Қазақ музыкасы
Сабақта:
1. Қазақ поэзиясының заңдылықтары жəне өлшемдерімен танысамыз;
2. Қазақтың дəстүрлі өлең түрлері жəне Абайдың жаңашылдығы жайында мағлұмат аламыз;
3. Қазақ əнінің құрылымдық ерекшеліктерінің даму сатыларынан де- рек аламыз;
4. Халық əні «Қамажайды» үйренеміз;
5. Тақырып бойынша сұрақтарға жауап береміз.
Қазақ өнерінде музыка мен поэзия əрдайым егіз, біртұтас болып келеді. Сал, серілер əрі композитор, əрі ақын еді. Сондықтан қазақта
«өлең» сөзі əн мағынасында қолданылып келді.
Қазақ əнінің əр тармағында буын санының өзгермеу заңдылығы бар. Оны силлабика дейміз. Сондықтан дəстүрлі əндерде кездесетін өлең түрлері: 11 буыннан тұратын «қара өлең» жəне «жыр» деп аталатын 7–8 буынды өлеңдер. 7–8 буынды өлеңдер ертеректегі əдет-ғұрып сарындары, жыр жəне тұрмыс-салт əндерінде қолданылса, кейінірек 11 буынды «қара өлең» үлгісі пайда болды. Бұл өлең үлгілері сал, сері- лер шығармаларында жалғасын тауып күрделенді. Халық əндеріндегі əн мен өлең мəтінінің құрылымы дəл сəйкестік тапса (өлең жолы біткенде əуен саздың тоқтап кідіруі), сал, серілер туындыларында өлең жолы аяқталғанда əн əуені келесі жолға өтіп, өлеңнің екі жолын жалғап отырады (өлең мен əннің асинхронды сабақтасуы). Сал, серілер шығармашылығында əн құрылымы да өзгереді. Егер əдет-ғұрып əндерінде бір дыбысқа өлеңнің бір буыны сəйкес келіп, 1–2 жолды əн кеудесі қайырмасыз немесе бір сөзден құралған қайырыммен аяқталса (жар-жар, көш-көш, ау-жар), ХІХ ғасырдың кəсіби əнінде төрт жолды əндер, 6, 8 жəне одан да көп жолды шумаққа дейін ұзарып (Абай, Шəкерім), қайырмасы шумақтан екі есе ұзақ (Біржан сал) немесе бірнеше қайырмадан (Естайдың «Құсни-Қорланы», Кененнің «Көкшолағы») құралды.
Абай мен Шəкерім əндерінде тұңғыш рет жаңа өлең өлшемдері қолданылды. Абайдың «Көзімнің қарасында» симметриялы алты буын (3 + 3), ал «Бойы бұлғаң» (4-4-7-4-4-7) жəне «Сегіз аяқ» (əн атауы сегіз жолды шумақты білдіреді) (5-5-8-5-5-8-8-8), буын саны əркелкі, ауыспалы өлшемді əндер қатарында. Шəкерім əндерінің басым бөлігі жаңашыл өлең өлшемдерінде шығарылды. Оған «Жастық» (5-5-7-5- 5-8-8-7), «Ажалсыз əскер» (10 буын), «Шын сырым» (6-6-6-6-11-12),
«Насихат» (15 буын), «Жаңа ойдан шығарған бір бөлек бұл əн» (3-3-5- 3-3-5-9-7), «Бұл əн бұрыңғы əннен өзгерек», т.б. əндері дəлел. Абай мен Шəкерімнің өлең жаңашылдығы Мағжан Жұмабаев жəне қазіргі заманауи Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, Н.Тілендиев, Е.Хасанғалиев, Ə.Бейсеуов, т.б. сазгерлердің əндеріне өлең жазған ақындардың мəтіндерінде жалғасын тапты. Мəселен, Ш.Сариевтің өлеңіне жазылған Ж.Тұяқбаевтың
«Атамекен» əнінің құрылымы 3-7-3-7-8-7-10 болып дамытылады.
Əн көркем мазмұн мен поэзиялық бейне болмысының тұтастығы болғандықтан, əннің мəн-мағынасы əр тарихи даму сатысында өзгеріп отырды. Əдет-ғұрып сарындары алғашқы сатысында – зар, қоштасу лирикасы болса, 2-сатысында тұрмыс-салт əндері деңгейінде – қорша- ған табиғат, Отанға, анаға, нəзік жандарға сүйіспеншілік (қамшы өлең, сүйек өлең, тау өлең, балық өлең, шай, өлең, т.б.), суырып салма шеберлігі (өлең туралы өлең), тарих болса, 3-даму сатысында сал, серілер əндерінде аталған тақырыптарға əн табиғаты мен əншінің орындаушылық шеберлігі, өмірдің өтпелілігі тақырыптары қосылды.
Ақындық дəстүрден туындаған ХІХ ғасырдағы кəсіби əннің көркем келбетінде ежелгі дəстүрдің елесі айқын сезіледі. Кəсіби əннің ақын- дық дəстүрден тараған қасиеттерінің бірі – ақындардың өз пірін шақырғандай, əннің биік дыбыс иірімінен басталуы жəне тыңдарман- дарға өзін таныстыру əндердің тақырыбынан байқалады. Мұндай əндер- де серілер өз есімін атап, руын таныстырады. Бұл əндер əдетте əн- шінің өз атымен аталған. Олар: «Біржан сал», «Майраның əні», «Ғазиз- дің əні», «Балуан Шолақтың əні», т.б.