Р. ОТАРБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ ТҰЛҒА (ЖƏҢГІР ХАН
БЕЙНЕСІ)
Ж.М. Мұратова
Тəуелсіздікке қол жеткен тұста көпшіліктің рухани-эститикалық талғамын көтеру драмалық шығармалардағы ұлттық идеяның салмағын арттыру өзекті мəселеге айналды.
Классикалық шығармаларда белгілі бір шеңбер аясында ғана шешім жасайтын кеңестік ой-тұжырымдарға жаңаша көзқараспен баға беріле бастады [2].
Жергілікті дарматургтер өз туған жеріндегі танымал тұлғаларға арнап пьесалар жаза бастады. Мұның өзі – халықтың өзін-өзі тануының, патриоттық сезімінің артқанының дəлелі.
Көркем шығарманың негізгі нысаны мейлі адам баласы болсын, мейлі өзге тіршілік иесі болсын онда соның не түп-түгел ғұмырнамасы, не осынау ғапыл дүниеде басынан өткерген бір кезеңдік тағдыры тілге тиек болатыны белгілі. Рахымжан Отарбаев та «Жəңгір хан» бейнесіне жаңаша көзқараспен қарап, биік ұстаным мен тың пікірлерді басшылыққа алып, дəуірлік көркем шығарманы өмірге əкелді.
Махамбетті елінен айырған «хан Жəңгірдің екпінін» білмейтін ұрпақ жоқ шығар. Ал сол ұрпақ бүгінде Жəңгірді қай қырынан таниды? Махамбет ақынның «Хан емессің, қасқырсың» деген бір ауыз өлеңімен бағаланып келген Жəңгір Бөкейұлы кім еді? Азаматтық сапасы, ұстанған саясаты, елге тигізген қайыр-шапағаты қандай?
Осы сұрақтарға жауапты жазушы Р. Отарбаевтың «Жəңгір хан» пьесасын оқып, талдағанға дейін тарихтан іздеп көрсек…
Əбілқайырдың шөбересі, Нұралының немересі, Бөкейдің бел баласы Жəңгір – қазақ тарихындағы соңғы хан. Бұл – Россия императорының екі басты самұрық бейнелі мөрімен расталған шындық. Бірақ соңғы хан Кіші жүзді басы бүтін билей алмады. Неге?
Себебі, Жəңгірді ақ киізге көтеріп хан сайлағанда Кіші жүзге төртке бөлініп кеткен еді. Жайықтың шығыс жақ Бұхар беті мен Ойыл, Елек бойын Баймағамбет сұлтан Айшуақов, Ырғыз, Темір жерін, Ахмет Жантөрин, Маңғыстау мен Үстірт мағындағы елді Сүйінқара Үргенішбайұлы мен Жанқожа Нұрмұханбетұлы басқарды. Ал Жəңгір болса, екі өзен аралығындағы Самар даласында ғана хандық құрды. Оның да Каспий теңізі жағалауы қайын атасы, есауыл Қарауылқожа Бабажановтың ықпалында еді.
«Хан тағына 1823 жылы отырған Бөкейұлы Жəңгір – күрделі де қарамақайшылыққа толы саяси тұлға. Ширек ғасырға жуық хан болған ол – Ішкі Ордада көптеген саяси-қоғамдық, əлеуметтік-экономикалық, мəдени-рухани өзгерістердің жүруіне ұйытқы болған жан.
Патша үкіметінің толық сеніміне, қолдауына ие болған Жəңгір ханның Ішкі Ордада жүргізген əлеуметтік-экономикалық реформалары нəтижесінде Орда қалашығы тұрақты елді мекенге айналды; көшпенді халықтар отырықшылдыққа үйренді; мектептер, мешіттер, дəрігерлік пункттер мен дəріханалар ашылды; жəрмеңкелер ұйымдастырылды. Тек Ресей үкіметі емес, Орта Азия мемлекеттерімен де сауда – экономикалық қарым-қатынас орнады; белгілі орыс, шетел ғалымдары Ордаға келіп, ғылыми жұмыстар жүргізді, əртүрлі деңгейдегі ғылыми экспедициялар жұмыс жасады» [4], – деп тарих ғылымдарының докторы, профессор Бақтығұл Бірімжанов Жəңгір ханның саяси қызметіне осылайша баға береді.
Расында, Жəңгір хан оқыған, білімді, орыс, татар, араб, француз, парсы тілдерін меңгерген. Ол – Европаға еліктеген жаңа үлгідегі дала ақсүйектерінің өкілі. Жəңгір ханның осыншама білгірлігі, сауаттылығы, көрегенділігі Ішкі Орданың шаруашылықэкономикалық дамуына əсер етті.
«Ақша айналымы, сауда-саттық, қарым-қатынас өрбіді. Орда өмірінің тарихы, шаруашылығы, этнографиясы, мəдени өмірі туралы мəліметтер ресейлік басылымдарда жарияланды. Жəңгірдің өзі Қазан университетінің құрметті профессоры дəрежесіне көтерілді. Міне, мұның өзі оның заманынан озық туған адам екендігін дəлелдей түседі» [4]. Замандық əдебиеттің сұранымының өзі – адамдардың жан дүниесіндегі, түйсігі мен санасындағы күнгейлер мен көлеңкелерді зерделей реттеп, төркінін тану.
— Жə, жетер үш жұмадан бері өзімді-өзім іштей мүжігенім, Жəңгір шерленді деп пұшайман болған орыс орманым, қараша-қорғаным жоқ. Лай судың ортасында жүріп, көрінбей кеп қабатын ашқарақ шортан сынды бəрі де…
«Тамағыма қылқаның кетер демес ем…»
Ма-хам-бет. Айтады шіркінің! Төс қағыстырып, достыққа жарамадық, қылыш қағыстырып, дұшпан бола алмадық. Өңшең өлара. Менің айналама жауығады, олардың арттында – мен, менің – артымда кім тұрғанын білсе етті. Екі басты самұрық құс өзге түгел Жəңгір ханның да еңсесін езіп, қол аяғын бір жіппен матап тастағанын сезсе қайтеді, жазған!? [2, 294 б.] – деп басталған алғашқы бөлімдегі Жəңгірдің монологының өзі азабы мен шері мол, бақталасы мен бақуаттысы таласқан билік тізгіншісінің армансыз аңырауы емес пе? Алғашқы жолдан-ақ байлыққа мастанып, атақ-дақпыртқа құмартқан Жəңгірмен емес, пұшайман халдегі əділдік іздеген кейіпкермен танысамыз.
Сөз өнеріндегі сұлу нəрсе – қайталанбайтын нəрсе. Суреттіліктің сұлулығы да суреттің сонылығанда, жаңалығында. Мұндай сұлулыққа қалай жету керек? Əрине, деталь арқылы жету керек [5, 95 б.].
«Мына екі пешкі алға озыңқырап кетіпті. Ым… Корольдің жаны жалаңаштанып қалған екен. Қауіп-қатердің алыстан ескен ызғырығы сезіледі», – деген Жəңгір ойы да астарланып, тұспалдана жеткізіледі. Осы ой-қоғамда болатын бір сұмдықтың бастамасы. Бұл орайда суреткер астарлы символды да, ұтымды детальды да пайдалана білген.
«Исатайды өлтірді! Кеше қиыл-қырғынында Исатай өлім тапты. Казактар қоя ма қырынан алса, найзаны тура шанышты жүрегінен!» [2, 296 б.].
Бұл хабар ханның төбесіне жай түскендей əсер етті. Ол қуанған жоқ, терең күрсінді. «Ата жауың өлді» деп қуанышты хабар жеткізген тарихтан белгілі Каспий теңізі жағалауын иемденіп, билік құрған Жəңгірдің қайын атасы Қарауылқожаның өзі аң-таң. Осы көріністің өзі көп нəрсені аңғартады.
Жəңгірдің тілегі бұл емес еді: «Білгем бір сойқанның өтерін, Исатайдың қаны сұраусыз кетпес. Қалың қазақ қайта көтерілді. Кеше – Исатай, бүгін – Махамбет, ертеңгі кезек кімдікі? Қыл тұзақ тарылып келеді…» [2, 296 б.].
Өткеніне өкінген, болашағына қарауға жерінген ханның ойын суреткер дəл басып, əрі қарай нақты жалғастыра біледі.
«Осыдан он жыл бұрын тұқымын тұздай құрқым келген Исатай мен Махамбет еді. Олар алған бетінен қайтпады. Өр суындай тасыды. Мен іркілдім… Орысты айтақтап салған, өлтірткен мен деген қай қазақтың сөзіне бəтуа айтарсың…» [2, 296 б.].
Жəңгір ханның бұл ойын тарихпен нақтыласақ…
Жəңгір хан қара халыққа қарсы қойылды. Қазіргі таңда жинақталған мəліметтер, əрі қорытылған ой-түйіндер бұл мəселені де тереңірек талдауды қажет етеді [4]. Бұл тұста Жəңгір – өткеніне баға бере білетін, өз қателігін мойындай алған, атақабыройына келген нұқсанды көре білген ақылды, көреген.
Жəңгір – оқыған, білімді, бірнеше тілді қатар білген зиялы адам. Неміс тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін жетік білген ханның сыпайылығы, дегдарлығы, білімдарлығы бір басына кемшілік етпеген [6, 8 б.].
«Жəңгір мектебінің» ашылуы, алғашқы шəкірттерінің білім алып, Омбыдағы Неплюев кадет корпусына жолдама алулары бірінші көріністе-ақ оқырманын Жəңгірді тануға жетелейді. Жəңгір шəкірттерінің алған білімдері, үйренген ілімдеріне балаша қуана білді.
«Білімге жүгіну төре мен қожаның тұқымына жарасқанмен, қара сирақ қазаққа жараса ма? Оқу шіркін де оқығанның бəріне емес, зерделісіне таңдап-таңдап қонатын шығар. Көзін тырнап ашқаннан қозының соңына түсіп, боғын қурайға шаншып өскен кем талап ертеңгі күні би астында бір ноқат, ти үстінде екі ноқаттан аса алмай мектептің қадірін қашырар. Одан да балам қағазға үңілсін, қалам шұқысын деп емексіген жырым балақ, салпы етектің осы бастан көңілін суытып, алты қырдың астына айдап сал, – деп Шыман төре киліге берген. Бірақ мектеп талапты жастың бəріне бірдей ортақ деп хан сынбаған жəне мектептегі оқу сапасын, тəртіп, тəрбие жайын үнемі бақылап, жөнсілтеп отырған».
«Ал, балаларым, физиканы, математика, орыс тілін оқып тамашаладыңдар. Дінді ұқтыңдар. Дүниенің ашқышы қолдарыңы түсті. Енді айырыла көрмеңдер…» [2, 298 б.]. Хан басымен шəкірттердің сабағына қандай ықыласпен қарағанын жоғарыдағы пікірден артық түсіндірем деу бос əурешілік болар.
«Бұлақ көріп, көзін ашқан» Жəңгір еңбегі еш кетпеді. Бұл мектептен əйгілі күйші Дəулеткерей, Шəңгерей Бөкеев, Мұхамбет Салық Бабажанов, Мақаш
Бекмұхамбетов т.б. білім алды.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. «Жалын» журналы №4, 2005;
2. Отарбаев Р. Шың. – Алматы. Өлке, 2006. – 432 бет;
3. «Қазақ халқының тарихы» кітабы;
4. Бірімжаров Б. Хан Жəңгірдің екпіні. – «Алтын Орда» газеті. №27, 2005 жыл 8 шілде;
5. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы. Мектеп, 1982. – 364 б; 6. Отарбаев Р. Даңқ пен Дақпырт. – Алматы. Өлке, 1992. – 192 б.