ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ МЕН КӨРКЕМ ƏДЕБИЕТТЕГІ КЕНЕСАРЫ БЕЙНЕСІ
Л.А. Серғазы
Фольклорда да, жазба əдебиетте де Кенесары бейнесін сомдауға қалам тартқан жазушылар аз болған жоқ. Фольклорда Кенесары тек өз бойына ғана тəн (стиль, өмірбаянының жеке сарындары, тұлғаның ерекшеліктері, “өзіндік” іс-əрекеттері) жəне оны сыртқы саясатқа қарсы күресуші ұлттық батырлардың белгілі қатарына қосуға мүмкіндік беретін типологиялық қасиеттерді біріктіреді.
Кенесары туралы ауыз əдебиеті шығармалары көпжақтылығымен жəне саяситақырыптық байлығымен ерекшеленеді. Кенесары – Наурызбай бастаған ұлт-азаттық көтеріліске байланысты поэзиялық шығармаларды былайша топтастыруға болады:
1. Тарихи поэмалар: Нысанбай – “Кенесары – Наурызбай”, Көкбай – “Абылай – Кенесары”, С. Керімбеков – “Кенесары батыр”, О.Шипин – “Кенесары мен Наурызбайдың Адырлы мен Байтақ қалаларын алуы”, Н. Ахметбеков – “Кенесары – Саржан”, “Сары Кене” (“Жасауыл қырғыны”).
2. Лирикалық поэмалар: “Наурызбай – Қаншайым”, “Наурызбай – Фатима”
(авторы белгісіз).
3. Туған жермен қоштасу өлеңдері: “Кенесарының Көкшетауға қоныс аударуы, бұған Досқожаның айтқан өлеңі”.
4. Жоқтау өлеңі: “Нысанбайдың Кенесары мен Наурызбайға арнаған жоқтауы”, “Наурызбайдың Саржанды жоқтауы”.
5. Ауызша поэтикалық арнау: “Кенесарының Балғожа биге хаты”, “Балғожа бидің Кенесарыға жауабы”.
6. Толғау: Д. Əлімбаев – “Кенесары”, М.Ж. Көпеев – “Сарыарқа кімдікі?”
Бұл шығармалардың мазмұны көркем ойды кеңінен қолданып, өмірді типтенген жалпыламада суреттей отырып, 1837-1847 жылдардағы көтерілістің əртүрлі оқиғалары мен кезеңдерін қамтиды. Басты кейіпкер бейнесі нақты жəне толық көрініс табады.
Кенесары көтерілісі халық санасында талай өлең-жырлардың, ауыз əңгімелердің өзегі болып келді. Ондай туындылар, сөз жоқ, тарихи оқиғалардың дəл көшірмесі емес, сол оқиғалардың, дəуірдің халық ұғымындағы бейнесі, халықтың берген өз бағасы. Алдымен ескертетін жағдай – Кенесары жəне оның батырлары туралы айтылатын жырлар мен əңгімелер бір мезгілде пайда болмаған. Бұған қоса əңгіме, жыр шығарушылардың бəрі өз заманының саяси, тарихи шындығын толық түсінген деп те айтуға болмайды.
Кейбір ақын-жыршылар бастан аяқ көтеріліске қатысып, оның ыстық-суығын өз басынан кешірсе (Нысанбай жырау), енді бір тобы естігендерін жырға қосқан. Базбір ақындар Кенесары көтерілісіне, оның басшысына жалпы дəуір тұрғысынан, бүкіл халық тағдырының ауқымынан қарай алмаған. Қалай болғанда да, сол мұраларды жарыққа шығару, тарихи зердеден өткізіп, саралау – бүгінгі күннің парызы.
Кенесары мен көтеріліске шыққан батырлар туралы жырлардың біразының авторлары ел жадында сақталған. Олардың қатарында Нысанбай, Досқожа, Күдері, Көкбай тағы басқа ақындар айрықша орын алады. Бұлардың жырлары ауызша дəстүрдің үлгісінде шығарылып, ел арасында ұзақ жылдар бойы төгілте жырланып келген.
Кенесары туралы айтылатын жырлардың ішінде тарихи жəне көркемдік маңызы зор бір шығарма – Досқожа ақынның Кенесарыға жермен қоштасып айтқан жыры. Досқожа жырының ерекшелігі – сол кездегі қазақ халқын патша үкіметінің қоныстан қууын, жерінен айырылып, мекенсіз аңша босқан халықтың зарын айтуы.
Кенесары – Наурызбай туралы айтылатын күрделі шығармалардың біреуі – “Наурызбай – Қаншайым” поэмасы. Поэманың басында Абылай хан, Қасым төре туралы қысқаша айта келеді де, Кенесарының хан болған кезін сипаттайды. Поэманың басында Наурызбай жаңа ғана жігіт боп атқа мініп, жаңа ғана қол бастауға даярланып жүрген жас батыр болып сипатталады. Поэмада Наурызбайдың бір барымтаға аттануы, сол барымтада көрсеткен қайраты мен ерлігі айтылады.
“Наурызбай – Қаншайым” поэмасының ХІХ ғасыр əдебиетінде ерекше маңызы бар. “Бұл ең алдымен (сюжет, композиция) адам образын жасау жағынан төрт аяғын түгел басқан, ақынның алған темасы түр жағынан да, мазмұн жағынан да аяқталған, шын мағынасындағы көркемдік шығарма: шын мағынасындағы поэма” [1, 157 б.].
“Наурызбай – Қаншайым” поэмасын шығарған ақын ел аузында халық қамқоры боп сипатталатын Наурызбайдың адамгершілігін, ерлігін суреттейді. Тілеуқабақтың көп жылқысын Наурызбайдың естуі, оны барымталап алмақ боп аттануы, жылқының алынуы, Қаншайым мен Наурызбайдың бірін-бірі сүйіп қосылуы жəне осы сүйіспеншілік екі жағының да ерлігімен, бірін-бірі зор істерде сынауымен көрсетіледі.
Кенесарының ақылдылығын, адамдық қасиеттерді бағалай білетіндігін көрсететін бір поэма – М. Сералиннің “Топжарған” поэмасы. Поэмада Кенесарыны елдің жақсы азаматының пана көретіндігі, Кенесарының ақылдылығы, басқа рудан келген жігіттің ерлігі, оның атының жүйріктігі көркем берілген.
Нысанбай ақын “Кенесары – Наурызбай” жырында ұлт-азаттық көтерілістің өзекті арнасын ауқымды қамтиды. Кенесары, Наурызбай ерлігін бұрынғы жырының дəстүрінде бейнелей келіп, онымен бірге өз заманының шындығын, бүкіл халықты күйзелткен оқиғаларды қиюластырған. “Нысанбайдың бұл поэмасының бір зор қасиеті – эпикалық оқиғаға ақын лирика дəнін тамаша еге білген. Поэмада оқушының жан жүйесін босататын, ойын тербететін лирикалық мотивтер көп. Бұл поэмамен Нысанбай
ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының арасында төрден орын алады” [1, 163 б.].
Нысанбай жыры мен Əуезов пьесасы бір тақырыпқа жазылған шығарма болғандықтан, бас қаһармандардан өзге ортақ кейіпкерлер, ортақ желілі ұқсастықтар бар. Пьесада да, жырда да қырғыз батыры Кəрібоз айрықша батылдығымен, елдік намысқа өртенген ашу-ызасымен көрінеді. Мұндай ұқсастық Кенесарының соңғы шайқастарының суреттелуінде мол. Ержанның тұтқынға түсуі, Наурызбайдың шайқас үстіндегі ерен жаугерлігі, дулаттардың сатқындығы, ақырғы сын сəттегі опасыздық, бөліне жарылу екі шығармада да қатар алынады.
Əуезов пьесасына тарихи негіз болған Нысанбай жырында Кенесарыға ерген қолдың əдіс-айласы, Кененің ақылдылығы, Ағыбайдың əдісқойлылығы мақталады. Бір жақты кетпей қырғыз жағының да ерлік қайратын, əдіс-айласын толық баяндап отырады. Бұл арада М. Əуезов пен Нысанбай жырау көзқарастары бірыңғайлылығы байқалады. Нысанбай жырау “Кенесары – Наурызбай” дастанында: “Кенесары ер болды, Ел ішінде бір болды.
Қашқан, босқан жиылып,
Өз алдына қол болды… Ақылменен іс қылмай, Ақырында қор болды.
Қырғызға барып қырылып,
Ит пен құсқа жем болды” [2, 17 б.], – дегені белгілі.
Қырғызбен жауласуда қырғыз халқының айыпты емес екендігін, аздаған манаптардың қарсылық қылығына бола Кененің жалпы қырғыз еліне, əсіресе бейкүнə халыққа жəбір көрсеткенін Нысанбай ақын: “Қол алдында жүр екен, Қырғыздың бір данасы. Наурызбайға кез болып, Тұра қалды жанаса. Кəрібоз деген кісі екен, Ер Қанайдың баласы. Кəрібоз сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: – Ей, Наурызбай, ер төрем, Қарайып жүрмін қаныма! … Не жазығым бар еді, Кенесары ханыңа?
… Бұрыннан-соңнан бар ма еді, Елшіге ниет өлімді?
Жаманқарамды өлтіріп,
Бір сындырдың белімді…
Не себептен хан Кене, Қырғызға мұнша өшікті?
Есіркесең болмай ма,
Жолыңда жатқан бесікті” [2, 33-34 б.] – деп, Кəрібоз айтқан ғып сипаттайды. Ақынның Кенесары мен Наурызбайды аса ардақтайтынын, оларды қазақ халқының қамқоры көріп, жанындай сүйетіндігін, елінің тұлғасы көретіндігін, аттарын ерекше қадірлейтіндігін оның жоқтауынан көруге болады.
Ел аузында сақталған əңгімелерде қолға түскен Кенесары мен Наурызбайды қырғыздардың ауыр азаппен өлтіргені айтылады. Екі шығарманы салыстыра отырып, негізгі ұқсастықтарға тоқталсақ, олар мыналар: тарихи деректерді таңдауы (Кенесарының қырғызға қарсы жорықтарын бейнелеуі, Кенесары өлімі, Кенесары əскерлерінің қырғыздарға көрсеткен қатігездігі); жеке эпизодтар (Кенесарының қырғыз елшісімен келіссөзі жырдағы Кəрібоз – Наурызбай айтысына сəйкес келеді); Кенесарының қырғызға қарсы соғысына автордың көзқарасы.
Нысанбай ақын Кенесары мен Наурызбайдың жау қолына түсуін ғана айтып, одан арғы жақта не болғанына тоқталмайды. Бірден оларды жоқтауға кіріседі. Арада қаншама уақыт өткеннен кейін жарық көрген Əуезовтің “Хан Кенесі” де Нысанбай жырындағыдай Кененің қолға түсуімен аяқталады.
Пьесадағы Нысанбай ақын да тарихтан белгілі адам. Ақынның былайғы тірлігінен мəлімет аз. Дегенмен “Кенесары – Наурызбай” жыры арқылы халыққа аты жақсы таныс ақын пьесада да сол ыңғайда көрінеді. Азаттық қозғалысының жаршысы, белсенді қатысушысы. Халықты жалынды сөзбен үйіріп, Кенесары мен Наурызбайдың айбынын асырушысы. Пьесадағы автордың Нысанбай атынан айтқызатын төкпе жырда көтеріліс рухы, от-жалыны бар. Оның өлеңдері өз кезегінде сахнаға ойнақылық, қызу қан, көтеріңкі леп əкеліп, автор идеясын, бас кейіпкердің негізгі сипатын, алдына қойған мақсат-мүддесін ашуда белсенді қызмет атқарды.
“Кенесары” (Иманжан нұсқасы), “Кенесары – Саржан” поэмалары батырлар жырының дəстүрімен өмірбаяндық, шежірелік уақиғаларға тізбектей құрылған. “Кенесары – Саржан” жырында ертегілік сарын да жоқ емес.
Үстіміздегі ғасырдың елуінші жылдарынан бастап Кенесары атын атауға болмайтын ресми қаулылар қабылданғаннан кейін Кенесары көтерілісіне қырын қараған аңыз, əңгімелер дүниеге келді.
Н. Ахметбековтің “Жасауыл қырғыны” – саясат ағымына қарай жазылған осындай шығармалардың бірі. Хан Кененің ішкі саясаты мен бейбіт халыққа жасаған қиянаты сонау 1950 жылдардың ресми идеологиялық бағыттарынан бастау алды. Кенесары бейнесі халық шығармашылығында “Кенеке”, “Кене”, “Хан Кене”, “Кенехан” деген сияқты жай жəне жылы есімдермен аталады.
Аты аңызға айналған хан өмірі мен əрекеті туралы шығарма жазу сөз шеберлерінің қиялын ұзақ уақыт бойы мазалады. Оның халық ақындарын шабыттандыратын бейнесі жазушылар мен ақындардың ынталы назарын аударды жəне осы уақытқа дейін аударып келеді. Жылдан жылға шеберлік пен толысудың əр деңгейіндегі Кенесары тұлғасы барлық алдыңғы əдеби жанрларда іске асып келеді. Мысалы, Ə. Бөкейхановтың “Кенесары” өлеңінде, М. Сералиннің “Топжарған”, І. Жансүгіровтің “Күйші”, М. Жұмабаевтың “Оқжетпестің қиясында”, “Ертегі” поэмаларында, Қ. Бекхожиннің “Батыр Науан” поэмасында, М. Əуезовтің “Хан Кене” трагедиясында, І. Есенберлиннің “Қаһар” романында көрінеді. Кенесары туралы көркем шығармаларға тарихи-биографиялық очерк жанрында жазылған шығармаларды (А. Кенесарин – “Кенесары мен Садық сұлтандар”), күнделік түріндегі (А. Янушкевич – “Күнделіктер мен хаттар”) шығармалар немесе мемуарларды (К. Барон – “Қырғыз тұтқынындағы төрт ай”, А. Орлов – “Орыс əйелі Кенесарыда қонақта”) жатқызуға болады. Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс жаңғырығы Г. Шевченконың “Құдай есігінің алдында сокира жатты…” деген өлеңінде көрініс тапты жəне Ж. Верннің “Патша жаушысы” атты романында да суреттелген.
Бір шығармаларда Кенесары əңгіменің орталық кейіпкері (М. Жұмабаев поэмалары, М. Əуезов трагедиясы, І. Есенберлин романы) ретінде суреттеледі. Оларда Кенесары бейнесінің тұтастығы мен көркемдік шыншылдығы жəне нанымдылығы ерекшеленеді. Басқаларда ол эпизодтық бейне болып кетеді. Мұндай кездерде Кенесары бейнесі бірбеткей айбынды билеушінің жалпылық типі ретінде көрінеді (М. Сералин, І. Жансүгіров поэмалары, Дубинскийдің повесі). Жиырмасыншы жылдарда сотқар жəне аянышты хан бейнесі жеңеді, елуінші жылдарда билеуші бейнесі, алпысыншы жылдарда осы екі бастаманың қорытындысы көрсетіледі. Осыған байланысты əдеби Кенесарыда əртүрлі қарама-қарсы, кейде тұлғаның бірін-бірі жоққа шығаратын жанашырлық пен өзімшілдік, мейірімділік пен қатыгездік, көсем данышпандығы мен саясатшы болжамсыздығы, ерлік пен жүрексіздік сияқты қырлары танылады.
Пайдаланылған əдебиеттер тізімі:
1. Мұқанов С. Кенесары, Наурызбай туралы // Жұлдыз, 1991, №6, Б. 148-163.
2. Хан Кене. Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. – Алматы. Жалын, 1993. – 448 б.