана қаласына келуші өз жұртымыз бен шетелдік қонақтар көріп таңырқайтын, көзайым болатын, ұлттың əсемдік пен сұлулық əлемінен сыр шертетін, талғам-таразысын танытатын, ұлт игілігіне қызмет ететін құндылыққа айналды.   

Ғалымның үшінші қыры тағылым сөзін халықтық тəрбиенің ғылыми атауы ретінде қолданып, «Халық тағылымын» еңбегін жазуымен ашылады. Алғаш рет «Қазақ тағылымы» атпен 1994 жылы Орал облыстық баспаханасынан аз таралыммен, 1996 жылы Алматы қаласының Рауан баспасынан «Халық тағылымы» болып атауы өзгертіліп, екінші мəрте жарық көрді. 

Автордың өз сөзіне жүгінер болсақ, «Тағылым сөзінің педагогика дегеннен ауқымы кеңірек те жəне  көбіне тəрбиеге байланысты айтылады. Тəрбие туралы дайын анықтамаларға бас ұрмай, дүйім қазақтың тəрбие əдістерін өз тілінде, өз түсінігінше, өз ойлауынша баяндауға тырыстық. Бұл -қазақ туралы, қазағымның қадір-қасиеттері туралы, қазақ тəрбиесі туралы, қазақы мəдениет туралы кітап…»-  деп ұрпақ тəрбиесіне байланысты ұлт жүгін арқалауының себебін, еңбекті жазудағы мақсатын  түсіндіреді. 

Кітаптың «Халық тағылымы қағидалары» бөлімінде «тағылым» сөзінің  мағынасы кең, үлгі-өнеге, ақыл-нақыл, кеңес-ұлағат, тəлім-тəрбие, өсиет-уағыз, жөн-жосық , уəжлəзім, ұстаз-тəлімгер деген ұғымдардың қосынды жиынтық мағынасы болған сөзді,  əсіресе, əдебиетшілер, мен ақын-жазушылар жиірек қолдану себебі өз халқының бүкіл поэзиясын, əрлі-берлі жазбасын едəуір білгендіктен қолданады. Халық тағылымы туралы ғаділ сөзді, толық қанды пікірлерді айта алса, тек қана халық əдебиетіне қанық мамандар айта алатындығын, ұлы поэзияны туғызған, ұлы Абайды туғызған халық-ұлы тағылым иесі екенін дəлелге келтірді. 

Қай халық болса да, ұрпақ тəрбиесі туралы мықты тағылым жасады. Олардың өзіндік ерекшеліктері болмаса, тəрбие туралы ұстанған бағыттарында ешбір айырмашылық жоқ. Ал, қазақ тағылымының негізгі бағыттары, көпшілік ұйғарымдары, тəжірибе қорытындылары біздіңше былай деп, ой түйіп, саралап жіктейді:

1.                   көргенді атану-қазақ тағылымының басты шарты, не нəрсе болса да , көз жеткізу, иландыру, нандыру, шындық пен əділдіктен, ақиқаттан айнымау, берген антыңа берік болу;

2.                   ар-ождан тазалығын сақтау, ақыл-ойлы, парасатты болу, барлық ісəрекетіңнен, сөйлеген сөзіңнен, қарым-қатынасыңнан, көзқарасыңнан ғибрат исі шығып тұру;

3.                   ерте тұр, кеш жат, аз сөйле, көп тыңда, сөзің жерде қалмасын, иманды, инабатты , қайырымды болу, жас ұрпаққа тəрбие беруден жалықпа- ол парызың;

4.                   халық дəстүрлеріңе берік бол, оны жаңартудан, əдет-ғұрыпта жоқ

нəрселерден аулақ болу;

5.                   сегіз қырлы, бір сырлы болу, рухыңа кір салдырмау, үлкендерді тыңдау, құрметтеу,өз қатарыңнан кем болмау, асып-таспау, достық пен татулықты қастерлеу, ел берекесін сақтап, оның баюына үлес қосу.

Ғалым  бұларды қазақ халқының негізгі қағидалары болып саналатынын көрсетіп, қазақ тағылымының ең бір зор үлгісі –айқындық, ашықтық, жариялылық, əркім көзі көргесін, иланарлық, оның дұрыстығына көз жетерлік, əбден сенімі молайғандықтан, тағылым алмасқа, үйренбеске, оны ғадетке айналдырмасқа амалы жоқ болғасын, оны əдепке айналдыру себебін ашып түсіндірді. Жəне бірқатар қағидаға айналған ғадеттердің орындалу жолдарына тоқталады. Соның бірі бесікке салу рəсімі отбасында той ретінде өтеді. Сəбидің жаңа өмірге ене бастауы ата-анасын, отбасын, ауылаймақты қуантады, иткөйлек кигізеді, бала-шағаны жинап, бесік айналасына отырғызады. Бесіктің түбегін салмас бұрын тары, құрт-ірімшік өткізіп алады, оларды жас балалар қолдарына жинапалып жейді, бұл сəбидің зəрі өтетін түбек  таза, ашық, ешбір кедергісіз  деген ұғымды білдіреді. Бұл жөн-жосық — халықтың сəбидің жаңа өміріне жол сілтеу  ғадеті. Осындай ғадеттер сəби тəрбиелеу қағидасының негізі болатынын, сəбилі болған əр отбасы атап өте алмайтын заңдылық екенін дəлелдеді. Қазақтың өмір сүру қағидасы əдет-салт пен ғұрыптарда болатынын, бұдан ата-баба дəстүрі туындайтынын жəне əр ұрпақтың мақсат-мұратына жету жолындағы қағидаттарды естен шығармауды ұсынды. 

Автор өз еңбегінде ұлттың болмыс-бітімін танытатын тағылымды бөліп жармай, жылдар бойы жинаған, зерттеп таразылаған халық ауыз əдебиетімен бірге қарады. Кітаптың соңғы сөз алдындағы «Жадында сақтау, жатқа айту табиғи қабілетіміз еді…» тақырыбында «Осыншама тағылымға толы əдебиетімізді қалай оқытып келеміз?» дегенге көңіл аударуды жөн көрдік деп, оған жауап береді. Əр адамның өзінде ынтаықыласы мен өзіндік ойы, жігері, талантты болады. Мұны қабілет дейді. Осы қабілетті қалыптастыруға, жетілдіруге бірден –бір себепкер болатын – əдебиет. Ол ойлау қабілетін жетілдіре, жандандыра, жаңғырта  береді, осы қабілет қазағымда өте пəрменді еді,-деп көрсетеді. Осы қабілетті жетілдіру арқылы оқушының жадының қуаттын толықтырудың жолдарын іздестіріп, оқытуда бір ғана тиімді əдісі ретінде бағдарламада берілген өлеңдердің ең шұрайлысын жатттату əдісін ұсынды. Жаттау зерде мен адам жадын жоғары дəрежеде ұстайды, ұзақ сақтауына негіз болады. Жадында ұстау қабілеті көркемдіккке жетелейтін бірден-бір тура жол. Біздің халықтың осы қасиетін ұмытукөркемдік қабілеттен айыру деген сөз деп ой түйіндеді.

Қазақ тілі – өте бай тіл, оның сөздік қатпарларында тағылымдық ойлар жасырынған. Оларды ғылымдар тоғысуларынан қарастырған жөн,-деген ғалым пікірі текке айтылмады. Қазір этнопедагогика, этнолингвистика, шешендік өнер, қазақ философиясы ғылымдары тарқатылып, еңбектер жазылып, пəн ретінде оқу орындарында оқытылуда.

ХІ ғасырдың Қашқариындай болған Мəтжан Мақсымұлы əдебиеттің бастау алар бұлағы, алтын арқауыхалық ауыз əдебиетін  жинап жинақтауға саналы ғұмырын арнады. Ауыз əдебиетіміз бізді оқып үйренген мектебіміз. Əлі де көп сабақ аларлық мектеп деп, одан нəр алып, жанына жалау болған дана ұлтының дара қасиеттерін

«Халық тағылымында» 

43 тақырыпқа сыйғызып, ұрпағына аманаттап кетті.  

Адамгершілік пен парасаттылыққа тəрбиелеген сан ғасырғы дəстүріміз тек ХХІ ғасырмен тоқталмай, одан асып, арғы ғасырларға да жалғаса беретініне ғалым ұстаз сеніммен қарады. Рухани ұстазы Ғ.Мүсірепов айтқандай, болашақ ұрпақтың келер ғасырға апаратын тарту-таралғысы болмақ қазақтың ғасыр-ғасырға жеткен ұлағатын алғашқы болып хатқа түсіріп, ұлықтау мен жеткізуді парызы санаған ұлт ұстазы еді.

 

 

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

1.  Тілеужанов М. Халық тағылымы. – Алматы. 1996

2.  Батыс өңірдің халық əдебиеті. – Орал. 2005

 

 

 

ƏОЖ 82.92(574)

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *