ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ БАЛЛАДА ЖАНРЫНЫҢ ДАМУЫ
Н.С. Қамарова
Баллада – ғылыми тұрғыда аз зерттелген жанр. Ең алғаш рет жоғары мектеп үшін жазылған Е.Ысмайыловтың «Əдебиет теориясының мəселелері» [1] атты кітапта баллада лириканың бір түрі ретінде қаралған. Кеңес дəуіріндегі қазақ балладасы бойында қалыптасқан жанр белгілерін (сюжет, композиция) сақтап келді.
Балладаның шарықтау шегі XX ғасырдың 30-60 жылдарына сəйкес келеді. Оны қоғамдағы түрлі өзгерістермен байланысты деуге болады (төңкеріс, колхоздастыру, Ұлы Отан соғысы, тың игеру, т.б.). Балладаның ендігі бір көп жазылған кезеңі – Ұлы Отан соғысы жылдары. 1941-1945 жылдардағы алапат соғыс жалпы қазақ əдебиетінде кең өріс тапты. Жаудан қорғауға шақыратын, майдандағы от кешіп, кеуделерін оққа тосып жүрген батыр ұл-қыздарының жанкешті күрес қимылдарын насихаттайтын өлеңдер туды. Осы кезеңде жауынгерлік дəстүрді жырлау шыңдала түсті. Дүниежүзілік соғыс поэзияны дамыту, оған жаңа мазмұн, жаңа сапа беру бағытында ізденістерге мұрындық болды. Бұл тақырып 1970-2000 жж.ақындар шығармаларында жалғасын тапты. 70-90 жылдар аралығында замана ырқына, талабына бағынудан туған жасанды толғамдар, идеялық рупорды еске асалатын тұлғалар орын алған. Дегенмен уақыт алға тартып отырған көкейкесті əлеуметтік-моральдық, адамгершілік-этикалық мəселелерді көтеруге айрықша талпынды. Төл əдебиетіміздің поэзиясы 70-90 жылдар аралығында бірталай биіктеп, өрісі кеңейе көрінеді. Əлем əдебиетінің барлық озық үлгілерінен нəр алды. Поэзия жанрлары құбыла, жаңғыра түсті. Көркейе түскен балладаны да қаламгерлер əр тақырыпта түрлене толғады. Реализм мен романтизмнің өрілуінен көрінетін баллада бітімінен азаматтық-жауынгерлік рух көріне түсті. Ерлік пен елдік, адалдық пен сұлулық, пəк махаббат пен биік парасат – балладаның батыл қимылдарына арқау болды.
1970-2010 жылдары қазақ балладасы жалпы əлемдік озық дəстүрлерін қабылдай отырып, дамып келеді. Оқиға күрделеніп, көркемдеу құралдары жаңара түсті. Зерттеуші Б.Кəрібозұлы «Лирика жайында» [2] атты зерттеуінде қазақ əдебиеттану ғылымының барлық жетістіктерін ескере, салыстырмалы-типологиялық əдістің талаптарына негіздей отыра қазақ лирикалық поэзиясын жаңаша классификациялауды, арнау, толғау, баяндау деп қарастыруды ұсынады. Одан əрі арнау, толғау, баяндау лирикаларына тоқталып, ерекшеліктерін көрсетеді. Зерттеушінің баяндау лирикасы деп бағамдайтыны баллада жанры.
Баллада басқа жанрлармен қатар қай кезде де заманына сай, көкейкесті міндеттерді өз тұрғысынан шешіп, өмір өзгерістерін қалт жібермей, дəуір шындығын дəл бейнелеуге талпынған. Балладада тақырып аясы, суреттелетін кезең, сюжеттілік желісі əр түрлі. Суреткерлер өмір құбылысының ішінен ерекше қызықтырған, ойқиялына түрткі салып, көңіліне əсер еткен жайларды поэзия тілімен жасап, сомдап, тақырып қылып белгілеп оқушы назарына ұсынады. Бір баллада сюжетіне өткен дəуір батырлары арқау болып, тарихи адам бейнесі жасалса, екіншісінде азғын фашизмнің зардабы, соның кесірінен адамдардың жүрегіне салынған жара, ауыр тұрмыс суреттеледі. Кейінгі кездегі жанр шығармаларында бейбіт заман адамдарының тұрмыстіршілігіндегі проблемалары, адамгершілік идея мəселелері, адам тағдыры т.с.с. сөз болады. Қаламгерлер қилы тағдырлар арасындағы тартыс əрекетін суреттей отырып, тарихта белгілі адамдардың, өнерпаз тұлғалардың характерін ашып, образын жасауға тырысқан. Өнер, өнерпаз тұлғасы – бұрыннан-ақ мол игеріліп, сан қырынан сомдалған, талай үздік жырларға арқау болған тақырып.
Баллада соңында ақын түйін жасап, оқырманға ой тастайды. Түйін жасауда «бірақ» сөзі көп қолданыс табады. Мысалы:
Бірақ, соның оралмады сүйгені, Дүние салды амалсыздан тигені. Сөне берді жалынды оты жастық шақ, Күзетші боп қалды отбасы үйдегі.
(Қ.Жармағамбетов.«Өксіген өмір»).
Əлгі кісі кезіп жүрген қиянды,
Қас жауы екен қасқырлардың зиянды.
Бірақ та ол
Анасынан айрылған Жетімдерді
Өлтіруге ұялды.
(О.Сүлейменов. «Қасқырдың күшіктері»).
Баллада шығармаларынан шығатын тағы бір қорытынды: аталған туындылардың авторлары кейіпкерлерін «кенет» сюжеттік жағдайда суреттейді. «Кенет» жағдайы кейіпкердің шағын оқиғадағы оқыс қимыл-əрекетін шапшаң қозғалыста бейнелеуге тиісті.
Кенеттен (солдат мұңы тұрған аңдап), Көлеңке көтерілді бұлғалаңдап. «Аһ!» деді. Талып түсті. Анадайдан Жыланды көрді-дағы тұрған арбап.
(И.Оразбаев. «Құпия ғашық»).
Бəйгекер – аққан жұлдыз дара шығып,
Иілген ер үстінде бала – шыбық…
Кенет!
Кер ат өкпесі сырылдады! –
Сыр берді құлын кезгі қара суық!
(И.Оразбаев. «Қара суық»). Кенет атыс тынып қалды Қайта түсіп сабасына. Жоқ болғандай сіңіп бəрі, Тығылып түн арасына.
(С.Мəуленов. «Тартыс таңбасы»).
Кенеттен нөпір жау шапты! Қарғып-ақ тұрды балақай. Мүлгіген дүние қаусапты, Суаттың бойы талапай!
(Б. Əбдіразақов. «Намыс күші»). Кенет ақын табыттан атып тұрып сөз тастады шаңытқан…
(Ж. Нəжімеденов. «Кішкене»).
Қазақ балладасының даму кезеңдерін былайша бөлуге болады:І. Балладаның балаң кезеңі. ХІІ ғ. (М. Қашқари еңбектері). ІІ. Балладаның жанр болып қалыптасуы. ХІХ-ХХ ғ. басы (1880-1930 жж.). Абай, Сəкен, Мағжан, т.б. ІІІ. Жаңа баллада. ХХ ғ. (1940-2000 жж.). Қ. Аманжолов, С. Мəуленов, Қ. Жармағамбетов, Ж. Нəжімеденов, М. Шаханов, т.б. 1970-1990 жылдар аралығы баллада жанрының биікке көтеріліп, арнасы кеңіген шағы. Қазір баллада жазатын ақындар тым аз. Бір шағын шығарманың бойына күрделі оқиға енгізіп, оқырманның көңілінен шыға беру əр ақынның қолынан келмейді. Балладашы ақындар шағын шумақтарға тұтас өмірді, адам тағдырын, рахаткүйінішті сыйғыза алады.
Ұлттық поэзиямыздағы баллада жанрының дамуында ақын Медет Дүйсеновтің өзіндік үлесі бар. Ақын шығармашылығындағы баллада, толғау жанрлары да поэтикалық ерекшеліктерімен даралана көрінеді. Əр жылдары жазылған «Үш тораңғы», «Сəбиден қашқан сұлу», «Еленбей қалған есім», «Сынған шүйше», «Ел басқан», «Соққылар» жəне т.б. балладалары ақынның ізденісінің жемісі деуге болады.
Балладаларының негізгі өзегіне айналған адамгершілік, қайсарлық, адалдық сияқты адами қасиеттер белгілі бір оқиғаның, белгілі бір уақыт шындығының аясында бой көрсетіп, ақындық ұстанымды танытады. М. Дүйсенов те өз балладаларындабірсыпыра ізденістерге талпыныс жасап, нəтижеге жеткен деп айтуға болады. Көркемдік қуаты, тіл өрнегі жағынан ақынның эпикалық құлашының қарымдылығын танытқан балладалары белгілі дəрежеде лирикалық сыршылдығы, азаматтық əуеннің анықтығы тұрғысынан бағалауға тұрарлық дүниелер.
Ақынның балладалары классикалық үрдіске сəйкес жырланған. Ақынның «Сəбиден қашқан сұлу» балладасы қазіргі қоғамдағы түйткілді мəселені көтереді.
Ақын өз баласынан өзі жеріген сұлуды балапанын қорғаштаған тауықпен салыстырып: …Қиналмай ма қылмысыңнан жан арың, Балапандай құн жоқ па балаңның?!
Ұрпағы үшін басын тігіп ұмтылған, Тауық құрлы болмадың-ау, қарағым [3, 44 б.], – деп қынжылады.
Өлең соңында:
Бабаларың бауыр еті санаған, Бекер, бекер қашасың-ау баладан.
Əлемде бұл, сұлулық жоқ асатын, Құшағына сəби құшқан анадан [3, 45 б.], – деп ақын түйін жасайды.
«Еленбей қалған есім», «Үш тораңғы», «Сынған шүйше», «Ел басқан» атты балладаларының поэтикалық мазмұн мен пішіні жүйесінде қазақтың салт-дəстүрі көрініс табады. Бұл балладада аян беру сияқты ишараттың аяқ асты болмауын ескертеді. Ақынның анасы ұйықтап жатып, түс көріп, дүние салған əкесінің аян беруі суреттеледі:
Танғандай бейне есінен, Кенет бір ұйқы меңдетті.
Жертөле терезесінен,
Əкесі қарап сөйлепті:
«Қолыңа қос ұл қонды шын, Төгеді салған нұрын бақ. Үлкенін – Сəдет, соңғысын – Медет қой» депті мығымдап.
«Өзгертпе бірақ аттарын, Өзгертсең гүлдей солады.
Жадыңда болсын айтқаным», – дейді де ғайып болады [3, 106 б.].
Ақынның анасы түсіне əкесінің енгенін, аян бергенін енесіне айтады. Көп ұзамай егіз ұлды дүниеге əкеледі. Баллада оқиғасы одан əрі былай өрбиді: Қошқардай қос ұл келгенде, Ырым ғып жатса несі мін?! Өзіне билік бергенде, Зəуре əжем айтты шешімін:
«Сəдет де мейлі, мəпеле, Ныспыны артық тоқтатың.
Тілекші болсын əкеге,
Тілекбай қоям, – депті – атын».
«Өзгерді-ау, аты өзгерді…» – Деп, анам үнсіз қалыпты.
Шарасы қайсы өзге енді,
Егіліп іштей қамықты [3, 107 б.].
Уақыт өте келе қуаныштары ұзаққа бармайды. Егіз ұл бірдей шетінеп, шаңырақ қара жамылады. Зарығып көрген ұл өзі екенін айта келіп, ақын шаңырақтың қайта шаттықа оранғанын суреттейді.
Нұр ойнап анам көзінде,
Атапты Медет мені əулет.
Осы бір есім кезінде,
Еленбей қалып еді-ау деп [3, 107 б.].
Ақын бұл өлең арқылы ел мұраларының еленбей қалмауын айтып, ой түйеді.
«Ел басқан» балладасы болған оқиға ізімен жазады. Қапы аңғарын қуалап келе жатқан ақын мен ұлы Еділбек үйдей-үйдей сандықтастарды тамашалап келе жатады.
Одан əрі баллада былай өрбиді:
Көргендей бір ғажайып кереметті, Еділбек қасымдағы елең етті.
«Ел басқан» дегенімде, сұрады ұлым:
«Бұлайша аталған, – деп, –не себепті?»
Балама қарап қойып, құмарланған, Толғандым, түңілгендей бұл жалғаннан.
Қиялмен құстай ұшып кете бардым,
Елестеп ескі мекен, мұнарланған… [3, 162 б.].
Баласы бұл жерді неге «Ел басқан» атанғанын қызығушылықпен сұрайды. Бір кезде ақын шешіліп баласына бұрын болған оқиғаны баяндап береді. Бұл жерге бір жылы жазда Табын ауылы көшіп келіп, қоныстанады. Шілденің аптап ыстығынан сақтап тұратын аңғарлар, таудың биік шыңдары көлеңке болып, халықтың паналайтын орны болған. Сол еңкейген ұшпа шыңның қабақтарына сызат түскендігі айтылады:
Биікке сызат түсіп, жарылыпты…
Көрген жан, бір қауіптің барын ұқты.
Айтқаны ағайынға аяқсыз ғап,
Көңілі байыз таппай, əлі күпті.
«Сан жылдар пана болған, саялы маң,
Құласа, нағып тұр, – деп, – баяғыдан» Көпшілік құлаққа іліп, мəн бермеді, Білдірмей бірте-бірте таяды ылаң.
Күні ертең тап боларын, таңда қайғы, Адамдаршаруа күйттеп, аңдамайды.
Ыстықта тұрар бұл жер ұядай боп, Аймалап, қоңыр салқын жанға жайлы [3, 163 б.].
Бұл табиғаттың кесапаты сол жерді қоныстанған елді қырып жібереді. Қазақтың малсыз күні жоқ екендігі айтылып, бір адам жылқы іздеп айдалаға кеткендігі айтылады.
Одан əрі өлең жолдары былай баяндалады:
Оралса… ауыл орны астан-кестен, Жылады, адасқандай сасқанда, естен.
Тұрағы тау астында тапталыпты,
Сұмдық-ай… Қандай азап бастан кешкен?!
Ит те жоқ айбат шегер, үріп алдан, Құдайым неге сонша қырына алған?!
Жаралы жалғыз ешкі маңырайды,
Қуыста қыстырылып тірі қалған [3, 163 б.].
Соқайып сорлы басы қалған жігіттің үмітінің солғаны, мол мұрасының жоғалғаны, өзегі өртеніп, есі ауысқандай халге түскені нəзік лирикамен суреттеледі. Өлгендердің өксігі үздіге соққан желдің уілінде жатқандай сезіледі. …Баян ғып айтқаныммен, бүгінімде, Жүректің жеңілдер ме жүгі мүлде. Өксігі естілердей өлгендердің, Үздіге соққан желдің уілінде.
Əне сол, оқиғаның болған жері, Тау түссе опырылып, оңған ба еді?!
Сақталып жұрт жадында, соққан мөрдей,
«Ел басқан» аталыпты содан бері [3, 163 б.].
Міне, болған оқиғаның ізімен жазылған балладада ақын осылай ой тербейді. М.Дүйсеновтің баллада жанрындағы қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды.
Айтар ойды жалаң баяндамай екінші бір тосын сурет арқылы аңғарту – ақындар балладаларына тəн негізгі көркемдік тəсіл. Нəзік сыршылдық, элегиялық сарын, жан тебірентерлік лиризм – балладалардың негізгі сипаты болып келеді. «Жазушының өзіндік стилі, ең алдымен, оның дүниетанымы мен идеясынан, жазу мəнері мен жанрынан, сондай-ақ жанды бейне жасау əдіс-тəсілдерінен, оқырманға үлгі етер идеалынан, тіл шеберлігінен, шығарманың бүтіндей пафосынан көрінеді» [4,160 б.], – деген зерттеуші Ф.Оразаев пікірінде балладада лирикалық сезім, толғаныс, автордың оқиғаға деген көзқарасының басым болатындығы, кейіпкер мінезінің кеңінен ашылып, сол арқылы ұлт мінезінің əсерлі танылатыны айтылады.
Баллада – өлеңмен жазылатын синтетикалық жанр. Балладаның көпшілігінде мораль, адамгершілік қасиеттері дəріптеледі. Оған тəн сипаттар: оқиға, характер, драматизм мен лиризмнің қоса өріліп келуі (баяндау, ақынның бағасы). Атам заманнан оқиғалы жырға, хикая, хисса-дастанға құрылған қазақ поэзиясының бұл баллада түрі – əрі жазуға да, оқуға да ықшам, ой мен оқиғадан бос сөзге орын қалмайтын кісі қызығарлық жəне өзінің қарқынды дамуына ғылыми жəне теориялық талдау жасауды талап ететін елеулі жанр. Бұл маңызды құбылыстың даму тарихы толық жасалып бітті деп айту ертерек. Қазіргі ұлттық поэзиямызда ақындардың шығармашылықтарында баллада жанры дами түскендігін назарға алып отырмыз. Бұл алда талай зерттеулердің еншісінде тұр.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Ысмайылов Е. Əдебиет теориясының мəселелері. – Алматы, 1940.
2. Кəрібозұлы Б. Сырлы сөз сипаты. – Алматы. Қазақ университеті, 1997. – 280 б. 3. Дүйсенов М. Жанарда жанған жұлдыздар. Таңдамалы өлеңдер. – Алматы.
ҚАЗақпарат, 2013. – 245 б.
4. Оразаев Ф. Замана қаһарманы. Зерттеу. – Алматы. Жазушы, 1981. – 248 б.
ƏОЖ 82-1